Сіз деген-әдеп, біз деген- көмек.

301

 

Тақырыбы: Сіз деген-әдеп, біз деген- көмек.

Құндылығы: Дұрыс іс-әрекет

Қасиеттері: Сыйластық, мейірімділік,ізгілік, қайырымдылық.

Мұғалімі: Едіге С.Е. 3- сынып Оқушылар саны

Мақсаты:

—          Әдептілік, әдемілік  туралы түсініктерін кеңейту.

Міндеттері:

—          Өзара сыйластық қарым-қатынастарының адам өміріндегі мәнін түсіндіру;

—          Бірлесіп әрекет етуге дамыту:

—          Өзара көмекке және ізгілікке  тәрбилеу,түсініктерін кеңейту:

Ресурстар:

Оқулық, дәптер, үнтаспа

Сабақ барысы:

Ұйымдастыру кезеңі: Сәлемдесу

Тыныштық сәті: Нұрға бөлену

Ыңғайланып отырыңыздар, денелеріңізді түзу ұстаңыздар. Аяқ-қолыңызды айқастырмаңыз. Қолыңызды тізеңізге немесе үстелге қоюға болады. Көздеріңізді жұмуларыңызды өтінемін.

Елестетіп көріңіз: Күн нұры сіздің төбеңізден өтіп, кеудеңізге қарай бойлап барады. Кеудеңіздің орта тұсында гүл түйнегі орналасқан. Гүлдің түйнегі нұрдан баяу ашылып келеді. Балғын және таза әсем гүл сіздің әр ойыңызды, әр сезіміңізді, эмоцияңыз бен тілек-қалауыңызды  шайып, жүрегіңіздің қауызын ашты.

Нұр сәулесі сіздің бойыңызға ақырын тарай бастағанын елестетіңіз. Ол біртіндеп күшейе түсуде. Оймен осы нұрды қолдарыңызға түсіріңіз. Сіздің  қолдарыңыз нұрға бөленіп, сәуле шашуда. Қолымыз тек жақсы, ізгі істер істейді және баршаға көмектеседі. Нұр аяқтарыңызға тарады. Аяқтарыңыз  нұр сәулесін шашуда. Олар сізді тек жақсылық жасау үшін жақсы жерлерге апарады. Олар нұр мен махаббат құралына айналды.

Одан әрі нұр сіздің аузыңызға, тіліңізге тарады. Тіліңіз тек шындықты және жақсы, ізгі сөздер ғана айтады. Нұрды құлақтарыңызға бағыттаңыз, құлақтарыңыз тек жақсы сөз бен әсем әуенді ғана естиді. Нұр көздерімізге де жетті, көзіміз  тек жақсыға қарап, бәрінен жақсылықты ғана көреді. Сіздің басыңыз түгелдей нұрға бөленіп, басыңызға тек ізгі, сәулелі ой келеді.

Нұр бірте-бірте қарқын және шұғылана бастайды, сіздің денеңізден шығып, жан-жағыңызға сәуле шашады. Осы нұрды туысқандарыңызға, мұғалімдеріңізге, достарыңызға, таныстарыңызға бағыттаңыз. Нұрды уақытша  түсініспей, ренжісіп жүрген адамдарға да бағыттаңыз, олардың да жүрегі нұрға толсын.

Осы нұр бүкіл әлемге: барлық адамдарға, жан-жануарларға, өсімдіктерге, барлық тірі жанға таралсын… Ғаламның барлық түпкір-түпкіріне нұр бағыттаңыз. Ойша айтыңыз: «Мен нұрлымын… Нұр менің ішімде… Мен Нұрмын».

Осындай  Нұр,  Махаббат және Тыныштық күйінде  отыра тұрыңыз…

Енді осы Нұрды жүрегіңізге орналастырыңыз. Нұрға толы бүкіл әлем  сіздің жүрегіңізде. Оны осындай әсем қалыпта сақтаңыз.

Жаймен көзіңізді ашуға болады.

Рахмет.

Үй тапсырмасы:

12-сабақтағы «Бірлік» ангімесін оқып келу.

Әңгімелесу:

Сабақ тақырыбын ашу мақсатында «Бірлік» мәтінін оқу ұсынылады. Мұның өзі оқушылардың сезімін ұштауға септігін тигізері сөзсіз. Жақсылық жасау адамның жеке басының қасиеттерімен байланыстылығы, қоғамдық ортаның ықпалы және адамның жаратылысымен де астасып жататыны  жасырын емес.

Жақсылық жасау адамның ішкі жан тазалығынан, өз пайымдауынан ішкі қажеттілігінен туындап жатуы маңызды екенін айтқан жөн.

 

Бірлік

Данияр мектептен келсе, үйдің алды омбы қар боп қалыпты. Ол тамағын ішті, аздап демалды да аулаға шықты. Қорадан қол шанасын алып, оған талдан тоқыған қорапты таңып бекітті. Қолына күрек алды. Ауланың қарын тазартуға кірісті. Қорапқа қар толтырып, шанамен сырғытып, оны алысқа апарып төгеді. Жалғыз өзі қанша қимылдаса да, ісі өнбеді.

-Данияр! Кел, мен саған көмектесейін, — деді көрші үйдегі досы Нариман. Нариман да қол шанасын сүйреп шығыпты.

-Содан кейін бірігіп біздің үйдің алдын тазалайық,жарай ма?

-Жарайды, — деді Данияр қуанып.

Екеуі екі шанамен қар толтырып тасып, жұмысты тез аяқтады. Осыдан кейін Нариманның  үйінің алдына келді. Бұлардың жанына көмекке көрші үйдегі Берік пен Серік келді. Төртеуі ойнап- күліп жүріп, қызу еңбекке кірісті. Олардың бұл істеріне үлкендер сүйсіне, қызыға қарайды.

-Алақай! Екі сағатта бәрін бітірдік! – деп айқайлады балалар. Осылайша, төрт дос күш қосып, төрт үйдің алдын лезде- ақ қардан тазалап шықты. Мұның аты – бірлік еді.

1.Әнгіме не туралы айтылған?

2. Басты кейіпкер кім?

3.« Бірлік » дегенді қалай түсінесіңдер?

4.Жалғыз болып істеген жұмыстан, көп болып  жасаған жұмыстың  айырмашылығы бар ма?

Ойын жаттығу:

Мұғалім ортадағы үстел үстіне үй макетінің қатты қағаздан қиылып жасалған іргетасын, керегелерін, шатырын, есік терезесін жайып қояды. Әр қағаздың арғы бетіне мақал – мәтелдердің бір сөзі қалдырылып жазылады.

Балалар мақал-мәтелдерді құрастыра отырып үй макетін жасайды.

1.      Бала тәрбиесі — …….     бесіктен

2.      Адам — …….  әдебімен көрікті

3.      Тәрбие басы — …… тал бесіктен

4.      Өзіңді-өзің сыйламасаң — ……  өзгеден сый даметпе

5.      Үлкенді сен сыйласаң -…… кіші сені сыйлайды

6.      Әдепсіз өскен баладан — ….тәртіппен өскен тал артық

7.      Әдепті бала-…. арлы бала

Дәйексөз

«Көп жүрген жер —  көңілді»

«Көп еңбегі — өнімді»

Көппен бітетін жұмыстың пайдасы қандай?

Сахналау:

Бес нәрсеге асық бол. (Балалар өлеңді сахналап көрсетеді.Рольдер балалардың қалаулары бойынша бөлінеді)

Қатысушылар: Мұғалім, Қанағат, Рақым, Терең ой, Талап, Еңбек

Ән: Мен әдепті баламын.     И.Нүсіпбаев

Үй тапсырмасын беру:

66-бет. Н.Баймухамедовтың

«Айгөлек» әнін мәнерлеп оқып,жаттап келу.

Соңғы тыныштық сәті (музыка әуенімен)

Балалар, бүгін біз сендермен «ізеттілік», «бірлік», «қамқорлық»

туралы сөйлестік. «Жалғыз ағаш орман болмас» деген ғажап сөзді

есімізге түсірсек, сыйластық бар жерде қамқорлық бар екендігіне

көзіміз жетті. Жүрегімізде орын алған үлкен сүйіспеншілік

сезімдерімізді !

( алақанға үрлеп жолдайды)