1 қыркүйек – Білім күніне арналған «Кел, балалар, оқылық!» атты салтанатты жиынының реті

168

№4 Қ. Сәтбаев атындағы жалпы орта мектебінде өтетін 

 

1 қыркүйек – Білім күніне арналған «Кел, балалар, оқылық!» 

 

атты салтанатты жиынының реті

 

  1. Алаңды безендіру;
  2. Оқушыларды сапқа тұрғызу;
  3. 1-сыныптарды алаңға шақыру;
  4. ҚР Мемлекеттік туын ортаға әкелу;
  5. Рапорт тапсыру;
  6. Ашық деп жариялау;
  7. ҚР Мемлекеттік Гимні;
  8. Қонақтармен таныстыру;
  9. Директорға сөз;
  10. Қонақтарға сөз;
  11. Музыкалық номер;
  12. 1-сыныптардың құттықтауы;
  13. Музыкалық номер;
  14. «Әліппе» тапсыру
  15. Алғашқы қоңырау салтанаты;
  16. ҚР Мемлекеттік туын алып шығу;
  17. Жабық деп жариялау;
  18. 1-сыныптарды шығарып салу;
  19. Тәрбие сағатына шақыру;

 

 

«Кел, балалар, оқылық!» атты салтанатты жиын сценарийі

 

Басталуы: 9.00

Мерзімі: 1 қыркүйек 2010 жыл

 

1 –жүргізуші:Тұрғынбекова Гүлбану

2-жүргізуші: Айтымбетов Қайрат

(мектеп алаңы безендірілген, шарлар, қоңырау, гүлдер ілінген).

І. Сапқа тұрғызу.

ІІ. Фанфар әуенімен ортаға жүргізушілер шығады.

 

1-Жүргізуші: Қайырлы күн, құрметті ұстаздар мен оқушылар!

2-Жүргізуші: Қайырлы күн, қадірлі ата-аналар мен қонақтар!

 

1-Жүргізуші:

Өмір бойы мектебімді жыр етем,

Бір өзіңде бақыт, білім, берекем.

Шәкірттерің өрістесін, өрлесін,

Құтты болсын Білім күнің – мерекең!

2-Жүрг.:

Құрметті оқушылар, аяулы ұстаздар, ата-аналар, қадірменді қонақтар, мектеп өмірінде дәстүрге айналған «Кел, балалар, оқылық» атты Білім күніне арналған салтанатты жиынға қош келіпсіздер!

 

1-Жүрг.:             Мектебіне шәкірттер ағылады,

Сана, білім сусаған табылады.

Гүл шоқтарын қолына көтеріп кеп,

Ұстазына жеткенше сағынады.

Жүректері тұратын лүпіл қағып,

Мұғалімдер оларды күтуде анық.

Білім нұрын ұрпаққа таратсын деп,

Осы шақты аңсайды бүкіл халық.

 

( «Мектеп вальсінің» әуені)

 

1-Жүрг.:

Бүгінгі салтанатты жиын2010-2011 оқу жылындағы 1–сынып оқушылары үшін аса салтанатты күн. Бүгін 1– сынып оқушылары үшін өмірлеріндегі алғашқы қоңырау соғылады.  Мектеп табалдырығын алғаш рет аттағалы отырған бүлдіршіндерді шақырамыз.

(Сынып жетекшілерімен 1-сынып оқушылары алаңға өтеді. Оқушылар алаңға өтіп жатқан кезде төмендегі сөздер оқылады):

  • 1-сынып оқушыларының алғашқы ұстаздарымен таныс болыңыздар.

Айдарбекова Гүлдана Керімбайқызы —  1А сыныбының алғашқы ұстазы, республикалық «Бастау» математикалық турнирінің жаттықтырушысы, «ХХІ ғасыр бастауыш сынып мұғалімі» облыстық байқауының бас жүлде иегері, оқушылары аудандық, облыстық, республикалық байқаулардың жеңімпаздары.

Құрбанова Гүлмира Жұмаділқызы – 1Б сыныбының алғашқы ұстазы, мектептегі шығармашылық топтың мүшесі, оқушылары аудандық, облыстық байқаулардың жеңімпаздары қатарында көрініп жүр.

 

Жүрг.:               Бүлдіршіндер ертеңгі ел мамандары,

Құтты болсын алғашқы қадамдары.

Құтты болсын, болашақ баспалдағы,

Құтты болсын басталған оқу жылы!

 

Әскери жетекші:   Мектеп, түзулен, тік тұр!

ҚР Мемлекеттік туы әкелінсін!

 

ІІІ. Рапорт. (Директор «Еркін тұр!» командасын берген соң, салтанатты жиынды ашады).

 

ҚР Мемлекеттік гимні.

 

 

Жүрг.:

Бүгінгі салтанатты жиын қонақтарымен таныстыруға рұқсат етіңіздер:   (келген қонақтармен таныстырады

…………………………………………………………………………………………………………………………………………………………………………………………………………………………………………………………………………………………………………………………………………………………………

Жүрг.:                   Абзал жан, биік тұлға байсалды,

Құшақ жая шәкірттерін қарсы алды.

Бүгінгі салтанатты шақта бір,

Құттықтайды мектеп басшысы баршаңды, дей келе, құттықтау сөз мектеп директоры Бейсенова Ғалия Дайрабайқызына беріледі.

 

Қонақтарға сөз:…………………………………………………………………………………………..

…………………………………………………………………………………………………………………….

…………………………………………………………………………………………………………………….

…………………………………………………………………………………………………………………….

…………………………………………………………………………………………………………………….

Ән «Мектебім» (Пірімбет Назым).

 

Жүрг.:

Ардақты асыл мекен мектебіме

Аяулы асыл жандар көп келеді.

Құрметпен қонақтарға сөз берійік,

Жақсы сөз жанға ыстық нәр береді.

Сөз кезегі мектеп табалдырығын алғаш рет аттағалы тұрған бүлдіршіндерге беріледі.

 

( Жауапты  Айдарбекова Г, Құрбанова Г.)

 

(Музыка әуенімен ойнап келе жатқан балалар даусы естіледі. Осы кезде екі-үш балдырған (қолдарында добы, қуыршағы, машинасы бар) өзара таласып келіп ортаға кіреді.)

 

1-жүргізуші:

Ойын қуған, жүрген думан бұл кімдер?

Сылдыраған балаң тілмен естіледі бір үндер.

 

1-балдырған:

Мамам айтқан күзде мектепке барасың деп,

Көп-көп оқу құралдарын аласың деп.

 

2-балдырған:

Онда мына машинаңды неге тастамайсың?

Сен әлі ешнәрсені түсінбейтін кішкентайсың.

 

3-балдырған:

Жоқ, ол жетіге толды,

Үлкен бала болды.

Мына қуыршақты, машинаны

Бөпесіне сыйлайтын болдық.

 

(Балалар ойыншықтарын бөпелеріне береді. Осы арада мектепке бара жатқан 2-сынып оқушылары ортаға келіп қосылады.)

2-сынып оқушысы:

Балалар, мектепке бармайсыңдар ма?

Балдырған:

Мектеп. Мектеп деген ол не өзі?

Оның бар ма мұрны, аузы, көзі?

 

2-сынып оқушысы:

Мектеп – ол үлкен орда,

Оқимын дегеннің бәрі сонда.

Балдырған:

Онда не береді?

Менің де барғым келеді.

 

2-сынып оқушысы:

Жетіге толсаң, ойын қумай бос текке,

Оқисың әрине сен де мектепке.

Балдырған:

Мектептен үйрендің сен нені?

Көп пе оның сендерге бергені?

 

2-сынып оқушысы:

Мектепте бәріміз білім аламыз,

Жан-жақты дамып өседі санамыз.

Біз секілді ағылшын тілін меңгересің,

Мектепте домбыра қағуды үйренесің,

Үйірмеде билегенде бір ғажайып күйге енесің.

 

Ән сабағына қатысып ән айтасың,

Интерактивті тақтадан жаңалықпен қайтасың.

Спорттың неше түрімен шынығасың,

Қарның ашса, асханада сусын ішіп тынығасың.

Бүгін 1 қыркүйек білімнің күні,

Сыңғырлайды мектепке қоңырау үні.

 

Мектебім мінеки, ақ ордам тым асқақ,

Ұстазым, достарым тұр әне қол бұлғап.

Жүріңдер, үңіліп мектептің сырына,

Шығайық біз бірге білімнің шыңына.

 

 

 

Жүрг:

Ортаға 1-сыныпқа қадам тастаған бүлдіршіндер келеді,

Жүрекжарды тақпақтарын сізге айтып береді.

 

1 – оқушы: Сәлем, саған мектебім,

Алғыстарым көп менің.

Оқу, білім, тәрбие

Ой- санама еккенің.

 

 

 

2- оқушы: Қуаныш бүгін – мереке,

Шуағын шашып тұр әлем.

Мектепке келген алғашқы,

Жан досым, саған мың сәлем

 

3 – оқушы: Бірінші қыркүйек күні мен

Аңқыған жұпар гүлімен

Келіп ем, қарсы алды мектебім

Сүйкімді қоңырау үнімен

 

4 – оқушы: Биыл мен де мектепке

Біріншіге барамын.

Мақтанбаймын мен текке,

Дайын дәптер, қаламмым.

 

5 – оқушы: Мектепке енді барамыз,

Біз оқушы боламыз.

Жақсы оқып сабақты,

Кілең бестік аламыз.

 

6 – оқушы: Алдыңа келіп ұстазың,

Тұңғыш қалам ұстадым.

Күлімдеген көзіңнен,

Мейіріңді сезіндім.

 

7 – оқушы: Отанның біз ұл-қызы,

Халықтың біз жұлдызы.

Оқимыз ақын-жырларын,

Оқимыз еңбек сырларын.

 

8 – оқушы: Сырлайды, сыңғырлайды

Мектеп жақта қоңырау.

Ұмытпаймыз бұл бір айды,

Гүлге толы омырау.

 

9 – оқушы: Гүл толы қала, да дала да,

Гүл толы бүгін омырау.

Шақырып мектеп анаға,

Соғылмақ тұңғыш қоңырау.

 

Жүрг: 1-сынып табалдырығын аттаған бүлдіршгеіндер құрметіне Бостан Ақботаның орындауында «Ән шашу» әнін қарсы алыңыздар.

 

Жүрг.:   11-сынып оқушыларының атынан 1-сынып оқушыларына тілек айту

 

құрметі 11-сынып оқушысы Әбдібекова Дана мен Молдыбай Ринатқа  беріледі.

 

(11-сынып оқушысының құттықтау сөзі)

 

 

11- сынып оқушысы: Оқыған әпке, ағаңыз,

Қадірлі мектеп – бұл мектеп .

Сендердей біз де болғанбыз,

Есейдік міне қараңыз.

Құт болып алғаш қадамың,

Жағарсың білім шырағын.

Биылғы жыл ерекше,

Ұғарсың оның шын мәнін.

 

11-сынып оқушысы:

Құттықтап білім күнімен,

Сыйлаймыз сізге «Әліппе».

Бар білімнің бастауы,

Қадірле оны дәріпте.

 

(11-сынып оқушылары 1-сынып оқушыларына «Әліппе» оқулығын сыйға тартады.)

 

Жүрг.:

Қағылмақ міне әуенге бөлеп,

Қағылмақ алғаш қоңырау,

Нұр толқып жүзің, гүл толып құшақ,

Шаттыққа толсын омырау.

Алғашқы қоңырау соғу үшін құрметпен ортаға 1-сыныпқа қадам басқан шәкірттерді алғашқы ұстаздарымен шақырамыз.

 

 

(Қоңырау соғылып жатқан сәтте…)

 

Жүрг.:                   Қызыл гүл жайнады төрімде,

Қызықты күнім де, кешім де.

Алғашқы қоңырау дауысы,

Қалады мәңгілік есімде.

Алтын ұя – киелі шаңырағым,

Мен өзіңе қашан да табынамын.

Алыс, жырақ өзіңнен кетсем егер,

Қоңырауыңды сыңғыр қаққан сағынамын!

Сылдырла, сыңғырла тағы да,

Шақыра білімнің бағына.

Қоңырау әсем, саз, әдемі,

Қоңырау әсем, саз, әдемі!

 

 

 

Әскери жетекші:   Мектеп, түзулен, тік тұр!

ҚР Мемлекеттік туы әкетілсін!

 

Жүрг.:  

Осымен «Білім күніне» арналған салтанатты жиынды «жабық» деп жариялаймыз!

ҚР Мемлекеттік гимні.

 

Жүрг:

Құрметті оқушылар, баршаңызды Білім күніне арналған «Елбасы мұраты – ел бақыты, гүлденген Қазақстан» атты алғашқы сабаққа шақырамыз.