«Тәуелсіздік – тәу етер тұғырым.»

«Тәуелсіздік – тәу етер тұғырым.»

 

1-жүргізуші: Армысыздар, аяулы халқым менің,

Ардақта дәстүріңді, салтыңды елім,

Аяулым, алтын бесік, қара орманым,

Өзіңсің, Қазақстан, ән- арманым!

 

2-жүргізуші: Армысыздар, аяулы алтын елім,

Салем саған алтын күн, халқым менің,

Ашық болсын көк аспан, нұрлы жерің,

Құтты болсын мерекелі күнің бүгін.

 

Ж1:-Құрметті ауылдастар! Тәуелсіздік жолында сан ғасырлық тарихы бар Қазақ елі ерлік пен елдіктің арқасында бірлігін сақтай отырып бүгінгі күнге жетті. Қанша жыл, қанша уақыт өтседе ұмытылмай ел есімінде мәңгі сақталатын еліміздің Егемендік алған күні. Ұмытылмайтындылығы — оның халық тағдырымен байланыстылығы. 1986 жылы желтоқсанда өрттей жанған өжет жастар ұлттық намыс құдіретін әлемге паш етті. Асыл да аяулы ұл- қыздарымыздың арқасында Қазақстан Егеменді мемлекет болып дүниежүзіне танылды.

 

Ж2:-Содан бері жиылма  бір жыл өтті. Сондықтан еліміздің жиылма бір  жылдық Тәуелсіздік мерейтойын атап өту барша қазақ елі үшін үлкен қуаныш! Олай болса С.Меңдешев атындағы жалпы білім беретін орта мектебі ұжымының « Тәуелсіздік – тәу етер тұғырым» атты мерекелік концертіне қош келдіңіздер!

 

1-жүргізуші: Тәуелсіздік, тәуелсіздік жыр әнім,

Ел іргесі берік болсын ұраным

Тәуелсіздік өзіңді еркін сезіну

Салт-дәстүрлі қолдан түспес ұраным!

 

2-жүргізуші: Тәуелсіздік! Менің байтақ Отаным

Бір өзіңдей Мұхтар, Абай, Шоқаным

Тәуелсіздік сәбиімнің шаттығы

Тәуелсіздік ақ батасы атаңның!

 

1-жүргізуші: Тәуелсіздік, тәуелсіздік жыр-әнім,

Көкбайрақ пен Елтаңба, Әнұраным

Мен өзіңнен Тәуелсіздік айналдым,

Алтын арай, көкке өрлеген қыраным!

 

  1. Ән: «Жаса,қазағым!» О.Рамазанов

Сахна төрінде үстел басында ойға шомған қайраткер елдің өткені мен болашағын таразыға салып, қалың ойға шомуда.

Сыртқа дауыс:-Бабалардың рухыменен кеңескем,

Өзіңменен бекем белім, тең өскен,

Егеменді елдігіме бүгінгі

Қол жеткізген асыл ұрпақ емес пе ең?

Құт-береке халқыма қайта келдің,

Орындалып арманы байтақ елдің!

Тарихынан халқымның бір үздік сыр,

Айта бергім келеді айта бергім.

 

Иә, айналайын ұрпақтарым. Тәуелсіздіктің көгін көрген, еркіндіктің жолын билеген бақытты ұрпақ сендерсіңдер шырақтарым. Осы бақытты уақыттың қадір-қасиетін ұғынып, егемендіктің елдігін сақтаңдар қарақтарым! Сендер біле білсеңдер қазақ жері, қазақ елі бүгінгі күнге оңай жеткен жоқ. Қаншама тарихи кезеңдер мен сергелдең жылдарды, қанды соғыстар мен зорлық- зомбылықты бастан кешірді десеңші. Қаншама ұлы ғұламалар, ойшылдар, билер мен хандар өтті десеңші.

ХҮ ғасырда қазақ хандығы құрылды. Алайда тәуелсіз Қазақ елі бейбіт, тыныш өмір сүре алмады. Ұлан байтақ елімізге тұс-тұстан көз тігіп, ойран салушылар көбейді. Қазақ үшін осы бір кезеңдер, туған елінен, туған жерінен айырылған, далада жосыған халыққа жаулардың шабуы Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама деген атпен қалады. Жұрт Алқакөлге аялдап, қасиетті Қаратауға бас сауғалады. Қаратаудың баурайында қалың қазақ бас қосты.

Бірақ қазақ жерін басып алғысы келгендер осыменен тоқтамады. Қалмақ шапқыншылығы қазақ жерін ойсыратып, елдің берекесін, бірлігін кетірді. Бірақ қазақтың қамын жеген ұлы билер мен намысты батырлары өз елі мен жерін қорғап, қазақ елінің біртұтастығын сақтап қалды. Есімдері қазақ тарихында мәңгі өшпес алтын жазумен жазылған Қазыбек,Төле, Айтекелердің халықты 1 тудың астына жинап, бірлікке шақырған сөздері ұранға айналды.

 

Ортаға 3 би шығады:

Төле би: -Жүзге бөлінгендердің жүзі қара, Руға бөлінгендердің құруға асыққаны, Атаға бөлінгендер адыра қалады, Көпті қорлаған көмусіз қалады, Хан азса халық сатады, Халық азса хандыққа таласады.

Әйтеке би: -Бай болсаң халыққа  пайдаң тисін,

Батыр болсаң жауға найзаң тисін.

Бай болып елге пайдаң тимесе,

Батыр болып жауға найзаң тимесе,

Елден бөтен үйің күйсін!

Қазыбек би: — Біз қазақ деген мал баққан елміз,бірақ ешкімге соқтықпай,жай жатқан елміз.Елімізден құт-береке қашпасын деп,жеріміздің шетін жау баспасын деп найзаға үкі таққан елміз.Ешбір дұшпан басынбаған елміз,басымыздан сөз асырмаған елміз.Достығымызды сақтай білген елміз.дәм-тұзды ақтай білген елміз.Асқақтаған хан болса,ордасын таптай білген елміз!

 

  1. Ән – « Көк тудың желбірегені». 11 -сынып оқушысы Арыстанов Ақжол
  2. Жас домбырашылар ансамблінің орынауында «Қоңыр» күйі. Жетекшісі: Р.Беккулова

 

Қайраткер: -Замана сондай қағылды,

Қағынбаса нағылды,

Құрсаулы қара нардай боп,

Қарсы алдынан шабылды,

Арғымақтың жүйрігі,

Арбада кетті шабылмай,

Мұсылманның жақсысы,

Абақта кетті табылмай.

-1923-33жылдары адам айтса нанғысыз ашаршылықта 6 миллиондай халықтың 2,5мил. опат болды. Тағы аштық, жалаңаштық, тағы да өлім. Өз атамекенін тастап қырғыз, өзбек, түрікмен, тәжік, орыс жерлеріне қоныс аударған халық. Осы уақытта қазақ зиялыларын қамауға алу басталды, қазақтың бес арысы мен үш алыбы Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Жүсіп Аймауытов, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров халық жауы атанып, кете барды…

(Сахнаға  5 арыстың бейнесіндегі оқушылар шығады)

 

Шәкәрім: Арамдық борыш,ар үшін,

Барша адамзат қамы үшін

Серт қылған еңбек етем деп

Алдағы атар таң үшін.

Ахмет: -Жөн көрсеттім қазақ деген намысқа

Жөн сілтедім жақын емес алысқа

Өзге жұрттар өрге қадам басқанда

Деім сен де қатарыңнан қалыспа.

Міржақып: — Мен біткен ойпаң жерге аласа ағаш

Емеспін жемісі көп тамаша ағаш.

Қалғанша жарты жаңқам мен сенікі

Пайдалан шаруаңа жараса,алаш!

Жүсіпбек: — Шықпаса денем жанымнан

Не салса тағдыр көрем мен

Бір өзім үшін өлмеймін

Бір ғана саған көнем мен

Кеудее әзір жүрек бар

Тілек бар соған сенем мен

Артымда қыруар елім бар

Өлсе де денем,мен өлмен!

Мағжан: — Өзім тәңірі,табынамын өзіме

Сөзім құрап бағынамын сөзіме

Бұзушы да,түзеуші де өзіммін,

Ені ескілік келің өлер кезіңе.

  1. Әжелер ансамбілінің орындауында ән «Күн дидарлы Қазақстан!»
  2. Ән «Туған жер»

Қайраткер: 1941-1945 жылдар аралығында адамзат тарихында болмаған алапат соғыста, бірлік, достық жолында жан қиған қазақ батырлары фашизимнен бүкіл адамзатты, азаттықты қорғап ерекше ерлік көрсетті.

 

Меңіханов Б: — Сәлім Нығметұлы Айтқұлов Орал облысының Жаңақала ауданына қарасты Мұқыр елді мекенінде дүниеге келген.Ұлты татар. 1941 жылдың  тамызынан бастап майданда 75-гвардиялық атқыштар дивизиясының, 231-ші гвардиялық полктің құрамында сан шайқасқа қатысқан С.Айтқұловтың жауангерлік жолы көптеген наградалармен әдіптелген.1943 жылы 17 желтоқсанда Днепрден өту кезіндегі ерлігі үшін Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.Соғысты 1945 жылы кіші лейтенант шенінде аяқтаған С.Айтқұлов Орал қаласына оралып,сол жерде жұмыс жасады.1975 жылы дүниеден озған С.Айтқұловтың сүйегі Орал қаласындағы қабірстанға қойылды.

 

Рамазанов О: —  Садық Шәкелұлы Жақсығұлов 1924 жылы Орал облысы Жаңақала ауданында дүниеге келген.Ұлты қазақ. 1942 жылдың тамызында әскерге алынған.С.Жақсығұлов Курск иініндегі, Днепрден қткен кездегі қанды шайқастарға минометшілер расчетінің командирі ретінде қатысқан.1944 жылы 22 ақпанда Кеңес Одағының Батыры атағымен марапатталды.Соғысты Австрия жерінде лейтенант шенімен аяқтап,елге оралды.Өмірінің соңына дейін Батыс Қазақстан облысының Тасқала ауданында тұрды.2009 жылы дүниеден озды.

 

Өтегенов М: — Мәжит Жүнісов 1917 жылы Орал облысы,Жаңақала ауданы,Саралжын ауылына дүниеге келді.Ұлты қазақ. М.Жүнісов соғыстың алғашқы күндерінен бастап,майдан даласында 303-дивизияның автоматшысы жүздеген жау жауынгері мен сардарын жойды,тұтқындады.1943 жылдың 20 желтоқсанында КСРО Жоғары Кеңесі Президиумының Жарлығымен гвардия старшинасы шеніндегі жерлесімізге Днепрден өтудегі ерлігі үшін Кеңес ОдағыныңмБатыры атағы берілді.Соғыстың соңғы күндері Прага қаласында оққа ұшқан М.Жүнісов елге оралмаған жаңақалалық Кеңес Одағының Батыры.

 

Қазбек Е: — Есен Шегірейұлы Орақбаев 1924 жылы Чапаев ауданының Киров поселкесінде дүниеге келген.Ұлты қазақ.1942 жылдың сәуірінде педагогикалық училищесінің үшінші курсында оқып жүрген жерінен майданға өз еркімен сұранып,аттанған.Зеңбірекші офицер майдан даласында жаудың бірнеше танкін,көптеген сарбазы мен техникасының көзін жойды.Е.Орақбаевқа Кеңес Одағының Батыры атағы 1945 жылдың наурызында берілді.Майданнан оралғаннан кейін Жаңақала ауданында тұрды, «Красногор» совхозын басқарды.2002 жылы Орал қаласында дүниеден озды.

 

  1. 8-сынып оқушысы Дүйсенғазиев Әділбектің орындауындағы «Қазақ жігіттері» әнін қабыл алыңыздар.
  2. Өзбек биі. «Таңнұр» балғын бишілер тобы

 

Қайраткер: Иә, қазақтың еркіндікке қол созған қасіреті осымен аяқталған жоқ. Күллі әлемді дүр сілкінткен 1986жылғы Алматыдағы желтоқсан оқиғасы қазақ топырағына ұлттық сананың намысы жетелеген жаңа әрі қайсар буынды әлемге паш етті. Қазақ елінің 70жыл бойы отарлықтың әкімші саясатынан іште беріш боп қатқан ашу ызасы тұңғыш рет осы буынның мінезі арқылы сыртқа шықты және бұл қайта құру кезеңінің ұранына сай жаңа демократиялық қозғалыстың басы болды.

 

(сырттан дауыстар естіледі: «Бізге шындық керек, біз әділетті қолдаймыз!»)

«Бізге өз көсеміміз керек!»

«Әркімге өз көсемі өз елінен болсын!»

«Әр республикаға өзінің басшысы болсын!»

(Желтоқсан оқиғасы жөніне слайд көрсетіледі).

Жүргізуші (сырттан): Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының комиссиясы 1986 жылғы 17-18 –желтоқсандағы оқиғаларға түпкілікті баға бере келіп,желтоқсанның 17-сін Демократиялық жаңару күні деп жариялауды ұсынған еді. Бұл ұсыныс Жоғарғы Совет Президиумының, Қазақ ССР Президентінің және жергілікті өкімет орындарының тарапынан қолдау тапты. Желтоқсанның 17 жұлдызы Демократиялық жаңарудың қалалық күні деп жарияланды.Сөйтіп, араға 4 жыл өткен соң ондаған мың алматылықтар мен аза тұтуға жан-жақтан келген азаматтар Республика алаңында бас қосып,1986 жылғы желтоқсан оқиғаларын есте қалдыруға арналған ескерткіш тақта орнату рәсіміне қатысты. Жиылыста ел азаматы М.Шаханов  халыққа сол бір харихи оқиғаның шын бейнесін ащы шындықпен баяндап берді.

 

 (Сахнаға М.Шаханов бейнесімен мұғалім  (Нұрғали)): —Бұл тақта бүкіл қазақ халқының,қала берді республикамызды мекендейтін барлық ұлттардың рухани жеңісі.Бұл тақта аузынан ана сүті кеппей жатып шашынан сүйретіліп сабалған,жазықсыз жалаға ұрынған бүліршін қыздың көз жасына қойылған ескерткіш; бұл тақта әлемде әлі зорлық бар деп ұғынып үлгермеген қаншама жас жігіттер мен қыздардың әділетсіздікпен бетпе-бет ұшырасқан қайғылы шағының ескерткіші.Бұл тақта негізсіз күдікке,қудалауға ұшыраған немесе ұл-қызын күтіп,түрменің тас есігінен сығалаған қанша ашаларымыз бен әкелеріміздің төзіміне қойылған ескерткіш.Бұл тақтада: «Елді сол кездегідей солақай басқаруға болмайды,ұлттың арысын,халықтың намысын аяққа басуға болмайы,бұлақты көлге,әскерді елге қарсы қоюға болмайды,өйткені әділет жеңбей,шындық жеңбей қоймайды!» деген леп бар.

«Өсер ұлдың қай сәтте де бірлік болмақ қалауы,

Лаула,лаула,Желтоқсанның мұзға жаққан алауы!

Өздеріңдей өр намысты жас өркені бар елдің

Ешқашанда еңкеюге тиісті емес жалауы.»

 

  1. Ән «Қазақ елі» Беккулова Р
  2. Мектебіміздің жас акробаттары өз өнерлерімен ортада. Қарсы алыңыздар. Жетекшісі Б.Кенжеғалиева

 

Қайраткер: Міне, ұрпақтарым, қазақ елі, қазақ жері осыншама қайғы-қасіретті бастан кешіріп, бүгінгі тәуелсіздікке қол жетті. Осы еркіндігіміз бен тәуелсіздігіміздің қадір-қасиетіне жетіңдер. Өз елің мен жеріңді қорғап, ата-бабаларыңның қанымен, жанымен қорғаған кең байтақ қазақ жерін көздің қарашығындай сақтап, ұлтымыздың рухы мен тілін, дінін сақтап, келешек ұрпаққа жеткізу сендерге аманат! Аманат! Аманат!