«Алтын ұям- бесігім» тақырыбындағы ғылыми зерттеу жұмысы

136

 

«Алтын ұям- бесігім»  тақырыбындағы ғылыми зерттеу жұмысы

Жұмыстың мақсаты:

   Бесікке салу дәстүрінің танымдық,тәрбиелік маңызы зор. Осындай ұлттық тәрбиенің озық өнегелі дәстүрлерін, асыл қасиеттерін ,ұмытылып бара жатқан әдет-ғұрыптарының қадір — қасиеті мен тәрбиелік маңызын ашу.   

               

 

Жұмыстың міндеттері:

 

  1. «Бесікке салу» тарихына зер салу.
  2. Бесікке салудың пайдасын білу.
  3. Бесікке қатыстты ырым- тыйымдарымды бойына сіңіру.
  4. Ата-бабамыздың дәстүрлерін оқушыларға насихаттау.

            

 

 

Зерттеу жұмысының өзектілігі:

 

Ата-бабаларымыздың бесікке салуда ұстанған әдет-ғұрыптары,салт-дәстүрлері ,жөн-жоралғыларының тәрбиелік маңызы зор.  Елімізде  «Мәдени мұра» бағдарламасы қабылданған. Сол бағдарламада және Елбасымыздың Жолдауында халқымыздың мәдени құндылықтары мен дәстүрлерін дамыту көзделген.Мен соған өз үлесімді қосу үшін осы тақырыпты таңдадым.

 

Кіріспе

 

Қазақ халқының ұлттық мәдени игіліктерінің ішінде, елдің рухани қазынасында бесікке салудың  мән-мағынасы, қадір- қасиеті айрықша бағалы.Өйткені, қанымызға сіңісті, жанымызға жұғымды,тәрбиенің бастауы осы бесікке бөлеуден басталады.

Халқымыздың өзі «Тәрбие басы- тал бесік» деп тегін айтпаса керек.Барлық тәрбиенің бастауы болған бұл «Бесік жыры»қазіргі кезде ұмытылып барады.

Ұрпақ тәрбиесінде де айрықша рөл атқарып келеді.Ол- халықтық тәрбиенің

қайнар көзі,ол – заман таңбасы. Мұндай жағдайда жеткіншек ұрпақтың өз халқының рухани қазынасымен, оның ұлттық мәдениетімен,әдет-ғұрыптарымен неғұрлым тереңірек танысу қажеттігі де алдыңғы орында тұр.

Өйткені, ата- бабаларымыздың ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан қазақ халқының өзіне тән ерекшеліктерін сезбей,бағаламай өз рухани байлығын    арттыру мүмкін емес.

Бүгінгі таңда біз бесікке салудың мән – мағынасын жете түсініп,қасиетін пайымдап,ұлттықтәрбиеміздің ажырамас бір бөлігі,салт –дәстүріміз бен әдеп–ғұрпымыздың озық үлгісі ретінде қабылдап отырмыз.

  

  Бесікке салу. Бесік – қасиетті, киелі, құтты мүлік, сәбидің алтын ұясы болып есептеледі.Жаңа туған баланы бесікке салу да халқымыз үшін елеулі дәстүрдің бірі.Бесікке салу жолы үлкен, елдегі тәрбиелі, өнегелі әжелерге, әйелдерге тапсырылады.

 

     

Шілдехана өткеннен кейін баланың әке – шешесі бесік тойын жасайды.

Ағаштан жасалған бесікті баланың нағашылары немесе жасы үлкен қадірлі

аналардың бірі әкеліп, сыйға береді. Ең алдымен бесікке салушы әйел

бесіктің өзін жын- шайтандарды қуу үшін, түрлі иістерден арылту үшін отпен

аластап шығады. Содан кейін көрпешелер мен жастықшаларды баптап    салады.

 

 

Баланы жатқызып, бөлейді. Қолбау, белбау және аяқбаумен тартып байлап

қояды. Әйел тілектерін айта отырып бесіктің үстіне алдымен көрпе жабады.

Бала халықшыл болсын деп, тон, шапан жабады. Ат жалын тартып мінсін деп

қамшы іледі. Көз тимесін деп тұмар тағады. Қырандай көреген болсын деп

бүркіттің тұяғын байлайды. Бұдан кейін тыштырма жасап алып, баланы

бесікке бөлейді. Бесік үстіне жеті түрлі қадірлі таза заттар қойылады.

 

Тыштырма — сәбиді бесікке салар кезде бесіктің түбегі тұратын тесіктен құрт,  

          ірімшік, тәттілер өткізіп, «тышты», «тышты» деп ырым жасайды және оны

тыштырма деп атайды.  «Тыштырманы» әйелдер ырымдап бөлісіп алып, бала-

шағаларына үлестіріп береді.

 

            Бесік жыры – осындай қуаныш үстінде «Бесік жыры» айтылады.

                                      Айыр қалпақ киісіп,

Ақырын жауға тиісіп,

Батыр болар ма екенсің?

Бармақтарың майысып

Түрлі ою ойысып,

Шебер болар ма екенсің?

Таңдайларың тақылдап,

Сөзіңді жұрт мақұлдап,

Шешен болар ма екенсің?…

 

            Бесіктің құрамы- бесік ағаштан, негізінде талдан иіп жасалады.Себебі,тал басқа ағаштай емес йілмелі морт сынбайды, құрт түспейді, жат иісі болмайды.

 

 

  • Бесіктің басы
  • Бесіктің аяғы
  • Мамық
  • Тартпа бау
  • Қол бауы
  • Жөргек
  • Арқалық
  • Бесік жапқыш
  • Басжастық
  • Аяқжастық
  • Ойыншықтар

 

 

      Бесікке ырымдап тағылатын заттар- бесіктің сәби денсаулығына, тазалығына пайдасы өте зор.Бесіктегі сәбидің бойы, қол-аяғы түзу, ширақ болады. Сондай-ақ бесік баланы кездейсоқ құлаған заттан, суық пен ыстықтан да

қорғайды. Пәле – жаладан сақтасын деп ырымдап, оған мынандай заттар тағып қояды:

  • Тұмар
  • Үкінің тұяғы
  • Кірпі терісі
  • Тоқаш нан
  • Жыланның бас сүйегі

 

Мұндайда шайтан жылан, жәндік, тышқан келмейді деп жорыған.

 

 

    Бесіктің пайдасы – қазір баласын бесікке бөлейтін ата – ана аз. Тіпті « бесік зиян» дейтіндер де бар. Бесіктің пайдасы болмаса, ешқандай зияны жоқ.  Оның

ұрпақ үшін пайдасы ұшан – теңіз. Айталық:

 

Біріншіден – қол аяғын ербеңдетіп бос жатқан сәбидің ұйқысы тыныш болмайды. Ұйқысы қанбаған баланың зердесі толық жетілмейді.

 

Екіншіден–баланың мазасыздығы ананың психологиясына әсер етеді. Мұндай

жайсыздық сүт арқылы сәбиге беріледі.Сондықтан бесікке жатпаған бала болашақта сабырсыздау болады.

     

       Үшіншіден– баланы бесіктен шешкен кезде сәби керіліп созылып, рахаттанады. Денесінің әр түрлі күйде болуы оған демалыс сыйлайды.

       

    Төртіншіден– сәбидің тұла бойы таза болып, тазалыққа бойы үйренеді.

 

 

 

   Бесіншіден– бесіктегі баланың денесіне дымқыл, сыз дарымайды. Құрғақ болады. Ол мықты денсаулық кепілі. Әрі қол – аяғы сыптай болып өседі.

Алтыншыдан–бесік белгілі бір ритммен ғана тербеледі.Баланың жүйкесі бір жүйе, тәртіпке түседі.

   Жетіншіден– бесіктегі балаға ана әлдиі әбден сіңеді.Қайырымды мінез қалыптасады.Бесік жырын тыңдаған баланың қанына ұлттық қасиет дариды.

Сегізіншіден–бесік сәбиді сырттан келетін кері энергия немесе тіл-көзден сақтайды.

Бұлар бесіктің толып жатқан пайдасының бір парасы ғана. Яғни, бесікке салудың пайдасы мол.

 «Бесікке салу» дәстүріне қатысты тыйым сөздер:

  • Бос бесікті тербетпе
  • Баланы шошытпа
  • Бала бетіне үрлеме
  • Бесікке асылма
  • Бесікті аяқпен тербетпе
  • Бесіктегі балаға төбесінен қарама
  • Бесіктегі баланы бесіктен теріс шешіп алма
  • Бос бесікті ашық тастама

   

 

 

     Қорытынды

     Ел іші — алтын бесік.

 

Қазақтың айтулы қоғам қайраткері Мұстафа Шоқай былай дейді: «Ұлттық мәдениеттен жұрдай рухта тәрбиеленген ұрпақтан халқымыздың қажеті мен мүдесін жоқтайтын пайдалы азамат шықпайды».

          Елдің туын көтеріп,тәуелсіздік талаптарын орындау ісіне батыл бетбұрыс жасаған бүгінгі таңда адамзаттық игіліктерді, халқымыздың ғасырлар бойы армандаған мәдени салт-дәстүрлерімізді ұмытпауымыз керек.

Қазақ ұлын ұяға,қызын қияға қондыру ата-ананың парызы деп санаған.Қазіргі таңда ата-бабаларымыздың бесікке салу,яғни жөн-жоралғысын толық орындамасада бүтіндей ұмыт қалған жоқ. Осы әдет-ғұрыпымызды той – думандарда, жиындар мен мерекелерде жаңғыртып отырсақ дұрыс болар еді.Әдет-ғұрыпты, ұлттық тәрбиені бойына сіңіріп өскен бала нағыз қазақ баласы.

 

 

Ата-бабаларымыздың бесікке салу салт-дәстүрлері бір күннің не бір жылдың ғана емес, ғасырлар жемісі. Сол ата-бабаларымыз салып кеткен сара жолдан ауытқымайық.Қазақ балаларының бесікке бөленгеніне тілектеспін.

 

 

 

               Әдебиеттер тізімі

  1. Қазақ халқының салт-дәстүрлері.Алматы.
  2. Қазақ этнопедагогикасы. Алматы.
  3. С.Кенжеахметұлы.Қазақ халқының салт-дәстүрлері.
  4. Ұлағат ғылыми-психологиялық және педагогикалық журнал.
  5. Халел Арғынбаев. Қазақтың отбасылық дәстүрлері. Алматы:Қайнар баспасы
  6. С.Қалиев. Қазақ этнопедагогикасының теориялықнегіздері мен тарихы.Алматы.1998ж.
  7. Ә.Табылдиев.Халық тағылымы. 1992ж.
  8. Н.Сауранбаев Ұлттық әдет-ғұрыптар туралы.Алматы.
  9. Н.Елікбаев.Ұлттық психология. Алматы.
  10. Ә.Табылдиев.Қазақ этнопедагогикасы.Алматы,1999ж.
  11. Н.Елікбаев.Ұлттық психология. Алматы 1992ж