Отбасы бақыты

 

Тақырыбы: Отбасы бақыты

Мақсаты: балалардың «сыйластық», «махаббат» құндылық­тары туралы түсініктерін кеңейту.

Міндеттері:

1.Отбасы жарастығы, татулығы туралы түсінік қалыптас­тыру;  оқушылардың отбасында кішіге

ізет, үлкенге құрмет көрсете білуіне және баланың өз орнын анықтауына, туыстық қарым-қатынастарын қалыптастыруға, отбасының адам өміріндегі мәнін терең түсіне бастауына  жетелейді.

2.Отбасында жағымды қарым-қатынас жасау іскерліктерін дамыту;

3.Өзара сыйластыққа тәрбиелеу.

Түрі:интерактивті сабақ

Әдісі: Шаттық шеңбері, Жаңа ақпарат, Сахналау, Дәйексөз,Ойын, Түйіндеме, Жүректен жүрекке

Көрнекілігі:слайдтар,майшам

Шаттық шеңбері «Тілек шамы»

Мақсаты: Отбасы туралы пікірлерін ортаға салу.

-Құрметті ата-аналар, балалар. Біз сіздермен жанұядағы ата-ана мен  балалар арасындағы қарым-қатынастың түрлі жақтарын тануға, жан-жақты талқылауға тырысамыз. Отбасы, ұшқан ұя – жылылықтың, жылулықтың мекені.  «Отбасы» атауының мәніне терең үңілер болсақ, оттың да үлкен маңызы бар екенін сеземіз. Сондықтан оттың басы, ошағымыздың түтіні түзу болуы үшін «Тілек шамы» жаттығуын бір-бірімізге тілек айта отырып жүргізейік. Бір-бірімізге мына шамды бере отырып,жүрекжарды тілектерімізді арнайық!

                                Сен бақытты ұлансың!                                              М.Қуанышбеков

Анаң – күнің, жүрегің,

Әкең – өмір тірегің.

Сен  бақытты ұлансың,

Бәрі саған қуансын!

 

Әжең – асыл ардағың,

Атаң – дана қорғаның.

Сен  бақытты ұлансың,

Бәрі саған қуансын!

 

Ағаң – қамқор асқарың,

Інің –  мөлдір аспаның.

Сен  бақытты ұлансың,

Бәрі саған қуансын!

Қарындасың – қанатың,

Ел-Отаның – жаннатың.

Сен  бақытты ұлансың,

Бәрі саған қуансын!

 

Әкемізге еркелеп,

Анамызды тыңдаймыз.

Әжем айтар ертек көп

Атамызды сыйлаймыз.

 

Біздің үйде ән тарап,

Думандатар өмірді.

Біздің үйде салтанат,

Біздің үйде көңілді

 

Әңгімелесу

  • Отбасы бақыты дегенді қалай түсінесіңдер?
  • Отбасының сыйластығына қалай қол жеткізуге болады?
  • Отбасының татулығы қандай табыстарға жеткізеді?

 

Сонымен бірге  мұғалім отбасының  босағасы берiк, шаңырағы биiк болуы, тату-тәттi өмiр сүруі, бақытқа, қуанышқа бөленуі отбасы мүшелерiнiң бір-біріне жағымды  қарым-қатынасына байланысты екенін түсіндіреді.

 

Жаңа ақпарат

Жаңа ақпарат отбасы туралы оқушы білімдерін нығайта түседі. Олар оқулықтағы жаңа ақпаратты оқи отырып, отбасының берік те тату болуы сыйластық, сүйіспеншілік қасиеттерімен байланысты екенін түсінеді. Мұғалім  отбасы неліктен қымбат екенін оқушылардың өздері пайымдауына бағыт береді.

 Адамға өмірде ең қымбаты – отбасы. Отбасында сүйіспеншілік, сыйластық, татулық, бауырмалдық болғанда бірлік болады. Бір-бірін аялап, кешіре, түсіне білгенде отбасы берік болады.

Халқымыздың мақал — мәтелдерінен, даналық сөздерінен де ата-ананың қадір –қасиеті туралы айтылған асыл сөздерді табар едік.                 «Алты аға бірігіп — әке болмас,

                                                                                        Жеті жеңге бірігіп — ана болмас»,- деген сөзде де терең ой жатыр. Ата-ананың үміт-арманы баласымен бірге жасайды. Сол себепті олардың бар тілеуі балаға бағышталған. Ақыры, ең қастерлі тілектері: бала-шағаның алдында дүние салып, солардан топырақ бұйырса, — дейді. Осындай ата-ананы сыйлау сәби шағыңда өзіңді олар қалай бағып-қақса, қартайғанда оларды да солай алақанға салып аялап, күту қандай ғанибет!

Қазақтар – « Төріңнен қарт  кетпесін» деп тілеген халық. Жасы үлкенге құрмет ету, қарттың бүгілген беліне сүйеу болу – біздің ата дәстүріміз.

Отбасында бір-бірін аялап, кешіре, түсіне білгенде отбасы берік болатынына мұғалім ерекше назар аударады.

 

Сахналау 

                                        Сүйіспеншілік

Базарға барайын деп сыртқа шыққан әйел есіктің артында отырған үш қарияны көріп,тұрыңқырап қалады да, «Төрлетіңіздер»,−деп бар ниетімен үйіне шақырады.Сонда қариялардың біреуі«Біз шақырған жерге үшеуіміз бірге бармаймыз»,дейді.Оң жақтағы досым −Байлық,сол жақтағым болса−Сәттілік.Менің атым−Сүйіспеншілік.Өзін,жолдастарын таныстырғаннан кейін Сүйіспеншілік әйелге мынандай талап қойды:

−Қазір үйіңізге барып,үй иесімен ақылдасыңыз.Үшеуіміздің біреуін ғана шақыруға құқыларыңыз бар.Қайсымыз баратынымызды өздеріңіз айтасыздар,−деді.

Әйелі Сүйіспеншіліктің талабын үй иесіне айтқанда,қатты қуанған ол: «Қандай жақсы,қандай жақсы»,−деп қайталай берді.

−«Кімді шақыру еркіндігін бізге берді емес пе?Біз байлықты шақырайық,үйіміз бірден молшылыққа кенелсін».

Үй иесінің шешіміне көңілі толмаған әйелі: «Одан да Сәттілікті шақыруға қалай қарайсың?»−деді.

Ақыры екеуі ақылдасып,мынадай шешімге келеді: «Негізінде,ең асылы,Сүйіспеншілік қой деймін.Ол бар жерде біз бақытты боламыз»

Есікті ашқан әйел үш ақсақалға: «Қайсыңыз Сүйіспеншіліксіз?Төрлетіңіз.Біз сізді шақыруды ұйғардық», −деді.

Сүйіспеншілік орнынан тұрды да,үйге беттеді.Жолдастары да орындарынан тұрып,артынан үйге қарай жүрді.Аң−таң болған жас әйел Байлық пен Сәттілікке: «Тек біреуіміз ғана бара аламыз деп айтып едіңіздер…»−деді.Қариялар:

−«Егер тек қана Байлықты немесе Сәттілікті шақырсаңыз,басқа екеуміз далада отырар едік.Бірақ та сіздер Сүйіспеншілікті шақырдыңыздар.Сол үшін үшеуіміз бірге баруымыз керек»,−дейді.

−«Өйткені Сүйіспеншіліктің жүрген жерінде біз −Байлық пен Сәттілік қашанда қасындамыз»

  • «Сүйіспеншілік бар жерде−Байлық пен Сәттілік бар»дегенді қалай түсінесіңдер?

Дәйексөз

«Дәйексөз» айдарымен берілген «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген халық мақалын түсіндіру арқылы сахналау әдісінде оқушылар пайымдаған ой-пікірлерді жалғастырып, отбасы тәрбие баспалдағы екені түсіндіріледі.

Ойын. «Айналайын, толғанайын!»

Мұғалім оқушылдардың ортаға кезекпен шығып, үлкен адамдардың өздерін еркелетіп, жақсы көріп айтатын сөздерін солардың дауыс ырғағына салып айтуды ұйымдастырады. Мысалы: «Жарайсың! Ақылдым менің! Қолғанатым менің, қадамыңнан айналдым. Күлімдеген бота көзіңнен айналдым! Айналайын, құлыным!».

Бұл ойын балалардың өздеріне арналып айтылған жылы сөздерді естеріне түсіріп қана қоймай, сол сөздердің жылылығын сезіне отырып, соған лайықты болуға ықпал етуге бағытталады.

«Біз бақытты жанұямыз!»

Алдын-ала салынған суреттер арқылы өз балаларыңыздың салған суреттерін тауып алыңыздар.

Талдау: 1. Өз отбасыңыздың суретін қалай таптыңыз?

  1. Өз отбасыңызды табу қиын болды ма?

3.Суреттерден отбасыңыздың суретін тапқаннан кейін қандай сезімде болдыңыз?

           

Түйіндеме                     Отбасы:

  • сүйіспеншілікті сезінуге үйретеді;
  • жақсылыққа жетелейді;
  • еңбектенуге, білім алуға көмектеседі;
  • үлкендерді құрметтеуге, кішілерге қамқор болуға тәрбиелейді.

Оқулықтағы «Назар аударыңыз» айдарымен берілген қорытындылау оқушылардың отбасы жарастығы мен сыйластығы туралы білімдерін бекітіп, сабақтан алған білімдерін бір ойға тоғыстырады. Мұғалім отбасы әр адамның жақсылық бастауы, тәрбие көзі екенін түсіндіріп, оқушылардың бойында өз отбасына деген сыйластық қарым-қатынасының дами түсуіне ықпал жасайды.

Жүректен жүрекке

Оқушылар осы сабақтан алған әсерлерін «Әкем – әнім» әнін айтумен  жалғастырып, мұғалім сабақты аяқтайды

Әкем  әнім

Сөзі  О. Сүттібаевтікі

Әні  Ә. Сүлейменовтікі

Ұшырдың баптап ұядан,

Кетпейсің ойдан, қиялдан.

Арманға биік қол созсам,

Тұрасың демеп жиі алдан.

Қайырмасы:

Көңілім бүгін алаңды,

Күттің бе, әке, балаңды,

Шаттықпен жарқын тойыңа,

Сыйлаймын сазды бұл әнді.

Адалдық әркез көксеген,

Үйрендім, әке, тек сенен.

Ардақтап өтем мәңгілік,

Ғұмырда жалғыз жетсе дем.

Қайырмасы:

Жүректі тербеп күй сынды,

Биікке ұшсам сүйсіндің.

Мойныңа көптен асылмай,

Сағындым, әке, иісіңді.

 

Батыс Қазақстан облысы

                         Казталов ауданы

                         Сатыбалды орта жалпы білім беретін мектебі

                         Бастауыш сынып мұғалімі Гильманова Эльмира  Еркінғалиевна

 

 

Сабаққа қосымша материал.

 

 

Ұлағатты сөздер

 

  • Ата-ананы ұмытқан жас – опасыздың опасызы, рахымсыздың рахымсызы.

(Ғ. Мустафин)

  • Баланың жақсысы – қызық, жаманы –күйік

(Абай)

  • Ата-ананың қадірін білмеген – халық қадірін білмес

                                                                                      (Ғ. Мустафин)

  • Ата-бабасын сыйламау – азғындықтың белгісі

(А.С.Пушкин)

  • Баланың бас ұстазы – ата-анасы.

 

  • Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келер.

 

  • Атаңа ауыр сөз айтпа,

Атыңа ауыр жүк артпа.

 

  • Анадан артық дос бар ма,

Ашудан артық қас бар ма?

 

  • Ата-анаңның қадірін – балалы болғанда білерсің,

Ағайынның қадірін – жалалы болғанда білерсің.

                                       (халық мақалы)

 

Жаднама: «Ата-анам – ардақтым!»

 

  • Ата-анаңды өмір бойы сыйла!;
  • Ата-анаңа ауыр сөз айтпа;
  • Ата-анаңның қателігін бетіне баспа;
  • Өзгелердің ата-анасымен салыстырма;
  • Оларды қалай жақсы көретініңді жиі айтып отыр;
  • Күнде таңертең амандас;
  • Үй шаруасына қолғабыс ет;
  • Алыста жүрсең жиі хабарласып тұр;
  • Ата-анаңа жаманат келтірме;
  • Өзің есейгенде рухани, материалдық жағынан қарасып тұр!;
  • Ата-анаңның достарын сыйла;
  • Қартайған шақтарында көңілдерін аула!;
  • Ауырып-сырқағанда қабақ шытпай бақ!;
  • Олар қандай жағдай да  сен үшін «ең асыл жандар» екенін ұмытпа!