«Мүшелтой»

Тақырыбы: «Мүшелтой»

 

Мақсаты: оқушыларға бабаларымыздан келе жатқан салтымыз бойынша 13 жас мүшел жасқа толу құрметіне өткізілетін мүшелтой туралы таныстыру; озық дәстүрлерді жалғастырып, оны құрметтеуге тәрбиелеу; тәлімі мол дәстүрлерден рухани азық алуға үйрету.

 

Көрнекілігі: нақыл сөздер, сынып оқушылары туралы слайд, той жоралғылары.

Оқушылар тойға лайық әзірленген, киім киген және бөлме безендірілген.

 

Қазақтың ұлттық биі «Жұмыр қылышпен» басталады (Қуанышқанова Назерке).

1-жүргізуші:             Жігіттің қапалысын, азалысын,

Жырменен жұбатпасаң – жазалысың.

Қонақсыз, той-думансыз өткен өмір,

Өмірге саналмайды қазақ үшін!

 

2-жүргізуші: Арудың қапалысын, азалысын,

Әнмен жұбатпасаң – жазалысың.

Қонақсыз, той-думансыз өткен өмір

Өмірге саналмайды қазақ үшін!

 

3-жүргізуші:             Ассалаумағалейкум, халқым менің,

Ақтарған кең даламның алтын кенін.

Мереке басы болсын берекенің,

Ардақта Наурыз тойы – салтыңды елім!

Армысыздар, құрметті қонақтар! Бүгінгі 6В сынып оқушыларының 13 жас мүшел жасқа толу құрметіне дайындалған мүшелтойымызға қош келдіңіздер! Наурыз құтты болсын!

 

4-жүргізуші: Той — өткендегі ізгіліктер мен жақсылықтарды, озық дәстүрлерді жаңғыртып отыратын тәлімі мол мереке. Той – тәрбие мектебі. Ендеше, бүгінгі мүшел той иелерін ортамызға шақырайық!

(балалар ортаға шығады, шашу шашылады).

 

1-жүргізуші: Әр адамға жарасар,

Тойымызды бастадық.

Айтып елдің жақсы әнін,

Мүшел тойын жаңғырттық.

Жарып ауыл аспанын,

Осындай ұлы дәстүрді

Жалғастырсын жастарың,

Құтты болсын, тойларың!

 

2-жүргізуші: — Уа, қадірлі көпшілік! Бабаларымыздан бері келе жатқан салтымыз бойынша мүшелтой иелеріне ізгі ниетпен жиналып отырған шаңырақтың қариясы өзінің немерелеріне деген батасын берсем дейді.

 

3-жүргізуші: Неменеңе жетістің, бала батыр,

Қариялар азайып бара жатыр.

Бірі мініп келместің кемесіне,

Бірі күтіп әнеки жағада тұр.

Ақыл айтып жүрмесе қасымызда,

Сонда орнайды жетімдік басымызға

Жалаңашқа шекпенін шешіп беріп,

Бір күлшесін бөліскен ашымызға.

Арсыз күлкің тиылмас, жылауың да,

Араздасып ағайын кетер еді,

Бір қария болмаса бір ауылда … – деп ақиық ақын Мұқағали атамыз айтқандай, ауылымыздың бірлігіне, ынтымағына ұйытқы болар атамызға сөз берелік.

 

3-жүргізуші: Бата сұраймыз! Бата!

(ауыл қариясы балаларға батасын береді).

 

4-жүргізуші: «Бүгін сенің туған күнің» әні. Орындайтын жігіттер квартеті (Еламан, Айдос, Айбар, Есенкелді).

 

2-жүргізуші:             Әуелден жомарт серіміз,

Асылын жырдың теріңіз.

Білгіңіз келсе қазақты

Ән-күйін тыңдап көріңіз!

 

1-жүргізуші: Халқымның ең қымбатты төрі ме еді?!

Төрден ол қай уақытта жерінеді?!

Қонақсыз қалған күні сол қазаққа,

Бір нәрсе жетпейтіндей көрінеді.

 

3-жүргізуші: Бүгінгі кештің құрметті қонақтарын ортамызға шақырып, таныстырайық:

13 жастағы мүшел иелері;

25 жастағы мүшел жас иесі – тарих пәнінің мұғалімі Майра апайымыз;

37 жастағы мүшел жас иесі – ата-ана Айман апай;

49 жастағы мүшел жас иесі – қазақ тілі пәні мұғалімі Әлия апай;

61 жастағы мүшел жас иесі – орыс тілі пәні мұғалімі Күләй апай;

73 жастағы мүшел жас иесі – ата-ана, Рүстемнің апасы;

85 жастағы мүшел жас иесі – атамыз.

 

4-жүргізуші: Құлақтан кіріп бойды алар,

Әсем ән мен тәтті күй.

Көңілге түрлі ой салар,

Әнді сүйсең менше сүй, — деп Абай атамыз айтқандай қонақтардың құрметіне ән шашу ретінде қыздар тобының орындауындағы «Көктем» әнін ұсынамыз, қабыл алыңыздар!

 

1-жүргізуші: Әр адамның болады жеке тойы,

Шілдехана, тілашар, сүндет тойы.

 

2-жүргізуші: Әр адамның болады жеке тойы,

Мүшел тойы немесе неке тойы.

 

3-жүргізуші: Бүгінгі мүшел тойымызды ұйымдастырушымыз, екінші анамыз сынып жетекшіміз Гүлзат апайымызға сөз береміз.

(мұғалімнің құттықтау сөзі).

 

4-жүргізуші: Сынып жетекшіміздің және осындағы барлық ұстаздарымыздың құрметіне «Ұстаз — ана» әнін ұсынамыз.

 

1-жүргізуші: Мөлдір, сен мүшел жаста қандай ерекшеліктер болатынын білесің бе?

2-жүргізуші: Ең алғашқы мүшел жастың 13 жас екендігін, ал одан ары 12 жылды қосу арқылы 25,37,49,61,73,85 жастар мүшел жас болатындығын ғана білемін; ал ол жастардағы ерекшеліктер мен ырымдарды білмейді екенмін.

 

1-жүргізуші: Ендеше, бізде оны білетін балалар бар екен, сұрап көрейікші.

 

Айгүл:           Мүшел жылдар әрдайым 22-наурызда басталып, келесі жылдың 21-наурызында аяқталып отырады. Бірақ қазақ халқы адамның өміріне байланысты бірінші мүшелді ананың құрсағындағы мерзімді есептеп 13 деп алған да, қалған өміріне 12 жылды қосып, 25,37,49,61,73,85 т.б жастарды адамның өміріндегі маңызды жылдар деп есептеген.

 

Айдос:           Адам баласы туғаннан бастап, өсіп-жетілу кезеңінде қатерлі жылдар болатындығын айтып келеді. Оны мүшел жас деп атайды. Алғашқы мүшел 13 жас – бұл адамның балалық шақтан ересектік шаққа дейінгі кезеңі. Ол кезде ер балалардың дауыстары өзгеріп, қыз балалардың дене бітімі сүйкімді бола бастайды.

 

Сұлу: Он үш – кейбір нәзік балалар үшін қауіпті, өйткені баланың бойындағы өзгеріс кезеңі жәйімен өтсе қауіп жоқ, ал күрт өзгерсе, кейбір балалар жүрек, жүйке ауруларына ұшырауы мүмкін деседі. Осындай мүшел есік қаққанда: «О, Құдірет, мені осы мүшелден қатерсіз өткізе гөр!» — деп Аллаға жалбарынатын.

 

Бекжан: Жиырма бес жас – жігіттіктің алғашқы сатысы. Ол кезде ер жігіт бусанып, дене құрылысы өсіп, жетіліп, күші тасып тұратын кез. Бұл мүшелде де садақа беріп, келесі мүшелге дейін аман-есен болайын деп ниет етеді.

 

Гульфира: Отыз жеті жас – адам өміріндегі ең басты мүшел. Бұл мүшелде адам жігітшіліктен мосқалдау кезеңге өтіп, ақыл тоқтатып, дүниеге қызыға да, қызғана да қарайтын кез.

 

Есенкелді:     Қырық тоғыз жас – бұл адамның даналыққа аяқ басатын кезеңі. Бұл мүшелде кейбіреуі немере сүйсе де, кәрілікке мойын бұрмай, «маған кәрілік келмесе екен, әлі де болса қартаймай ойнап-күліп қалайыншы» дейтін кезі.

 

Айдана: Алпыс бір жас – адамның даналығы артып, өзінен туған балаға сын көзбен қарап, басқан ізін аңдып, жаман-жақсысын ажыратып, өзі де тәрбиеге келетін кезеңі.

 

Жасұлан:      Жетпіс үш жас – бұл кіріліктің мойынға мініп, аяғын тұсап, отырса тұруы, тұрса отыруы мұң, жатса ұйқы жоқ, адамның діңкесі құрып, «айхай, жас кезім-ай» деп көкірегі қарс айырыла күрсініп, дөңбекшіп барып ұйықтайтын кез.

 

Аршынгүл: Сексен  бес жас – бұл мүшелде адамның айдай басы қатып, өзінен кейінгілермен бала құсап ұрсып, жеген тамағын жеген жоқпын деп, өкпелегіш болатын кез. Сол үшін де ел арасында «күлсең кәріге күл», бұл жасқа жеткен де бар, жетпеген де бар деседі.

 

Сардарбек:   Адамның өмірінде әрқилы жағдайлар болады. Ол: үйлену, балалы болу, отбасының қуанышы және мүшел тойлары. Мұсылман халқы тойдан қашпаған халық. Дегенмен шілдехана мен мүшел жас тойлары – ол адамзаттың ең басты тойлары. Әр адам баласы мүшел жастан өткен сайын садақа беріп, жеті нан үлестіріп келеді.

 

2-жүргізуші: Бүгін міне біз де 13 жас мүшелге келіп отырғандықтан осындай ырымдарды жасасақ қайтеді?!

 

1-жүргізуші:             Бізге бұл жағынан ата-аналарымыз көмектессе.

(Ата-аналар жеті нан таратып, садақа беру ырымын көрсетеді).

 

2-жүргізуші: Бәрекелді, біз көптеген ұғымдарды танып білдік, ырымдарды да үйрендік, рахмет балалар!

 

1-жүргізуші: келесі орындалатын «Көшкеруен» күйі мүшел жас иелеріне арналады.

 

3-жүргізуші: Қазақ жері көп шеккен қасіретті,

Қазақ ері — өнерлі өсиетті.

Мысыр жерін билеген Бейбарыстың

Елі – текті, киелі, қасиетті.

 

4-жүргізуші: Райымбек, әулие – қасиеттім,

«Құдайым» деп жаулары бас иетін.

Балалары батыр боп орындайды,

Бабалардың өнеге-өсиетін.

 

2-жүргізуші: Жақсылардың үлгісі

Жанып тұрған шамдай.

Шешендердің сөздері,

Ағып тұрған балдай, — демекші Мәделі Жүсіпқожаұлының әр жастың ерекшелігі туралы жазған «Балалық шақ» өлеңін тыңдасақ.

 

3-жүргізуші: «Он үш жас — отау иесі» деп халқымыз айтып кеткендей, біз енді үлкен өмірге аяқ басып, есейдік десек те болады; балалық шағымыз да артта қалды. Олай болса, келесі орындалар «Бал, балалық» әні 13 жас иелеріне арналады.

 

2-жүргізуші: Ең ғажап күн – адамның туған күні,

Ата-анаңның салтанат құрған күні.

 

3-жүргізуші: Бірімізді-біріміз құттықтайық,

Құтты болсын әркімнің туған күні.

 

2-жүргізші:   Салт-дәстүрін халықтың қызықтайық,

Мүшел жас иелеріне сөз беруді ұмытпайық.

(Әр жастағы мүшел жас иелері, қонақтарға сөз беріледі).

 

Мұғалім: Балалар, жүргізушілерді көрдіңдер ме? (Жүргізушілер балалармен бірге наурыз көже ішуге кетеді). Олай болса, ата-аналармен бірігіп, тойымызды жалғастырайық!

(Ата-аналар той бастау рәсімін көрсетеді). Той бастар дәстүрі бойынша қонақтар тілек айтып, ән жолдайды, ал оқушылар хормен «Қазақы дастарханым» әнін орындайды.

 

1-жүргізуші: Мөлдір, биылғы келе жатқан жыл қандай жыл екенін білесің бе?

2-жүргізуші:             Әрине, білемін. Биыл жыл басы – Барыс жылы.

1-жүргізуші: Ал осы аңдардың жылды қалай бөліскенін білесің бе?

2-жүргізуші: Аңыздан естуім бар.

1-жүргізуші: Олай болса, «Аңдардың жыл басына таласуы» атты көріністі тамашалап көрсек, сонда көп нәрсе білеміз.

Сахналық көрініс «Аңдардың жыл басына таласуы».

 

1-жүргізуші: Міне, жыл басы Наурыз да келіп жетті. Наурыз мерекесі құтты болсын!

2-жүргізуші: «Жаңғырар дәстүр-салтымның,

Көзелсін бұлақ-жылғасы.

Қастерлі менің халқымның

Мерекесі Наурыз жыл басы»

 

1-жүргізуші: Осы Наурыз күнгі салт-дәстүрдің бірі, әрі дәмдісі – ол наурыз көже екені белгілі. Олай болса, баршаңызды наурыз көжеден дәм татуға шақырамыз. Той тойға ұлассын!

 

«Шашу» биі. Орындайтын Гульфира.

 

1-жүргізуші: Ал, халайық, тұрмайық

Әндетейік жырлайық.

Ортамызды ашайық,

Думандатып би-билеп,

Інжу-маржан шашайық!

 

Той ойындары ойналып, наурыз көже таратылып, дастарханнан дәм татылады.

 

Қорытынды сөзбен қорытындыланады.