Күш бірлікте

133

 

Сабақтың тақырыбы: Күш бірлікте

Сабақтың мақсаты: «Бірлік» ұғымының адамгершілік құндылығы ретінде мәнін ашу және «достық» адамгершілік құндылығы туралы түсініктерін кеңейту.

Міндеттері:

  • Бірлік туралы түсінік беру
  • Көпшіл болу іскерліктерін дамыту
  • Бір-біріне көмектесуге, бірлесіп еңбек етуге тәрбиелеу

Көрнекі құралдар: интерактивті тақта, ватман, гүл, ағаш, құстар, шөп, мамық

Шаттық шеңбері:

-Балалар, сендер білесіңдер ме, мөлдіреген көк теңіздің ортасында «Достық» аралы бар. Осы аралға елдің түпкір-түпкірінен балалар келеді екен. Олар өздерінің тілектерін білдіріп, көп дос табады екен. Біз де бүгінгі «Күш бірлікте» сабағымызда осы «Достық» аралына барып қайтайық. Ендеше, алдымен осы ғажайып аралға бізбен бірге баратын, бүгінгі сабақ қонақтарымен амандасып алайық. Барлығымыз шеңбер құрып , амандасайық:

— Армысың ба, ғажап ел                         ( қолдарын жоғары көтереді)

— Армысыздар ма, қонақтар                     (қолдарын екі жаққа айқара ашады)

—  Армысыздар  ма, менің достарым       ( бір бірінің қолдарынан ұстайды)

— Өздеріңізді көруге қуаныштымын мен!  ( Қолдарымен шайқалады)

— Рахмет, балалар! Орындарына отырыңдар. (кілемнің үстіне не орындықтарға отырады)

Балалар, достық аралына жету үшін бізге не қажет? Әрине, қайық. Қайықты құрастырып алайық. Ол үшін тапсырмаларды орындау қажет.

  1. Сыныпта қандай жұмыстарды бірлесе атқаруға болады?
  2. Айдос пен Жандосты сыныптастары араларына қоспайды. Сендер көпшіл болсаңдар қалай қосар едіңдер?

Сұрақтарға жауап бере отырып, қайық бөлшектерден құрастырылады.

Ойын:

— Біздің  қайығымыз дайын! Енді «Достық» аралы қандай теңізде орналасқан екен? Оның аты тақтадағы әріптерден тұрады.  (м,е,й,і,р,і,м)

-Бұл қандай теңіз? (Мейірім)

— Бұл теңізде қандай қайықтар жүзеді?(көмек, бірлік, татулық, кешірім) Сол қайықтарды теңізге жіберейік.  Неге олай ойлайсыңдар? (оқушылар өз қайықтарын таңдау себебін түсіндіреді, қайықтардың атауларын дәптерге жазады)

Балалар, «Мейірім» теңізінде ақылды, адамдардың көмекшісі — дельфиндер мекен етеді екен. Олар да бізге тапсырмалар дайындап қойыпты. Осы тапсырмаларды орындайық:

Мәтінмен жұмыс:

  • Ол үшін оқулықтың 59 бетін ашып «Ырыс алды-ынтымақ» атты аңыз әңгімесін оқып, мазмұнымен танысайық.

Мәтінді оқуды мұғалім бастайды, соңынан бірнеше бала жалғастырып оқиды.

  • Қалай ойлайсыңдар балаларды неге барлығы ұрып кете береді?
  • Неліктен әкесі терең ойға шомады?
  • Балалар тобылғыны сындыра алды ма? Қай уақытта олар тобылғыны сындыра алды? Неліктен?
  • Сендердің ойларыңша қария балаларына бірліктің мәнін түсіндіре алды ма?
  • Өздерің осы әңгімеден қандай ой түйдіңдер? Әңгіме неге үйретеді?

1 тапсырма

Дәйек сөз: «Бірлік болмай, тірлік болмас» сөзінің мағынасын қалай түсінесіңдер?

2 тапсырма:

Дәптермен жұмыс:

Балалар, өздерің бірлік, татулық, достық туралы қандай мақал-мәтелдер білесіңдер?

  • Өте жақсы, балалар, барлығымыз тақтаға қарайық. Дельфиннің  2 тапсырмасы бойынша біз мақалдардың жалғасын тауып дәптерге жазуымыз керек екен:

Ынтымақ түбі- ….

…-табылмас бақыт. Дәптерімізге жазып алайық

Тыныштық сәті: балалар қайығымызға жайғасып отырайық. Терең тыныстап, денемізді бос ұстайық. Көзімізді жұмып, саяхатымыздан рахат алайық.

Көз алдарына тыныш, көгілдір теңізді елестетіңдер. Оның дымқыл, таза ауасын сезініңдер. Көк аспанда ақ мамық бұлттар қалықтап барады. Теңіздің толқындары қайығымыздың сыртында толқиды. Біздің қайығымыз самал жел лебімен «Достық» аралына самғап барады. Артта түрлі қалалар мен елдер қалды. Алыста көкжиектен жер көрінді. Біз жақындаған сайын, ол көз алдымызда үлкейіп келеді. арал үстінде әдемі, мейірімді күн өз шуағын төгіп тұр. Біз қайықтан жағаға түстік. Айналамызда әдемі ағаштар, қызыл,көк, сары гүлдер. Олардың иісі қандай тамаша! Ағаш бұталарында әдемі құстар отыр. Біз әсем, жасыл шөппен әдемі баққа келдік. Бақтың есігі айқара ашылып, бізге қарай осы аралда тұратын мейірімді балалар келе жатыр. Енді көздеріңді ашыңдар.

-«Достық» аралын көз алдарына қалай елестеттіңдер? Балалардың ойларын тыңдау.

(Үлкен ватманға арал суреті салынып ілінеді. Балалар дайын материалдардан өз аралдарын жапсырмалайды.)

Үйге тапсырма:

Үйде барлық отбасымен бірлесіп жасайтын жұмыстар тізімін жазу

«Өмірлік сый» әңгімесін сахналап келуді тапсырамын

Жүректен жүрекке:

Барлығымыз ортаға тұрайық.

  • Бүгінгі сабақта біз қайда саяхатқа бардық?
  • Сабақта нені үйрендік?
  • Балалар, «Мейірім» теңізінде жүзіп жүрген дельфиндер сендерге сыйлық беріп жіберді. Бұл сиқырлы мамықтар. Мамықтарды қолымызға алып, жылытып, оған мейірімді, жақсы сөздер айтайық. Егер бұл мамықтарды осындай сөздерді айтып, біреуге сыйласаңдар ол сиқырлы күшіне енеді. Барлығымыз өз мамықтарымызды сыйлайық.