Мархабат Байғұт.

168

 

Әдебиет халықтың рухани азығының қайнар бұлағы болып табылады. Жан азығынан мақұрым қалған адамның адамдық қасиеті жойылып, оның хайуанға айналатынын ертеден ұғынған халқымыз жан азығын ең әуелі нәрестеге бесік жыры арқылы әуезді әуенмен беруден бастайды, одан соң жас балдырған жеке сөздерді ұғына бастағанда-ақ, оған жақсы мен жаманды ажыратып түсіндіреді.

Көркем әдебиет аясы кең әлем. Оны бір қалыпқа салып, өлшеп пішуге келмейтін таразыға тартып, бағасын шығару қиын. Әр туындының шын мәніндегі әділ төрешісі  — оқырман ықыласы. Оқыған жанның жүрегіне жол тауып, көңіліне жылулық оята білсе, үлкеннің өткеніне деген сағынышын оятып, тәтті күндерін есіне оралтса, жасты балауса сезіміне сәуле түсіріп, қиялын қанаттандырып, алдағы күніне асықтыра алса, бұл құбылыс көркем шығарма деген құдіреттің басты қасиеттерінің бірі саналады.

Шығармаларында адам өмірінің тылсым құпияларын, адамгершіліктің асыл құндылықтарын, ауыл өмірінің тыныс-тіршілігін, әдет-ғұрпын, салт-санасын, табиғат сырын, адам психологиясын, жасөспірімдердің өмірдегі болмысын жан-жақты бере білген жазушылардың бірі – Мархабат Байғұт.

Жазушы 1945 жылы 20 мамырда Түлкібас ауданының Пістелі ауылында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.

Мархабат Байғұт республикалық «Жалын» бәйгесін екі дүркін, «Қазақ әдебиеті» бәйгесін үш рет жеңіп алды. Ол – облыс әкімі «Бауырмал» сыйлығының, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты. 1996 жылы Қазақстан Жазушылар одағының ұсынуына орай «Құрмет» орденімен марапатталды. 2004 жылғы желтоқсанда «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілді. 2007 жылы «Облыстың құрметті азаматы» атағы берілді.

Жазушының шығармашылық процесте көркем образ сомдауы, яғни характердің әуелгі қалпына толық мүсінделер шағына дейінгі даму жолын зерттеу қиялдағы кейіпкердің сыртқы кескіні туралы анық та кең ұғым жасай білуден басталатын тәрізді.

Жазушының қарапайымдылығы жан дүниесінің тазалығында болса керек. Мархабат ағаның бұл қасиеті жөнінде жазушы әріптесі, ақын Байдулла Қонысбек былай деп ой қозғайды: «… Ұзақ жылғы қарым-қатынастан байқағаным – Мархабатпен сөйлесе қалсаң, демаласың. Рухани тазару, рухани қуаттану әлеміне енгендей боласың. Сабырлы кейіппен асықпай қараңызшы, Мархабаттың жүзінен нұр төгіліп тұрады. Бұл – адамдарға, достарға деген мейірім нұры, ыстық ықылас пен сүйіспеншілік шуағы». Шынында да қаламгердің сөз қолданысында, тіл өрнектеулерінде жасандылықты, жаттандылықты кездестіре бермейміз. М. Байғұттың кез келген әңгіме, повестерін оқи қалсаңыз, өмірдің бір қиянына апарып ойландырып, қайтадан өз тіршілігіңе оралдырып қайта толғандырады. Жазушы шығармаларын оқи отырып, кейіпкерлер әлеміне еріксіз сүңгисің: Тәжен мен Ноқтабай ерегіскенде, арасына түсіп, екеуін достастырғың келсе («Интернаттың баласы» әңгімесі), енді бірде жанып жатқан составты құтқармақ болған Иванды өрттен өзің алып шыққың келеді («Дос пейілі» әңгімесі), ал көршісі ерлікпен қаза тапқан ұлының жылын өткізгелі жатқанда ерегіс шығаратын Келденге жекіп тастағың келіп тұрады («Үш үй» әңгімесі).

Көркем шығарма материалы – тіл. Автор тілі қарапайым. Жалған жылтырағы жоқ, характер ашарлық табиғи тіл. Әрбір тілі өз орнында тұрып-ақ табиғи міндетін атқарады. Сондықтан жазушының шығармаларында алдымен басты назар аударатыны, ден қоятыны – Адам.

Адам тек қана тән емес, сонымен қатар үлкен қажеттілігі бар жан. Нақты өз аттарымен атайтын болсақ, жан деп отырғанымыз – рух, ал тән – нәпсі. Қазақта мынадай фразеологиялық сөз тіркестері көп кездеседі: рухани бай адам, адамның рухы, рухы жоқ, рухтанып кетті, ұлттық рух, рухани ұстаз, т.с.с. Осы тіркестерге мұқият зер сала отырып, “ рух ” деген нәрсенің адам денесіндегі бір қуат екендігіне көз жеткізуге болады. Оның адам бойында  кездесетін барлық жақсы қасиеттері мен жасайтын барлық игі істерінің қайнар көзі екендігін аңғару қиын емес.

Жаратылыстың барлығы екі қарама-қарсы нәрседен тұрады: ақ — қара, күн-түн, ыстық-суық, тәтті-ащы, жақсы-жаман… Сол сияқты, адам бойындағы барлық жақсы қасиеттер рухтан туындайды да, барлық жаман қасиеттер нәпсінің көрінісі болып табылады. Адам денесі бір болғандықтан, оның ішінде билік үшін үнемі осы екі қуаттың күресі жүріп жатады. Жақсыны, я жаманды таңдап жататынымыз да осыдан.

Асылында, жаман адам болмайды, бойындағы нәпсісі рухынан үстем болғандықтан, барлық ақылы, білімі, қайрат-жігері мен өнері нәпсінің құлына айналғандықтан, жақсы іс — әрекеттер мен көркем амалдардың табылуы қиын.

Рухтың мекені – адамның жүрегі. Жүректің жылуы, махаббат, ар-намыс, қайрат-жігер деген сезімдердің барлығы да осы рухтан тұрады.

Қазір адамдардың барлығының да көздері ашық, ғылыми-техникалық дамудың шарықтап тұрған кезеңі – компьютер дәуірінде өмір сүріп жатыр. Бірақ бір нәрсе жетіспейді. Ол – рух қажеттілігі, рухани азық.

Әдептілік, имандылық, мейірімділік, қайырымдылық, ізеттілік, қонақжайлылық, достық, махаббат, кішіпейілділік, төзімділік, имандылық, шыншылдық, мейірбандық, қайырымдылық  сияқты адамгершілік құндылықтар – рух қажеттілігі мен рухани азықты толықтыратын  асыл қасиеттер.

Рух қажеттілігі мен рухани азық тапшы осынау заманда жанға азық, көңілге медеу болар  дүниені көркем әдебиеттен іздейміз. Іздеген дүниеңді Мархабат Байғұт шығармаларынан табасың да.

Ғылым мен техника өсіп, дамыған сайын адам баласы да, оның ішкі дүниесі де соншалықты күрделене түседі.

Осы күрделене түскен адам баласының жан дүниесін танып білуде онымен арнайы айналысатын көркем өнер. Әдебиеттің мүмкіншілігі молырақ. Әдебиет – адамның ішкі жан дүниесін танытады. Осы тұрғыдан алғанда жазушының: «Интернаттың баласы», «Таудағы аңдыз», «Патефон», «Үш үй», «Дос пейілі», «Әдебиет пәнінің періштесі», «Қозапая» повестері мен әңгімелер атын атап, түсін түстеп айтуға тұрарлық.

        Жақсы кітап оқысаң жаныңның жадырап, мол табысқа кенелгендей сыршыл бір күй кешетінің бар. Шығарма шеберлігінің арқасында ондағы әрбір кейіпкер сенің таныс-бейтанысыңа айналар еді. Таныс болатын себебі, әлгі кейіпкер типтес адамдарды қарапайым тірлікте өзіңнің де жиі кездестіріп жүретініңнен. Бейтаныс дейтініміз, оның бойындағы тұтасқан мінез бен сол мінезді ашар детальдардың сен үшін сонылығы, оқырман ретінде бір тұжырымға келіп үлгермеген идеяларыңның кейіпкер іс-әрекеті арқылы тосын қырынан ашылып жатуы.

М. Байғұтовтың  «Интернаттың баласы» повесін оқу үстінде де талай-талай таныс-бейтаныс кейіпкерімізбен сырласып, ой бөліскендей болдық.  Жазушының бұл повесінің тақырыбы – жасөспірімдер өміріне, солардың өсіп, қалыптасу сәттерін ашуға құрылады. Повестің негізгі идеясы өзінің діттеген жерінен шыққан. Жас адамның қалыптасу кезеңіндегі жақсылыққа, ізгі қасиеттерге деген ұмтылысы, жасөспірім балалардың өмірдің күңгірт жақтарымен өз жасына лайық дәрежеде күресе білуі оқырманын шуақты бір сезімге бөлейді.

Негізгі кейіпкер Ноқтабайдың сөзі осы идеяның түйіні тектес: «Тағдыр бізді талай ренжітті ғой, Нұрила. Мұным рас қой? Тағдыр көп ренжітті мені, сені, тағы басқаларды. Бірақ біз – мен, сен, Еркінбек, Тәжен, жаман тонды Жақсыбай, Бейсен фельдшер, тағы басқалар тағдыр ренжітті деп өмірге, уақытқа ренжіп көрмеген екенбіз, ойласам. Сөйтіппіз! Ренжімеппіз. Сонымыз жақсы, дұрыс болған екен-ау, Нұрила! Мен соған қуанамын». Ал, әлгі айтылған «өмірге, уақытқа ренжімеудің» арғы жағында терең азаматтық ой бар емес пе!

«- Бағаларың жаман емес көрінеді… – Үй ішіңнің жағдайын айттың. Жарайды, интернатқа алайық сені. Интернат дегеніміз — өзінше бір үлкен үй, айналайын. Сол үйдің жақсы бір мүшесі бол. Интернатта орын жетіспейді. Небәрі тоқсан орын. Егер жағдайың жаңағыдай болса, киім-кешек  жағынан да қарасамыз» — деген интернат директорының сөзі тек Ноқтабай көңіліне ғана емес, оқырман көңіліне де үміт отын жағып, бүкіл повесте сөндірмей алып жүреді.

Повестегі Ноқтабай, Тәжен, Жақсылық /Жак Паганель/, Бақажан, Жақсыбайлардың қай-қайсысы болмасын жинақталған, сомдалған типтік бейне. Сонымен бірге, олардың әрқайсысының дараланған мінездері де бар. Ноқтабайдың бөлмелес достарының әрқайсысы дерлік жеке тип. Тағдырының қиындығын, отбасы жағдайындағы қолайсыздықтарды сыртқа білдіргісі келмей, «бөрі арығын білдірмес» … – деп күждиіп, өзін Тәж-палуан атандырған, бірақ Ноқтабай екеуінің арасындағы қалтқысыз танылған достық ниеттен кейін ұсабасына түскен Тәженнің де; жоқ-жітік семьядан шыққан балаларға астамшылықпен қарайтын, «төрт құбыласы түгел», кезі келсе, достарының арасына от салып, шағыстырып жүретін,  масаң күйдегі дед Коляның қол сағатын шімірікпестен, лып еткізіп шешіп алатын, жап-жас болмысында тоғышарлықтың белгілері бас көтере бастаған Бақажанның да ; тілінің мүкістігінен қорғаланып, жұртпен көп араласпайтын, досқа адал, жүрегі таза, қиындау соққан семьясының жайын үлкендерше қабырғасы қайыса ойлайтын, Бақажанның ұрлығын абайсызда көріп қалып, соны айтпай, жасырып жүргені үшін өзін-өзі аясыз кінәлап, сол үшін қиналып, іштей жүдеп бітетін Еркінбектің де образдары белгілі дәрежеде жинақталған.                       « — Мына сағатты иесіне апарып бер, — деді Ноқтабай шыдай алмай.  Байқасам (Бақажан) сасар емес.

— Жездем Жуалыда тұрады.

— Апарып беріп, кешірім сұра». Осы үзіндіден тоғышар Бақажанның мінезі мен адалдықтың туын жыққысы келмейтін Ноқтабай бейнесін көреміз.

Повесть кейіпкерлері туралы «Интернаттың баласындағы» гәптер мен кептердің көпшілігі өзімнің өмірімнен және бір бөлмеде жатқан «батырлардың» тағдырларынан алынған. «Шашынан күннің, одан соң айранның иісі шығатын» әпкемнің характері, қия жолмен етке айдалған жылқылардың шұрқырауы, ауылдан кеткісі келмей жардан құлауы, Ноқтабай ауруханадан шыққанда, әпкесі келін боп түскен үйдің кіргізбей қоюы, Тәжен Ошаевтың, басқа да балалардың аяныштылау тұрмыстары – бәрі болған нәрселер» — деді жазушы өз сұхбатында.

Жазушының  «Төрт томдық шығармалар жинағы», «Нәуірзек»,  «Қорғансыз жүрек» жинақтарына енген лирикалық шығармаларының әрқайсысы өзінше бір талдауды қажет ететін дүниелер. Сол лирикалық шығармаларының бірі – «Таудағы аңдыз». Повестің көтеретін жүгі – 1965 жылдардағы мектеп өмірі мен адамгершілік, достық пен махаббат. Алғаш бұл шығарманы қарасақ, тақырып оқиғаға онша қатыспайтын сияқты болып көрінеді. Ал бүкіл шығарманы оқып шықсаң, тақырыптың өте жақсы қойылғанын аңғарасың.

Автор мұнда  екі оқушы баланың, Бауыржан мен Оқастың балалық шағынан бастап белгілі азамат болғанға дейінгі тіршілік-тынысын, өмірге деген көзқарасын, адамгершілік қасиетін қатар қойып, салыстыра отырып, өте нанымды етіп суреттейді.шығарманың негізгі оқиғасы орта мектепті бітірушілердің 20 жылдығына бас қосудан басталады да, автор сонша жылдан кейін шегініс жасап, базары мол балалық шақтың қызығы көп күндеріне көңіл бөледі.

Оқушылардың өмірге деген көзқарасын қалыптастырып, бір арнаға түсіру үшін шыр-пыры шығып, жан-тәнімен кірісіп жүрген класс жетекшісі Есқали Сәрсеновтің образы шығармада өте жақсы шыққан. Ол тек мектеп өмірі мен бала тәрбиесіне ғана араласып қоймай, совхоздың шаруашылық жұмысына да қолғаьыс тигізеді.

Автор өзінің осы лирикалық повесінде әр кейіпкерлердің характерлеріне жеке-жеке тоқталып жатпайды. Боздақ жасында қыршын кеткен Бауыржанның сонау тау қойнауындағы бейітіне бару-бармау жөнінде класс ішінде тараған дау-дамайға әр кластастың қосқан пікірі, айтқан ойларына байланыстырып-ақ шығарма бойында әрбір кейіпкердің бейнелік, мінездік алғашқы ұшқындарын аша түскен.

Жиырма жылдық кездесу бағдарлама бойынша жүріп жатады.  Барлығы бұрынғы кластарына кіріп, шартты түрде өз парталарына отырып, мұғалімдері класқа кіріп, журнал бойынша «оқушылардың» бар-жоғын «тексеріп отырғанда», кенет «Кәдірбеков…» деген фамилияның тұсына келгенде үнсіз қалады. Отырған «оқушылардың» барлығы адал ниетті, арманы таудай жігітті естеріне ала отырып, өздерінің бастарынан өткен балалық шақтарына сапар шеккендей болады. Алайда:

«- Ағай, тізімді одан әрі оқыңызшы, уақыт өтіп барады, — дейді осы кездесуді ұйымдастырып, оны басқарып жүргендердің бірі, — программамыз аса тығыз, ағай.»

Повестің бұдан кейінгі беттерінде автор әлгі ұйымдастырушыны таныстырып жатпай-ақ, осы секілді қысқаша диалог арқылы оның мінезін одан әрі аша түседі.

Программамен жүрсең бас жарылмайды, көз шықпайды және шартты түрде ұйымдастырылған іс-шаралардың ешқайсысынан да кешікпейсің. Әлгіндей программа бойынша өмірлері бір сарынды өтіп жатқан кісілерді көргенде:» — Сценарийлер бойынша өтіп жатқан өмірлерің құрысын,»- дегің келеді.

Қазағымызда:»Өлі риза болмай, тірі байымайды», — деген ұлы сөз бар емес пе?

«- Ағай! Балалар! Қыздар! – дейді осы кезде кездесуді ұйымдастырушылардың тағы бірі, — Бауыржанның бейітіне барып қайтсақ қайтеді, а? Гүл қойсақ… Жақсы болар еді, а?»

Міне, бұл жиналғандарды әрі-сәрі күйге түсірген және кімнің-кім екенін сынап өтер, тұтқиылдан қойылған тосын ұсыныс еді. Осы ұсыныстан кейін-ақ біраз адамның бет пердесі ашылып, мінездері мен істері айқындалып қалады.

Бірі әрі тартып билік соғып, бірі бері тартып уәж айтып, ақыры олар көлік тауып, тау арасындағы Бауыржанның бейітіне барып қайтпаққа бел байлайды. Енді оның бейітінің қай жерде екенін білмей дал болған кластастары, онымен кішкентайынан көрші үйде қатар өскен ожар мінезді Оқасқа қарайды.

«- Көрші үйде тұрмап пе еді? —  дейді біреуі.

— Тұрса ше? Оны көршілер емес Селолық совет жерлеген, — дейді Оқас».

Осындай қысқа тіл қатысудан кейін Оқасқа деген жиіркенішті көзқарас қана қалыптасып қоймай, Бауыржанның тағдырына қатысты үлкен бір қасіреттің беті ашыла түскендей болады. Бауыржан бейітінің қай жерде екенін білмей дал болып тұрғанда «оқушылардың ішінен біреуі «- Мен білемін!»- дейді. Барлығы жалт-жалт қарасады. Сөйтсе, жол көрсетуші Айсұлу екен. Айсұлудың бұл қылығына таңданбаған кісі қалмайды. Өйткені, қиындау қалыптасып, өмірі қайғылы аяқталған Бауыржан тағдырының бір кілтипаны осы Айсұлуға байланысты болатын. Повесть барысында, Айсұлудың ішкі жан дүниесінде балалық шала көзқарас жетегінде жіберіп алған орны, толмас қателіктері үшін күйзеле өкіну сезімдері айтылып өтеді. Осы жерде мұғалім Есқали Сәрсеновтың риторикалық сауалын айтатын болсақ:

«- Оны еске алып, бейітіне гүл қойып қайтқандарыңа рахмет…

Осынша әңгімеге арқау ететіндей ол кім еді деушілер де табылар…

Осы кездесуді басқаша өткізулеріңе де болар еді. Бауыржанды еске алмай-ақ атқару мүмкін еді… Еске алып, ойға түсіргенімен, уақытты шығындап, сонау тау қуысындағы беткейге шығандалғаннан не түсті?! Кімге қандай пайда келді?! Кім қандай пайданы ойлады.

Кім неге зәру?» … Қарт ұстаз айтпақшы, кім не түйді, не аңғарды осы сапардан, кім қандай олжамен қайтты? Міне, осы секілді өзек жарды сауалдар авторды да толғандыратын секілді.» Бейіт басына барып, олжамен қайту » деген құлаққа ерсі  естілетіні сөзсіз.  Алайда, күйкі тірлік соңында жүріп кір басып қалған көңілдерін осылайша жиырма жылда бір рет те болса тазартып қайтуы «оқушылардың» қай-қайсысын ойландырмай, толғандырмай қоймайды. Бір түрлі бәріміз қарыздар сияқтымыз…»- демейді ме кластастардың бірі. Ал олар түптеп келгенде ең бірінші өздерінің ар-ождандарының алдында қарыздар еді. Тәңірінің Бауыржанға қарағанда өзгелеріне жарық шуағын ұзақтау төккені үшін де, олар тайраңдап, программаға сәйкес қызық қуып, өтірік күліп, өтірік сөйлеп жүре берулеріне де болар еді. Бірақ олар олай істемеді. Ендеше, шынайы өмір мәніне үңілген жанға кластастардың бұл сапары, ең әуелі олардың өз жандарына өздерінің жасаған рухани қамқорлықтары екендігі түсінікті. Оның үстіне Бауыржан тағдыры – кездесуге жиналып отырған, жастары қырыққа жеткен «оқушылардың» балалық шақтары. Ал балалық шаққа саяхат жасау, адамның өткеніне көз жіберіп, жанын тазартар ғажайып күшінің бар екендігін саналы адамзат жоққа шығара алмас.  Бауыржан бейітіне барар сапарларында әркім әрқилы ойға батып, бірі сонша жерге жол жүріп бара жатқандарына іштей ренжісе, екіншісі көпшілік дүрмекке ілесе берген еді. Ал қайтар жолда біріншілер де, екіншілер де сонау тау қойнауындағы  кластастарының басына барып қайтқандарына қуанысып, бастапқы ойларының өте орынды болғанына риза еді.

Адам, негізі, өз табиғатындағы өзгерістер мен ұлы асуларды көбінесе аңғара бермейді. Осы сапарларында өз жаратылыстарына өздері жасаған қайырымдылықтарын, рух атаулының алдындағы иманды қадамдарын олар да баса байқамаған еді. «Бауыржанның әруағына жақсы болды-ау,»- дескен. Бірақ, олар өздерінің жан сарайларында болып жатқан жайсан жаңғыртуларды аңғармаған да болар. Аңғаруы шарт емес те шығар. Ең бастысы, сондай өзгерістердің адам бойында болғаны да!

Повесть барысында, әр кластастардың ойлары арқылы бас кейіпкердің өмір жолы айқындала түседі. Шығармада, сабақ айтқанда, жайшылықтағы бұйығылықтан арылып, жайнап шыға келетін, жас болса да өте зерек, ауыр қадамның ар жағында қамауда отырса да, жөн сұраған мұғалімге: «Қорықпаймын, ағай, жалғызсыраймын,»- деп тағдыр тауқыметіне мойынсұнған, үлкендерше жауап қайыратын жас баланың сөзі… Бәрі тұтаса келіп негізгі кейіпкердің  бейнесін жан-жақты сомдай түскен.

«- Қорықпаймын,  ағай, жалғызсыраймын.» Осы бір-екі ауыз сөз арқылы автор Бауыржанның өмірдегі жалғыздығын жақсы бейнелей білген. Ол өмірден қорықпайды, сол өмірдегі Қарт ұстаз айтпақшы: «Кім не түйді, не аңғарды осы сапардан, кім қандай олжамен қайтты?» Міне, осы секілді өзек жарды сауалдар авторды да толғандыратын секілді.

«Қаламгер шығармаларының қайсы бірін алсақ та, оларда есте қаларлықтай дәрежеде дараланған кейіпкерлер» деген белгілі сыншы Бақыт Сарбалаев. Міне, осы шығарма сол сыншының сөзінің растығын тағы да дәлелдей түседі.

Оқас пен Айсұлудың тойында сөніп қалған шамды жағамын деп жүріп бағана басынан құлаған Бауыржан,сол жарақаттан айыға алмады. Сол мең-зең болған күйінде өмірден өтеді. Ол өмірде не қызық көрді? Кімнен мейірім-шапағат көрді? Шын жүрегімен қуанды ма?…  Шығарманы оқып шыққаннан соң, қыршын кеткен Бауыржан мен жасамыс шағына дейін  перзент сүйе алмаған, жас ортасынан асқанда сопайып қара басы қалған мұғалімге жаның ашитыны сөзсіз. Рухани жан дүниелері ұқсас, адалдықтары алыстан сезіліп тұратын  Есқали мұғалім мен Бауыржан – бақыт үшін жаралған жандар емес пе?! Бірақ, тағдыр шіркін кейде осылайша бейкүнә көңілді жандарды өмір талқысына артықтау салып жатады емес пе?

«Олар өз болмыстарына лайық нұрлы өмір сүру керек еді ғой», — деген тілек өзінен-өзі бас көтереді, мүмкін осыдан да болар Айсұлудың албырт шағында алдамшы сезімдер жетегінде жүріп, осы адал екі жанның бірі бозымды жігітті бақытты ете алмаған жансақ қадамдарының есесіне енді қалған өміріндегі бар мейірім-шапағатын өмірдегі екінші абзал да адал жан, өзінің бұрынғы мұғалімі Есқали Сәрсеновке арнап, оның ақ босағасынан аттауы. Шығармада адам мінездері мен диалогтары арқылы бір-екі  ауыз-ақ жақсы суреттелген. Сонымен қатар бұл лирикалық повестінде адам мен  табиғаттың біртұтастығын егіз өрім  сияқты көріністер арқылы көркемдікпен дәлелдеп отырған. Қаламгердің повесін «Таудағы андыз» деп атауы тегін емес екендігіне көз жеткіздік. Тауда өсетін аңдызы сол Бауыржан болып шықты. Міне, сол тауда өсетін аңдыз арқылы Бауыржан есімі сыныптастарының ең болмаса біреуінің есінде қалса, ол қуаныш.

Міне, осы секілді аз ғана дүниеге қаншама ой сыйғызған, сыймағанын басқаның өз еркіне қалдырған жазушы – Мархабат Байғұттың да бір ерекшелігі осында.

«Патефон» повесінің оқиғасы «Бөрлісай» колхозындағы «Нәуірзек» балалар бақшасында  1954 жылдары өтеді.

«Балалардың аузынан жырып…» деген арызды тексеруге облыстық газеттің арнаулы тілшісі Өсербектің баруы арқылы оқиға өрбиді. Шығармада соғыстан кейінгі ауыл өмірі мен сол кездегі халықтың тыныс-тіршілігі көрсетіледі.

Повестің жастарға берер тәрбиелік мәні мол. Оны біз «Нәуірзек» балалар бақшасының меңгерушісі Әсем апайдың іс-әрекетінен, айтқан әңгімесінен аңғардық. Колхоз балалар бақшасындағы жиырма екі жас бөбекке уақтылы тамақ тауып бере алмады. Осындай қысылғанда бар-жоқты білдірмей жіберетін Әсем өзінің ескі кебежесіндегі ешкінің майы таусылып қалған соң, таудағы тұрмысқа шыққан қызына көже қатық, ішім-жем әкелуге 3-класты бітірген, қазір тәрбиешінің міндетін атқарып жүрген Өсербекті жұмсайды. Осы бір шағын деталь Әсем апайдың ақжарқын, ақпейілін, қолында жарты жапырақ нан болса, қонағым жесін дейтін бауырмал, кеңпейіл халқымыздың адал қасиетін көрсетіп тұрған жоқ па? Сондай-ақ, Әсем апайдың балаларға айтқан көп ертегілерінің өзінде қаншама адамгершілік пен адалдықтың нышаны жатыр десеңізші ?!

Аталған повесте жастарды адалдыққа, адамгершілікке, еңбексүйгіштікке тәрбиелеу жағы өте сенімді көрсетілген. Бұған балалар бақшасының меңгерушісі Әсем апайдың жас бүлдіршіндерге шағыр-жусаннан бір-бірден сыпырғы істеп беріп, үйдің айналасына су септіріп, оны сыпыртуы, көшеге көшет отырғызуы, ересектеріне ыдыс-аяқ жудыруы және мектеп оқушыларының сабақтан тыс уақытта туған колхозының шаруашылық жұмыстарына көмектесуі, оған балалардың таласа-тармаса кірісуі толық дәлел бола алады.

Әдебиет табалдырығынан имене аттаған әрбір шынайы суреткердің өз концепциясы, дүние мен адам баласына жеке көзқарасы, дара танымы болмайынша ешкімнен де ештеңе үйрене алмайды. Мұнсыз жеке шығармашылығының қайталанбас бет-бедері қалыптаспайды.

Негізі, жастарға арнап шығарма жазу қиынның қиыны. Барлық адам базарлы балалық шақты басынан өткізеді, бірақ көбісі балғын сезімді бойда сақтап, жадында ұстап қала алмайды. Мына бір нақыл сөзді келтіре кетейін: «Таңдамасаң жастай жолдың дұрысын, жас болып та көрген күнің құрысын!»  Сондықтан да болар, жастарға арналған шығармалар арасынан шынайысын кездестіру жиі емес. Мархабат аға өз шығармаларына жасөспірім өскіндерді арқау еткенімен, көтерілген мәселелер ересектер үшін де қажет.

Алпысыншы-жетпісінші жылдардағы халықтың қамқоршы, кеңпейілді, дархан көңілі, жомарт жаны – қоғамның  негізгі байлығы емес пе? «Колхоз» бөлген азын-аулақ қаржысы жетпеген соң, өз үйіндегі барын қоса беретін Әсем апа көңілі мен бүгінгі жарқыраған, зәулім, биік үйде орналасқан балалар бақшасының меңгерушісі, бір көргенге «аса кішіпейіл, білімді, сұлу, мәдениетті» көрінген балқаймақтың : «балалардың аузынан жырып жеген» пейілі салыстыруға келе ме? Автордың да айтар ойы осындай. Сондай-ақ Әсем апайың балаларға айтатын көп ертегілерінің өзінде қаншама адамдық пен адами қасиетті нышаны жатыр.

«…Кейіпкерлердің идеялық қақтығысында ой жүйесі темірдей берік, әр идеясы тиянақты жан емес, автордың ілтипатына адамгершілік өнегесімен ілінген жан ғана шындық үшін шырылдаушыға лайықты деп табылады.

Шығармадағы Әсем апаның тірліктерін көргенде бір рахатқа кенелесің, ал кейбір істерін көргенде еріксіз езу тартасың. Адал да аңғал кісі.

Бір кездегі балабақша басқарған Әсем апаның да үстінен арыз түcеді.  Онда «қоғамдық балабақшаның» заңсыз ашылғанын,  бригадир мен меңгеруші қоғам мүлкін талан-таражға түсіргенін, балалар бақшасына «қап-қап ұн, сан-сан ет бөлінсе де» балдырғандар быламықтан басқа ештеңе жемейтінін, меңгеруші  Әсем апа қауіпті, жұқпалы ауруға, өкпе ауруына ұшырағаны туралы баяндалған. Жазықсыз жала Әсем апаға төбеден ұрғандай әсер етеді, оның үстіне арыз бойынша келген комиссия меңгерушісінің медициналық комиссиядан өтуі қажеттігі туралы шешім қабылдайды. Осыған налыған, өмірі емхана бетін көрмеген кейуананың жан күйзелісі де табиғи айқын шыққан: « … Ірентгеннен өлі шығамын ба, тірі шығамын ба, қараң өшкір. Жұқпалы боп, жасөскінді былғаған болсам нем адам? …

Мені сау деп қайтарса да, енді қолымда қалмайсың. Ұстамаймын. Әке-шешеңе  барып ұйқың тыныш, күлкің шын болып өсші, айналайын. Ірентген-ау, ірен-ге-ее-ен, өлтіре салшы, мені енді-і-і …».

Жан күйіңді қолымен қойған, тастан ойған бәдізшідей қалт жібермейтін аңғарымды, езуге күлкі, көңілге жылылық үйіретін қалжыңға ұста жазушы, кейіпкерінің сөзімен мұны дәйектесек: «Тізім жасалып, көркем жазылып біткен кезде, қағазға қызыға қарап отырып: — Құдықсайдың қатындары соғыстан кейін тәп-тәуір өнім берген,ә?!»

Мұны айтқан қарапайым ауыл бригадирі болса, кейіпкеріне осыны айтқызған  сол кездің бір басқа жетіп, артылатын қызығы мен қиынын, жыл озған сайын Бұлдыртау асып бара жатқан балалығын қимайтын қаламгердің асау сезімі. Қайбір адамзат баласында елжірететін Мархабат Байғұтқа оңтай асылтай  үйірсек көрінеді.

Повестің тілі қарапайым, әсіресе езу жидырмас, жылы юморлы тұстары да ұтымды. «Іренгеннен» ешқандай жұқпалы ауруы жоқ екенін естіген Әсем апа бір рақатқа батады.

Өмірден «перзент» деп өтіп бара жатқан, бала десе ішкен асын жерге қоятын қарияның мейірім-қайырымы да орынды. Ешкім қумаса да, өз өтінішімен жұмыстан босап отырған ол, сегіз күйтабағымен қоса патефонды, Өсербек екеуінің еңбекақысына тиген бір қамба бидайды жаңадан ашылған балалар бақшасына сыйға тартады.

«Күзге қарай күнгейдегі ауылдан суық хабар жетті. Әсем апа дүниеден қайтыпты. Ентікпеден емес жүректен кеткен екен…» — деп жазушы мұңдылау сарынмен әңгімесін түйіндейді. «Патефон» — жалпы қазақ әдебиетіндегі көңіл қуантарлық жаңалық болған. Бұл – ауылда құрылған ең алғашқы балабақшаның қызықты тарихын көркем тілмен, көркем оймен, тиянақтап айтқанда, көркемдік шеберлікпен толғаған тұңғыш шығарма. Жазушы идеясы – М. Горькийдің «Жасай бер, адам! Жасай бер, адамгершілік!» деген жүрек тереңінен толқып шыққан үн.

Автор кейуананың аузына салады: «Бұл өмірге бәріміз қонақпыз, екеуіңнің татуласқандарыңа ішім елжіреді. Бұл өмірге кім келіп, кім кетпеген? Әне, анау төмпешіктердің бәрі – адамдар.  Менің алты ағам бірдей қайда қалды? Солардың да, үзеңгілерінің сыңғырына біреу қызықса, екеу күндеген екен, баяғыда …» — повестің түйіні осы. Бүкіл ауылдың баласын өз баласындай бауырына басқан ана, тұңғыш ашылған «Нәуірзек» атты балабақшаның алғашқы тәрбиешісі – адамзат тіршілігіндегі ең қасиетті де қадірлі парызды – ұрпақ тәрбиесін – болашақ міндетін атқарушы жан.

«Патефон» повесінде бір тамаша «ән» айтылады. Ол «ән» — адамгершілік туралы. Дүниедегі ең тамаша ән. Ұмытылмайтын ән.

«Таудағы андыз» повесінде де осы – адамгершілік туралы «ән» айтылады. Бұл шығармада оның әуен-сазы ауырлай түседі, тыңдаған адамның жанын сыздата түседі.

Әрине, мұның бәрі де жазушының шеберлігімен ғана шым-шымдап, оқырманның жан дүниесіне еніп, сана-сезімін баурап, әлгі кейіпкерлер жүрген ауылға қарай алып кете барады.

Адамдар арасындағы қарама-қайшылық, текетірестер пенделік пен азаматтық ар тазалығы жолындағы тартыстар біршама тәуір өрілген. Повесть, әңгіме, хикая кейіпкерлері арасындағы әрекеттер арқылы жамандықтың тамырына балта шабу, жас өскеннің жаңалыққа ұмтылуын қолдау идеяларында дұрыс көрініс тапқан. Бұл – автордың жеке табысы.

Жазушы бүгінгі күннің қарапайым ғана бір көрінісін алып әңгімелейді. Жай өмір ағымы сияқты. Өмірде күнде көріп жүрген, ет үйреніп кеткен,селт ете қоймайтын көріністер. Онда өмір ағымымен бірге өмір үшін күрес те қайнап жатады. Күнделікті естіліп жүрген жай сөздердің өзіне жазушы ден қойып мән береді. Кейіпкер тілін шебер даралай біледі.

Дәл бүгінгі заманда сыртымен ғана жылтырайтын, жаңа заманның «зымиян» адамына қоғамның қарапайым да жан жүрегі таза жандарды қарсы қою Мархабат Байғұттың шығармаларынан көрініс тапқан.

Асқар Тоқмағанбетовтың мына бір сөзін келтіре кетсем артық болмас: «Жұмысы түссе жалтаңдап, жағынып келер қасына. Жұмысы бітсе талтаңдап, жоламай кетер маңына», — деп ісі біткенше жәпеңдеп алдында құрдай жорғалайтын, жұмысы біткен соң, танымайтындай халге жетеді. Мархабат Байғұттың шығармаларынан бұл эпизодтар көптеп кездесіп жатады. Айта кетсем: «Қозапая», «Дауыстың түсі», «Кандидат», «Ақпандағы мысықтар»  т. б. шығармаларын атауға болады.

Мархабат Байғұт шығармаларының кейіпкерлерін атын ғана өзгерткендей, өз танысымыздай сезінетініміз бар. Олардың көбі адал, тыраштанудан аулақ, табиғи тазалығымен, пәк көңілдерімен ерекшеленеді. Жаманнан жиреніп, жақсыдан үйреніп, өзімізше таразыға салып жататынымыз бар.

«Дос пейілі» атты шығарма нағыз шынайы жолдастық, берік достық жайынан сыр шертеді. Повестегі басты тұлға – Наурыз. Шығарма оқиғасы осы Наурыз бен оның достары: Сұлтан, Иван және Цэрэгма арасында өрбиді. Наурыз – қызық та күрделі бейне.

« — Мейлі, бәрібір мына қошақанның құлағына сендердің балаларыңа арнап, әдейі ен саламын. Мынау соның бәсіресі» — деп Наурыз «сонау Мәскеуде» елге келген Сұлтан досына шексіз сезіммен дос көңілін ұсынады. Наурыздың досы Сұлтанмен кездесуі тағы бір досы Иван жайлы әңгімені туғызады. Жанармай тиеген составтың соңғы цистернасын ораған отпен арпалысып, орасан апатқа тосқауыл болған Иван қаза табады … «Лаулаған жалынға қойып кетіп, артқы цистернаны ағыта бастаған. Сумаңдаған өрттің тілі екінші вагонды жалайды. Оттың ортасында жүріп, артқы вагонды ағытты. Артқы, еңіске қарай зырлай бастаған, отқа оранған вагоннан лаулаған бірдеңе бөліне берген еді осы сәтте. Ол лаулаған бірдеңе – жол жөндеушілердің бригадирі Иван болатын». Иван ауруханада өлім мен өмір арасында жатқан кезде де Наурық достықтың қыл пернесін тағы шерте түседі …  «- Сонда не керек? Жүрек пе? Жүрек керек пе, ағатай, жүрегімді алыңыз, ағатай! – Наурыз еңіреп, бүкіл аурухананы басына көтерді» …

Бұлардың арасындағы бала кезден әке мен ана қасиетімен бойға сіңген іңкәр достықты, Иван өліміне деген Наурыз қайғысын жазушы осы тұстарда жүрек қозғар үйірімділікпен ашады. Наурыз бен Иван достығы – әлгі жұрт айта беретін, бірақ төркінін тап баса бермейтін, адамдар арасындағы махаббатпен өрілген достық. «Екеуінің шешелері де колхозда бірге жұмыс істеді. Клара механизаторлар қайда жүрсе, сонда. Аспаз еді. Көшпелі асханамен бірге кете барады. Сондайда Иван Наурыздың үйінде жүреді. Наурыз екеуі қазақы құрақ көрпенің астында бірге жататын».

Наурыздың достыққа қаншалықты адал екені бүкіл повестің өн бойында тамаша өрілген:      «Ал жуырда ғана жан досы Иванның басына ескеркіш қойған. Ескерткіштің ашылу рәсіміне Сұлтан да қатысқан…                  Арада біраз уақыт өткенде, Наурыз Найманбаев Сергей Ивановичті (Иванның ұлы) балалар үйінен біржола шығарып алып, Балдыберекке, өз үйіне, бесінші ұл етіп әкелген. Сайрамдағы балалар үйін Наурыз басқаратын  комплекстегі бригада қамқорлыққа алуға шешім қабылдады. Алғаш рет сыйлыққа берілген бес тоқтысын арбаға артып, Сергей екеуі балалар үйіне апарып тарту етті.

Қоғамның күйрейтін кезеңдеріне қарата асқындайтын кеселдер де көбейеді екен. Мұндай кеселдер бейнесі «Үш үй» әңгімесінде көрініс табады. Азаматтық қадір-қасиеттерін кіршіксіз сақтай білетін ерлі-зайыпты Дархан мен гүлшаттың және іштен шалғыш, «аса тәжірибелі мұғалім» Келден ағайдың, олардың арасындағы «айқай -шумға» айызы қанатын Шалғынбектің – ауылдың дөңестеу тұсындағы үш үй тұрғындарының тіршіліктері де өмірдің өзінен ойып алғандай әсер етеді. Осы әңгімені оқып отырып, айналаңдағы адамдарды танып-біле түскендей, шын мен жалғанның ара жігі жай көзге, жайбарақат кезде сезіле бермейтінін сещіне түскендей күй кешесің. Ұлы Ауғанстанда дүниенің кір-қоқысын жуып, тазартатындай.       – «Ұлыңыз үлкен ерлікпен қаза тапты, — деді бейтаныс кісі, — өзі мерт болғанымен, отызға жуық пуштун баласын ажалдан арашалап қалды. Жоғары наградаға ұсынылып отыр» — Дархан Есеновтің кісілік келбетіне сүйсініп отырған оқырман оның қайғысын бірге көтереді, бірге бөліседі.

«Келінді бір, дипломды екі алып келген Келден ағайдың ортаншы ұлы күтпеген мінез көрсетті. Келген күні-ақ  мән-жайға қаныққан бала келіншегімен ашық сөйлескен. Ертеңіне екеуі бұдан бір жыл бұрын Ауғанстанда ерлікпен қаза тапқан Ержанның қабіріне барып, гүл қойып қайтты. Гүл шоғы мектеп жанындағы ескерткіш түбіне де қойылды.

— Той болмайды, папа, — десті. – Алматыда жасадық, жетеді. Ержанның қаза тапқанына жыл толуын атап өтеміз де, аттанып кетеміз» — деп «аса тәжірибелі ұстаз» кеденнің ұлы оқырман күтпеген адамгершіліктің шынайы көрінісін көрсетеді.  Тіпті оның әкесі Кеден болса да, дәріс беріп, тәрбиелеген ұстаз Дархан –ау деген ой да қылаң береді. Әңгіме тағы да оқырман көңілін бір серпілдіріп, аяқталады: «…Тиісті орындардың шешіміне сәйкес осы ауылдың Мектеп көшесіне Ержан Дарханұлы Есенов есімі беріліпті. Енді бұл ауылда Терешкова, Ержан Есенов және Ползунов көшелері бар».

«Әдебиет пәнінің періштесі» деп аталатын хикаяттың кейіпкері де, көркемдік қыры да өзгеше. Төрт шақырымдық ауыл мен аудан орталығында ажалға тап болған әдебиет пәні мұғалімі – жап-жас жігіттің қандай жан екенін қайғырған көпшілік арқылы танисыз. Хикаяттың бұдан арғы мазмұны қыршын кеткен мұғалімнің өз атынан баяндалған. Алдыңғы шағын бөлік құрылымы, мазмұны жағынан алып қарағанда, хикаятттың кіріспесі тәріздес. Жас мұғалімнің кіршіксіз таза болмысы, әдебиетке деген шексіз құштарлығы, бауырмалдығы оны өзіңе оқыған сайын жақындата береді. Әңгімедегі лиризм, баяндау мәнеріндегі эмоциналды сарын —   хикаяттың ерекшелік белгісі. Ішкі монолог, естелік ретінде еске оралатын жауаптасулар суреткерлік тұрғыда сараланып, айтылар ойдың қан тамырындай тарамдалған. Жан алмақпен арадағы әңгіме адамдық мұраттарға бағытталған. Сана түбіне шөккен сенім, фәниден бақиға өту сенімі сол мұраттармен өзектеседі. Мұғалімнің әкесі Кебір-Пейіл және Мейір-Пейіл періштелермен тілдесетін шағын бөлімді сөз соңы, авторлық ұстаным деп атауға да болады. Қиял түрінде, яки аңыз аясында өткен бұл тәсілдер – өте сәтті түйін. Мұндай тәсіл әлем әдебиеті үлгілеріне етене. Жазушы үйреншікті тәсілді үйіре әкеліп, өз туындысына енгізе салмаған.  Өзіндік машыққа, тың игерімге құра білген, қаламгерлік даралығын айшықтай көрсеткен. Оқи отырып, осыған тәнті боласың.

«Кешіріңдерші, ағайларыңды, айналайындар. Ирек жүріп, итпектеген жоқпын мен, иікпеді-ау бірдеңе, иілмеді тіршілік. Иіндесер ешкім жоқ, инабаттан аспап ем. Тірі жанға, бір адамға жала жапқым келмейді» — деген жолдарды оқи отырып, еріксіз өзің де әдебиет пәнінің мұғаліміне ұсқағың келеді, ұқсамасаң, ұят сияқты («4 томдық шығармалар жинағы», 3-том, «Әдебиет пәнінің періштесі», 502-бет).

«Енді, мінеки, бүгін бейсенбі күні Ахмет, Мағжан, Жүсіпбек, Міржақып аталардың бейнелерін, жазып қоятын сөздерін жеткізіп бермекке уәделескен едік. “ Уәде – Құдайдың екінші үйі ”, — дегенді бекер айтпаса керек-ті адамдар» (сонда, 462-бет).

 

 

«Саясат-Policy» журналының  2003 жылғы №10 нөмірінде С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, ғылыми ізденуші Б. Ысқақ: «Мархабат туындысы тілі халыққа түсінікті, жатық, жеңіл оқылуына негіздлген, алайда аз детальдық бөліктерінен соны философиялық контексіне бағыт алған шығармалар деп бағаладық» — деп жазыпты.

Қорыта айтқанда, өз топырағында табанын мықтап тіреген, құнарлы тіліне уызынан жарыған, үлбіреген үрдісінің үздігін бойына сіңірген, әдебиеттен өз орнын өте таппай, төте тапқан Мархабат Байғұт сиқырлы ғалам тартысымен басқаның биігімен батыл бой теңестірген дарын.

Мархабат Байғұтовтың кез келген шығармасы мектеп жасындағы жастарға, ұстаздар мен ата-аналарға, тәрбиешілерге бағышталған, адамгершілік-мораль тақырыбына арналған. Үлкен-кішінің құмарта оқитыны содан. Кітапты оқыған сайын жас қауымның жан дүниесіне шуақ құйып, әрқайсысын  өз басынана кешкендерін  көз алдына келтіріп, қызық –қуанышқа кенеліп  отырса ересектер, Мархабаттың өзімен деңгейлес замандастары оқығанда, еріксіз езу тартып, шығармадағы оқиғаға іштей өзі араласып, кейде қуанып кейде қамығып отырады. Мұның басты себебі –шығармасының шындығында, құнарлы тілінде жатса керек.

Мархабат Байғұт – қарапайым тілмен, жеңіл баяндап отырып-ақ характер ашып тастайтын суреткер. Мархабаттың сөз қолданысынан, тіл өрнектерінен жасанды, жаттанды тіркестерді кездестіре бермейсіз. Мархабат сөзді қарапайым, табиғи күйінде қолданады. Мархабат Байғұт шығармаларының шынайылығын дәлелдей түсу үшін жазушының 2001 жылғы «Замана» газетінде берілген сұхбатынан үзінді алып отырмын: «Киікоты» әңгімесі «Жазушы» баспасынан шыққан «Қорғансыз жүрек» атты кітабыма енген еді. Алғаш ол «Қазақстан әйелдері» журналында жарияланған. Киікоты деген шөпті сұраушылар, іздеушілер, жай ғана көргісі келетіндер көбейген еді сонда. Тіпті бір әжей сонау Қарағанды облысының Нұра ауданынан іздеп келіпті. Ақпанның қақаған аязды күнінде, екі тәуліктей уақыт поезбен жол жүріп, қалада да адасып, бір күн бойы мені іздеп, ентіккен сол кейуана әлі көз алдымда. «Киікотын бір иіскесем, жиырма жеті жылдық науқасымнан жазылып кететін сияқты болдым да тұрдым», — дейді әжей. Бір бума киікотін ақ матаға орап алып, сыртынан қайта-қайта иіскеп, ертеңіне пойызға қайта отырып кете барды» … Міне, әдебиет құдіреті, сөз құдіреті деген осы.

Жазушы психологиялық талдаудың әр түрлі құралдарын пайдаланады. Оқып отырғанда жазушының үлкенді-кішілі оқиғаларды, кісінің көңіл күйін, мінез құлқын суреттеудегі қылп еткенді қалт жібермейтін жітілгіне еріксіз тәнті боласың.

Мархабат Байғұт – көкірегі сезімді, көңілі ойлы, сөз қадірін білетін оқу-білім, өнерді байлықтың үлкені деп таныған, ел намысын жыртқан, елге береке, дертке дауа іздеген қаламы талмас қаламгер.  Жан дүниесінің тазалығына қоса, шығармашылққа деген ынтызарлығы адуынды, бұлақ көзі мөлдір, ол ешқашан бітелмейді.