Адамгершілік-асыл қасиет.

 

Тақырыбы: Адамгершілік-асыл қасиет.

Мақсаты: Мемлекетіміздің болашағын гүлдендіре алатын, мейірімді, сыпайы, кішіпейіл, адамгершілік қасиеті мол ұрпақ тәрбиелеу.

Барысы: Қайырлы күн, құрметті бүгінгі күн қонақтары!

Бүгінгі кешіміз жақсы көңіл күймен басталуы үшін шаттық шеңберіне шақырамын.

Шеңбер болып тұрайық жылы жүзбен

Бізге келсін қуаныш, нұр іздеген

Шуақ толған жанымыз жүрегіміз

Үлгі алсын көрген жан мына бізден

Осындай мейірімді, ақылды сендерді  бүгінгідей көңіл күймен көргеніме өте қуаныштымын. Ендеше бір бір-бірімізге күніміз көңілді әрі жарасымды аяталуы үшін өзімізге және бүгінгі кеш қонақтарына көтеріңкі көңіл тілейік.

Күлімдеп күн бүгін

Қарады маған да

Күлімдеп күн бүгін

Қарады саған да

Шуақпен төгіп нұр

Міне тамаша! Ал, енді орындарымызға орналасуға болады.

Қ.Р жас ұрпақты тәрбиелеуде алға қойған мақсаттарының бірі-қоғамға пайдалы, өз елінің қамын ойлайтын, үлкенге құрмет, кішіге қамқор бола алатын жас ұрпақ тәрбиелеу. Осы мақсатты жүзеге асыруда республикамыздың білім беру мекемелерінде рухани-адамгершілік жобасы енгізіліп отыр. Ал адам өзін биік адамгершілік рухта көрсету үшін, ең алдымен өзін және басқа адамдарды қадірлей, сыйлай білу керек. Адамгершіліктің басты белгісі-әдептілік, мейірімділік, сыпайылық, жанашырлық, кішіпейілділік, адамдарды құрметтеу. Осы айтылғандар өзара қарым-қатынаста іс жүзінде көрініс берсе, оң нәтиже болмақ.

Осындай жақсы қасиеттерді өмірде қарым-қатынаста қолдануға үйрететін сүйікті пәндерің қандай?

Рухани-адамгершілік білім беру жобасының авторы кім?

Олай болса кешіміздің беташары сүйікті пәнімізге арнайық.

2-класс оқушысы Дәулетова Дильназ «Ризамын» әні.

Жалпы сүйікті пәніміз өмір сырларымен таныстырып, құпияларын ашады, жақсы адам болып жетілуге, жақсы өмір сүруге жол көрсетеді.

Өз бойларыңда мақтауға лайықты қандай жақсы қасиеттер болады екен, ол туралы Нұрбағымнан сұрап көрейік.

Мақтайды жұрт мақтайды

Өйткені ол жақтайды:

Әдептілік, адамдықты

Әділеттік, адалдықты

Білімділік, батырлықты

Бейімділік, алғырлықты

Дарындылық, даналықты

Қайырымдылық, тазалықты

Табандылық, қайсарлықты

Талаптылық, жайсаңдықты

Өжеттілік, кішілікті,

Өнерлілік, кісілікті

Намыстылық даралықты

Жарқындылық, дарқандықты

Сыпайылық, қимастықты

Сапалылық, қимастықты

Елгезектік, ептілікті

Ізеттілік, еркіндікті

Зейінділік зеректікті

Мейірімділік, сергектікті

Тәртіптілік, ісмерлікті

Міне, осындай мақтайды

Үлкен-кіші жақтайды

Мадақтайды, мақтайды.

Ал, енді арамызда Мақтай сиқты балалар бар ма екен? Кезекті оқушыларымызға берейік Нұрбек.

Ізгілік не? Тегі қандай? Түсі қандай өзінің?

Мінез-құлық, ісі қандай

Ізгіліктің нышаны

Халық үшін қайтпай құрақ ұшады

Ізгі жүрек ізгілігін сатпайды

Жомарт жандар құнын тілеп жатпайды

Қайырымды жан қайырым етпес есеппен

Есе күтсең, ұрғанмен тең кесекпен

Қадірсіз зат шеттеп  жерде қалады

Асыл нәрсе төрден орын алады

Ізгі іс етсең-текті тірлік сүргенің

Жауыздығын-жерге тірі кіргенің

Ізгі ісіне опық жеген жан бар ма

Жаманатты зауал таппай қалған ба?

Жамандықты қусаң, азап шегесің

Жамандыққа жақсылық қыл жеңесің

Ботакөз:  Мейірімді жүрекпен

Бөлісемін бақытты

Ақ ниетпен шын тілеп

Ізгі істерді жақұтты

Ақтоты:  Күн нұрындай көңілім

Даламдай кең пейілім

Бәріне ортақ шуағым

Қайырымды боламын.

Аружан:  Атқарамыз әр істі

Жақсыға біз лайық

Жауаптылық сезініп,

Уәдеде тұрайық

Гүлзира:  Қайырымды жүрекпен

Мейірімді тілекпен

Ізгілікті ниетпен

Қамқор болып өсемін.

Жаннұр:  Тапсырманы берілген

Дер кезінде атқарам

Сенімді боп өзіме

Өзімді-өзім басқарам.

Асылбек:  Торғайларды атпаймын

Құмырсқаны баспаймын

Бәрін-бәрін қорғап мен

Мейірімді сақтаймын

Отанымды сатпаймын

Ақылсызға жатпаймын

Халқымның мен үмітін

Әрқашанда ақтаймын.

Меруерт:  Құрметтеп ата-анамды

Ардақтап әпке-ағамды

Қамқор боп сіңлі-ініме

Бәрін де жақсы көремін

Үнемі көмек беремін

Үлкенді сыйлау кішілік

Үлгілі мінез – кісілік.

Ән: Мен әдепті баламын.

Өлеңде айтылған жақсы қасиеттерді бойға сіңіре біліңдер, рухани-адамгершілігі мол адам болып жетілетіндіктеріңе сенемін. Адамгершілік қасиет ең бірінші әр баланың отбасын сыйлаудан басталады. «Мейірімділікті анадан үйрен» деген халық даналығы тегін айтылмаған. Ана халық ұғымында жаратушы. Олай болса табиғаттың жаратқан иесі адамды дүниеге әкелуші-Ана. Ал барлық нәрсенің дүниеге келуі үлкен мейірім мен шапағаттан пайда болады.

Мейірімділіктің іс жүзіндегі көрінісі-қайырымдылық. Қайырымдылық-адамдардың бір-біріне жақсылық жасауы. Адамдардың бір-біріне жиі жақсылық жасауы оларды жақындастырады, достастырады. Достығымыз берік, сыйластығымыз ұзақ болу мақсатында бір-бірімізге дайындаған сыйлығымызды тарту етейік.

(Алдын-ала дайындаған сыйлықтарын әр оқушы өздерінің достарына ұсынады.)

Қорытынды: Бәйтеректің тамыры тереңдеген сайын желге, дауылға, боранға, шөлге шыдайтын мықты бола беретіні сияқты ата-баба ұлағатынан, адамгершілік құндылықтардан сусындаған қазіргі қоғам өзгерісін дұрыс қабылдап, жаһандану үрдісінен жеке тұлға ретінде ұлттық болмысын, дінін, тілін сақтап, өзіне болашаққа деген нық сенімде болуы үшін адамгершілік білім негіздерін ұмытпайық.