Ұлттық қолөнер — эстетикалық тәрбие негізі және қолөнер бұйымдарының жасалу жолдарының маңыздылығы.

 

Ұлттық қолөнер эстетикалық тәрбие негізі және қолөнер бұйымдарының жасалу жолдарының маңыздылығы.

 

І. Кіріспе.

 1.1. Өнер және бейнелеу өнерінің танымдық тарихы.

Рухани мәдениетіміздің зерттелу тарихын дәл мына уақыттан басталды деп басып айту қиын. Халықтық мәдениет қаншалықты көне болса, оның зерттелу тарихы да соншалықты тереңге таратады. Сол сияқты рухани мұрамыздың жиналу, саралану, насихатталуы да тереңге тамыр созады.
Мәдениет – қоғамның өмір сүруінің қозғаушы күші. Қазақстанның мемлекеттік басшысы Н.Ә. Назарбаев: «… бүгінгі таңда біздің төл мәдениетіміздің міндеттерін өзіміз айқындай алатын мүмкіндігіміз бар. Оны шешу мәдени санаткерлеріміздің еншісінде екенін атап көрсетті. Қазақ мәдениетінің үш мың жылдық тарихы ұрпақтарға жалғастық пен сабақтастық арқылы жетіп отыр. Мәдениеттің басты таратушылары болған көшпенді ата-бабаларымыз рухани қазынаны ең биік құндылыққа қоя алғандықтан және өздері сол рухани құндылықты бойына жинақтай да білді. Қазіргі бізге жеткен ұлттық салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрыптардың қайсысын алып қарасақ та осыны аңғарамыз. Кешеге дейін өткеніміз бен бүгінгіміз жалғастырған нәзік жіп үзілмей, ұрпақ пен ұрпақты байланыстырып келеді. Сәби кезімізден анамыздың әлдиі мен әжеміздің  ертегісін тыңдадық. Демек, ұрпақтар сабақтастығы үзілген жоқ. Мәдениетіміз тірі, оған серпін мен ырғық керек. Ғасырлар бойы екшеленген мұраларды бір сәт те естен шығармаған абзал» — деген.
Мәдениет – жеке адамның өмір сүру мақсаты мен құндылық жүйесі, адамның өмір сүрген ортамен қарым-қатынасы. Ол- өзара қарым-қатынас нәтидесінде қалыптасатын ерекше құбылыс.
Адамдар өздерін қоршаған ортаға, оның әлеуметтік және мәдени қатынасына әсер етеді, өзгертеді. Олар оны мақсатына пайдаланады. Болашақ қоғамға, ұрпаққа мұра етіп қалдырады, ал ол мұра белгілі жағдайда үнемі дамуда болады.  Мәдениеттің тұрақты жағы – мәдени дәстүр, соның арқасында тарихтағы адамзаттық тәжірибесіне сүйеніп, оны кемелдендіреді, дамытады.
Адамдар арасында келісім, ауызбіршілік, бірлік болмайынша, тұрақты дамуды бағдар тұтқан қоғамды қалыптастыру мүмкін емес. Сондықтан еліміз үшін басымдық танытушы идеяға айналған мәселе әлеуметтік-экономикалық қиындықтардан, әр түрлі тарихи кедергілерден мемлекетіміздің тұтастығын сақтай отырып, өркениетті елдер қатарына қосылу болып табылады. Бұл жерде мәдениеттің гуманистік –адамгершілік принциптеріне сүйену, рухани бағдарды ұстануы терең мағынаға ие болды. Өйткені мәдениеттің құлдырауы адамның  рухани дүниесін аздырады, оның шынайы даму жолынан ауытқуына әкеліп соқтырады. Бұл еліміздің ұлттық қауіпсіздігінің түп негізіне әсер ететін құбылыс болып табылады.

Өнер қалай пайда болды?
Батыс социологтары мен өнер теоретиктері әдетте өнерді «адам жанының құпия қасиетінен» немесе адамның  туысынан бірге болатын «тамашалау сезімінен». Өнердің шығуы жөніндегі мұндай көзқарастың теориялық негізі философиялық идеализм екенін түсіну қиын емес.
Кейбір батыс теоретиктері өнердің негізін жануарлар дүниесінен, атап айтқанда, құстардың шырылынан, олардың түлеуінен, хайуанаттардың ойынынан тағы басқаны іздейді. Сөйтіп, өнерді адамның табиғатқа еліктеуі деп түсіндіреді.
Ал өнерді тудырған қоғамдық қажеттіліктер қандай?
Адам еңбек процесінде айналадағы дүниені танып біледі. Бұл білім оған өте қажет, өйткені еңбек дегеніміз білімді қажет ететін мақсатты да саналы іс-әрекет. Алайда еңбек ету процесінде көздеген мақсатқа жету үшін білім ғана жеткіліксіз, ол үшін белгілі бір мінез-құлық сапалары, мысалы табандылық, ержүректілік, ынтымақтылық сезім және сондай-ақ қара күш сапалары – күш-қуат, төзімділік, ептілік тағы басқалары керек. Ал бұлардың бәрі адамға өздігінен келмейді, оларды тәрбиелеу қажет. Өнер сол сапаларды тәрбиелеудің маңызды бір құралы ретінде пайда болды. Қысқасы, өнерді тудырған қоғамдық өмір қажеттіліктері, біріншіден, дүниетану және, екіншіден, адамды тәрбиелеу.
Өнердің мынадай үш негізгі ерекшелігін атап көрсету керек: біріншіден, өнер шындықты бейнелендіру формасы, яғни дүниетану формасы; екіншіден, өнер қоғамдық сананың адам эстетикалық сезім тудыратын формасы /2/.
Өнердің шындықты бейнелендіру формасы ретіндегі ерекшелігі ең алдымен оның нені және қалай бейнелендіретінімен анықталады.
Егер құбылыс пен мән бір-біріне сәйкес келсе, демек, адам сезім мүшелерімен құбылыстардың мәнін тікелей танып біліп отырса, онда ешқандай ғылымның керегі болмас еді. Бірақ құбылыстың мәнін тікелей сезіну арқылы білуге болмайды. Ғылым заттар мен құбылыстарға тән жалпы, маңызды қасиеттердің, қатынастардың бейнесі, демек мәннің бейнесі. Бұл жалпы мәнді ғылым жалпы ұғымдар мен категориялар, заңдылықтар формасында бейнелендіреді
Өнер де жалпыны бейнелендіреді, бірақ оны абстракция формасында емес, жинақталған жеке образ формасында немесе, өнер тілімен айтқанда, типтік образ формасында бейнелендіріледі. Шындықта жалпы типтік образ жеке нәрселерде ғана өмір сүруде, демек, жеке нәрселер арқылы көрінеді. Сондықтан өнердегі типтік образ дегеніміз жинақталған, жалпыланған образ. Бірақ ол жалпыланған типтік образ жеке образ арқылы бейнелендіріп көрсетіледі.
Өнердің шындықты бейнелеу формасының ерекшелігі сол, ол көркем образ болып табылады.
Көркем образ дегеніміз ең маңызды, типтік образды жеке образ арқылы көрсету немесе өмірдің жалпы, маңызды типтік жақтарын жеке құбылыс формасында, яғни нақтылы сезімдік формада бейнелеп көрсету.
Демек, көркемобразды (бейнені) ұғыммен де, түйсікпен де теңгеріп қарауға болмайды. Көркем образдың ерекшелігі сол, ол жалпыны жеке арқылы танып білу. Нағыз өнер шығармаларындағы көркем образдар шындықтың сырт белгілерін бейнелемей, маңызды жақтарын бейнелейді.
Өнер – қоғамдық сананың идеологиялық формасы. Өнер идеологиямен екі тұрғыдан байланысты. Біріншіден, ол белгілі бір таптың мүддесіне қызмет етіп, оның саяси, моральдық, философиялық, эстетикалық және тағы басқалардың көзқарастарының насихатшысы және, екіншіден, ол адамдардың қоғамдық қатынастарымен тығыз байланысты, қоғамдық сананың басқа формалары сияқты, қоғам алдында тұрған әлеуметтік мәселелерді шешуге қызмет етеді.
Өнердің келесі ерекшелігі сол, ол – қоғамдық сананың эстетикалық сезім тудыратын формасы /3/. Суретші, жазушы шындық құбылыстарына тән эстетикалық сапаларды ашып көрсетеді. Сондықтан көркем шығармаларда өмір белгілі бір эстетикалық идеяларға сәйкес бейнеленеді, яғни өнер шындық нәрселері мен құбылыстарын көрікті немесе көріксіз, көңілді немесе көңілсіз, қайғылы немесе күлкілі деген сияқты категориялар формасында бейнелеп, баға береді.
Әдемілік, көркемділік адамның күнделікті өмірінде зор роль атқарады. Адамды қоршаған орта көркем болса, оның өзі адамды көңілдендіріп, еңбек пен өмір шабытын тудырады. Адам тек ғылым заңдарына сәйкес қана емес, «әдемілік заңы бойынша» да еңбек етеді деп атап көрсеткен болатын К.Маркс.
Өнер арқылы мәдениет өзінің тұңғиық тереңінде болып жатқан құбылыстерын дәп бір айнаға қарап көргендей, байқап отырады. Сондықтан да өнерді «мәдениеттің айнасы» деп анықтауда негіз бар. Нақты тарихи жағдайлар шеңберінде белгілі бір ұлттың, этностың мәдениетінде өнер аоқылы сол мәдениеттің әлемді және әлемдегі адамды түсінуін көреміз.
«Өнер» — мәдениеттің айнасы деп бекерде бекер айтылмаған. Ол мәдениеттің жаны, оның өзіндік танымының түрі. Сұлулық заңы бойынша адамның дүниені игеру барысында әдеби мәтіндерге, мүсінге, сәулет туындыларына, суреттерге, әуенге, биге және тағы сол сияқты негізделген өнер түрлері қалыптасады.
Өнер деп адамның рухани болмысына, сезіміне, эмоциясына әсер етіп, оны толғандыратын суреткер қолынан шыққан шығармашылық үлгісін айтамыз. Өнер – адами ақиқат, адамдандырылған «екінші әлем». Өнер, көркем бейне және жасампаздық тікелей әлеуметтік адам тұлғасымен байланысты категориялар.
Өнерде үйлесімділік ретінде танылған кемелділік бейнесі жасалады. Өнер арқылы адамның әмбебаптылығы ашылады. Өнер адамның шексіз болмыстық сұрақтарына жауап табуға талпыныс барысында гуманистік принциптерді қалыптастырады. Нәтижесінде, өнер тек белгілі бір қоғамның даму нәтижелерін көрнекілеп қана қоймай, сонымен қатар, әлеуметтік-рухани өмірдің күйіне әсер ететіндігін білдіреді.
Әсемдік, әдемілік, сұлулық сынды бірдеңгейлік ұғымдар мазмұнына негізделген өнер туындысы үшін адам мен қоғамнің еркіндік туралы түсінігінің мәні зор. Өнерді көп ойшылдар өз ләззаты, өз рахаты өзінде, ешнәрсеге тәуелсіз «мақсатсыз» мақсат көздегіштік деп анықтайды. Бірақ, бұл сипаттамалардан өнерді беталды, тізгінсіз әрекет деп түсінуге болмайды. Бұл тұста таза өнер мен кәсіп-өнерді ажырата білген абзал. Мысалы, неміс философы И.Кант таза өнер мен кәсіп-өнерді ажыратып қарастырды да, біріншісін – еркін өнері, екіншісін – табыс үшін жасалатын өнер дейді. Кант бұл жерде еркін өнер деп адамныңөзінің рухани болмысынан шыққан образды шешімдермен байланысты өнерді айтып отыр. Ал табыс үшін, сауда-саттық мақсатында жасалған өнер өзіне емес, өзгеге ұнау үшін, сатып алушы талғамына, сұранысына аңғайластырып жасалынады.
Өнердің жекелеген түрлерін және олардың бір-бірінен ерекшеліктерін білу, ажырату адамзатты көнеден бері толғандырып келеді.
Бейнелеу өнері – дүниені көзбен көріп түйсіну негізінде бейнелейтін пластикалық өнердің бір саласы.
Бейнелеу өнері негізінен кескіндеме, мүсін, графика жатады. Бейнелеу өнерінің белгілері архитектура, безендіру және қолданбалы өнерде көрініс табуы тиіс. Сондықтан шартты түрде оларды да бейнелеу өнері қатарына жатқызамыз. Сондай-ақ, театр, кино, теледидарға безендіруді, көркем дизайнды да бейнелеу өнері ретінде таниды. Бұл өнердің де негізінде адам, табиғат және заттық әлемді тұтастықта, бірлікте қарастыру жатыр. Бейнелу өнері дүниені байқау, бақылау, көру нәтижесінде оның көркем бейнесін жасайды. Әр ғасыр, дәуір, кезеңде пайда болды. Бейнелеу өнерінің туындылары өзіндік бейнелеу жүйесі мен көркемдік үндесудің түрлі типтерін құрайды. Бұл өнер танымдық, құндылық және қарым-қатынастық қызметімен де ерекшеленеді. Уақыттық даму процесі басқа өнер түрлеріне (әдебиет, музыка, театр, кино) қарағанда бейнелеу өнерінде шектеулі, ол негізінен кеңістіктік ауқымымен ерекшеленеді. Суретші өз көзімен көріп, түйсінген шындығын сол сәттегі қалпымен көрсетуге ұмтылады. Өмір құбылыстары түптік жағынан таңдап алынып, заманның тірлік-тынысы жан-жақты көркемдік қуатпен беріледі. Бейнелеу өнерінің көркемдеу құралдарына сурет, түрлі түс, пластика, жарық пен көлеңке композициясы, ырғақ жатады. Шығармалар заттық материалдан дайындалатындықтан оған пәндік, заттық болмыс пән. Бейнелеу өнерінің әр жанры қоршаған әлемнің бейнесін түрліше береді: кескіндеме түрлі түсті бояуды, графика түрі сызықтардың қиылысуын, көлеңке мен жарықтық астасуын, мүсін пластикалық үш өлшемдікті пайдаланады.

Ғылыми жұмыстың мiндеттерi: Ұлттық қолөнерді зерттеу арқылы шығармашылық жұмыстармен айналысуға қоғамға ықпал ете отырып, эстетикалық тәрбиеге жол сілтеу.

  Ғылыми жұмыстың құрылымы: кiрiспеден, екі тараудан, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тiзiмiнен, қосымша­ әдебиеттер және суреттерден  тұрады.

 

 

2.1. Қолөнер — сырлы өнер.

Қазақ қолөнерінің өзіндік көпғасырлық шежіресі бар. Халық шеберлерінің қолынан шыққан бұйымдар ХІХ ғасырда Петропавлдың, Көкшетаудың, Төменгі Новгородтың және т. б. қалалардың көрмелерінің көркі болғаны анық. Бұйымдардың дайындалу тәсілі мен жасалу жолдары атадан балаға мирас болып қалып отырған. Керемет сырмақ, текемет, төсеніш, алаша, тұскиіз, қабырғаға ілінер кілемдер және т. б. киізден жасалған бұйымдар көздің жауын алар қазақша ою- өрнектермен әсемделіп, жануарлар бейнелері, өсімдіктер суреттері, әртүрлі геометриялық сызулармен өрнектелген. Сонымен бірге ертоқымды күміспен, сүйекпен әсемдейтін, қамшы өретін, асыл бұйымдар жасайтын шеберлер де болған. Біртендеп тұрғылықты өмір салтына көше бастағандық олардың өнерлеріне басқаша бағыт бере бастады.
Ағаш шеберлерінің өнері де өте жоғары бағаланды. Олардың қолынан шыққан бұйымдар сол замандағы омір салтына, тұрмыс- тіршіліне байланысты болды. Сүйектен ойылып өрнектелген, асыл тастармен апталған заттар халық шеберлерінің мәртебесін көтерді.

Халықтық сәндік-қолданбалы өнер — әлемдік көркем мәдениеттің негізі. Даналық пен әсемдіктің таусылмас қайнар қөзі. Онда сан ұрпақтың түрлі материалдарды: ағаш, саз, жүн, металдарды өндеу тәжірибесі бейнеленген.
Көне дәстүрлерді көздің карашығындай сақтап және байыта отырып, халықтық қөркем қолөнер кәсібі қазіргі мәдениеттің айқын құбылысы болып, үй тұрмысының маңызды және бөлінбес құрамына айналды. Қолөнер туындылары қайталанбас және алуан түрлі: әсем әшекейлерден және шағын ойыншықтардан бастап күрделі кестеленген композицияларға дейін және көлемді кілемдерді, тоқыма матадан жасалған көп заттық жиынтықтарды, шыны, ағаш және металл бұйымдардарын қамтиды. Пішіндердің ықшам да мәнді үйлесімі, түстердің жоғары талғамы, өрнектердің әсемдігі, композициялық шешімі, көздің мүлтіксіздігін, колдың дәлдігін және қиял ұшқырлығын ұштастырып, шебердің өзіне тән тәсілдермен орындауына жеткізеді.

 

 

2.2. Ұлттық киімді сәндеу. Зергерлік өнері.

Қазақтың ұлттық киімі ғасырлар бойы қалыптасқан және айналадағы ортаға желді, аязды болып келетін аңызақ даладағы тіршілікке бейімделген халық мұрасының құрамдас бөлігі болып табылады. Оның арапайымдылығы, үйлесімділігі, жүріп-тұруға қолайлылығы – басқа жұрттардың киім-кешегі  сияқты әуел баста адамның тәнін жауып, мағынасыз және ойдан шығарылған ғаламаттардан, ал кейіннен денені ыстық-суықтан, қуаң желден, әсіресе мал айналасында болатын маса – шыбыннан қорғауға қажет болғандығын аңғартады. Киімді әшекейлеу, жағасына, өңіріне, етек-жеңіне кесте тігіп, оқа бастыру, зерлі жиектер жүгірту, киімді безендіруге қымбат металдар мен асыл тастардан түзілген әткеншектерді пайдалану көбіне әсемдікке құштарлықтан емес, дала қауымында жеке меншіктің пайда болуымен байланысты үстемдік етушілердің байлығын, әлеуметтік өміріндегі алатын орнын баса көрсету қажеттігінен туған болуы ықтимал. Өйткені даланы мекендеп үнемі малмен бірге көшіп-қонып жүрген елдің де, кедейшіліктің тауқыметін көп тартқан егіншілердің де сәндік құруға уақыты да, қаржысы да жете бермесе керек. Халық арасында кең тараған «сұлуынан жылуы» деген сөз де, сол көне заманнан қалған болуы мүмкін. Әйтседе, киім-кешекті әшекейлеу бірте-бірте ғасырлар өткен сайын қалыптасқан дәстүрге айналады да, әрбір ұрпақтың талғамына лайық өмір талқысынан өтіп, ұлттық киімнің бөліп қарауға болмайтын және оның өзіндік ерекшеліктерін баса көрсететін ыңғайластығы болып қала берген. Соңғы 15-20 жылда жүргізілген этнографиялық зерттеулерге қарағанда, қазіргі ғылыми-техникалық прогрестің, жаңа моданың әсерімен, сол сияқты қазақша киімнен ешбір хабары жоқ, ұлттық дәстүрлерге жатпайтын жалған элементтермен көбірек айналысатын, бірақ өздерінің туындыларын кино, телевизия, театр қауымы мен концерттік ұйымдар арқылы тықпалауға мүмкіндігі бар кейбір суретші – модельерлердің орынсыз, араласуынан ұлттық киімнің пішішінде немесе тігісінде ғана емес, тіптен үкі қадауға да әр қилы өзгерістер пайда бола бастағандығын аңғаруға болады. Оның барлығын былай қойғанда біздер ғылыми мақсатқа орай немесе музей қорын толықтыру үшін ел арасынан сатып алып жүрген ең дәстүрлі киідердің өзінен де аздап та болса байқалатын түр өзгерістер көрініп жүр. Ұлттық киім – көненің көзі, бізге жеткен материалдық мәдениеттің жетістігі. Оны ескерткіш ретінде болашақ ұрпаққа сақтау қажеттігін ескерсек, мұндай жағдайларға үзілді-кесілді тыйым салған жөн.

 

 

2.2.1. Ұлттық қолөнер — эстетикалық тәрбиенің негізі.

Халқымыз қолөнерді ертеден қастерлеп бағалай білген. Атадан балаға ұласып келе жатқан осы дәстүр кейбір жерлерде ұмытыла бастаған сияқты. Қазіргі дизайнерлер, суретшілер неге қазақтың ұлттық нақыштағы ою-өрнегін қолданбайды, өзінің туындыларына кірістірмейді. Сыртқы жарнамада, үй жиһазында үй  интерьерінде аз қолданауда, кейбірі тіпті қолданбайды. Көпшілігі Европалық немесе шығыстық (Қытайлық) стильді таңдайды. Бұған себеп дизайнердің тұтынушыға ұсынатын стилі де осындай. Ұлттық стилдегі ұсынысы  болмаса, ол үйлесімсіз, көңілге қонымсыз болып келеді. Бұған тосқауыл қою жолы баршылық, соның бірі бейнелеу өнерінің мәртебесін көтеру қажет.    Бейнелеу өнерінің әртүрлі салалары көп. Мысалы, ағаш өңдеу, жүн,қыл өңдеу. Бұл тек ұлттық өнерге қатысты саласы. Осылардың барлығына дерлік ортақ ою-өрнек. Халықтың ұлттық нақышын көрсететін, өзге ұлттан ерекшелейтін ою-өрнек.
Қазақ халқының ою-өрнектерінің тарихын қазақ ғалымдарының ғылыми түрде саралай бастағанына небәрі елу жылдың жүзі болыпты. Төл өнерімізді зерттеуге Еуропа ғалымдары мен жиһангездері елеулі үлес қосты. Мысалға айтсақ, В.Вопсалов, А.Хедона, саятшы Дженкинсон, Р.Карутц, С.Дудин, В.Радлов, М.В.Рындин т.б. Олар қазақтың ою-өрнектерін ғылыми тұрғыдан талдап, шығу тегіне сипаттама беруге тырысқанымен олардың жасаған тұжырымының бәріде қазақ ою-өрнектерінің ішкі ұлттық табиғатын, мазмұнын аша алмаған еді. Бұл орайда қазақ ою-өрнегін алғашқы рет зерттеген қазақ ғалымы Т.Бәсенов былай дейді: «Қазақ ою-өрнегін зерттеуде әр уақыттың, әр саланың ғалымдары көп еңбек етті. Бірақ бұл зерттеулер халық ою-өрнегінің жұмбақ тілін жете түсіне, шынайы сырына үңіле алмады. Олар өз ойларын халқымыздың өнер кілтін ашатын тума тілде емес, шетелдік жат тілде, өзге халыққа деген астамшылық көзқараспен саралады. Өнерін зерттеп отырған халықтың тілімен зерттеушінің ойы мен тілінің үндестік таппауы көптеген бұрмалаушылыққа, тіпті елеулі ағаттықтарға әкеп соқтырды». Осыған қарағанда осы өнердің зерттелмеген қырлары мен қайта қарастырылатын мәселелері бар екенін аңғартады. Әрине, тәуелсіздік алғаннан бері халқымыздың жанашыр ғалымдары көп еңбектер жасай бастады. Мысалы, ою-өрнекті зерттеген ғалымдардың еңбектерін біріктіріп «Қазақ ою-өрнектері» атты жаңа энциклопедия жарық көрді. Оның авторы М.Ш.Өмірбекова (Алматы кітап 2003) [1.3б]
Шынында да қазақ тұрмысында ою-өрнектің араласпайтын саласын табу қиын, қисса-жырлар мен дастандарда, батырлардың ат-әбзелдерін немесе арулардың киімдері мен күймесін суреттегенде тыңдаушының көз алдынан ғажайып нақыштар өтері анық. Осындай әсемдік әлемін өз көзімен көрген ғалым А.С.Фелькерзам қолөнерді, әсіресе, кілемді терең зерттей келе, Азияны «Үлкен этнографиялық» музей деп атаған. [1.26б]
Халқымыздың рухани байлығының қайнар көзі болып табылатын осынау құндылық бүгінде азаматтығымыздың нысаны – көк байрағымызды да көріктендіріп тұр. Көп жағдайда халықтың тілін, мәдениетін білмесек те қолөнерімен бейнеленген оюларға қарап, қай халықтың қазынасы екенін танып білеміз. Өйткені ою-өрнек әр халықтың таңбасы, сол елдің бейнелеу өнерінің көнеден келе жатқан мәдениеті. Ал осындай құндылықтың маңызын бірі білсе, бірі білмейді. Эстетикалық тұрғыдан дамымаған адам өзін қоршаған ортадан тек оқулықтан нұсқаумен жарлықтардан алдын ала белгілі болған, есінде қалған нәрселерді ғана көре алады. Маңайындағы әдемі әсемдікті көре алмайды, өзінің ой елегінен өткізе алмаған, ол ештеңені түсінбейді. Басына қиын іс түскенде ол адам әрқашан сасқалақтап, қандай шешім қабылдарын білмей дал болады. Қиял – қоршаған орта әлемін қабылдауға адамның белсенділігін қамтамасыз ететін жан-жақты адами қабілеттілігі болып табылады. Эстетикалық мәдениеті дұрыс қалыптаспаған адам ғылымда, саясатта және қоғамда өзгелермен тіл табысуда мәденитті түрде адамгершілікпен әрекет жасай алмайды.

 

2.2.2.  Қолөнер бұйымдарының жасалу жолдары.    Қолөнер – ежелден келе жатқан кәсіп. Ол халықтың өмірімен, тұрмысымен бірге дамып, ұрпақтан ұрпаққа беріліп отырады. Өнер туындыларының иесін шебер деп атаған. Қолөнер шеберлері табиғаттың әсем көріністерін қолөнер бұйымдарында жиі қолданған. Қолөнер дүние жүзінің әр халқында бар. Сонымен қатар әр елдің, әр халықтың тарихи дамуына, тұрмысына, тарихи ерекшелігіне және эстетикалық талғамына байланысты өзіндік ерекшелігімен өшпес із қалдырып келеді. Қазіргі кезде қолөнер элементтерін үй интерьерінде, киім сәндеу кезінде, бас киімді әшекейлегенде көп қолданып жүр. Оның орындалу технологиясына да ерекшеліктер еңгізіп отыр. Мысалы, ою-өрнекпен әшекейленген бұйымда қатырма жапсыру, моншақтармен, түрлі түсті тастармен безендіру жиі кездеседі. Неше түрлі жібек, жылтыр люрекс жіптері қолданылады. Дегенмен, көне заманнан келе жатқан қазақ қолөнері өз халқының дәстүрлі көркемдік мұрасын сақтап қалған. Сол қолөнердің бір түрі – кесте тігу. Бірақ ерекшелігі – кестені ұсақ моншақпен, кішкене түйме тәріздес долмалақ жылтыр материалмен орындау. Моншақпен тек киімді ғана емес, жаулықтарды, неше түрлі сувенир заттарды кестелеуге, панно тігуге болады. Моншақтардың тесікшелері өте кішкентай болғандықтан, жіңішке ине алған жөн. Жіп моншақпен түстес болу қажет.
Қолөнерде жүнді пайдалану. Қазақ қолөнерінде пайдаланылған негізгі шикізат түрі — жүн. Оның табиғаттық қасиетіне зер салып, тиімділігі мен күнделікті тұрмыста қолайлы жақтарын қарастыра отырып, әдемілік жағына да көңіл бөлінді. Бүгінге дейін дәстүрлі қолөнер түрі – киіз басу. Бұл көне заманнан бері әйгілі. Бұрын киізді қара немесе ақ түсті етіп басқан, соңғы кезде оюлап басу кеңінен тарап кетті. Жүннің пайдалы да, сонымен қатар зиянды жақтары да бар. Жүннен жасалған бұйым, әрине, жылы, төзімді келеді. Ал гигиена тұрғысынан қарағанда – шаң, ауа өткізгіштігі төмен. Бірақ қазақтың киіз басу өнері жойылған жоқ.
Кілем ерте кезден қазақ тұрмысында киіз үй мүлкінің бірі болып есептелсе, қазірдің өзінде де маңызы жойылған жоқ. Кілем – арнаулы қарапайым өрнек арқылы ерекше түр салынып, әрбір шаршы метріне шамамен 230-400-ге дейін, ал өнбойына бір миллионға жуық жіп тіндерін кетіріп өте тығыз тоқылатын аса бағалы бұйым. Жазбаша ескерткіштерге қарағанда, бұрыңғы замандарда киіз үйдің ішінен ұстап, еденіне төсеумен бірге, кілемді киіз үйдің туырлық пен үзігі орнына да жапқан.
Кілемнің үй тұрмысында ұзақ тұтынылуы, оның өте беріктігі мен төзімділігіне байланысты болса керек. Сонау көне заманнан бергі келе жатқан халықтың дәстүрлі үй мүлкінің бірі — кілемнің құндылығы жағын сөз етсек, ол өзінің қолданылу жағынан көптеген материалдардан, тіпті металдан да асып түседі десек, артық айтпаған болар едік. Өйткені, кілем тұтынуға төзімді, оңайлықпен тозбайтын, жыртылмайтын, шаң-тозаңнан тез тазартылатын, ылғалдық пен құрғақшылықты елең қылмайтын, күйде түсуден де қорықпайтын аса бағалы мүлік. Оны алтын, күмістен қымбат бұйымдар сияқты баршылықтың, байлықтың бір белгісі деп білген.
Кілемнің осындай қасиеттеріне байланысты қай кезде, қай заманда болмасын, кілемді, одан жасалатын мүліктерді көбінесе тек қой жүнінен тоқыған. Әсіресе, Орта Азия мен Қазақстан территориясында тоқылған кілемдердің сапасы мен түрі, түсі өте жоғары бағаланған. Оның себебі кілем тоқуға пайдаланылатын қой жүнінің сапалылығын жоғарыда аталған аймақтың шөбі мен суына, табиғаты мен климатына, бұл жерді жайлаған түркі халықтарының ішіндегі, әсіресе, қазақ халқының табиғи таланты мен тіршілігіне байланысты екендігі анықталып отыр. Өйткені, кілем тоқылуға жұмсалатын қой жүнінің ең сапалысы, жіңішке жібектей мамық жүннің алынатын оралығы – Қазақстанның оңтүстік облыстарынан бастап шығыс жағын тегіс қамтиды. Сондықтан да бұл аймақта кілемнің сапалы түрлері көп. Көктемде қырқылып алынатын қойдың жібектей жіңішке, мамық жүні бұл маңайда ерте заманнан мақтамен қатар маңызды орын алған. Осыған орай бұл жерде қой жүнін өңдеуді де көне дәуірден білген. Мақтаны тек кілемнің негізін салу үшін пайдаланған. Әрине, бұдан кілем тек қана қой жүнінен басқадан тоқылмайды деген ұғым емес. Мәселен, Робинсонның еңбегінде туысқан өзбек халқының кілемді арқар жүнінен де тоқығаны сөз болды. Кейбір түркімен кілемдерінде мақтаны түр, өрнек салуға пайдаланумен бірге кейде жібектен де кілем тоқыған. Біз бұл еңбекте Орта Азия және Қазақстан жеріндегі кілем тоқу өнері жайлы қысқаша тоқталып отырмыз. Өйткені бұл туралы бұрын-соңды жарияланған еңбектер баршылық.
Ал кілемнің қазақ арасына тараған түрлеріне келетін болсақ, олар мыналар: масаты кілем, қалы кілем, жібек кілем, бұхар кілем, терме кілем, түрікмен кілем, сарыаяқ кілем, парсы кілем, шешенгүл кілем, пәтінісгүл кілем, алтыауыл кілем, мәскеугүл кілем, т.б. түрлері көп-ақ.
Кілем үлгілері әр түрлі әлеуметтік шындықты бейнелейді. Қолөнер шеберлері өз еңбектерінде ұлттық ою-өрнектермен қатар қазіргі заман тынысын бейнелейтін жаңа түр тапты. Қазіргі кілемдер өрнегінен космос, алып құрылыс, өскен ауыл өмірін көруге болады. Демек, қазақ арасына бұрыннан көп тараған жоғарыдағы кілем атаулары тектен-тек қойыла салмаған, аталған түрлердің өзіндік ою-өрнектері, тоқылу технологиясы мен тәсілдері барлығы сөзсіз. Олардың бояу, тоқу, түр салу әдістерінен-ақ әрқайсысының бір-бірінен өзгешелігін, тіпті қай облыстың кілем тоқу үлгісі екенін де байқау қиын емес.
Алматыдағы кілем фабрикасы республикамыздағы сюжетті ою-өрнекті кеңінен пайдалана отырып, кейде тіпті сирек кездесетін кілем түрлерін де шығарып бірден бір үлкен мекемеге айналуда. Азғана уақыт ішінде қазақтың өрмек тоқу өнері толығынан игерілді. Жұмыс өнімділігі айтарлықтай нәтижеге жетті. Фабрика жиырмаға жуық кілемді еліміздің музейлеріне жіберді.
Дүние жүзіндегі ең үлкен кілем ең алғаш 1959 жылы Ашхабадта тоқылды. Оның көлемі 192 шаршы метр еді. 1965 жылы Түркімен шеберлері мұны екі есе ұлғайтты. Бұл кілемнің көлемі 252 шаршы метр, салмағы бір тоннадан асады. Армян шебері Акоп Кемешян көлемі 46 шаршы метр кілем тоқыды. 1966 жылы Витевск кілем комбинаты көлемі 144 шаршы метр кілемнің салмағы 300 кг түкті кілем тоқыды. Қазақстан кілемшілерінің ішінде 1926 жылы Париж көрмесінде бәйге алған қарт ана Барлыбаева Рымжан, 1950 жылғы республикалық көрменің жүлдегері болған. Әрине, арнайы жасалған кілем тоқитын заманымыздың соңғы жаңалықтарымен толықтырылып жасалған станоктар ауылдық жерлерде кездесе бермейді. Енді сол ауылдық жерде атазаманнан бері пайдаланылып, бірақ, соңғы кезде азайып жатқан қарапайым станоктың кейбір атауларына тоқталып, ондай атауларға түсіндірмесін беруді мақұл көрдік.
Төсек, кейде оны желі деп те атайды. Демек, төсектің немесе желінің ұзындығы бес метр, ені екі жарым метр шамасында болады.
Кергі ағаш – кілем тоқылатын, желінің басынан және аяғынан кілем тоқылатын орында жүгірілген жіпті керіп тұратын ағаш. Оның тек қана ағаш болуы шарт емес, үй иесінің тапқан материалына қарай оның кейде құбыр тәріздес затқа немесе қазыққа мықтап керілген жуан арқан болуы да мүмкін. Керілген төсек-желінің жалпы саны орта есеппен еркегі – 600 (үстіңгі) жіп, ұрғашысы – 600 (астыңғы) жіптей болу керек. Үй иесінің тоқылатын кілем мөлшеріне қарай желі мөлшерінің бұдан аз да, көп те болуы мүмкін.
Белағаш – кілем тоқу үшін керілген жіп желісін күзу арқылы байланыстырып тұратын көлденең ағашты белағаш деп атайды.
Адарғы – керілген жіп желісінің шатысын немесе күзусізін бетіне шығарып, былайша айтқанда еркек жіп пен ұрғашы жіпті ерсілі-қарсылы, жоғарылы-төменді алмастырып тұратын белағашпен қатар жатқан ағаш.
Аяқ – белағашты көтеріп тұратын, аша басты тіреу ағаш. Керілген желі – төсек жіптің белағашының екі басына тіреліп қойылады.
Еркек жіп – кілем тоқу үшін керілген желі жіптердің күзуде тұрған үстіңгі жіптері.
Ұрғашы жіп – керілген желі, төсек жіптің төменгі күзусіз жіптері.
Күзу – керілген желі, төсек жіптің орта шенінен көлденең түскен белағашпен еркек жіпті жалғстырып тұратын жіп.
Тарту жіп – белағаштың үстінен екі басына бекітілген күзуді тартатын жіп.
Шатыс – керілген жіп желілерінің, яғни еркек жіп пен ұрғашы жіптердің күзу арқылы адарғының көмегімен айқасу. Былайша айтқанда шатыс ардағыны шеңбердің өзіне қарай тартқанда ұрғашы жіп жоғары шығып, оны кейін итергенде еркек жіп жоғары шығып, алма кезек айқасып отырады. Мұндай құбылысты шеберлер шатысу деп атайды.
Шалу – керілген желіге салынатын түрлі еркек жіптен алып ұрғашы жіпке шалып орағанды шалу немесе түр шалу деп те атайды.
Арқау – еркек жіп пен ұрғашы жіптің арасынан әрлі-берлі өткізілетін бас жағындағы кергіге шатысты ұстап тұратын жіп.
Жіп шалу – кілем тоқу үшін керілген жіп желісінің үзілуін жіптің қашуы деп атайды.
Жіп жалғау – керілген желі жіптерінің үзігін немесе қашқанын тауып байлау. Егер ол байланбаса кілемге салынып жатқан түр қисық түсуі мүмкін.
Сирексіту – керілген жіп желілерінің арасынан арқау өткізілген соң ұйысқан жіп аралығын тоқпақпен (мұны кейде тарақ дейді) түйгіштеп сол желі жіптерінің арасын ажырату.
Тоқпақ – керілген желідегі еркек жіп пен ұрғашы жіптің арасынан арқау жіп өткізілгеннен соң, жіп арасын түйгіштейтін шеге тісті ағаштан жасалған құрал. Мұны тарақ деп те айтады. Өйткені бір жағынан тараққа ұқсайтындығы бар.
Қайшы – керілген желідегі жіпке шалынғаннан соң тегістеу үшін пайдаланылатын құрал. Осы қайшы арқылы түгі қырқылып тегістеледі.
Ши тоқу өнері бұрын көшпелі және жартылай отырықшылдықта тіршілік еткен Орта Азия халықтарына (қазақтар, қырғыздар, түрікмендер, жартылай отырықшы өзбектер, қарақалпақтар) көне заманнан белгілі. Күнделікті тұрмыс пен шаруашылық қажетіне тоқылған ши қазірге дейін кең түрде пайдаланылып келеді. Оны киіз үйдің құрамы бір бөлігі ретінде кереге сыртына тұтуға, сондай-ақ қазақтар мен қырғыздарда оларды үйдің ішіндегі аяқ-табақ, ошақ басын қоршап қою үшін де қолданады. Тоқылған шиді киіз үйдің есігінде ұстау үшін де пайдаланады. Сондай-ақ киіз үйге төселген киіздің ылғал тартып бүлінбеуі, тез тозып қалмауы үшін төсеніші ретінде киіз астына төсейді.
Тоқылған шиді қазақтар сияқты қырғыздар да, жартылай көшпелі басқа да шығыс халықтары да пайдаланып келді. Мәселен, оны құрт жайып, тары сүзу үшін шыпта жасау сияқты күнделікті тұрмыс қажетіне де ерте заманнан-ақ пайдаланған.
Тығыз тоқылған шиді күннің суық кезінде киіз үйдің керегесіне тұтқанда үйдің жылы болуына әсері тисе, күннің жылы кезінде туырлығын жоғары түріп қойып, үй ішін салқындатуға жақсы.
Ши өңдеу, тоқу өнерімен қазақтар, қырғыздар, сондай-ақ Орта Азиядағы басқа да халықтарда көбіне әйелдер айналысқан. Жай ғана ақ шиден өзіне керекті күнделікті тұрмыста пайдаланылатын затты әрбір әйел өздері тоқып алады.
Ерте кезде тұрғын үйдің негізгі түрі тек киіз үй болған уақытта ши дайындауға топталып, әйелдермен бірге ер кісілер де баратын болған. Ерлер жағы ши өсімдігін түбімен қопарып оны түйеге, езгіге немесе атқа арту сияқты ауыр жұмыстарды атқарған. Шиді күзге қарай дайындаған.
Ши тоқу үшін ашасы бар екі ағашты белгілі қашықтықта тіке қадап, екі ашаға көлденең ағаш қойып, арнайы жасалған қарапайым станок пайдаланылады. Оны үйдің ішіне, жабық қораға немесе бастырманың астына орнатады. Киіз үйдің ішінде станоктың екі жағындағы ашалы ағашы керегеге байланып (екеуінің арасы қандай нәрсеге арналып тоқылатын шидің еніне байланысты) төменгі жағы жай ғана жерге бекітіледі. Ашаның үстінен көлденең қойылған сырықтың биіктігі түрегеліп тұрып істеуге ыңғайлы болуы тиіс. Өйткені, қой жүнінен көбінесе қоңыр жүннен иіріп, тас немесе басқадай салмақты зат байлаған және бір біріне қарама-қарсы орналасқан екі жіптің екеуін екі қолмен ұстап тұрып, кезекпе-кезек қарсы бағытта сырықтың үстінен асырып отырады. Ондай жіптің арасы 10-15 см болады да, саны жиырма-отыз шамасындай болуы мүмкін. Сөйтіп, көлденең сырықтың үстіне қойылған бір ши бастан-аяқ байланып болған соң екіншісі қойылады, осы тәртіп ши тоқылып біткенше қайталанып отырады. Алғаш тоқи бастағанда төрт шиден ғана қабаттап бекіту шарт емес, оны үш шиден де крест салып байластыруға болады. Мұны ши тоқушылар «шыбын қанат» деп атайды. Тоқылған шидің алғашқы бастамасы мен соңғы аяқталу кезеңінде шамамен алғанда 20-40 см болуы керек. Бұл шидің екі шеті қалың болып, тез тозып қалмауына себебі тиеді. Ши тоқушылар тоқылған шидің бұл бөлігін қарақұс деп атайды. Шиді байлау үшін қарақұсқа бекітілген бауды шибау деп атайды.
Қазақ халқының саласында ши өңдеу, оған жүн орап, өрнектеп безендіру, түр салып тоқу ісі де ғасырлар бойы атадан балаға мирас қалып жатқан ұлттық өнері болып табылады. Ши бұйымының жалпы сырт көрінісіне қарай: ақ ши, ораулы ши, шым ши деп үш топқа бөлінеді. Мұндай ши түрлері қазақ арасында әрқайсысы өз орнымен әр түрлі мақсатқа пайдаланылады. Мысалы, қабығынан тазартылған ақ шиді көбінесе, ірімшік, т.б. жаю үшін, сондай-ақ сүзгіш шыпта жасау, үйдің төбесін біртегіс сылауға ыңғайлы болу үшін қолданылатын болса, ұзына бойы түсті жүнмен немесе жібекпен оралған шым ши киіз үйдің сәнді жиһазының бірі болып есептеледі. Ал өн бойы тұтас оралмай әр жерінен аралатып оралатын шиді орама ши немесе ораулы ши деп атайды.
Демек, киіз үйдің керегесін орай тұтуға көбінесе жоғарыдағы айтылған шидің соңғы екі түрі: шым ши мен орама ши пайдаланылады. Шым шиді кейде «жез ши» деп те атайды (бұл ерте уақыттағы жез оралған кезден қалған атау болса керек).
Шым ши тоқу – қазақтың қолөнер саласындағы ұлттық өнерінің ерекше бір түрі. Өрнектеп шым ши тоқуда болсын, халықтың қолөнерінің қайсыбір саласында болмасын, қазақ әйелдерінің шеберлік, көркемдік талғамы өзінің табиғи шынайылығымен көз тартады.
Шым ши тоқуда, негізінен, оюдың композициялық құрылысының маңызы ерекше. Бұл саладағы қазақ шеберлерінің қолданып жүрген қазіргі барлық ою түрлерін композициялық жағынан: толық жекелеген және тұтас ою, бір беткей ұзындық ою (компоненттері бойлай да, көлденең де тепе-теңдіктегі ұзындық ою) болып бөлінеді. Шым ши тоқу өнерінде кездесетін қазақ оюларының ішіндегі жоғарыдағы аталған жекелеген және тұтас ою формасын «Шаршы ою» деп те атайды. Оған белгілі геометриялық фигурадағы төрт бұрышты, дөңгелек, үшбұрышты, тағы басқа көп бұрышты оюларды жатқызуға болады. Олар шым шидің бетін тұтас сәндеуге қолданылады. Мұндай оюлардың қайталанып келіп отыратын күрделі композициялы қиын түрлері сәуле, шахмат, ұзындық оюларды ашық жерге түсіргенде сол мотивтегі бөлшектермен оюланып, жиектеледі. Бұл сияқты шым ши бетін әшекейлейтін қазақ, қырғыз оюларының негізі – кейбір геометриялық мотивтегі элементтер мен өсімдік және зооморфтық, тағы басқа оюлардан құралған ба, деген ой келеді.
Шым ши тоқуда геометриялық ою элементтері ромбы, төрт бұрыш, шаршыдағы жұлдыз, үш бұрыш, көп бұрышты немесе сүйірлі бұрыштанып келген крест тәрізді болып келеді. Бұдан геометриялық ою элементтері шым ши тоқу өнеріне ғана сақталған екен деген ой тумау керек. Мұндай оюлар ерте заманнан керамика, үй құрылысында және күнделікті үй мүліктерінде алаша, кілем, киіз өрнектеу салаларында жақсы сақталған. Алайда геометриялық оюдың шыққан тегі анықталады деп үзілді-кесілді айту қиын. Дегенмен, мұндай оюлардың түрі алғаш рет еңбек құралдарын бейнелеу, кейіңгі бақташылық дәуірде үй жануарлары мен жабайы аңдарды белгілі жерге дағдыландыру орандарын суреттейтін бізге келіп ромбы, көп бұрышқа ұқсас қолдан тоқылған кескін үйлесімімен шықты деп шамалауға болады.
Осыдан біз халық қолөнер шеберлерінің ұзақ жылдар бойы көшпелі тұрмыс жағдайына сәйкес жасаған заттары негізгі кәсібіне орайлас өрістегенін байқаймыз.
Өрнектеп ши тоқу өнерін де қазақ шеберлері қолданған. Олардың ши бетіне салған түрлері жүзтеру деп аталады. Әр қайсысы шаршыға тең алты шаршыдан кейін, оның екі жағынан шыбық ши, одан кейін, алақан ши жалғасады. Алақан шиге түр салынбайды. Көшіп-қонағанда түр салынған жағы түтіліп, тез тозып қалмау үшін, алақан ши шым шидің екі жағынан салынады. Кереге сыртынан бір босағадан екінші босағаға дейін, шиді айналдыра тұтуды – ши ұстау деп атайды. Ұсталған шидің екі шетіндегі керегеге байланатын жіпті шибау дейді. Халық шеберлері табиғаттың байлығын өздерінің күнделікті тұрмысында қажетке жаратуға өте ұста болғанын ертеден-ақ білеміз. Оған керегеге тұтылар киізді шимен ауыстырғаны қарапайым ғана мысал бола алады. Даланың шиін өңдеп, тоқып, кәдеге жарату қиын да жұмыс болмағанымен оны көркемдеп, мәнерлеп, әдемі кілем іспетті дүние ету оңай да іс емес. Әйтеуір халқымыздың қалаулы шеберлері жасаған шым ши киіз үйдің керегесін сыртынан жауып, киіз есіктің ішкі жағынан тұтылады. Шидің әрбір сабағына түрлі-түсті жүннен, кейде жібектен оралған белгілі ою-өрнектермен түгелдей безендіріліп өрнекті де әсем заттар мен бұйымдар жасау ертеден мәлім, ши өңдеу мен тоқуға қатысты қалыптасқан терминдер де бар. Мысалы, аршу деп тоқудың алдында ши сабағының қабығын аршуды айтады. Шиді аршумен бірге оның ішінде жүн орауға жарамдысы да, жарамсызы да болады. Сондықтан жарамдысын таңдап, бөлектеп аршып алуды сұрыптау деп атайды.
Сұрыпталған шиді әрбір иненің тұрқы жеткенше өткізіп қоюды тізу дейді, ал шиге өрнек саларда оны алдын ала өлшеп алып, жіп оралатын жерін белгілеуді сызу деп атайды. Оны көбінесе пышақпен, қарындашпен, сондай-ақ отпен де күйдіріп белгілейді. Сызылған белгі бойынша инеге өткізілген шиге түрлі түсті жүннен орап үлгі салып шығуды түр салу деп атайды. Оралған шиді, салынған белгісіне қарай, өрнек бойынша ши сабақтарын дұрыс орналастырудың да шеберлер тізу деп атаған.
Қолөнер саласының басқа да түрлері сияқты шым ши тоқытып, үйретілетін арнаулы орын бұрыңғы кезде болмаған. Тек ұрпақтан-ұрпаққа дәстүр бойынша қалып отырған.

 

 

 

 

 

 

 

ІІІ. Қорытынды бөлім.

 

Эстетикалық мәдениеті дұрыс қалыптаспаған адам ғылымда, саясатта және қоғамда өзгелермен тіл табысуда мәденитті түрде адамгершілікпен әрекет жасай алмайды. Сондықтан, қазірден бастап жастарға ойлау, эмоционалдық сезімдерді қалыптастыру, экологиялық, патриоттық тәрбиелер ауадай қажет, бұл осы бейнелеу өнері, ұлттық қол өнеріміз бен мәдениеттің қатысуынсыз  жеткізу мүмкін емес.
Қазіргі уақытта мектепте колөнерге  үйрететін,  шығармашылық жүмыс жасауға арнайы кабинет, әдістемелік қор, қазақ тіліндегі оқу құралдары, көркем іс-әрекеттер, қажетті материалдар жасалуда.

Көркемдік қайсыбір эстетика мамандары айтқандай, дүниетану талпынысының долбарлы бастапқы сатысы емес. Немесе оны — жай бір жалпылама ұғымды бейнелі суретке қарамай көшіре салу әрекеті деп бағалауға болмайды. Көркем өнер ойшылдық өрісінің баянды бір   көрінісі. Қазіргі кезде халықтың өнерге деген ынта-ықыласы анағұрлым артты. Халық шығармашылығын жаңғыртып одан әрі дамыту бүгінгі күннің көкей тесті мәселесі болып табылады.

Қорыта айтқанда осы ғылыми жұмысты істеу барысында мен үлгі ретінде өзіміздің Қазақстан суретшілерінің және қолөнершілерінің көптеген жазбаша және  шығармашылық жұмыстарына үлкен назар аудардым.

 

 

 

VІ. Пайдаланылған әдебиеттер тізімі.

1. «Энциклопедия» Алматы кітап 2003 М.Ш.Өмірбекова
2. «Хабаршы»  журналы №1 (6) Алматы,и 2005

  1. Қазақтың ою-өрнектері. Шөптібай Байдолдаұлы.
  2. Технология. К. Өстеміров, Н.Адамқұлов, С.Асанова, Д.Әлмағамбетова, Т.Әміреев, А.Копников.
  3. Қазақ халқының тұрмысы мен мәдениеті. С.Кенжеахметов.
  4. Жеті қазына. С.Кенжеахметов.
  5. Қазақ киімі. Д.Жәнібеков. Алматы, 2005 ж.
  6. Ғаламтор сайттары.