Тілім — менің тірегім

324

Өзін-өзі тану.4-сынып

Тақырып:     Тілім — менің тірегім

Құндылығы: Сүйіспеншілік

Қасиеттері:   достық,адамгершілік, сыйластық, елжандылық, ана тілін сүю,

құрметтеу.

Мақсаты:     Оқушылардың «тіл» , «Отан» құндылықтары туралы түсініктерін

кеңейту.

Міндеттері:

  • Ана тілінің адам өміріндегі маңыздылығын түсіндіру;
  • Ана тіліне деген құштарлығын арттыру;
  • Ана тілін сүюге, құрметтеге тәрбиелеу.

Көрнекі құралдар:  дәптер, оқулық,  қатты қағаздан жасалған « Таным», «Ғұламалар», «Қазына» атты үш үлкен қақпа .

Сабақ барысы: Ұйымдастыру кезеңі.Тыныштық сәті. «Нұрға бөлену». Ыңғайланып отырыңыздар,денелеріңізді түзу ұстаңыздар. Аяқ –қолдарыңызды айқастырмаңыздар. Қолдарыңызды тізеңізге немесе үстелге қоюға болады.

Көздеріңізді жұмып елестетіп көріңіздер:  күн нұры сіздің төбеңізден өтіп, кеудеңізге қарай бойлап барады. Кеудеңіздің орта тұсында гүл түйнегі орналасқан.Гүлдің түйнегі нұрдан баяу ашылып келеді. Балғын және таза әсем гүл сіздің әр ойыңызды, әр сезіміңізді, эмоцияңызбен тілек –қалауыңызды шайып, жүрегіңіздің көзін ашады.

Нұр сәулесі сіздің бойыңызға ақырын тарай бастағанын елестетіңіз.Ол біртіндеп күшейе түсуде. Оймен осы нұрды қолдарыңызға түсіріңіз. Сіздің қолдарыңыз нұрға бөленіп, сәуле шашуда. Қолымыз тек жақсы,ізгі істер істейді және баршаға көмектеседі. Енді, нұр аяқтарыңызға тарады. Аяқтарыңыз нұр сәулесін шашуда. Олар сізді тек жақсылық жасау үшін жақсы жерлерге апарады. Олар нұр мен махаббат құралына айналады. Одан әрі нұр сіздің аузыңызға,тіліңізге тарады. Тіліңіз тек шындықты және жақсы сөздерді ғана айтады. Нұрды құлақтарыңызға бағыттаңыз, құлақтарыңыз тек жақсы сөзбен әсем әуенді  ғана естиді. Нұр көздерімізге де жетті, көзіміз тек жақсыға қарап,бәрінен тек жақсылықты ғана көреді. Сіздің басыңыз түгелдей нұрға бөленіп,басыңызға тек ізгі, сәулелі ой келеді.

Нұр бірте –бірте күшейе бастайды, сіздің денеңізден тарап, жан –жағыңызға  сәуле шашады. Осы нұрды туысқандарыңызға, мұғалімдеріңізге, достарыңызға,таныстарыңызға бағыттаңыз. Нұрды уақытша түсініспей, ренжісіп жүрген адамдарға да бағыттаңыз, олардың да жүрегі нұрға толсын. Осы нұр бүкіл әлемге: барлық адамдарға, жан –жануарларға, өсімдіктерге, барлық тірі жанға таралсын…Ғаламның барлық түкпір- түкпіріне нұр бағыттаңыз. Ойша айтыңыз «Мен нұрлымын..Нұр менің ішімде..Мен нұрмын…» Осындай Нұр, Махаббат және Тыныштық күйінде отыра тұрыңыз…

Енді осы нұрды жүрегіңізге орналастырыңыз. Нұрға толы бүкіл әлем сіздің жүрегіңізде. Оны осындай әсем қалыпта сақтаңыз.Енді көзіңізді ашуға болады.

Үй тапсырмасын тексеру; Сахналау: Үнтаспадан С. Тұрысбековтың «Көңіл толқыны» күйі орындалып тұрады. Сәнді безендірілген сарайдың үш қақпасының алдыңғы көрінісінің нобайы қойылады. Бірінші қақпаға «Таным» екіншісіне «Ғұламалар», үшіншісіне «Қазына» деп жазылған. Ортаға патша рөліндегі бала шығады. Қасында уәзірлері бар. Патша уәзірлерімен «Ғұламалар» қақпасына келеді. Бұл жерде қазақтың маңдайына біткен ғұламалардың портреттері жасалған топтамалар беріледі.Әрі қарай оқушылар көрініс қояды.

Дәйексөз:   Балалар, жаңағы көрініс арқылы халық даналығында айтылғандай «ең тәтті», «ең ащы»  тіл екенін аңғардық. Олай дейтін себебіміз жанға жайлы жылы сөздерді жиі айтсаң достарың көп және сол ортада сыйлы боласың. Өз тіліңді жетік біл,құрметте.Егер сенің ана тіліңде ешкім сөйлемесе халқың өшеді деген –осы. Сондықтан  ақын С.Торайғыровтың

«Сүйемін туған тілді, анам тілін,

Бесікте жатқанымда-ақ берген білім», -деген өлең жолдарын әрдайым есте сақтайық.

Әңгімелесу: Д. Әділовтің «Туған тілім» өлеңі оқылады.Содан соң төмендегідей сұрақтар қойылып балалар пікірі тыңдалады.

  • Неліктен тілді анамен байланыстырып айтамыз?
  • Қандай адам өз тілін өте құрметтейді деп ойлайсыңдар?
  • Неліктен өз тілінде сөйлейтін адам сыйлы болады?

 «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл- қазақ тілі. Ана тілін сүю, құрметтеу, мақтаныш ету-әрбір азаматтың міндеті»-деген түйін сөз айтылады.

Шығармашылық жұмыс: Оқушылар топқа бөлінеді. Төменде берілген мақал мәтелдердің мағынасын түсіндір.

1-топ   Тіл ақылдың — өлшемі.

2-топ   Тіл сүйексіз болса да, сүйектен өтеді.

3-топ   Тілін білмейтіндер емес, тілін білгісі келмейтіндер — мәңгүрт.

 

Дәптермен жұмыс: Дәптердегі нақыл сөздерді оқу және оны өмірде қолдана білу тапсырылады.

  1. Тіл жоқ жерде ұлт жоқ. (Ш. Айтматов)
  2. Әр халықтың ана тілі – білімнің кілті…. біздің жастарымыз ана тіліне жеттік, білімді, мәдениетті болсын. (А. Жұбанов)
  3. Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту- бүкіл ата-бабамызды, тарихымызды ұмыту (Б. Момышұлы)

Топпен ән айту:  «Ананың тілі»

Үйге тапсырма:С.Мәуленов. «Мен елімді сүйемін»

Қорытындылау: Тыныштық сәті. Ұлттың тілі-ұлттың ділі демекші, қандай ұлт пен ұлыс болмасын ең басты байлығы- ана тілі.Тілін жоғалтқан халықтың жеке мемлекет болып басқа елдермен терезесі тең тұра алмайтындығытарихтан белгілі. Сондықтан ғасырлар бойы арман болған тәуелсіздігімізге қол жеткізіп, егеменді болып жатқан сындарлы кезеңде мемлекетіміздің нышаны ана тілімізді бүкіл тіршілігіміздің түп қазығына айналдыру- әрбір ұлтжанды азаматтың басты міндеті. Халықпен бірге мәңгі жасайтын тіл байлығы екенін мәңгі ұмытпайық. Қавлиева Әнуаш

Өзін-өзі тану пәні мұғалімі

№11 орта мектеп,Қызылорда қаласы