Адалдық – адамдықтың белгісі

 

Тақырып: Адалдық – адамдықтың белгісі

Құндылық:Ақиқат

Қасиеттер:мәңгілікті уақытшадан, шындықты жалғаннан ажыраты білу, жауапкершілік. 

Мұғалiм: Сағит Мөлдір Азбекқызы

Класс: 9

Сабақ мақсаты:Оқушылардың бойындағы адалдық қасиеті   негізінде ақиқат құндылығын ашу.

Міндеттері:

  1. Оқушыларға мәңгілікті уақытшадан ажырату керектігін түсіндіру.
  2. Оқушыларға шындықты жалғаннан ажырата білуді үйрету.
  3. Оқушыларды жауапкершілікке тәрбиелеу.

Сабақ барысы:

  1. Ұйымдастыру кезеңi.Тыныштық сәтi.(баяу әуен)

Нұрға бөлену.

Ыңғайланып отырыңыздар, денелеріңізді түзу ұстаңыздар. Аяқ- қолыңызды айқастырмаңыз, қолыңызды тізеге немесе үстелге қоюға болады. Көздеріңізді жұмуларыңызды өтінемін.

Елестетіп көріңіз: Күн нұры сіздің төбеңізден өтіп, кеудеңізге қарай бойлап барады. Кеудеңіздің орта тұсында гүл түйнегі орналасқан. Гүлдің түйнегі нұрдан баяу ашылып келеді. Балғын таза, әсем гүл сіздің әр ойыңызды, әр сезіміңізді, эмоцияңызды тілек қалауыңызды шайып, жүрегіңіздің қауызын ашты.

Нұр сәулесі сіздің бойыңызға ақырын тарай бастағанын елестетіңіз. Ол біртіндеп күшейе түсуде. Ой мен осы нұрды қолдарыңызға түсіріңіз. Сіздің қолдарыңыз нұрға бөленіп, сәуле шашуда. Қолымыз тек жақсы, тек ізгі істерді істейді және баршаға көмектеседі. Нұр аяқтарыңызға тарады. Аяқтарыңыз нұр сәулесін шашуда. Олар сізді тек жақсылық жасау үшін жақсы жерлерге апарады. Олар нұр мен махаббат құралына айналды.

Одан әрі нұр сіздің аузыңызға,тіліңізге тарады. Тіліңіз тек шындықты және жақсы, ізгі сөздер ғана айтады. Нұрды құлақтарыңызға бағыттаңыз, құлақтарыңыз тек жақсы сөз бен әсем әуенді ғана естиді. Нұр көзімізге де жетті. Көзіміз тек жақсыға қарап, бәрінен жақсылықты ғана көреді. Сіздің басыңыз түгелдей нұрға бөленіп, басыңызға тек ізгі, сәулелі ой келеді.

Нұр бірте- бірте қарқынды және шұғылана бастайды, сіздің денеңізден шығып, жан — жағыңызға сәуле шашады. Осы нұрды туысқандарыңызға, мұғалімдеріңізге,достарыңызға,таныстарыңызға бағыттаңыз. Нұрды уақытша түсініспей, ренжісіп жүрген адамдарға да бағыттаңыз. Олардың да жүрегі нұрға толсын.

Осы нұр бүкіл әлемге: барлық адамдарға, жан- жануарларға, өсімдіктерге,тірі жанға таралсын… Ғаламның барлық түкпір- түкпіріне нұр бағыттаңыз.Ойша айтыңыз: «Мен нұрлымын…Нұр менің ішімде…Мен Нұрмын »

Осындай Нұр, Махаббат және Тыныштық күйінде отыра тұрыңыз…

Енді осы Нұрды жүрегіңізге орналастырыңыз. Нұрға толы бүкіл әлем сіздің жүрегіңізде. Оны осындай әсем қалыпта сақтаңыз.

Жаймен көзіңізді ашуға болады.

  1. Үй тапсырмасын тексеру. №15 сабақ Зейін Шашкиннің

«Темірқазық» әңгімесі

  1. «Адалдық – өмірдің Темірқазығы», — деп неге айтады?
  2. «Адалдық – адамдықтың белгісі», — дегенді қалай түсінесіндер?
  3. Адалдық пен ақиқаттың айырмашылығы неде?
  1. Дәйек сөз.

«Ақиқат жол – жөнекей жұлып ала салатын гүл емес,

Ол ұзақ жолдың түпкі мақсаты»

                            Гераклит

  1. Ақиқатқа апаратын жол қайда?
  2. Ақиқат шыңына қалай қол жеткіземіз?
  3. Ақиқат қандай болады?
  4. Әңгiмелеу (сұхбат).

Аңыз әңгіме: Адам ақиқатты қалай таниды?

Ертеде шығыс елінің  бір шаһарға піл әкелген екен. Естігені болмаса өмірлерінде көрмеген мақұлықты көруге ынтызар жұрт қаптап алаңға жиналады. Сөйтсе пілді көрем деушілерден ақы алмаққа оны иелері қараңғы қораға жасырып қойса керек. Бірен – саранында болмаса, көпшілігінде қаражат жоқ, олар тым болмаса қораға кіріп, пілді өз көзімен көріп шыққандардан сұрап білмекші болады. Ең алдымен кіріп шыққан адам жан-жағына қоқилана қарап Пілдің дәл қасына барып, қолыммен ұстап көрдім, құдды бөренеден аумайды дейді. Екінші шыққан адам оған сенбеңдер, қайдағы бөрене, тура жалпақ тақта дерсің дейді. Үшіншісі алғашқы екеудікі де жалған, аумаған құбыр сияқты екен дейді.

Сөйтсе үшеуі де қараңғыда түртінектеп, қолдарымен бірі аяғын, бірі жотасын, ал үшіншісі тұмсығын сипалап көрген ғой. Егер де бір кішкене балауыз шамды жаққанда үшеуі де анық көре алар еді.  Долбарларының дұрыс емес екендігіне көздері жетер еді. Иә, өтірікке сенейін деп сенбейді, қисынына сеніп қалады деп ескертпеп пе еді аталарымыз.  Ақиқат жалғыз, бірнешеу болмайды, әрбір тұжырым не – ақиқат, не – жалған. Ақиқат бірнешеу болса жаңағы үшеудікі де дұрыс болар еді, екі жерде екіміз төрт, бес, тағы басқа кез келген сан болар еді, су нөл градуста да, жүз градуста да қайнайды десек ақиқат болар еді.  Онда тіпті кез келген адамның өз ойына сүйеніп айтқан кез келген топшылауы, долбары дұрыс болар еді, әсіресе қоғамтанудың әр саласындағы «ғалымдардың», қаптаған «сәуегей сарапшылардың», сезімтал жазғыштардың, ойсоқты пәлсапашылардың.

Иә, ақиқат біреу-ақ, яғни ақиқатқа апаратын жол да біреу-ақ, қалған жолдардың барлығы одан алыстатады. Жарықсыз көру де жоқ, яғни ақиқатқа апаратын жол міндетті түрде жарық нұрлы жол, ал қалған жолдардың барлығы керісінше түнектегі жолдар. Ал, қараңғыда көзің мың жерден өткір болса да жол табу, ақиқатты тану жоқ. Мейлің тіріл, мейлің өл,  ақиқат деген осы!

  1. Шығармашылық жұмыс, топтық жұмыс.

Көздері байланған 5 оқушы жасырылған затты қолдарымен сипап не екенін табады? (қамшы)

 

  1. Топпен ән айту. «Адалдық өткелі»

Сөзі: Ақмарал Леубаева

Әні: Жарылқасын Дәулетов

 

Сүйетініме шүбәм жоқ,

Сүймей ме деген күмән көп.

Түстім бе деген тура жол,

Көрінбейді тұман боп.

 

Қайырмасы:

Бақытқа толы мұң-кесем,

«Жалған» дер дұшпан «шын» десем.

Қай жаққа болсын кетер ем,

Қолымнан ұстап «жүр» десең.

 

Көзіңді жұмып тұнығым,

Соңымнан ерші, құлыным.

Өзгелер қолы жетпеген,

Өзіңмен өтсін ғұмырым.

 

Тағдырға сенбей болмайды,

Шын бақыт екі қонбайды.

Адалдық дейтін өткелден,

Көп адам өте алмайды.

 

  1. Үй тапсырмасы. № 16 сабақ Қ.Толыбаевтың

«Ақиқат» әңгімесін оқып келу

«Менің ақиқатым» эссе жазып келу.

 

  1. Соңғы тыныштық сәтi.

Баяу музыка қосылады

  • Көзімізді жұмып, тыныштықта бүгінгі сабағымызды есімізге түсірейік. Бүгінгі сабағымыздан алған әсерімізді жүрегімізге түйейік. Әр уақытта шындықты айтып, ақиқатқа көз жеткізейік. Енді тыныштық күйде отыра тұрыңыздар. Көздеріңізді ашуға болады.