Есірткі – ғасыр індеті

Есірткі – ғасыр індеті

Адам табиғатында өмір бойы тазалықты сақтау, адамгершілік құндылықтарға үйрену, жақсы қасиеттерді өз бойына дарыту арқылы кемелденуге талпынады. Өмірде өз орнын тауып, кез келген жағдайларға бейімделуге тырысады. Бірақ, жаман мен жақсыны ажырата біліп, жаманнан бойын аулақ ұстап, бойына жақсы қасиеттерді дарыта алғанда ғана өзінің өмірлік мұратын таба алады. Кез келген адам баласы қамшының сабындай ғана қысқа өмірде ұрпақ тәрбиелеп, артымда із қалдырсам деген мақсатпен өмір сүреді. Дегенмен, кейбіреулер жаман қасиеттерге бой алдырып, есірткі, шылым, ішімдікке әуестеніп денсаулығына немқұрайлы қараумен өзіне де, қоғамға да зиянын келтіруде.                                                                                         Бірінші байлық – денсаулық дейміз. Бірақ осы сөздің салмағын, жүктер жауапкершілігін көбіне сезбейтін де, мойындамайтын да сыңайлымыз. Айтылған сәтте көңілімізге қонады, құлағымызға жағады. Келісеміз. Содан соң өзіміз ауа жайылып жүре береміз. Сөйтіп күндердің күнінде бір арылмас дертке шалдығып, санымызды соғамыз.                                                                            «Тәннен жан артық еді, – дейді Абай атамыз, тәнді жанға бас ұрғызса керек еді. Жоқ, біз олай қылмадық, ұзақтай шулап, қарғадай барқылдадық. Жан бізді жас күнімізде билеп жүрген еді. Ержеткен соң, күш енген соң оған билетпедік, жанды тәнге бас ұрғыздық, ешнәрсеге көңілмен қарамадық, көңіл айтып тұрса, сенбедік. Көзбен көрген нәрсенің де сыртын көргеннен-ақ тойдық…»                                                                                                                          Денсаулық – тән, рухани және әлеуметтік игіліктің жиынтығы. Денені үнемі шынықтыру, ширықтыру, сананың сапа деңгейін көтеру, интеллект өрісін биіктету, рухыңды шыңдау – бәрі де денсаулыққа қызмет етеді десек, қателеспейміз. Қазіргі уақыттағы әлеуметтік-экономикалық жағдай, тіршілік деңгейінің құлдырауы және экологиялық қолайсыздық Қазақстан Республикасының бүкіл халқының, әсіресе, өскелең ұрпақтың денсаулығына кері әсерін тигізуде. Сонда еліміздің жарқын болашағы, жалынды жастарымыздың алдағы уақыттағы денсаулығы қандай болмақ, олар ел тізгінін ұстай алып, саламатты қоғамның салауатты мүшесі болуға дайын ба?        Иә, әрине, ой толғандырарлық сұрақтар көп! Оған жауаптардың қандай болатыны әр азаматтың өзіне байланысты екенін әркім біле бермейтіні өкінішті-ақ! «Әлсіз адам – сүріншек, ақылсыз – адам еріншек» деп халқымыз айтқандай, кейбіреулердің улы, зиянды заттарды әуесқойлық пен әлсіздікке бой алдырып көңіл көтеру үшін тұтынамын деп, өз өмірлерін көз алдымызда тозаққа айналдырып бара жатқаны алаңдатады.                                                    Есірткі – бұл адамның көңіл-күйін, сана-сезімін, мінез-құлқын бұзатын қауіпті тыйым салынған улы зат. ол адамның есін алып, құмарлық желігіне ұшыратады, нашақорды есірткісіз өмір сүре алмайтын халге жеткізеді. Бір шырмалған жанның одан құтылуы оңайға соқпайды. Біреу қызық көріп алдауға түсіп, енді біреулер өзгелердің ықпалымен еліктеп, зиянды заттың құрсауына түседі. Жастар есірткінің шырмауына қалай түседі? Бұған көбінесе психикалық тұрғыда әлсіз, жүйке жүйесі нашар, өз көзқарасы жоқ, жұмыссыз немесе оқымайтын, бос уақытында не істерін білмейтін жеткіншектер барады. Әрбір нашақор бір жылда кем дегенде оннан астам адамды нашақорлыққа тартады, осылайша олар есірткі тұтынушылар қатарын көбейтеді.                                                                                                      Есірткі – ғасыр тажалы. Онымен қазір бүкіл әлем болып күресуде. Бірақ, ол оңай алдырар жау емес екен. Күн өткен сайын шырмалып, ауруды ауыздықтауға қанша күш салса да, оның жарасы асқынып бара жатқан секілді.                                                                                                        Есірткі бағзы замандардан қолданылып келе жатқан дерт. Дүние жүзінде есірткіні қолданатын адамдар өте көп, олардың көбісі жастар. Жасыратыны жоқ, бұл күндері елімізде осынау қауіпті нашақорлықпен айналысатындар саны көп. Есірткінің медициналық-әлеуметтік проблемалары республика орталығының мәліметіне қарағанда, бұл кеселге тәуелді болғандардың саны 250 мыңнан асады екен. Ал бұл ойландырарлық көрсеткіш. Есірткі түрлерінің әрқайсысының әсері әр түрлі. Бірақ, бәрінің де келтірер зияны бірдей. Қазіргі қоғамымызда марихуана, героин, гашиш сияқты есірткі түрлері кең ауқымда қолданылады.                                                      Ел Президентінің «Қазақстан-2030»  жолдамасындағы ұзақ мерзімді басымдықтың бірі – «Қазақстан азаматтарының денсаулығы, білімі мен әл-ауқаты» тармағында, «…азаматтарымыздың өз өмірінің аяғына дейін сау болуы және оларды қоршаған табиғи ортаның таза болуы үшін» азаматтарымызды салауатты өмір салтына әзірлеу қажеттігі көрсетілген. Алайда әзірге халқымыз бұндай халге жете қойған жоқ. Мысалы, Қазақстандағы әрбір бес адамның үшеуі темекі тартады. Бұл дегеніміз қазақстандықтардың жартысы салауатты өмір салтын ұстанбайды.                           «Саламатты өмір салтынсыз, қимыл – қозғалыссыз және спортсыз өмір сүру мүмкін емес. Бұл – өмірдің ащы шындығы. Орташа өмір жасымыз Еуропадағыдай болғанын қаласақ, онда денсаулығымыз туралы ойлануға тиіспіз. Әр қазақстандық үшін басты құндылық – денсаулық» деп                  Н. Ә. Назарбаев айтқандай түгелімен дерлік құрдымға кетпей тұрған кезде өршіп тұрған ахуалды қолға алып бір адамдай ат салысуымыз керек. Біздің елдігіміз осындайда байқалады. Ел болашағы бұлыңғыр болмауы үшін, осы бір кезде бәріміз бірігіп «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара» білуіміз керек.                                                                                                    Нашақорлық – болашақ қоғамымызға төніп тұрған қауіпті дерттің бірі. Одан аулақ болудың амалы – ешқашан оның дәмін татпау. Есірткі қармағына іліккендер құтыла алмайды, оларды өлім ғана құтқарады. Сондықтан өз-өзімізді өлімге итермелейік!

Иванқызы Шұғыла                                                                                          Маңғыстау облысы                                                                                          Түпқараған ауданы                                                                                         Жалау Мыңбаев мектеп-гимназиясы                                                                11-сынып оқушысы