Жобаның тақырыбы: «Карлаг азабын кешкен-Батық»

78

 

Жобаның тақырыбы: «Карлаг азабын кешкен-Батық»

Мәселе: Жобада Батық ауылының Карлаг жылдарындағы және Карлагтан кейінгі тарихы  туралы

Мақсаты: Батық ауылының өткені мен бүгіні туралы деректер жинақтау және мәліметтер негізінде зерттеу жүргізу

Міндеттері:

  • Батық ауылы туралы деректер мен әдебиеттер жинау
  • жергілікті ауыл тұрғындарымен сұхбат жүргізу
  • ауылдың көрікті жерлеріне саяхат жасап, суретке түсіру
  • Ауылдың өткен тарихы жайында дерек көзін жинау

Болжам: Батық ауылының тарихы келешекте жүйеленіп, болашақ ұрпаққа жетуіне үлесімді қоссам, ауылдың әр азаматы ауыл тарихын білуге мүмкіншілігі туар еді.

 

 

   

Мазмұны

 

 
  Кіріспе

 

3— бет
1. Карлаг азабын кешкен-Батық

 

4-9 бет
2.    Карлагтан кейін Батық ауылының дамуы

 

9-11 бет
  Қорытынды 12-бет
  Пайдаланылған әдебиеттер мен деректер тізімі 13-бет

 

 

Кіріспе

 

Арқаның төрінде беделді Батық Қазыбайұлы  есімімен аталатын киелі мекен бар. Батық ауылының атауын ауыл тұрғындары  ХVIII ғасырда өмір сүрген  Батық есімді батырға байланысты қойылды деген түсінік тарап кеткен. Руы — Керней-Балта.Негізінде тарихтан белгілі Ресей әкімшілігі 1822 жылы жарғы бойынша 1824 жылы Қарқаралы округін ашты. Осы Қарқаралы округіне қараған Керней руының өкілі Батық Қазыбайұлы деген кісінің аты-жөні 3.VIII. 1826 жылғы сұлтан, болыс, старшындар тізімінде кездеседі.Старшын Батық Қазыбайұлы жайлауға келгенде қайтыс болып, «Үш қойтас» өзені бойына биіктеу төбе басына жерленген. Қазір Батық өзені деп аталып кеткен.

Сондай-ақ ауылдың ортасында көлемді жерде тоған орналасқан. Тоғанымыздың тереңдігі 5,9 метрге дейін жетеді. Тоғанның салыну тарихы да Карлагпен байланысты. Суармалы жүйені ойлап тапқан КарЛаг тұтқынында болған атақты агрономдардың еңбегі зор. Батық ауылының табиғаты әсем, тарихы мол. Әр адамның туып-өскен ауылы –алтын бесігі, сол себептен де Батық ауылымның өткен тарихы мені қатты толғандырғандықтан, осы шағын жобаны қолға алып, тақырыбын «Карлаг азабы өткен-Батық» деген атау бердім.

Тақырыпты зерттеу күрделілігі  деректердің аздығы , мәліметтер іздеу  кезінде байқалды.  Жобаның мазмұны екі мәселені қарастырады. Бірінші тарауды  Карлаг азабын кешкен-Батық деген тақырыпта, екінші тарау Карлагтан кейін  Батық ауылының дамуы  деген атау бердім.

Бұл жобаның құндылығы зор. Себебі Батық тарихын жүйеге келтіріп жазған мәліметтер жоқ, зерттелмеген.  Сондай-ақ бұл жоба көптеген азаматтардың қызығушылығын туғызады деп ойлаймын.

 

 

Карлаг азабын кешкен-Батық

Кеңес үкіметі кезінде 1930 жылдары Карлаг орналасқан кезден Батық басы су бойындағы «Батық бейіті» дей келе, «Батық өзені» аталып кеткен. Қазіргі Батық өзені «Ұры шат» шоқысының оңтүстігінен басталатын Ақсу өзеніне келіп құятын жер «Қарашылғын» деп аталады. Батық ауылы 30- жылдары Карлаг кезінде еңбекпен түзету лагерінің бір бөлімшесі ретінде құрылған. Тоталитарлық жүйе адамның әлеуметтік дамуыдың қай деңгейде тұрғанына қарамастан оның дамуын тежеп, қасиетін кетіруге күш салады. Қазіргідей тәуелсіз даму жағдайында жеке адамның экономикалық және әлеуметтік процестегі роліне ерекше маңыз беріліп отыр. Адамның өзінің интеллектуалдық күш қуатымен, еңбек ету қабілетімен өмірді өзгертетін шешуші күшке айналып отыр.

Бұрынғы өткен тарих тәжірибесіне оралудың өзі аса зор саяси және ізгілік негізі бар жұмыс. Өйткені бұрынғы қателіктерді қайталамас үшін оларды жақсы білмек керек. Ал ол үшін ең әуелі бүгінгі және ертеңгі күніміз үшін өткеннің сабағын еске алған жөн. 1931 жылы 19 желтоқсанда шешім бойынша «Қазақ еңбекпен түзеу лагерінің» бірінші бөлімшесі – «Гигант» совхозы осы күннің қысқартылған түрде «Карлаг» деп аталатын ГУЛАГ тікелей бағынатын Қарағандының жеке еңбекпен түзеу лагері болып қайра құрылатыны. Лагер басқармасы Долинка селосында орналасатынын айтылған.

Сөйтіп Қарағанды еңбекпен түзеу лагері 1931 жылы 19 желтоқсанда құрылды, лагеръдің орталығы Қарағанды қаласынан 45 шақырым жердегі Долинка селосы болды, оған 120 мың гектар егістікке жарамды жер, 41 мың гектар шабынды жер бөлініп берілді.

Карлаг территориясы солтүстіктен оңтүстікке дейінгі 300 шақырым, шығыстан батысқа дейінгі 200 шақырым жерді алып жатты.

Карлагты құрудағы басты мақсаты сол кезде буырқана дами бастаған Орталық Қазақстандағы Қарағанды көмір бассейініне, Жезқазған және Балқаш мыс қорыту комбинаттарына аса ірі азық-түлік базасын жасау болды.Оған осынау өнеркәсіп салаларын құрып дамытуға жұмыс күшіде қажет болды. Батық филиалы да 30-жылдары Карлаг кезінде еңбекпен түзету лагерінің бір бөлімшесі ретінде құрылған.

«Әйелдердің үлкен бір тобы Батық бөлімшесіне жіберілді. Солардың арасында 1941 жылдан партия мүшесі, Г.Зиновьевтің қарындасы Чудинова, Тухачевскийдің інісінің әйелі, Болат Окуджаваның шешесі Налбандян, ақындар Салунова,Баркова,Ленинград облыстық ішкі істер басқармасының бастығы Салганиктің әйелі,Блюхер мен ақын Багрицкийдің әйелдері және басқалар болды.Ақын Баркова бір өлеңінде Карлагты «Малға айналдырған адамдар қорасы» деп атаған.» [1] Бұл деректе оқи отырып, Батық бөлімшесінде әйелдерде азап шеккеннін көре аламыз. Батық ауылының тұрғындарының айтуынша «Бестөбе» деп аталатын елді- мекенде әйелдер лагері болған дейді. Ол Батықтан Батықтан 9 шақырым жерде орналасқан. Ол жерде әлі күнге дейін орны,цементтен жасалған фундаменттері сақталған.

Лагерьде ауыл шаруашылығы, оның ішінде мал және егін шаруашылығы дамыған.Оны мына деректен көре аламыз. «Лагерде шаруашылық есепке негіздеоген 7 учаскеге бөлінген:

  1. Орталық өндірістік учаске (Орталығы Долинка)
  2. Волков учаскесі
  3. Самар учаскесі
  4. Сарапта өндірістік учаскесі
  5. Бұрма-Просторный учаскесі (орталығы Просторный селосы)
  6. Көктіңкөлі учаскесі
  7. Бидайық учаскесі[2]»

Осы жерлерде ауыл шаруашылығын дамытқан екен. Егістік алқаптарымен мал  өсірумен айналысып, орасан зор еңбек жасаған. Қазіргі кездегі аталған жерлерде әлі күнге дейін егістік алқаптар мен мал шаруашылығы жақсы дамып келетіні бәрімізге мәлім. Ал бұның бәрі тұтқындардың еңбегі еді.

Батық бөлімшесінде мал тұқымын асылдандыру жұмысымен айналысқан. Ол туралы Д.А. Шаймухановтың еңбегіде былай деп жазылған: «Евгений Алексеевич Черепанов «Гигант» совхозының Еспе, Просторный сияқты бөлімшелерінде бас зоотехник болған. Тұтқындалғанға дейін Кеңес сауда өкілдігінің Моңғолия, Үндіқытай елдеріндегі өкілі. 1937 жылы 10 жылға сотталған. Ешқандай қылмысы жоқтығынан ісі 1940 жылы тоқтатылғанын тек 1947 жылы ғана естіген. Адам тағдырына осылайша аяқасты қарау оқиғалары жиі кездесетін…»[3]. Бұл адам мамандығы зоотехник болғандықтан, малдың тұқымдарын асылдандырумен айналысқан.

Сонымен қатар лагерде білім беру жүйесі де болған. Оны мына деректерден көре аламыз. «1931 жылы Карлагтың орталығы Долинкада бастауыш мектеп ашылды. Мектеп жанында интернат болды,онда Бидайық, Қотыр, Волков, Просторный, Батық бөлімшелерінен келген балалар жатты.Сабақты екі мезгіл осындағы жалғыз мұғалім Ю.Рудковская жүргізді.1936 жылы мектепте 10 класс,11 мұғалім,140 оқушы болды».[4] 1930 жылы Батық горнизоны  құрылып. Осы горнизонда қызмет ететін әскерилердің балаларын оқытатын шағын мектебі болған. Онда арнайы жарақталмаған ғимараттар «барактар» мен «казармаларда» ыңғайына қарай көшіп жүріп оқытылған.

Батық ауылының КарЛаг кезіндегі тарихы туралы Д.А.Шаймуханов пен қызы С.Д. Шаймуханованың авторлықтарымен жарық көрген «КарЛаг» атты ғылыми еңбектен оқып, біраз мәселелер табылды. Алайда онда нақты Батық бөлімшесі туралы материалдар мен мағлұматтар аз болды. Тек жоғарыда атап көрсетілгендер жазылған еді. Сондықтан ауылымыздың байырғы тұрғындарының бірі Шукаева Мария Васильевнамен сұхбат жүргізіп мынадай мәліметтер алдым:

«Батық ауылының тұрғыны Щукаева Мария Васильевна 1926 жылы шахтер отбасында дүниеге келген,ұлты-украин. Қазір 84 жаста.Соғыс кезінде 1943 жылы 16 жасар қыз еді. Сол кезде ол электровоздың машинисті болып жұмыс істеген.Негізгі мамандығы шахтер екен. Отбасымен барлығы шахтер болған. Беларусияның қаласы Витебскте 3 ай қоршауда болғанда,немістер тұтқындап,Германияға жұмысқа жібермек болғанда,оны аман алып қалған депоның бастығы.Ол адамның есімін ұмытып қалыпты. 50-жылдары тың игеру басталғанда Шукаева М.В. отбасымен (күйеуі, үш баласы) Қазақстанға жұмысқа жіберілген екен. 1958 жылы Белорусиядан бір эшелон адам Жарық станциясына келеді. Бұрма, Просторный, Красная Поляна, Батық, Жарық жерлеріне оларды бөліп жібереді. Сол кезде Батықтағы Карлаг лагеръі енді-енді тарай бастаған.Ол кісінің айтуы бойынша Карлагта 8 жыл отырып шыққан Шитс Григорий Мартынович ұлты неміс болғандықтан сотталған,оның жұбайы Наханович Раиса Моисеевна ұлты-еврей, «халық жауының әйелі» деп сотталған. Федоров Захар және оның жұбайы Марья Петровна, Иески  Елена неміс ұлтынан, бұлар да бидай ұрлаған үшін 8 жылға бас бостандығынан айырған.Осы аталған адамдар өз мерзімдерін өтеп шыққаннан кейін, Батық ауылында тұрақтаған. Одан кейін 1960 жылдары өз елдеріне қайтқан.Сол кездері Мамонов Иван атты барлаушы ротасының командирі осы Карлагқа түскен себебі: «Орыстардың танкісі баяу,ал немістердің танкісі керемет» деген бір ауыз сөз үшін  сотталған.» Осындай деректерді ала отырып, 1957 жылы Батық КарЛаг бөлімшесінен босатылса да, сол жылы әлі темір тор мен «барак» үйлер болған. Карлагтан кейін Батық Просторный, қазіргі Ақой ауылының бір бөлімшесі ретінде құрылған екен. 1958 жылы алғашқы бейбіт тұрғындар келіп қоныстана бастады.»

Осы сұхбатқа сүйене отырып, интернет жүйесінен КарЛаг кезіндегі Батық бөлімшесінде отырған адамдардың есімдері туралы мынадай дерек көзін таптым:

  1. Наханович Раиса Моисеевна 1906 жылы Читинский облысы Карым ауданы Ново-Доронинск ауылында дүниеге келіпті.Ұлты: еврей. 1938 жылы 19 қыркүйекте КСРО НКВД 5 жылға сотталған. Тағылған айып «халық жауы».1939 жылдың 18 қаңтарында Чита қаласындағы түрмеден Ақмоладағы еңбекпен түзету лагеріне ауыстырылған. 1943 жылы 3 мамырда лагерден босатылды[5].
  2. Лотта Айно Андреевна 1909 жылы Санкт-Петербург губерниясы

Никкорово ауылында дүниеге келген. Ұлты: фин. Білімі аяқталмаған жоғары. 1929 жылы Фин педтехникумын аяқтаған.Мамандығы бастауыш мұғалім.Покровский атындағы Фин Педагогикалық факультетінің студенті. Ленинград қаласында тұрған. 1938 жылы тамызда тұтқындалған.
КарЛагтың Батық бөлімшесіне 8 жылға еңбекпен түзету лагерінде жазасын өтеген. НКВД-нің 1939 жылғы тамыз айындағы шешімі бойынша мерзімін 5 жылға азайтқан. 1941 жылы 5 маусымда ұл баланы дүниеге әкелген. Бала ауыр науқаспен аштықтан қайтыс болған.1946 жылы лагерден босатылған[6].

  1. Сергей Захаров. 1880 жылы дүниеге келген. Ұлты: белорус. Мамандығы: педагог, этнограф, публицист. 1895 жылы Витебск қаласында діни семинарияда білім алған. 1945 жылы 9 маусымда сотталған. Тағылған айып: «анитсосеттік үгіт» жүргізгені үшін 5 жылға еңбекпен түзету лагеріне айдауға жіберілген. Мерзімін Карлагтың Долинка, Батық бөлімшесінде өтеген. 1950 жылы босатылып, Рига қаласына қайтып, 1954 жылы дүние салды.

4.Қожанова Гүлжиян – Орта Азия мен Қазақстан тарихындағы көрнекті тұлғалардың бірі «Үлкен қызыл террор» құрбаны Сұлтанбек Қожановтың әйелі. 8 жылға сотталған. Күйеуі Сұлтанбек Қожанов Орта Азиядағы КСРО жер Халық комиссары уәкілі.

Аталған адамдар туралы деректер табылса, мыңдаған есімдер әлі де зерттеулерді қажет етеді.

Карлагтан кейін Батық ауылының дамуы

50-жылдардың басында жалпы лагерлік жүйе жойыла бастағаны тарихтан белгілі. 1953 жылы Карлаг біртіндеп жойылғаннан кейін, оның жерінде 16 совхоз құрылды. Соның бірі Просторный совхозының бөлімшесі атанған Батық. Батық бөлімшесіне 1953-54 жылдары бейбіт тұрғындар көшіп келе бастады. Аудан орталығы Ақсу-Аюлының солтүстік- батысында 120 шақырым, Қарағанды қаласының оңтүстігінде 150 шақырым жерде орналасқан Батық ауылы 1978 жылы Просторненский асыл тұқымды мал зауытының негізінде қаланған. 1960-1990 жылдары Батық асыл тұқымды зауыты және ауылдық кеңестің орталығы болады. Жерінің жалпы ауданы – 98 мың 223 га.Ең жақын Жарық теміржол  торабы 50 шақырым жерде.

1980 жылдардағы «Красная-Поляна» совхозының (Батық жеріне жақын орналасқан) директоры Николай Данилович Дворук былай деген: «Орман-шөптері деген бірегей, керемет. Егер де оны  Донға  азатты казактар ғана ексе, онда бұл Сарыарқада — азатсыздар егеді. «Красная –Поляна»,және жақын совхоздар «Просторный», «Бұрма», «Батық», «Бидайық» жерлері Карлагтың бөлімшелері болған.  Карлаг кезінде үлкен жұмыстар атқарылған. Алғаш ағаш отырғызу 1935 жылдың күзінде 1936 жылдың көктеміне дейін 36 гектар жерді алып жатты. Сөйтіп жерлер біршама кеңейе түсті. Бұл жұмыстар 40-50 жылға созылды. Ағаш отырғызу жұмыстарымен айналысқан атақты ғалымдар еді. Карлагта отырған көптеген ғалымдар лагерлердің топырағын зерттеумен, топографиялық жұмыстармен, гидротехникалық, ботаникалық және т.б. жұмыстармен айналысқан.Солардың ішінде ауылшаруашылық ғылымының профессоры, докторы ботаник, өсімдіктанушы, селекционер Л.А. Пельцих болған. Ол «Қарағанды облысының Тельман және Жанарқа аудандарының өсімдіктері» атты еңбек жазған. Бұл Карлагта жатқан тұтқындардың алғашқы еңбегі болатын. Сарыарқа жеріндегі КарЛаг территориясына ормандар мен ағаштарды отырғызу ісімен мынадай тұтқын-ғалымдар айналысқан: С.А. Архангельский , А.А. Корнилов (Н.И. Вавиловтың шәкірті), А.А. Зайцева , И.К. Фортунатов және т.б.Олар  совхоздардың территориясына ботаникалық зерттеулер де жүргізген.Тұтқындар 700 –тен астам өсімдік түрлерін жинаған.Сонымен қатар жерлерді жасылдандырып, гүлдендіру үшін орман, ағаштардың түр-түрін еккен. Мысалы: алма ағашы, қарақат, шие ағаштар, таңқурай, бүлдірген,т.б. жеміс-жидектерді еккен.»[7]      Карлагтан кейін Батық бөлімшесі «Просторный» совхозының бөлімшесі ретінде құрылды. Сол кездегі «Просторный» совхозының директорлары: 1958-1975 жылдары  Николай Никифирович Давыдовский.Совхоздың бас зоотехнигі болып қызмет атқарған Евгений

Михайлович Гусак 1975-1978 жылдары совхоз директоры болып қызмет атқарған. Ал бөлімшенің басшыларын атайтын болсақ, 1970-1974 жылдары Купрей Борис Михайлович, 1974-1978 жылдары Химяк Богдан Михайлович қызмет атқарды. 1978 жылдан бастап қана Батық совхоз атанған. 1978 жылдың ақпанынан бастап қазақы ақ бас мал зауыты болып құрылып, совхоз ретінде жеке шығады. 1960-1990 жылдары Батық асыл тұқымды мал зауыты және ауылдық кеңестің орталығы болды.1978-1986 жылдыр аралығында ҚазКСР-нің асыл тұқымыды республикалық тресіне қараған.Бұл треске Қарағанды облысы бойынша Батық, Просторный және Красная Поляна кірді. Ауылда асыл тұқымды етті бағыттағы «ақбас сиырлар» өсіруге маманданған. Батық асыл тұқымды зауытының атынан Мәскеу қаласындағы Халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесіне (ВДНХ) салмағы 1 тонна болатын асыл тұқымды ақ бас ірі қара апарылған. Біршама жетістіктерге де жеткен. Батық асыл тұқымды зауытының алғашқы директоры Виталий Михайлович Жылкубаев 1978-1984 жылдар аралығында қызмет атқарды.Одан кейін Старченко Владимир Васильевич 1984-1986 жылдары совхоз директоры болса, оның орнына Бекен Смагулович Ғабдуллин 1986-1989 жылдары совхоз директоры болды. 1989-1995 ж.ж. Алимханов Жағыпар Төлеуханұлы совхоз директоры болды. 1978-1995 жылдары асыл тұқымды ақбас сиырларды «Элита» және «Элита-рекорд» деген атаумен мал зауытында асыраған.

Сол жылдардағы білім беру мәселесіне келсек, 1959 жылы бастауыш мектеп арнайы тіркеуден өтіп, білім беру мекемесі мәртебесін алған. Оның алғашқы директоры 1958-1962 жылдары Курликов Владимир Иванович болды. Батық бөлімшесінде алғашқы бір қабатты мектеп пен спортзалының 1963 жылы іргетасы қаланып, 1965 жылы пайдалануға беріліп, Батық 8-жылдық мектебі болып жұмысын бастады.

Батық асыл тұқымды зауыты ретінде 1978 жылы құрылғаннан бастап, халықтың әлеуметтік жағдайы, тұрмыс тіршілігі жақсарып, халық жұмыспен қамтамасыз етілген. Жұмысшылардың жалақысы басқа совхоздармен салыстырғанда көп болған. Ауыл шаруашылығының барлық саласы, атап айтсақ мал шаруашылығы, егін шаруашылығы, көкөніс шаруашылығы  дамыған.

 

 

 

Қорытынды

Қорыта айтқанда кеңес үкіметі кезіндегі Батық ауылының тарихы екі кезеңге бөліп қарастыруға да болады:

1.Карлаг кезіндегі Батық.

2.Карлагтан кейінгі Батық ауылының жағдайы.

Карлагтан кейінгі  шаруашылықтың барлық түрі дамығандықтан бұл жылдарды Батық ауылының гүлденген кезеңі деп айтса да, артық болмас деп ойлаймын.Жалпы ауылымыздың қазіргі кездегі табиғаты әсем. Өзені мен тәлімбағына қызыға қарап, туристік мүмкіншілігі мол ауылдардың қатарына жатқызар едім.

Ауылымыздың өткенін зерттеу кезінде біраз қиындықтар туындады.  Батық ауылы туралы ешқандай зерттеулердің болмағаны, Батық Қазыбайұлы туралы дерек көздерінің жоқтығы және Карлаг кезіндегі дамуы жайында мүлде ақпараттар болмады. Жазылған шағын жобамның келешекте жүйеленіп, үлкен еңбектер, монографиялар жазылар. Болашақ ұрпаққа жетуіне үлесімді қосып, ауылдың әр азаматы ауыл тарихын білу мүмкіншіліктеріне жағдай жасалар. Жазған жобамның түйіні ретінде өз шығармашылығымнан ауылыма қара  өлең арнадым:

Батық бабам бейіті тұр төбеде,

Қаз-үйректер,аққу жүзген көлінде

Азаппенен қиындықты көрсең де,

Алтын күндей сәуле шаштың жеріңе.