Шөженің әндері

40

Шөженің әндері

 

         Шөженің орындаушылық қабілеті де мол болса керек. Ол жырларды өзіндік бір әуенмен әндетіп орындайтын адам болыпты. Кейде ән де шығарып жүріпті деседі.

Белгілі «Балқурай» атты ән ел арасында Шөженің есімімен тараған:

 

Ай-күнім, Айман айым, денің сау ма,

Шырмалған ақ шабағым қиын ауға.

Алыстан аласұрып келдім жетіп,

Болсын деп шыбын жанып саған сауға.

 

Қайырмасы:

Қару – жарақ тағынып,

Айырылды деп неғылып,

Айман айым, жұлдызым,

Жаңа таптым сағынып.

 

Кешіктім көп отырдым тас қамауда,

Қапамен дәурен өтті күн санауда.

Жеткенім осы-ау болды, кешірерсің,

Салсам мен тон тонауды кан талауға.

 

Ақынның әуезді туындыларынан бізге жеткені «Шөже» әні:

 

Қаржаубайдың баласы ем атым Шөже,

Тамағыма жақпай тұр күйген көже.

Жеті жаста Құдайым көзімді алып,

От басында отырмын болып еже.

 

Қайырмасы:

Ах-ау, қаудыр, қаудыр-ай-ау…

Шорман байдың баласы Мұсы мырза,

Бұл ісіңе болмай тұр халқың ырза.

Соқыр келсе басыңды көтермейсің,

Біз соқыр жеп кететін қасқырмыз ба?

 

Сен бәйтерек болғанда біз көбелек,

Дүниенің төрт бөрышы дөп-дөңгелек,

Асылғанда бұтағың көтермесе,

Құр бәйтерек болғаның неме керек?

 

Қайырмасы.

 

А.В.Затаевич 1931 жылы жарық көрген «Қазақтың 500 әні мен күйі» кітабында Шөженің төрт әнін жариялаған. Мұны Қаныш Сәтбаев, Мұқатай Ержанов, Хасен Табиннің айтулары бойынша жазып алып, нотаға түсірген. Мамандардың ойынша оның әндері әлі толық жинала болмаса керек.