Ас — адамның арқауы

677

 

Ашық класс сағаты:     Ас — адамның арқауы.               4 сынып.

 

Мақсаты: Оқушыларды дастархан басында сақталатын салт-дәстүрмен, ырым-тиымдармен таныстыру. Ұлттық тағамдарымыздың қасиетімен және  ыдыс-аяқтармен таныстыру.

Оқушыларды салт-дәстүрді сақтауға, ұлттық тағамдарды қастерлеуге, ас ішу тәртібін есте сақтауға тәрбиелеу.

Оқушылардың мәнерлеп айту дағдыларын қалыптастыру, тілдерін дамыту, сөздік қорларын дамыту.

Көрнекілігі:  Сабақтың тақырыбы, нақыл сөздер, ыдыс-аяқтар суреттері сүт және сүт тағамдары, кітаптар.

  1. «Тамақты тарта жесең, санаңды ашар; көп жесең, ұйқы басар»
  2. «Таспен атқанды, аспен ат»
  3. «Дүниедегі байлықтың түрі көп, солардың ішіндегі ең негізгі де осы нан байлығы»

Сабақтың барысы:

  1. Дастархан басындағы салт-дәстүрлер.
  2. Дастархан басында сақталатын ырым-тыйымдар.
  3. Асты ішу тәртібі.
  4. Түрлі-түрлі тағамдар.
  5. Ыдыс-аяқтар туралы жұмбақтар.
  6. Әндер, жұмбақтар, көріністер, жарнамалар.
  7. Қорытындылау. Бата беру рәсімдері.

 

І. Дастархан басындағы салт-дәстүрлер.

  1. Сабақтың жүру ретімен таныстыру.

Әсем: Халық қуанышын да, қайғыны да, дастархан басында бөліскен. Өсиет айту, бата беру, достасу бәрі де дастархан басында шешілген. Сондықтан халық дастарханды «Құттыхананың берекесі» деп қасиет санаған.

Дәулет: Дастарханнан дәм татқандар, татуласу, келісу сияқты рәсімдерді орындайды.

Сағыныш: «Таспен атқанды аспен ат» деп халық бекер айтпаған. Себебі дастархан дәмі киелі. Оны татып, келісімін бұзса, астың киесі ұрады.

Арай: Сонымен бірге дастархан күнделікті отбасының тамақтануына, үйге келген адамға дәм таттыруға, той-тамашаға, ас-су беруге жайылады.

Нұрлыбек: Онда ас қою, ас ұсыну, ас алу, ас қайыру, асқа бата беру рәсімдері орындалады.

Кенжегүл: Күнделікті отбасының тамақтануына жайылған дастархан басында асты ең алдымен ата-анаға, үлкенге ұсынады.

Қуандық: Ас ішу кезінде ауызды сылпылдатпай, т»ртіппен тамақтану, қасықты оң қолға ұстау, түзу отыру, тазалық сақтау рәсімдері орындалады.

Дәулет: Дастархан жанындағы адамдар жасына қарай отырады.

Асылайым: Тамақ ішер алдында, тамақтанып болған соң, қолға су құйылады. Құйылатын су жылы болуы керек.

Саламат:                      Су құйдым мен құманнан,

Қолына мен әкемнің.

Содан кейін оған мен,

Орамалды әпердім.

Әсем: Қолға су құю оң жақтан солға қарай орындалады.

Сағыныш: Тамақтанып болғаннан кейін, Дастархан басындағы ең үлкен, әрі құрметті адам асқа бата береді.

Әсем: Тойға жайылған дастарханға қойылатын ас тәртібі оған жиналған адамдардың достық, туыстық қатынастарына байланысты орындайды.

Сағыныш: Қазіргі тойларда дастархан жаю мәдениеті дәстүр. Онда астың барлық түрлері болады. Әсіресе жеміс пен көкөніс дастарханның сәні.

Дәулет:                       Той дастархан, той үлгі,

Бай дастархан жайылды.

Атап-атап ас қойдық,

Атаға деп бас қойдық.

Арай:                          Жамбас қойдық құдаға,

Жал мен жая сыбаға,

Қалақтай төс жездеге,

Қазы-қарта өзгеге.

Нұрлыбек:                 Балаларға тортымыз,

Барлық жерге құртымыз,

Балма піскен қауырсшақ,

Балдай тәтті бауырсақ.

Кенжегүл:                   Уыз, қаймақ тағы бар,

Уылдырық табылар.

Табан, сазан, майшабақ,

Табақ тартып қайталап.

Асылайым:                 Қауын, қарбыз, көкөніс,

Қанша жидек, көп жеміс.

Кәне тойда тойыңдар,

Кәдеден соң ойын бар.

ІІ. Дастархан басында сақталатын ырым-тиымдар.

  1. Ас жүрген жер — береке.
  2. Дастарханға бірінші нанды әкеліп қояды.
  3. Нанды төңкеріп қоюға болмайды.
  4. Нанды бір қолмен сындыруға болмайды.
  5. Ас ішкен ыдысты төңкеріп қоюға болмайды.

Қонаққа сынық ыдыспен ас беруге болмайды. Себебі сынық ыдыспен ас беру қонақты сыйламағандық. Және сынық ыдыспен ас ішу жаман ырым. Бұл жүзің сынып, көңілің жарым болсын дегенді білдіреді.

  1. Тамақты жатып ішуге болмайды. Дені сау адам дұрыс отырып тамақтанады. Ал отыра алмайтын адам жатып ішеді. Сондықтан мүгедек адамның қылығын жасама. Дұрыс отырмаймын деп денсаулығыңды бұзып алма.

 

Ас ішіп болған соң «тойдым» деуге болмайды, «қанағат» деу керек. Дастарханнан аттауға болмайды.

Ас үстінен аттама

Астан үлкен емессің.

Ертеңгі асты тастама,

Кешкі асқа қарама.

Өле жегенше,

Ағайынмен бөле же.

Мұғалім: Ас ішу кезінде ізет, сыйласым, инабаттылық рәсімдері сақталу керек. Әкесі отырғанда баласына бас тартылмайды.

Ми жемейді жас бала,

Миды ұсын басқаға,

Ынжық болу-масқара.

ІІІ. Ас ішу тәртібі:

Тарта жесең, тай қалар,

Қоя жесең, қой қалар,

Қоймай жесең, не қалар.

Асты асықпай, әбден шайнап жұту керек. Тамақ ішіп отырып кітап оқуға, теледидар көруге болмайды. Әртүрлі тамақта адам денесіне қажетті дәрумендер болады. Сондықтан тамақты талғаммен ішу керек. Әсіресе қазақтың ұлттық тамақтары адамға өте пайдалы. Ұлттық тағамдарымызға бауырсақ, қазы-қарта, жал-жая, қымыз, шұбат, құрт тағы басқалар жатады.

Ойын: «Қазақтың 10 ыдысын атау, 10 адым жасау»

Торсық, мес, саба, шелек, көнек, астау, табақ, тостаған, шара, күбі, торсық.

ІV. Түрлі-түрлі тағамдар.

Ақыл-ой қызметінің негізгі қоректену көзі — глюкоза. Оны адам ағзасы көмірсуға бай нан өнімдерінен, ұн тағамдарынан, жүгері үлпегі сияқты тағамдардан алады. Күш қуатты үнемі толықтыру үшін дәстүрлі тағамнан қосымша аздап тамақтанудың артықшылығы жоқ. Бала үй тапсырмасын орындап жатқанда шамалы уақытқа үзіліс жасап, йогурт, сүттен жаңа дайындалған коктейль, сыр мен ірімшіктен жасалған бутербродпен тамақтанған дұрыс, Ал тәтті, тоқаш, шоколад уақытша күш береді. Мысалы: лимон — ақпаратты қабылдауды, ал капуста — ашулануды басады. Банан миға өте қажетті зат, жүйке жүйесін нығайтады. Көп сұйық су ішкен бала, жаңа ақпаратты жеңіл қабылдайды. Етпен кешке тамақтану ұйқыны мазасыздандырады. Күріш, картоп сияқты крахмалы көп тағамдармен тамақтанса, жеңіл ұйықтайды. Ұйықтар алдында 1 стакан сүт, таңертең жұмыртқа, бал қосылған шай ішкен дұрыс.

Дастархандағы әртүрлі тағамдар туралы жұмбақтар.

Алған жайып тұз — дәмін,

Келтіреді үй сәнін.

Ол халқымның ақ жаны,

Жақсы дәстүр маржаны.

Кең пейілді арайлы

Осы жерден тарайды. Бұл не? (дастархан)

Тас қақпаның сұрақтары:

Беттескен қос табақ,

Ортасында бас табақ.

Көз бен шоққа ораса,

Дәм піседі тамаша. Бұл не?  (таба нан)

Өзі ащы, бірақ дәмді етер асты. Бұл не?  (тұз)

Түсі аппақ, тысы қатты-ақ,

Екі түрлі уызы, жесең тәтті-ақ. Бұл не?  (жұмыртқа)

Қос басы жұмыр, жіңішке құбыр.

Ішіне жиған, дәмді шымыр. Бұл не? (жілік майы)

Аппақ су — дәмі тәтті,

Ішсең сусын қандырады.

Шөлдегенде қатты. Бұл не?  (қымыз)

Ең мықты дәрі, жұрттың бәрі

Аңсап ішер, бал татар дәмі, ненің нәрі?

Бұл не? (шұбаттың нәрі)

Сұйық еті аппақ,

Бауырдай боп қатыпты,

Ішсең дәмі тәтті-ақ. Бұл не? (сүт пен айран)

Малы төлдеп, әр ауыл

Пісіреді ақ бауыр. Бұл не?  (уыз)

Әжем уыстап сығып, далада кептірген.

Қатты, әрі тәтті, дәмін кім бар жеп көрген. Бұл не?  (құрт)

Аспан түстес сұйық,

Әркім ішер құйып. Бұл не?  (су)

Бір жансыздың қаны бар,

Тіл үйірген дәмі бар,

Шөлдесең іш, қанып ал.  Бұл не?  (кесе мен шай)

 

  1. Ыдыс-аяқтар туралы жұмбақтар:

Төңкерсең күмбез сынды,

Шалқайтсаң құдық сынды.

Жиегінде үш құлағы бар.   (қазан)

Иінінде құлағы, ішінде бұлағы

Көмейіне от салсаң, ызыңдап тұрады. (самаурын)

Отқа қойсаң елпілдеп,

Быж-быж етіп тұншығар.

Тақиясы селкілдеп,

Танауынан су шығар.  (шәйнек)

Басы құдық, сабы сырық.  (ожау)

Сабы бар, басы шатыр

Табысын өлшеп әкеп,

Құдыққа тасып жатыр.  (қасық)

Өткір жүзді, кеседі, өте қажет құрал ол.

Тұтас затты бөледі, ұсақтап та турар ол. (пышақ)

Шеңберлі есігі бар, жүздеген тесігі бар,

Ішіне кіргендердің, ұсағы жол табар,

Ірісі тор қабар.      (елеуіш)

Мөлдір түрі, шеңбер түрі.

Аузы тарлау, шыны күбі.  (құмыра)

VІ. Әндер, жұмбақтар, көріністер, жарнамалар.

Ән: «Қазақы дастарханым» (оқушылар хормен)

Жұмбақтар:

  1. Күбіге құйып піскен не? (қымыз)
  2. Ұйытып қойып ішкенім не? (айран)
  3. Табаға салып жапқаным не? (таба нан)
  4. Үйітіп қазанға асқаным не? (бас, сирақ)
  5. Кілегей шайқап алғаным не? (май)
  6. Сөреге кептіріп жайғаным не? (құрт)
  7. Тұзын көріп татқаным не? (сорпа)
  8. Келіге түйіп ақтағаным не? (тары)

 

Көрініс: «Көз, құлақ, мұрын және ауыздың айтысы» (мысал)

Жарнама: «Сүт», «айран» туралы жарнамалап екі оқушы  шығады. Олар осы тағамдардың пайдасы туралы айтады.

VІІ. Қорытынды.

Мұғалім көрнекілікке жазылған нақыл сөздерді түсіндіріп өтеді.

Оқушылар өздерінің білетін, аталарынан үйренген ас батасын кезек-кезек айту.