Халық даналығы – рухани байлық көзі

Сабақтың  тақырыбы:  Халық даналығы – рухани байлық көзі

Мақсаты:  оқушыларға алдыңғы сыныптарда өткен халық даналығы, салт – дәстүрлер туралы алған білімдері негізінде ата – баба дәстүрінің, көсем сөздер мен шешен сөздердің рухани тағылымы, адамгершілік құндылық, даналық ретіндегі мәні мен мағынасын түсіндіру.

Міндеттері:

  • Халық даналығының ұрпақтан ұрпаққа мирас болып қалатын қазына екендігін ұғындыру;
  • Оқушылардың ұлттық мәдениетке, ата – баба дәстүріне деген сүйіспеншіліктерін дамытуға ықпал ету;
  • Халық даналығын ұлттық құндылық ретінде құрметтеуге үйретіп, олардан тағылым алуға тәрбиелеу.

Көрнекіліктер: суреттер, кітаптар.

Әдіс-тәсілі: Түсіндіру, пікір алмасу

Сабақ барысы:

Ұйымдастыру кезеңі:             

Оқушылармен  амандасу, оқушыларды түгендеу, сабаққа дайындау.

Үй тапсырмасын тексеру:

Сұрақ-жауап әдісін пайдалана отырып тексеріп шығу.

Шаттық шеңбері:

Оқушылар шаттық шеңберін құрып төмендегі өлең жолдарын оқиды.

Адамның да ішінде адамы бар,

Ақылдысы, арлысы, наданы бар.

Жақсының да, жастың да, кәрінің де

Уақыттан алатын бір сабағы бар.

Жаңа ақпарат:

Адамзат баласының ғасырлар бойы жинақтаған өмірлік тәжірбиесі ұрпақтан – ұрпаққа жетіп отырған. Ата – бабаларымыздың көрегендікпен айтып кеткен ұлағатты ой – пікірлерін, өсиет – өнегесін халық даналығының қайнар көзі деп білеміз. Халық даналығы нақыл сөз, мақал – мәтел, шешендік сөз үлгілері және салт – дәстүрлерден көрінеді. Оларда айтылған зерделі ақыл, тапқыр ой, ұтқыр шешім мен тобықтай түйін рухани тағылым ретіндегі ұлттық игілік болып табылады. Халық даналығы атадан балаға мұра болып қалатын ізгілікті іс – әрекетттің де тәлімді үлгісі. Болашақ ұрпағына өшпес мұра қалдырған ,  зиялы, ақылгөй адамды данышпан дейді. Ата –ана жүрегінің лүпілін сезе біл, олардың жанарынан көңіл хошы мен тыныштықты, бақыт пен қуаныш сәулесін, беймазасыздығы мен әбігерленуін, қиналасы мен кейістігін көре біл. Ата – ананың көзінен оның жан дүниесін көре білуге жастайыңнан үйрен. Өзгелерге жақсылық жасау арқылы біз ең алдымен өзімізге көмек көрсетеміз. Барлық адамдармен байланыстарыңды сүйіспеншілікке, сыйластыққа негізде. Алдымен ізгі ниеттерге, ал содан соң даналыққа үйрен, өйткені алғашқысыз соңғысына үйрену қиын.