Қазақтың ұлттық ою-өрнегін оқытуда Paint графикалық редакторын қолдану

52

Қазақтың ұлттық ою-өрнегін оқытуда Paint графикалық редакторын қолдану

 

Готман Яна, Ахмедияр Елігай, 9 сынып

Ғылыми жетекшілері: Сайдуллаева Индира Касымгазиновна қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі, Асенова Айжан Оралшаевна информатика мұғалімі

ШҚО, Семей қаласы, «№32 ЖОББМ» КММ

 

Біз, «Ақпараттық технологиялар дәуірі» деп аталатын XXI ғасырда өмір сүреміз. Егер сіз компьютермен таныс болмасаңыз, күнделікті жұмыста оның көмегіне жүгінуге үйренбесеңіз, онда өмірге бейімделмеуіңіз әбден мүмкін. Себебі қазіргі қоғамда компьютерлер барлық жерде қолданылады. Ол ғылыми және инженерлік есептеулерде, жаңа ғарыштық станцияларды модельдеуге, күрделі процестерді автоматтандыруға, адамға ауа-райын немесе табиғи апатты алдын ала болжауда, кітаптар мен журналдарды даярлау және басып шығаруға, фильмдерді түсіруде, күнделікті тұрмыста, интернет көмегімен ай сайынғы төлем ақыларды және тағы да басқа көптеген жағдайларда көмектеседі.

Біз таңдаған өзекті тақырыбымыз «Қазақтың ұлттық ою-өрнегін оқытуда Paint графикалық редакторын қолдану».

Мақсатымыз туған халқымыздың тарихи дамуы барысындағы, атам заманнан өмірмен бірге жасасып, біте қайнасып, өзінің айшықты бояуын солғындатпай, ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келе жатқан бай қазыналардың бірі – ою-өрнек түрлерін оқып, зерттеп, жаңғырту.

Міндеттері:

  • Қазақтың ұлттық ою-өрнегін оқытуда компьютер графикасын пайдалану.
  • электронды оқулықтарды, интернет желісін пайдалана отырып, өзіндік жұмыстар атқару.
  • қазіргі жаңа ақпараттық технологияның дамуына байланысты өзіндік ізденіспен жаңа ою-өрнек түрлерін меңгеріп, салт-дәстүрді насихаттауға ат салысу.

Өзектілігі:

  • Отансүйгіштік тәрбиені жас ұрпаққа сіңіру мақсатында ұлттық салт-дәстүрді насихаттай келе, ақпараттық технология жетістіктерін тиімді пайдалану.

Алғашқы мағлұматтар

Қазіргі заман талабына сай жеткіншектердің білім алуда үздіксіз ізденуге қалыптастыру үшін, осы жобада оқытудың басты талабы қандай ғылым саласында да, ақпараттық технологияны меңгеру, оған бейімделу, оны күнделікті өмірде пайдалану екендігі айқын. Қазіргі таңда ақпараттық технологиялар түрлі салаларға дендеп еніп барады.

Ою-өрнек дегеніміз, бұл ойға алған айқын өрнек ырғағымен үйлесетін белгілі бір заңдылықтар жүйесінде жасалынған қисық сызықты және геометриялық фигуралар бейнесін белгілі бір тәсілге (стильге) келтіру арқылы алынған түрлі-түсті өрнекпен қандай да бір заттың әшекейленуі. Ою түрлерін салуды жетік үйрену үшін оның техникасын, әдістемелік жолдарын ғана білу жеткіліксіз. Ол үшін талмай ою-өрнек кескіндемелерін салып, күннен күнге тәжірибе жинақтап, тер төгуге тура келеді.

Ұлттық ою-өрнектер. Халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан эстетикалық талғамының куәсі болуымен бірге, әлеуметтік тарихи және кәсіби дамуынан мағлұматтар береді. Қазақ оюларының араб, иран, византия оюларынан басты айырмашылығы – ою-өрнектің әрбір элементі жеке дара күйінде бейнеленіп, оның әрбір элементі дара тұрады. Рухани қайнарымыздың бірі болған осынау құндылық бүгінде азаттығымыздың нышаны – көк байрағымызды да көріктендіріп тұрған ою. Көп жағдайда халықтың тілін, мәдениетін білмесек те қолөнерде бейнеленген оюларға қарап, қай халықтың қазынасы екенін қарап, танып білеміз, өйткені ою-өрнек әр халықтың таңбасы, сол елдің қолөнерінің көнеден келе жатқан мәдениеті.

Өрнек атауы латынның «ornamentum» — әсемдеу, сәндеу деген сөзінен шыққан. Ою-өрнек өнерінің классификациясы төрт топқа бөлінеді. Олар:

  1. Космогониялық (астрологиялық, қиял-ғажайып) ою-өрнектер: аспан әлемінің белгісі космос денелері, бойтұмарлар. Табиғат құбылыстары.
  2. Геометриялық ою-өрнектер: сызық түрлері, геометриялық фигуралар.
  3. Зооморфтық ою-өрнектер: құс, жәндіктердің символдық бейнесі.
  4. Өсімдіктектес (көгеріс) ою-өрнектер: жапырақтар, гүлдер болып бөлінеді.

Қазір киім, бұйымдарда ою-өрнектерді шығармашылықпен қолдану заман талаптарынан туындап отырған мәселелердің бірі деуге болады. Қолөнер шеберлері оюмен танылады. Алғашқы оюлардың көпшілігі ғарыш әлемі жөніндегі түсініктерден туады. Мысалы, арқардың мүйізіне қарап қошқар мүйіз оюын бейнелеген. Жануарлар, аңдар стилі зооморфтық тәсілі бойынша қолданылған. Осы деректерге қарағанда біздің ата-бабаларымыздың қолөнерінің ішіндегі ою-өрнек дамып, бізге жеткені дәлел.

Космогониялық ою-өрнектер:

Ою-өрнектің космогониялық элементтері – күн көзі, күн сәулесі, шыққан күн, ай, жұлдыз, ашық гүл, ағаш өңдеу өнерінде, ер-тұрман жабдықтарына жиі қолданылған екен. Олар туралы Марғұлан: «Жұлдыз гүл, жұлдыз өрнек, топ жұлдыз өрнектерімен халқымыз сырт киімдерін әшекейлеген», — дейді. Космогониялық өрнектер ғарышпен байланысты жұлдыздарды, күнді, айды, жарты айды және кемпірқосақты бейнелейді делінген. Бұдан қазақтардың ғарыш пен әлем құпиясына қызыққан, арманшыл халық екенін көреміз. Олардың киіз үйде тұруының себебі де осы болар. Бұл баспана бұрышы жоқ, жер шары секілді. Төбесінің дөңгелене жасалынуы – аспан, ал едені – жер, шаңырақ жердің кіндігі сияқты. Табиғаттың өзі өмірдің талай құпияларын үйретіп, қазақтарға ою-өрнектің космогондық түрлерін тарту еткен екен. Табиғат аясында өмір сүрген көшпелі қазақтарды түні бойы неше түрлі ою-өрнектер құраған жұлдыздардың ғажайып әлемі көмкеріп тұрған.

Геометриялық фигуралар:

Ою-өрнектің геометриялық элементтері шаршы, ромбы, иректер, жұлдызшалар, үшбұрыштар және көпбұрыштар құрайды екен. Геометриялық ою-өрнектер көбіне ағашты көркемдеп өңдеуде, үй-іші мен жиһаз бұйымдарын, музыкалық аспаптар мен аңшылық саймандарды әшекейлеуде қолданылыпты.

Зооморфтық ою-өрнектер:

«Қосмүйіз» — бұл бұғы мүйізін негіз еткен ою түрі. Оюдың бұл түрін сәукелеге, айыр қалпақтың төбесіне, шетіне, қамзолдың алдыңғы жағына, етіктің қоншына салатынын әжемнен сұрап білдім. Сонымен қатар бақыт-береке, байлық, мал-жанның көбеюі сияқты символдық мәні бар. «Құсқанаты», «қосмүйіз», «қыңырмүйіз» оюлары да киім-кешекте жиі қолданылатынын білдік.

Оюлардың бояуларының да өз сыры болады. Мысалы ол ашық, анық емес бояумен жазылса онда ол құпия жазу. Ою-өрнектің жасырын тілін түсіну қиын емес, ою-өрнек өнері бір елдің тілімен жазылған мәдени шежіре десе де болады. Мәселен, қосмүйіз, құсқанаты, қыңырмүйіз, ұшқан құс бейнесіне ұқсас оюларды сүйектен ойып, сәндеп, үй жиhазының беттеріне көркемдеп, әшекейлеген. Пішен ашалайтын айырға ұқсас келеді. Қошқар мүйіз ою туралы халқымыздың сүйікті ақын қызы Ф. Оңғарсынова былай деп жазыпты:

Түрін-ай текеметтің, асыл қандай!

Үңілдім үнсіз ғана басымды алмай.

Келе ғой қошақаным өзіме деп,

Әжем кеп сыйпағандай шашымнан жәй.

Күйімді кешсеңдер-ау сол беттегі,

Тұрғандай ана көңіл тербепмені.

Жан бітіп жайраңдады жан-жағымнан,

Қазақтың қошқар мүйіз өрнектері.

Өсімдік тектес ою-өрнектер:

«Ағаш»-өрнегі ағаштың тамыр тартып бүрлеуі сынды қасиеті негізінде үрім-бұтақты болып, тамыр тартып, іргелі елге айналуды тілек етіп, бас киім, қару-жарақтар сынды бұйымдарға салынатын өрнек екен.

«Гүл» — әйелдер тұтынатын киімдерге түсіретін бұл өрнек жапырақша жайылып, жасарып, ашық жарқын, мейірімді болсын деген тілекпен салынатын көрінеді.

«Шиыршық» — шапан, күрте сияқты киімдерге түсірілетін бұл өрнек үш жапырақты гүл өрнегі, қырмызы атқан көркем гүлдің үш құлақ болып ашылған жапырағы оның қасиетін арттырып тұратынын ескеріп, гүлдей құлпырып, өз қасиетіңді сақта, өзіңді аяла, абайла деген мағынаны нышандаған көрінеді.

Практикалық бөлім:

Мақсаты: Тамыры тереңде жатқан ежелгі салт-дәстүрдің құпиясын ашу, халықтың ежелгі қолданбалы өнерінің маңызды бөлігі ою-өрнек екенін дәлелдеу.

Көрнекілігі: Буклет: қазақтың ұлттық ою-өрнектері, қазақтың ұлттық қоржынын және  киіз үйін жасадық.

Байланыс: Қазақ тілі мен әдебиеті, информатика, сызу, геометрия, тарих, технология пәндері.

Нәтижесі: Өткен өмірсіз қазіргі және болашақ өмірдің болуы мүмкін емес екендігіне көзіміз жетті; еліміздің салт-дәстүрі мен мәдениетін танып білдік; өрнектердің сыры мен құпиясын зерттей отырып қазақ халқының талғамы мен өнер мәдениетінің биіктігі жайлы дерек алдық.

Жұмыстың барысы: Мысалы, «Құсқанаты» оюын салу үшін орындалатын әрекеттер тізбегін қарастырайық:  «Құсқанаты» ою-өрнегі мүйіз оюымен не шахмат шақпақтарының ізімен бейнеленген құстың қанаты тәріздес ою-өрнек. Бұйымдарда көп қолданылатын бұл ою қанатын жайып ұшып келе жатқан құсты тұспалдайды.

Керек құралдар: қисық сызық, шеңбер, түзу сызық, құю құралы, белгілеу және суреттің артық сызықтарын өшіру үшін өшіргіш құралы.

Сонымен:

  1. Қисық сызықты және шеңбердің көмегімен өрнектің негізгі бірінші бөлігін саламыз;
  2. Бірінші бөлімдегідей қисық сызық пен шеңбер құралдарын пайдалана отырып, өрнектің «маңызды» екінші бөлігін саламыз;
  3. Түзу сызықпен өрнектің соңғы бөлігін толықтырамыз.
  4. Дайын болған өрнекті үзінді ретінде белгілеп, Рисунок-Отразить/Повернуть-Отразить слева направо командасын орындау арқылы, қарама-қарсы бағыттағы көшірмесін аламыз;
  5. Екі жарты өрнекті біріктіреміз;
  6. Артық сызықтарды өшіргішпен өшіреміз, осылайша өзімізге қажетті оюды құрастырамыз.
  7. Дайын болған оюды құю құралын пайдаланып, қалаған түсімізге бояуға болады.

Қорытынды. Қорыта айтқанда ою-өрнек дегеніміз – дәлдік, есеп, тендік, теңдеу, үйлесім, жарасым, сәндік, көркемдік, парасаттылық, жылылық, сұлулық, ойлылық, ақылдылық, зеректік, көңілге шабыт, шаттық ұялатады, ептілікке, іскерлікке, шеберлікке, икемділікке, дәлдікке баулиды, тәрбиелейді.

Ою-өрнек өнерге деген махаббат, сұлулыкқа деген құштарлық жиынтығы. Ою ойған адамның жүрегі жылы, нәзік болады. Қазіргі кездегі информатиканы оқыту бағдарламаларының талаптарына сай техникалық прогрестің жетістіктерін пайдалану қажеттігі туындап отыр. Соған байланысты біз ізденіп, зерттеу жұмысымен айналыстық. Компьютер мүмкіндіктерін күнделікті өмірде тиімді қолданудың тәсілдерін үйреніп, басқа пәндермен байланысын байқадық.

 

Пайдаланған әдебиеттер:

  1. Энциклопедия. Қазақтың ою-өрнектері. “Алматы кітап” ЖШС. 2005 ж. Т.Х.Ғабитов, И.Н.Тасмағанбетов, Р.Н.Нұрғали, И.С.Төлендиев, Ә.А.Асқаров, Ғ.Есім, Б.Сағындықұлы.
  2. «Бес ғасыр жырлайды» 2 том.
  3. Жаңа ақпараттық технологиялар. Алматы “ЖТИ” 2003 жыл.