Қырғауыл –сезімтал құс

Мақсаты:

Тауық тәрізділер тобының бір тұқымдасы, жыл он екі ай өз жерімізде жүретін, табиғаттың көркі, сәні, тоқшылық пен берекенің белгісі болған қанатты достарымыз – құстар туралы іздену.

Сыр бойынан басқа жерде айтылмайтын «Қызыл жыңғыл ішінде Қыздаркүл апам ән салар» деген жұмбақтың шешуі – қырғауыл жайлы мағлұмат алу.

Оның ерекше сезімталдық қасиеті, киелілігі, балапандарын қорғағыштығы жайлы танысу.

Табиғат аясында құстарды ғылыми зерттеу арқылы танымдық қабілетін жетілдіру.

 

Бірде үйге қонақтар келіп, анам бір табақ қуырдақ қуырды.Тауық етіне ұқсамайды. Жеп көрсем, өте дәмді екен. Анамнан «Бұл ненің еті?» деп сұрадым. Қырғауылдың еті екен. Сол күннен бастап құс етінің дәмділігінен басқа да қандай қасиеттері бар екенін зерттегім келді.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Кіріспе

Құс деген не?

Құс — қанаты, қауырсыны, тұмсығы бар омыртқалы жануар. Олардың көпшілігі ұша алады. Алдыңғы аяқтары қанатқа айналған. Сан және мойын бұлшық еттері жақсы жетілген. Сүйектерінің іші қуыс болғандықтан, қаңқасы жеңіл.Бұл ұшуға жеңілдік туғызады. Құстар ұшқан кезде көп қуат жұмсайды.Сондықтан ұшуға дәрменді болу үшін жемді көп жеулері керек. Олар уақытының көбін азық іздеумен өткізеді. Ас қорыту жүйесі қоректі көп мөлшерде қабылдап, тез қорытуға бейімделген. Қазіргі құстардың тісі жоқ. Бірақ ежелгі құстарда тіс болған. Олардың тілі бар, бірақ бір ерекшелігі — тілдерінде сүйек болады. Жүрегі мен тыныс алу жолдары жақсы дамыған.

Көп құстар балапан өрбіту және азыққа тою үшін жылы жаққа ұшып кетеді. Оларды мекен ететін орындарына қарай орман, дала, балшық, су құстары деп бөледі, ұшатын және ұшпайтын құстар болып жіктеледі. Пингвин, тауық, түйеқұс тәрізді ұшпайтын құстардың төсі қырсыз, жалпақ. Ал қарлығаш, сандуғаш, қыран сияқты ұшатын құстардың төсі қырлы болады. Жер шарының барлық түкпірлерінде бүгінгі таңда құстардың 9000 — дай түрі бар. Ал Қазақстанда 500-ден астам түрі мекендейді.

Құстарды зерттейтін ғылым – орнитология (грекше «орнитес» -құс+ «логос» -ғылым) деп аталады.

 

 

 

 

Құстардың дене құрылысы

Құс тұмсығының басты қызметі – қоректену. Сондықтан оның пішіні құстың жейтін жеміне байланысты қалыптасады. Құстың түрін анықтағанда, оның тұмсығына баса назар аударады. Жаурауық тәрізділердің тұмсығы конус сияқты болады. Конус тұмсық дәнді шағып жегенге ыңғайлы. Жыртқыш құстардың имиген тұмсығы жиектеріне дейін өткір болады. Жәндік жегіштердің тұмсығы жіңішке және үшкір. Ағаштың діңін тесіп, жәндікті шұқып теретін тоқылдақтардың тұмсығы қашау сияқты тік әрі қатты. Құстардың қанаттары ауаға кедергі болмау үшін сүйір болып келеді. Қауырсын тек құстарда ғана бар. Ол құстың ұшуына көмектеседі. Денесін тоңдырмайды және құстың әуедегі тепе –теңдігін қамтамасыз етеді. Сирағының көлемі мен пішіні құстың мекені мен жемтікті қалай ұстайтынына байланысты. Балшықшы құстардың сирағы мен саусағы ұзын болады. Қонақтайтын құстардың саусағы бұтаны немесе сымды қапсыруға ыңғайлы. Суда жүзетін құстардың аяғы жарғақты болады. Жыртқыш құстардың сирақтары мен мықты табаны жемтікті бүріп ұстап, басқа жерге алып баруға арналған. Жемін жерден шоқитындардың алдыға қараған үш саусағы өте мықты болады.

 

 

 

 

 

 

Қырғауылдың мекендейтін жерлері және жұмыртқалау

ерекшеліктері

Ертеректе Сыр бойында қыс жайлы болып, қызылсу ерте жүрді. Қалың шеңгел, жиделі тоғайда қызыл жыңғылдың иісі бұрқырайды. «Қызыл жыңғыл ішінде Қыздаркүл апам ән салар» деген жұмбақ Сыр бойынан басқа жерде айтылмайды. Бұл жұмбақтың шешуі – қырғауыл.

Қырғауыл – тоқшылықтың, берекенің білгісі. Қыс жайлы болатын жылы қырғауыл 10-15 – тен, кейде тіпті 20-ға дейін жұмыртқа салады. Ал қыс қатты болатынын үлкендер қырғауылдың 2-3 қана жұмыртқалағанынан білетін болған. 1968 жылы, 1944-45 жылы,1952 жылдары қатты суық болып, қырғауылдардың саны азайып кеткен.

Қазақстанда қырғауылдың ең көп тараған жері –Сыр бойы десек, екінші қонысы –Іле аймағы. Мұнда Жетісу қырғауылы өседі. Біріншісінің қоразы көк жасыл, ал екіншісі болса күлгін көк қауырсынды болып келеді. Мекиендерінің айырмашылығы шамалы.

Қырғауылдар тұқымдасы – тауық тәрізділер тобының бір тұқымдасы. Оның ерекшелігі –танау тесігі қауырсынмен жабылмаған. Жіліншіктері түксіз, қоразының жіліншіктерінде мүйізді өсіндісі бар. Танау тесігін тері қаптары жауып тұрады. Қазақстанда қырғауыл тұқымдастыраның 6 туысқа бірігетін 8 түрі бар. Ең жиі кездесетін түрі –қырғауыл. Ол өзен жағалауындағы тоғайлы, қамысты, құнарлы жерді, Арал теңізінен Алакөл ойпаңына дейінгі шөлді аймақтарды мекендейді. Тау беткейінде бұта өсімдігі жақсы өскен және алуан түрлі шөптесін өсімдіктер өскен жерде кездеседі. Қоразының құйрық қауырсындары өте ұзын, әрі қызғылт, қою жасыл, күлгін түсті. Мекиені қоңыр сұрғылт түсті. Қанатының ұзындығы 245 мм, салмағы орта есеппен 1150 граммдай. Отырықшы құс. Жерде жүргенімен ағаш басына қонақтайды. Ну қамыстың, қалың бұтаның арасына ұясын жерге салып, оның бетін жасырып бүркемелейді. Мекиені сәуірден шілдеге дейін 10-14 сарғыш — қоңыр жұмыртқа салып, 23-24 күндей басады. Өсімдіктер мен әртүрлі омыртқасыздармен қоректенеді. Еті дәмді, кәсіптік маңызы бар, әуесқойлық тұрғыда ауланады. Балапандары жұмыртқадан жетіліп шығады. Мамығы кепкен соң жемтігін өзі аулайды.  Қырғауылдың аяғы мықты, топырақты қазып арасындағы жәндіктерді жейді.