«Құлақтан үнің кетпестей, Сыңғырла, соңғы қоңырау»

40

«Құлақтан  үнің  кетпестей,

Сыңғырла,  соңғы қоңырау»

                                      

Құрметті  қонақтар, ұстаздар  мен ата-аналар  және  тәуелсіз еліміздің  түлектері!

Жалпы  білім  беретін  Ұзынкөл  орта  мектебі  салтанатты  жиынға  сап  түзеді.

Өзіңменен  өлшеусіз  нарқым  менің,

Асқар тау, арқа  тұтар  алтын белім.

Ұядан  ұрпағыңды  ұшырмаққа

Қош  келдің, айналайын, халқым менің!

 

Кеше ғана  тұлымдары  желбіреп, жүректері  лүпілдеп,  мектеп  қабырғасын  имене  аттаған  ұл-қыздарымыз  ойы  толып, бойы  өсіп, алтын  ұя  мектебімен  қоштасқалы  отыр.

Жас  жүректің  өмірлік  құштары  гүл,

Бағбан  ұстаз  баулыған  құстары  бұл.

Қоштасып  бүгінгі  күн  ұясынан,

Сол  құстардың  бір  тобы  ұшқалы  тұр, — деп алтын ұя  мектебінің  табалдырығынан  үлкен  өмірге  ұшқалы  отырған  мектеп  бітіруші  түлектерімізді  құрметтеп  ортаға  шақырамыз. Қарсы алыңыздар!

/Музыка  әуенімен  түлектерді ортаға ізбасарлары  1 сынып  оқушылары  алып  шығады/

20 жылдық түлектерге:

Оның көңілі кеңдігіндей даламның

Мен жансамда ұстазымша жанамын.

Үлкен дейді кейде мені басқалар,

Ұстаздарға бәз баяғы баламын

демекші, осыдан 20 жыл бұрын жүректері  лүпілдеп, мектеп қабырғасын  имене  аттаған  ұл-қыздарымыз, бүгінде  ойы  толып, ер жеткен  аға –апаларымыз  келіп  тұр.

Ендеше, 20 жыл  бұрын  бітірген  түлектерімізді  ортаға  шақырамыз.

                        Қарсы  алайық!

Назар  аударыңыз! Қазақстан Республикасының Мемлекеттік  туы  енгізілсін!

Қазақстан Республикасының  Мемлекеттік  Әнұраны!

20   -20    оқу жылының аяқталу  құрметіне  арналған

«Құлақтан  үнің  кетпестей,

              Сыңғырла,  соңғы қоңырау»    атты  салтанатты  жиынымызды  ашық  деп   жариялаймын.

Қазекем  қонақ  десе  көсіледі,

Мұндайда  жай  түйіні  шешіледі.

Ақ тілеулі ырыс қой қонақ деген

Өзімен  ала келер  несібені.

Салтанатты  жиынымызға қатысып  отырған қонақтармен таныстырамыз:

 

  1. Аудан әкімшілігі атынан аудандық жер қатынастар бөлімінің

меңгерушісі Түменов Нұрман Әшекенұлы.

  1. Аудандық білім беру бөлімінің әдіскері Есенғалиева Меңсұлу

Телағысқызы.

3.Ауыл әкімі Елемесов Нұрпейіс Ғаділұлы.

 

Биылғы соңғы қоңырау мерекесі тарихи оқиғаларға толы тұста өткелі тұр:

  • Бұл жыл — Астана қаласына  10 жыл  толуымен  ерекшеленеді.
  • Бұл жыл – Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан  халқына   «Қазақстан  халқының әл-ауқатын  арттыру – мемлекеттік  саясаттың  басты  мақсаты»  атты  Жолдауы  жарияланған жыл.
  • Бұл жыл – жерлес ақынымыз Т.Жароковтың  туғанына  100 жыл!
  • Бұл жыл — облыстық  газетіміз «Орал  өңіріне»  90 жыл  толған жыл.
  • Бұл жыл – Х. Есенжановтың туғанына 80   жыл.

 

Бүгінгі  күн – алтын  ұя  мектебін  бітіріп, қияға  қанат  қағатын  жас  түлектер  үшін  ең бір қымбат, ең бір қимас, ең бір ұмытылмас  жүрек  тебірентерлік сәт!

 

Шәкірттерімізге  балалықтың  базары, білім  ордасы болған  мектебімен,  білім мен тәрбиенің  нұрын  сепкен ұстаздарымен, сыңғырлаған  күміс  қоңырау  үнімен  қошасу  бір жағынан  қуанышты, екінші жағынан  қимастық  сезім  тудырады.

Ендеше,

Ажырамай  мектептен  бір  елі сіз,

Жақсылыққа  жаралған  жүрегіңіз.

Сөз берелік  құрметпен  өзіңізге,

Шәкірттерге  арналсын  тілегіңіз, —  дей  отырып,  соңғы  қоңырау  салтанатының  алғашқы  құттықтау сөзі мектеп  басшысы Дишенова Лунаргүл Наурызбайқызына беріледі.

     /Үздіктер  аталады,/

Бойларыңда  от бар  екен  байқадық,

Жүректерде  шоқ бар екен  байқады.

Үздіктердің  саны жылдап  көбейіп,

Дарындылар  өсе берсін  жайқалып.

Талай шәкірт  тәрбиелеген  сендердей

Ұстаздарың – атына  заты сай халық.

/Үздіктер  шеруі жарияланады. Музыка  орындалады./

 

Арман  ойлар  жеткізбеген  аңсаған,

Қайрат-күшін  қажыта  алмас қарсы  ағын.

Өмір теңіз  толқындарын  көргенде

Асыл  аға  тілегіңді  аңсармын.

Бүгінгі  салтанатты  жиынымыздың  құрметті қонақтарына сөз береміз:

  1. Құттықтау сөз аудан әкімшілігі атынан аудандық жер қатынастар бөлімінің   меңгерушісі Түменов Нұрман Әшекенұлына беріледі..

 

  1. Құттықтау сөз аудандық білім беру бөлімінің әдіскері

Есенғалиева Меңсұлу Телағысқызына  беріледі.

 

  1. Құттықтау сөз ауыл әкімі Елемесов Нұрпейіс Ғаділұлына

беріледі

 

Аудандық, облыстық  байқаулардың  жүлдегері   мектебіміздің  әншісі, Айтымбетов Нұрғисаның  орындауында

Ән:  Осындай елім бар.

 

Бала деген бақытты  еліменен,

Құдіреттің қолында әлем деген.

Құрметті  аға-апалар  тілектері,

Жалғассын  мұрагерлер  сәлемімен.

Мұрагерлер  сәлемдемесі:

Мектеп  маңы  толыпты жарасымға,

Ізгілік те, мейірім бәрі  осында.

Өмірге  қанат қақты  жас өрендер,

Асыл арман гүл атып  санасында– деп  мектеп  түлектері сөз алады.

/Музыка  ойналады./

/11 сыныптар  шығады/

/Мектеп түлектерінің  мерекелік  бағдарламасы/

Қиындықтар  мойытпасын  сендерді,

Батылдықпен асыңдар  сан  белдерді.

Біліміңмен  қуантсаңдар  мектепті,

Жақсы ісіңмен  қуантыңдар  енді  елді.

 

Ұстаздар құттықтауы:

Білімді  шәкірттерін  аялаған,

Жақсылығын  ешкімнен  аямаған.

Саялы  бақ,  жанашыры  жас ұрпақтың

Ұстаз деген  аяулы, ардақты  адам.

 

Өмірде  өшпейтін  іс балаға  берген  —  білім, мейірім, қамқор пейіл. Болашақтың  бүр  жарған   сабағына  құйған  білім  нәрі  мәңгілік. Осынау  мәңгілік  борышты  ауырсынбай парызым  деп  түсінген  ұстаздардың  бірі мектеп түлектерінің  алғашқы  білім берген  ұстазы Райса Дәукенқызы мен сынып  жетекшісі Ержан  Сақтағанұлы.

Құттықтау сөз: Айтжанова Райса Дәукенқызына беріледі

Құттықтау сөз: Табылғанов Ержан  Сақтағанұлына беріледі.

 

Алтын ұя, алтын бесік мектебім,

Мәңгі  есімде анам болып  өткенің.

Парызыңды  өтедің сен білемін,

Ал қарызым  саған  берер  көп  менің.

Мектебімізді  осыдан  20 жыл  бұрын  бітіріп, бүгінгі  қуанышты  күні  алтын  ұясымен ,  аяулы  ұстаздарымен  қауышып  жатқан  түлектер  атынан  сөз  Төлепқалиев ЬБейбіт Маратұлына  беріледі.

 

Қандай  ғажап  қарашы  жан-жағыңа,

Күміс күлкі сыймай  тұр, аңғарына.

Ата-анадан  бақытты    барма екен  жан,

Қол  жеткізген  аңсаған  арманына

 

Келесі  құттықтау  сөз  мектеп  түлектерінің  ата-аналарының  атынан: Арманбектің анасы  Гүлбарам апайға  беріледі.

                   

   Ән:      Сенің анаң.  орындайтын  Айтымбетов Н.Р.

Соңғы  қоңырау.

Қымбатты  мектеп бітіруші  түлектер!

Алғаш  қолыңа  гүл  шоғын  алып, мектеп  табалдырығын  аттағаннан бері 20 мыңнан  аса  қоңырау  үнін естідіңдер.

Ал  бүгінгі қоңырау  үні  ерекше. Ол  мектеппен  қоштасар соңғы  қоңырау. Ол  балалық шақтан  өмір белесіне  асыратын қоңырау.

 

Гүлдерге  толы  омырау,

Өмірде  жоқ қой  тоқырау.

Қимастық  сезім  оятып,

Соғылсын  соңғы  қоңырау.

 

Қоңырау  үні  құт  болсын,

Ізгілік  оты  жағылсын.

Бөбек  пен түлек жұп  болып,

Соңғы қоңырау  қағылсын.

Соңғы  қоңырау  соғу  салтанаты

11 сынып  оқушысы  Дүйсемалиев Жандарбек пен

1 сынып  оқушылары:1. Серіков Бақытжан мен

  1. Өтемісова Саяға     тапсырылады.

/Қоңырау  соғылады/

Жез қоңырау  сыңғыр  етті соңғы рет,

Діріл қақты  ақ бантиктер желбіреп.

Жез қоңырау  үнің сенің  тым  ыстық,

Сыңғырымен  бала  жүрер елжіреп.

Өмірде  ілбіп, тек көшпей,

Жүретін сергек  жол мынау.

Құлақтан үнің кетпестей,

Сыңғырла, соңғы қоңырау!

Сыңғырла  соңғы  қоңырау! – деп  мектеп  түлектерін жаңа  өмір  баспалдағына  шығарып  саламыз.

Талай күн  өтті  жылдар, белестері,

Он бір жылдың  қалды  артта елестері.

Ер жеттің ой тоқтатар  уақыт келді

Сол уақыт, «Мен – мұндалап» елес берді.

 

Жаны асыл  ұстаздарды  еске алыңдар,

Жаңа  ғасыр  аттаған  жас  дарындар.

Шәкірті  жаман  екен  екен  дегізбеңдер,

Санасы  биік, адал дос табыңдар.

/Музыка әуенімен, 11 сынып шығып кетеді/

 

Ән:   «Қазақ  жігіттері» —  орындайтын  Чукин Тоқтар.

 

Назар  аударыңыз!

Қазақстан Республикасының мемлекеттік  Туы астында тік  тұрыңыздар !

Қазақстан Республикасы  Мемлекеттік  Туы шығарылсын.

 

Қазақстан Республикасының Әнұраны.

 

            «Құлақтан  үнің  кетпестей,

            Сыңғырла,  соңғы қоңырау»  —  атты  салтанатты соңғы  қоңырау  жиынын  жабық деп  жариялаймын.

 

 

Соңғы қоңырау сәтінен  көріністер….