Бабалар арманы (сахналық әдеби-монтажды қойылым)

Бабалар арманы  (сахналық әдеби-монтажды қойылым)

Ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған  ел тарихынан сыр шертетін үш бөлімді сахналық көрініс..

Қатынасушылар:

Абылай хан

Бұқар жырау

Төле би

Бөгенбай батыр

Қабанбай батыр

Жер-Ана

Жас Отан партиясының өкілдері

                                                                   І бөлім

Баяу «Елім-ай» музыкасы естіліп тұрады, өлең оқылады.

Қазақтың жері ежелден

Тарихқа куә боп келеді,

Тас,қола,темір дәуірдің

Мәдениеті орнаған ел еді.

Тегіміз біздің түркіден,

Түркіден қытай үркіген.

Білге қаған,Күлтегін

Талайдың жерін сілкіген.

Ер жүрек біздің бабалар

Тасқа да жазу жазыпты,

Білмей кеппіз біз бәрін.

Атадан мұра қалыпты

Алтыншы ғасыр далада

Болыпты тіпті қалада

Тараз,Отырар,Испиджаб,

Сығанақ сынды дара да.

Керей менен Жәнібек

Бар қазақты жиыпты

Ру аралық қырқысты

Тез арада тиыпты.

Ізін қуып Тәуке хан

Заңның ұшын қиыпты.

Жеті жарғы ,халайық

Осылайша келіпті.

Күн туды қазақ басына

Жоңғар деген нәубеттен.

Аздырды елді,тоздырды,

Намыс отын қоздырды,

Бөгенбай сынды батырлар

Абылай сынды асылдар

Дұшпан бетін қайтарды,

Ел тағдырын қолға алды.

Тарих сыны қазаққа

Осыменен бітпеді…

(Хан ордасына Абылай, Төле би,.қасында Қабанбай,Бөгенбай сынды баһадүр қолбасшылар келе жатады. Қарсы жақтан Бұқар шығады.)

Бөгенбай: Бұқар жырау келеді!

Қабанбай:Арқаның ардагерін қарсы алайық!

(Ордаға Бұқар жырау  келеді.Абылай хан амандасып,оң жағынан орын береді)

Бұқар жырау:Армысың,Абылай?!

Абылай:Бармысыз,Бұқар баба?!

(Бұқар сәл ойланып,Абылайға қарап сөз бастайды)

Бұқар:Біз бармыз-ау, хан ием.Қазақтың халін айтсаңдаршы,сол мендегі зар, сол мендегі запыран…Қандауыз жоңғар қазағымды құл қылғысы келеді. Қызымды басыбайлы күң,ұлымды мұрны тесілген құл қылмақ. Қайран қазақтың халі өте нашар,Берекесі жоқ елдің бірлігі жоқ. Не қылмақ ойың бар, а,Абылай?

(Ордада үнсіздік)

Бұқар:(Абылайға түйіле қарап) Бар сенгеніміз сенсің,Абылай! Баста мына еліңді!

Төле би:Алтау ала болса ауыздағы кетеді,төртеу түгел болса төбедегі келеді.Тұрған жерін тұрақтаған,тұғыры биік ел едік,іргемізді ірітпей, бір жеңнен қол шығарып,атам қазақтың елдігін сақтап қалар кез келді.

Бөгенбай:Қарт баба дұрыс айтады.Үш жүздің қазағының басын қос,баста мына еліңді!

Бұқар:Сайдың тасындай даңқты батырларың мен қаны қазақ сені қолдамаса,маған кел! (Абылай ойланады)

Абылай:Ақиқатты ғана айтасың-ау,жырауым! Ақтабан шұбырындының кегі үшін ғана емес,қазақтың бостандығы үшін бүгін осы Ақордаға жиналып отырмыз.

…Заман қилы,жол ирек,

Ойласарға орын тар,

Ойланбай бірақ іс қылман…

…Елдескенмен елдесем,

Есем кетпес жауыма,

Белдескенмен белдесем,

Еңсем түспес дауына,

Қарыштап алға құлшынып,

Асқарға сермеп,

Арманға жетем ұмтылып,

Қайтсемде елді ел етем,

Өзгелермен тең етем…

Абылай :                                            Азаттық жол-азапты

Төземісің әлеумет!

Төзсең егер,әлеумет

Зорлықты жеңер ар-намыс

Шығарар тардан тәуекел

Тәуекелге бел байлап,

Қазақтың қайсар намысы

Болмасын дер қара жер

Жойқын жаудың жолында,

Жойылмасын деп қайран ел

Азаттықтың қаны үшін

Болашақтың бағы үшін

Ұлы жорық бастаймын!

Еремісің әлеумет!

Қабанбай: (Оң қолын кеудесіне қойып,сөз сұрайды) Хан ием,қазақтың шүршітте кеткен қанды кегі бар.Жорыққа аттануға біз дайынбыз.Құдай қаласа,қазақ жері азат болады!

Барлығы:Аттанайық,аттанайық!

Бұқар:Бұдан былай исі қазақ Абылайдың туы астында жиналуы керек!Қазақтың жағдайы қыл үстінде тұр,ағайын.

Бәрі шулап:

-Иә,жырау!

-Табанды боламыз!

-Жауға құл болғанша,өлгеніміз артық!

-Аттан,аттан!

(Шам сөнеді.Көшпенділер фильмінен  үзінділер  көрсетіледі).

(Сахнада Бұқар қалады.)

Ат ойнатып сен тұрдың,

Шаңдатып хан шатырын.

Жекпе-жекте өлтірдің

Қалмақтың бас батырын.

Жалпақ дала аспанын

Даңқың кетті аралап,

Білді сонда қас жауың

Кім екенін Сабалақ.

Болдың өзің бас тұлға

Күресте отты күйдірдің.

Ақ туыңның астында

Абылайлап тұрды елің

Тепкісінде жат елдің

Түскен сорлап азапқа

Сен теңдікті әпердің

Туған елің-Қазаққа…

                                                         

                                                                    ІІ бөлім

 Сахнада  жарық  Жер-Анаға  түсіріледі.

Жер-Ана:

Армысыңдар, бауырымнан түлеген өрендерім!

…Мен талай ғасырлардың куәсі қойнауым құтқа толы құдіретті Жер-АнамынІ

… Жасыл шүйгін, кең жайлау, асқар тау, кербез орман, көркем бел, ерке жел. Талай  жанға сая болған-қайран елім!

Басыңнан талай нәубат кезең өтті ғой…

Менің елім ! Тәуелсіз елім! «Менің» деп меншіктеп айтар жерің мен еліңнің болғаны қандай бақыт! Осы сөзде қаншама қуаныш, мақтаныш, тарих жатыр!

Ата-бабаңыз туған жердің тоқымдай бөлігін де жауға бермеген. Ат үстінде күн кешіп, «ереуіл атқа ер салып, егеулі найза қолға алып, еңку-еңку жер шалып» жүріп қорғап қалған, аманат етіп сіздерге қалдырған ұлы жер ғой, ұрпағым!

… Бүгінде міне, бақыт таңы, тәуелсіздік таңы атты. Бұл тәуелсіздік-ата-бабаларыңның арман-тілек, төккен қан,  аққан көз жастарының, егемен ел болуды сарғая күткен сағыныштарының жауабы!

Айналайын, халқым, менің!

Аз ғана уақыттың ішінде елімді, халқымды шартарап танып үлгерді.Бірде жүгіріп, бірде жығылып жүрген елімнің енді еңсесі биік, көңілі көтеріңкі, қадамы мығым. Елім өркениетті замана ағысына қосылды.   Халқына жаһанданған дүниені сыйлаған, қазақ  ұлтын әлемге  танытқан-тұңғыш  Елбасың- Н.Ә.Назарбаев.

Қазақ елім! Туды жастық дәуірің.

Алғандайсың жұлдызыңның жарығын.

Тәуелсіздік құтты болсын, қымбаттым,

Туған күнің құтты болсын, алыбым!

ІІІ бөлім

Экраннан  Елбасының суреттері , еліміздің сұлу көркем ғимараттары көрсетіледі, «Жас Отан» партиясының өкілдері шығады.

Баяу «Сарыарқа» күйі орындалады.

Елбасы:

Осы елдің Президенті ретінде де, осы ұлттың бір перзенті ретінде де дәйім көңілімнің төрінде тұратыны- туған халқым .

Менің ғұмырым ел тағдырымен еншілес.

Мен сенімге серт беріп, бар жауапкершілікті мойныма алдым.

Мен 20 жылдан бері бар күш-жігерім мен білік тәжірибемді  аямай, халқыма қалтқысыз қызмет етіп келемін.

Осы жылдары мәртебемізді көтеріп, мерейімізді асырған барша жетістіктеріміз-біздің ортақ табысымыз.

Мен ауызбіршіліктен айнымайтын ақжүрек жұртымның қуатты ұлтқа, шуақты ұлысқа айналарына кәміл сенемін.

Ел тәуелсіздігі баянды болғай ! Мен  білімді  ұрпаққа  сенемін. ХХI  ғасыр  заман  талабына  сай  бейімделген  жастарға сенемін!

 «Жас Отан» партиясының өкілдері:

 

1-оқушы:                                        Дүниеде тәуелсіз  Қазақ елі бар;

Әлемде егемен Қазақстан бар;

2-оқушы:                                    Оның көп ұлтты, тату, ынтымақшыл халқы бар;

Қуатты экономикасы, сенімді саяси жүйесі бар;

3-оқушы :                       Ең бастысы-бүгіннен нұрлы, бүгіннен кемел        болашағы бар;

Сол күнге берік сеніміміз бар!

Бәрі бірге: Біз, тәуелсіз елдің жас патриоттары елбасы саясатын қолдаймыз!

Келешектің іргетасын бірге қалаймыз!