Тілім-менің тірегім

 

Сабақтың тақырыбы:           Тілім-менің тірегім

Сүйемін туған тілді,анам тілін,

                                                       Бесікте жатқанымда-ақ берген білім.

                                                                                                  С.Торайғыров

 Оқыту мен тәрбиелеудің міндеттері:

  • Ана тілінің адам өміріндегі маңыздылығын түсіндіру;
  • Ана тіліне деген құштарлықтарын арттыру;
  • Ана тілін сүюге,құрметтеуге тәрбиелеу.

Мақсаты:     Оқушылардың «тіл», «Отан»құндылықтары туралы түсініктерін кеңейту.

Көрнекі  құралдар: дәптер,оқулық,қатты қағаздан жасалған «Таным», «Ғұламалар», «Қазына»атты үш үлкен қақпа.

Тыныштық сәті:  «Нұрға бөлену»

Ыңғайланып отырыңыздар,денелеріңізді түзу ұстаңыздар. Аяқ –қолдарыңызды айқастырмаңыздар. Қолдарыңызды тізеңізге немесе үстелге қоюға болады.

Көздеріңізді жұмып елестетіп көріңіздер:  күн нұры сіздің төбеңізден өтіп, кеудеңізге қарай бойлап барады. Кеудеңіздің орта тұсында гүл түйнегі орналасқан.Гүлдің түйнегі нұрдан баяу ашылып келеді. Балғын және таза әсем гүл сіздің әр ойыңызды, әр сезіміңізді, эмоцияңызбен тілек –қалауыңызды шайып, жүрегіңіздің көзін ашады.

Нұр сәулесі сіздің бойыңызға ақырын тарай бастағанын елестетіңіз.Ол біртіндеп күшейе түсуде. Оймен осы нұрды қолдарыңызға түсіріңіз. Сіздің қолдарыңыз нұрға бөленіп, сәуле шашуда. Қолымыз тек жақсы,ізгі істер істейді және баршаға көмектеседі. Енді, нұр аяқтарыңызға тарады. Аяқтарыңыз нұр сәулесін шашуда. Олар сізді тек жақсылық жасау үшін жақсы жерлерге апарады. Олар нұр мен махаббат құралына айналады. Одан әрі нұр сіздің аузыңызға,тіліңізге тарады. Тіліңіз тек шындықты және жақсы сөздерді ғана айтады. Нұрды құлақтарыңызға бағыттаңыз, құлақтарыңыз тек жақсы сөзбен әсем әуенді  ғана естиді. Нұр көздерімізге де жетті, көзіміз тек жақсыға қарап,бәрінен тек жақсылықты ғана көреді. Сіздің басыңыз түгелдей нұрға бөленіп,басыңызға тек ізгі, сәулелі ой келеді.

Нұр бірте –бірте күшейе бастайды, сіздің денеңізден тарап, жан –жағыңызға  сәуле шашады. Осы нұрды туысқандарыңызға, мұғалімдеріңізге, достарыңызға,таныстарыңызға бағыттаңыз. Нұрды уақытша түсініспей, ренжісіп жүрген адамдарға да бағыттаңыз, олардың да жүрегі нұрға толсын. Осы нұр бүкіл әлемге: барлық адамдарға, жан –жануарларға, өсімдіктерге, барлық тірі жанға таралсын…Ғаламның барлық түкпір- түкпіріне нұр бағыттаңыз. Ойша айтыңыз «Мен нұрлымын..Нұр менің ішімде..Мен нұрмын…» Осындай Нұр, Махаббат және Тыныштық күйінде отыра тұрыңыз…

Енді осы нұрды жүрегіңізге орналастырыңыз. Нұрға толы бүкіл әлем сіздің жүрегіңізде. Оны осындай әсем қалыпта сақтаңыз.Енді көзіңзді ашуға болады.

Сахналау      Ана тілінің маңыздылығын түсіндіру  мен оқушылардың туған тілін жете білуге қызығушылығын арттыру мақсатында сабақ сахналау түрінде ұйымдастырылады.

Топпен ән айту.  «Достық жыры»

Дәйексөз

С.Торайғыровтың «Сүйемін туған тілді,анам тілін,

Бесікте жатқанымда-ақ берген білім »,-деген өлең жолдарымен таныстыру.

Жаңа ақпарат     «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл-қазақ тілі.Ана тілін сүю,құрметтеу,мақтаныш ету-әр-бір азаматтың міндеті».

Тапсырма:         «Менің тілім — қазақ тілі»  шығарма жазу.

Оқушылардың жазғандарынан:

Менің туған тілім –қазақ тілі. Өйткені, мен Қазақстан жерінде туып өсіп, Қазақстанда тұрамын. Мен қазақ тілін құрметтеймін.Оның байлығы ешқандай елден кем емес. Қазақ тілі біздің ата-бабамыздан жалғасып келеді, енді оны ары қарай жеткізетін біздің кезегіміз келді. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте!» дегендей біз басқа шет тілдерді білсек, өз тілімізді құрметтеуіміз және ұмытпауымыз керек. Мен қазақ тілін мақтан етем!

Байғажиева Арайлым.

Менің тілім –қазақ тілі. Өйткені, қазақ тілі — біздің рухани байлығымыз. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте!» деген мақал өте мағыналы. Біз көп білсек те өзіміздің тіліміз қазақ тілін ұмытпауымыз керек. Сөзге қарап адамның жақсы, жаман екенін айыруға болады. Тіл –біздің жан дүниеміздің бір бөлігі.

Хамзаева Бұлғын.

Менің тілім –қазақ тілі. Егер мен қазақша сөйлемесем, мен қазақ болып қалыптаспас едім. Осынау Сұлтанмахмұт Торайғыров, Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбаев  сөйлеген тілімізді құрметтеу керек.

Аманұлы Арман

Менің тілім –қазақ тілі. Өйткені, біз туғаннан бері өз туған тілімізді меңгерудеміз. Қазақ тілін ертеден бері біздің ата –бабаларымыз білген. Біз басқа тілдерді емес, ең алдымен өз қазақ тілімізді білуіміз керек. Шет елде адамдар өз тілдерін құрметтейді, біз де өз тілімізді құрметтеуіміз керек.

Азымқанова Елназ

 

Дәптермен жұмыс          Дәптердегі нақыл сөздерді оқып мағынасын түсініп алу және өмірде қолдану.

Тыныштық сәті.

Үй тапсырмасы: 43 бет оқу.