“Айқап” журналының қазақ тарихындағы орны

 

“Айқап” журналының қазақ тарихындағы орны

 

 

 

Булаев қаласы, 2011 жыл

Мазмұны

 

Кіріспе3
І“Айқап” журналының қазақ тарихындағы орны
1.1Қазақ баспасөзінің қалыптасу тарихы5
1.2“Айқап” журналының шығу тарихы8
1.3“Айқап” журналының жалынды жаршылары, олардың көтерген мәселелері13
Қорытынды24
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі26
Қосымша

 

 

Кіріспе

Ғылыми жоба тақырыбының өзектілігі: Сонау ықылым заманнан бері қай халықты алып қарасаңызда сол елдің өсіп-өркендеу жолында баспасөз рөлі өте жоғары рөл атқарғанын аңдаймыз. Өркениеттің көшінен қалмаудың бірден-бір белгісі  сол ұлттың білімі мен ғылымының, әдебиеті мен мәдениетінің, сайып келгенде осының бас-қасында тұратын баспасөзінің қаншалықты дамығанына байланысты білінетіндігі шын дүние. Ел баспасөзі қаншалықты дамыған болса, елдің ертеңі мен бүгіні де соған сай болатындығы шындық. Тарихтың талай дүрбелеңін басынан кешірген қазақ баспасөзі  де бүгінгі таңға әупірімдеп жетті-ау!  Сан мәрте ақсап барып, жүрелей жүріп орындарынан қаз тұрып кеткен қазақ баспасөзі соның ішінде  көптеген қоғамдық-саяси газеттер мен журналдардың алдында баршамызға ыстық  болып тұратын ол –   «Айқап» журналы!

Биылғы жыл қазақ халқы үшін  айрықша аталатын жыл болып отыр. Елбасы Н.Ә. Назарбаев «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты халыққа арнаған Жолдауында еліміздегі  мәдени  шаралар тәуелсіздігіміздің 20 жылдығының  аясында өтуі керек және   «Бейбітшілік пен жасампаздықтың – 20 жылы» біздің мерейтойымыздың ұраны деген болатын. Ал,өткен ғасыр басында осы тәуелсіздікті аңсап кеткен қазақ перзентерінің бірегейі Мұхаматжан Сералин Ресей жеріндегі Троицк қаласында «Айқап» атты журналын жарыққа шығарғанына ағымдағы жылдың қаңтар айында 100 жыл толды.

Қазақ баспасөз тарихында «Айқап» журналының алатын орны – ерекше.  Троицк қаласында 1911-1915 жылдар аралығында шығып тұрған «Айқап» қазақ халқының саяси-әлеуметтік, мәдени-шаруашылық өмірінің көптеген түйінді,көкейтесті  мәселелерін көтергендігіне  куә боламыз. Шын мәнінде қазақ баспасөзін зерттеп зерделеу еліміздің тәуелсіздік алуымен бірге басталды. Ал тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы қарсаңында «Айқап» журналының 100 жылдығын атап өту — ұлтымыз үшін биік мәртебе болуы тиіс. Бұл ғылыми жобаның құндылығы да сонда.

Жұмыстың мақсаты:

Жалпы қазақ баспасөзінің даму жолын, соның ішінде «Айқап» журналының қоғамда алатын  орнын көрсету. Халқымыздың бүкіл тіршілік болмысын, экономикалық,  әлеуметтік  және саяси жағдайын, әдебиеті мен мәдениетін, өнері мен білімін жетілдіруді жан-жақты жазумен бірге, осы бағытта үлкен түсіндірушілік, насихат жұмыстарын жүргізіп, қазақ қоғамының ілгері дамуына зор үлес қосқан «Айқап» журналының  тарихын таныту, онда қызмет жасаған ел жанашырларының есімін елге естірту.

 

Міндеті:

— Қазақ баспа сөзінің тарихын білу, алғашқы қарлығаштарын таныстыру;

— Қазақ баспасөзінің даму жолын, қоғамдағы орнын көрсету;

— «Айқап» журналының мақсаты мен міндетін көрсету;

— «Айқап» журналының жаршыларын елге таныту.

Зерттеу жұмысының ғылыми болжамы:

ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ қоғамында теңдесі жоқ еңбек атқарып, ұлттық ой-сананың құдіретті қозғаушысы бола білген, қазақ баспасөзінің қарлығашы іспетті тұңғыш журналды, оның жанашырларына ешкім көңіл бөле бермегенге ұқсайды. Сондықтан осы “Айқап” журналының шығу себептерін зерттеп, жүйелесе,анықтаса. Өз елінің әдебиетіне, тарихына, қоғамда болып жатқан мәселелерге жете көңіл бөлетін тұлғаның қалыптасуына септігін тигізеді.

Зерттеудің әдістері. Тақырыптың теориялық-әдістемелік негіздемесі ғылыми жоба  жұмысында арнайы қарастырылды. Зерттеу барысында материалдарды жинақтау және оларды талдау, индукция мен дедукция, тарихи-салыстырмалы таным сияқты жалпы ғылыми, әлеуметтанушылық, тарихи зерттеу тәсілдері қолданылды.

Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы және практикалық құндылығы. 

Зерттеу жұмысының ғылыми маңызы зерттеу дереккөздерінің кең түрде пайдалануының негізінде қазақ баспасөзінің тарихын және қазақтың тұңғыш журналы «Айқаптың» көздеген мақсат-мұратын жете меңгеру. Сонымен қатар Көкше өңірінен шыққан журналист,ақын,ұстаз, қоғам қайраткері  М. Кәшімов жайлы деректер  алуға болады. Сол сияқты зерттеу жұмысында қалыптасқан әдістемелік тәсілдер ұлы тұлғалардың қоғамдық-саяси қызметін жан-жақты зерттеп, тарихи таным нысанына айналдыруға  мүмкіндік береді деген ойдамыз. Бұл материалдарды әдебиет,тарих пәндерінен арнаулы курстар мен семинарларда,конференцияларда қолдануға болады.

Ғылыми жоба жұмысының практикалық базасы — ХХ ғасыр басындағы қоғам қайраткерлерін зерттеушілердің еңбектері болып табылады.

Ғылыми жоба жұмыстың құрылымы: Кіріспе мен бір тараудан, қорытынды мен  пайдаланылған әдебиеттер тізімінен және қосымшадан тұрады.

Кіріспе бөлімінде зерттеудің ғылыми аппараты, тақырыптың өзектілігі, зерттелу жайы, зерттеу мақсаты, міндеттері, зерттеу әдісі, ғылыми болжамы, оның тәжірибеге енгізілуі тұжырымдалады.

Ал негізгі бөлімде қазақ баспасөзінің шығу және қалыптасу тарихы, олардың көтерген мәселелері және оның жалынды жаршылары туралы айтылады.

Қорытынды бөлімде көзделген мақсат-міндеттердің орындалуы жайында сөз қозғалады.

Қосымша материалдарда жасалған слайд материалдары, бейне көрсетілім

 

«Айқап»  журналының  қазақ  тарихындағы  орны

  • 1 Қазақ баспасөзінің қалыптасу тарихы

Кез келген әдебиет бір күннің  төңірегінде өрбитін немесе белгілі  бір  тарихи кезеңнің оқиғасын баяндайтын тар ұғымды дүние емес.  Мәдениеті бай елдердің әдебиеті де қазтұрып,қалыптасқанша қоғамның дамуы секілді толып жатқан өзгерістерді қорытындылай келіп, алдымен өз халқының, кейін  жалпы адамзаттың ортақ игілігіне айналады. Бұл заңды құбылыс.

Тамырын  тереңнен тартқан тарихымен қоса мәдениеті өркендеген қазақ халқы басында өткерген ұлы оқиғалар мен әлеуметтік жолдарын ауыз әдебиеті эпостық жырлар, тарихи   аңыз-әңгімелер арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жеткізді. Алғашқы газет-журналдар да басылды. Кейінірек осының барлығы кітап болып жарық көрді. Тарихи-мәдени, әдеби дүниелерін кезінде қағаз бетіне түсіріп отырмаған қазақ халқының тасқа басылып, хатқа түскен ескерткіштерінің ішіндегі революциядан бұрынғы газет-журналдарда басылған нұсқаларының алар орны ерекше. Олардан рухани  мұрамыздың бай көріністерімен қатар туған әдебиетіміздің тарихын жете білуге және оны халық тарихымен біртұтас  зерттеуімізге де мүмкіндік береді.

Ресейдегі 1905-1907 жылдары өршіген революция дауылы империяның түкпір-түкпірін, соның ішінде Қазақ даласын да шарпыды. Қазақ қалың ұйқыдан оянғандай дүр сілкінді, елдігін, жұрттығын сезіне бастады. Бойында, ойында қоғамдық-саяси үркіншілік қызуы пайда болды. Ақ патшаға, отаршыларға қарсы наразылығы күшейді. Қайда айдаса сонда жүре беруден, қалай илесе де көне беруден бас тартуды шығарды. Көкірегінің оты бар, көзі ашық ел азаматтары бұл дүрбелеңнен шет тұра алмады. Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Мағжан Жұмабаев, Мұхаметжан Сералин сынды қазақ зиялылары ұлт-азаттығы туын көтерді. Сол ту төңірегінде елдің күллі әлеуметтік күштерін топтастырды. Мерзімдік баспасөз жүйесін құрды. Оған ояна бастаған ұлттық сананың ұйтқысы болу міндеті жүктелді. Бұл абыройлы міндетті жүзеге асыру ісі әртүрлі бағыттағы қазақ газеттерінің, әсіресе қазақ баспасөзінің мақтанышы, жарқын жұлдызы – «Айқап» журналы мен «Қазақ»  газетінің үлесіне тиді.

Революцияға дейінгі Қазақстан баспасөзінің библиографиялық көрсеткішіне қарағанда, [2,б.162]. ХХ ғасырдың басындағы қазақ газет, журналы сан жағынан саусақпен санарлық қана. Қазақ тілінде газеттерден: «Дала уалаятының газеті» — «Киргизская степь Казахстана» (1888-1902). Омбы; «Қазақстан» (1911-1913). Орал; «Сарыарқа» апталығы (1917-1918). Семей; «Қазақ» (1913-1918) Орынбор; «Алаш» (1916-1917) Тәшкент;- небәрі бес дүркінді басылым шыққан.

Бұлардың қатарына қосуға, қоспауға да болатын газеттер бар. «Есіл даласы» (1913-1913). Петропавловск; «Қазақ газеті» (1907). Троицк; «Серке» (1907). Петербург; — басылымдары қазақ баспасөзінің аталымын көбейтеді демесек, шығар-шықпас жабылып қалған.

Журналдан бой көрсеткен – жалғыз «Айқап» (1911-1915)Троицк.

Енді аталған басылымдарды ХХ ғасырдың бас кезінде (революцияға дейінгі кезеңде) Қазақстанда жарық көрген орыс тіліндегі басылымдармен салыстырып көрейік. Айырмасы жер мен көктей. Орыс тілінде 71 газет, 44 журнал шығарылып тұрған. Орыс баспасөзінің қазақ басылымдарына қарағанда соншалық басым түсетіні келімсектердің жергілікті тұрғындарға қарағанда көптігінде емес. Орысы ең көп шоғырланған Солтүстік Қазақстан облыстарында жат жұрт саны қазақтармен салыстырғанда жиырма пайыздан аспаған. Ал «Қазақ» газетінің есебі бойынша 1913 жылы қазақ 5 миллионнан асқан. [3, б.27]

 

 

Қазақ даласындағы аз орысқа көп газет басып шығарудың мәнісі айтпаса да түсінікті: патша үкіметінің отаршылдық саясатын жүзеге асыру, қазақты бас көтертпей ұстау, ел басқару ісінен, дінінен, тілінен ажыратып шоқындыру, ұлт ретінде жер бетінен аластау қажет болды.

Орыс тіліндегі газет –журналдардың көпшілігі реттеліп,  библиографиясы жасалып, материалдары  ғылыми айналымға  түскенімен қазақ тіліндегі мерзімді  баспасөздер күні бүгінге дейін ретелмеді, олардың толық библиографиялық көрсеткіштері жоқ. Осыдан  барып көптеген ғалымдарға, әсіресе шығыс халықтарының әдеби, мәдени мұраларын, тарихын, экономикасын, тілін зерттейтін ғалымдарға осы бай мұра бүтіндей белгісіз болып келді. Ал, бұл газет журналдарға көз жіберіп , сырын ашып, ақтарып көретін болсақ, олар революцияға дейінгі Қазақстанның  тарихынан, әдебиетінен, мәдениетінен, шаруашылық жайларынан толып жатқан соны деректер беретіні даусыз.

Тағы бір айта кететін жай Қазақстанның тарихын, экономикасын, әдебиетін, мәдениетін зерттейтін ғалымдар қазақ тілінде ертеректе шыққан газет-журналдарын тауып пайдалану үшін көптеген уақыттарын жоғалтады.  Оның қиындықпен түсетін бір себебі мынада: бұл газет-журналдар кітапхана қоры мен архивтерде түгел сақталмаған. Патшалық Россияның қол астындағы ұлттар тілінде шыққан газет-журналдарда басылған мақалалардың түгелге жуығы библиографияға түсірілмегенін ескерсек, қазақ тіліндегі библиография тіпті болмапты.Бұл жұмыс  тек кейінгі кезде ғана қолға алынып, қазақ халқының мәдени өмірін, тарихи даму жолындағы өзгерістерді талдап, зерттеуде жұмыстар атқарылып, түрлі энциклопедиялар мен библиографиялық жинақтар шығарылды.  Атап айтқанда «Айқап» журналы мен «Түркістан  уалаяты», «Дала  уалаяты», «Қазақстан» газеттерінің беттерінде басылған материалдардың мазмұндалған  библиографиясы 1961, 1963 жылдары басылып шыққан болатын.

Қазақ тілінде шыққан газеттердің екінші тобы 1905-1907 ж. Россияда болған революция дүмпуімен дүниеге келді («Серке» — 1907, «Қазақ газеті» — 1907, «Дала», «Қазақстан» — 1911-1913,  «Ешім даласы» -1913), ал одан кейінгілері Октябрь революциясының қарсаңындағы дабылдан кейін және көтеріліс  кезінде шыға бастады ( «Айқап» — 1911-15ж., «Қазақ» -1913-18ж., «Алаш» — 1916-17ж. , «Бірлік туы» -1917ж., «Сарыарқа  -1917- 18ж.», «Ұран» -1917ж., «Үш жүз» — 1917ж., «Тіршілік» -1917. Бұл газетердің шығуына үкімет тарапынан көмек болған жоқ. Олардың жарық көруіне жеке адамдар тобының серіктесуі ықпал етті. Алайда  патша  цензурасының қатаң бақылауына  ұшыраған бұл газеттер үздіксіз шыға алмай, көбінесе айып төлеуге мәжбүр болды. Кейде жабылып қалды, ал ең соңында мүлде жойылып жіберілді.

Баспасөз – қазақ халқының қоғамдық -әлеуметтік ой-пікірін оятуға, мәдени-әдеби дүниетанымын қалыптастыруға, кеңейтуге едәуір әсер етті.
XIX ғасырдың II жартысы мен XX ғасырдың жартысындағы қазақ баспасөзінің саяси-қоғамдық және әлеуметтік мәні орасан күшті. Осы кезеңде қазақ қауымы үшін қызмет көрсеткен әсіресе, «Қазақ» газеті мен «Айқап» журналы болды. Әрине, бұдан аталмыш осы газет-журналдан басқа баспасөздер болған жоқ деген ой тумайды. Барлық баспасөздің өзіндік орны, мақсат-міндеті, саясилығы, қоғамдық-әлеуметтік мәні бар. Қазақ баспасөзінің тұңғыш қарлығашы «Айқап» журналы. Ол журналдың көтерген жүгі мен артқан мақсат- мүддесін өте ауыр да салмақты ойларға толы болды.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

  • 2 «Айқап» журналының шығу тарихы

1911 жылғы 10 қаңтарда Троицкіде қазақ халқының тарихындағы тұңғыш  «Айқап» ұлттық журналының бірінші нөмірі шықты. Ұйымдастырушы және баспагер, идеялық басшысы және редакторы М. Сералин (1872-1929) бұрын педагогтік және журналистік қызметпен айналысқан, сол кезге қарай белгілі ақын, әдебиетші, қоғам қайраткері болған.

Мұхамеджан Сералин қазіргі Қостанай облысы Қарабалық ауданы  «Өрнек» ауылында туған. Троицкідегі медреседе оқыған, кей        іннен Қостанайдағы 2 кластық орыс-татар мектебін бітірген.

М.Сералин ұзақ жылдар бойы баспасөз майданында қызмет істеп, қазақ тілінде тұңғыш рет шыққан «Айқап» журналының әрі ұйымдастырушысы, әрі редакторы болған.

Көрнекті қоғам қайраткері, белгілі журналист М.Сералин көркем әдебиет саласында да құнарлы еңбек етті. Ол көлемді екі поэма «Гүлкәшима», «Топжарған» жазып жариялады, журналға арнап сан тақырыпта мақалалар жазды, аударма ісімен де шұғылданды.

М.Сералин – жазба әдебиетінің көрнекті өкілі, қазақтың алғашқы публицистерінің бірі.

«Айқап» журналы 1911 жылғы қаңтардан 1915 жылғы қыркүйекке дейін әуелгіде айына бір рет, ал сонан соң екі рет шығып тұрды. Барлығы 88 нөмірі шықты, таралымы 1000-2000 данаға дейін жетті. «Айқап» журналы ағарту ісі мен мәдениеттің жаршысы болды. М. Сералин «Айқап» беттерінде мұсылмандардың қасиетті кітабының мазмұнын ыңғайлы, түсінікті нысанда баяндауға тырысқан  авторлардың мақалаларын жариялап отырды. «Айқап» журналының қазақ фольклорын зерттеудегі,  Абайтануды қалыптастырудағы, орыс және дүниежүзілік классикалық әдебиетінің рухани мұрасын насихаттауда атқарған рөлі зор.

Бірінші дүниежүзілік соғыстың басталуы жағдайында едәуір шиеленіскен зор қаржы  қиындықтары,зиялылардың бір бөлігінің сол кезге қарай өзінің көркемдік толысқандығымен, қазақ әдеби тілін түлетумен, стилінің сындарлылығымен және  ең бастысы толғағы жеткен жалпы ұлттық проблемаларды қоюмен әйгілі болған «Қазақ» газеті жағына шығуы 1915 жылдың тамызында «Айқап» журналы шығуының тоқталуына себеп болды.

Айқап журналындағы оқу – тәрбие мәселелері. ХХ ғасырдың бас кезінде яғни 1911 жылдың қаңтарынан бастап, 1915 жылдың қыркүйек айына дейін   Тройцкі қаласындағы «Энергия»  бапаханасында  қазақ тілінде үзбей шығып тұрған  «Айқап»  журналы  халқымыздың әлеуметтік саяси-өмірінде, әдебиет пен мәдениетімізді насихаттап таратуда елеулі рөл атқарды. Ол қазақтың тұңғыш қоғамдық –саяси және әдеби журналы болды.  «Айқап» өзінің сипаты жөнінен жалпы демократиялық болғанымен, іс жүзінде Шоқан Уәлихановтың, Ыбырай Алтынсариннің,  Абай Құнанбаевтың ағартушылық идеялары негізінде дамып келе жатқан қазақтың қоғамдық ой-пікірінің, әдебиетінің, публицистикасының  прогресшілдік және демократиялық  дәстүрлерін жалғастырған ілгері дамытқан журнал болды.

М. Сералин  журналдың төңірегінде өзімен ниеттес көрнекті ақын жазушыларды, қоғамдық қайраткерлерді топтастырды. Журналдың  тілшілері  1911-12 жылдары Әкірам Ғалымов, 1913-1914 жылдары Сұлтанмахмұт Торайғыров  болды.  Журналдың арнайы тілшісі  1911-1913 жылдары Мұхаметсәлім  Кәшімов болды. Әр уақытта  автор болып Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов,  Бейімбет Майлин, Сәбит Дөнентаев, С.Ғ. Ғаббасов, М. Жолдыбаев, Т. Жомартбаев, М. Жұмабаев, Ә. Ғалымов,  М. Дулатов, М.Кәшімов, Қ. Кемеңгеров, Б. Кенжебаев, М. Көпеев, Б. Қаратаев, Ғ. Қарашев, Ш. Құдайбердиев,С. Лапин, Б. Майлин, Ж.  Сейдалин, М. Сейдалина, С. Сейфуллин, М. Сералин. Б. Сыртанов, С. Торайғыров, С. Хасенов, С. Шорманов, С. Ужчин болды.

«Айқап»  журналы осылай аталуының себебі мен алдағы мақсаты туралы 1911жылғы  11-санында бастырушылар алқасының атынан былайша түсінік береді:  «Айқап» деген сөз қазақтың төл сөзі, ол ғасырлар бойы мәдениеттен , білімнен кенже қалған бүкіл қазақ халқының өкініші ретінде алынды. «Ай, қап!» деп санымызды соқтық, енді ел қатарына  қосылайық деген үнді білдіреді.«Айқап» – бұл қазақтың «Әй, қап!» деген сөзінен алынған. Оған бас редактордың журналдың бі­рінші нөмірінде жазған мақаласы дәлел. Ол: «Біздің қазақтың «Әй, қап!» демейтұғын қай ісі бар? Газет шығармақшы болдық, қолымыздан келмеді. Пұ­лы барларымыз ынтымақтаса алмадық. Пұлы барларымыз ынтымақтассақ та, ақшасыз істің көзі табылмады. «Қап, пұлдың жоқтығы, қолдың қысқалығы-ай!» – дедік. Жақсы жерле­рімізді сақтап қал­мақ болдық. Басымыз қосылмады. Қолайлы жерлер қолдан кетті. «Қап, ынтымақсыздығымыз-ай!» – дестік. Болыс, би, ауылнай боламыз деп та­ластық, қырылыстық. Жеңілгеніміз жеңген жағымызға: «Енді сайлауда көрерміз, қап, бәлем!», – дедік. Қазақтың осындай бірнеше жерде «Қап!» деп қапы қалған істері көп. «Қап!» дегізген қапияда өткен істеріміз көп болған соң журналымыз өкі­нішімізге лайық «Айқап» болды», – деп жазған екен дейді.

«Айқап» журналының жарыққа шығуы және ел ішіне кең таралуының, зор беделге ие болуының өзі қазақ азаттығы жолындағы жан алып, жан берген айқасының айтарлықтай жемісі.

Тәуелсіздік идеясы жалаң ұран тастаумен шектелмейді. Ол сан қырлы, сан салалы жұмыс нәтижесінде жүзеге аспақ. Азаттықа қол жеткізу үшін жан-жақты, жүйелі даярлық керек.

«Айқап» журналының көтерген мәселелері алуан түрлі: ХХ ғасырдың бас кезіндегі Қазақстандағы жер жайы, ел тарихы, экономикасы, мәдениеті, саяси құқық, әйел теңдігі, оқу-ағарту ісі, шетел хабарлары, мұсылман өмірі, дін, әдет-ғұрып, ойын-сауық. Т.б. Міне осы сан қилы мәселелерді көтеру барысында, әсіресе жер, су,ел тарихын жазу үстінде материалдың тәуелсіздік тақырыбына қатысты қырлары мүмкіндігінше назардан тыс қалған жоқ.

«Айқаптың»  төңірегіне жиналып, қазақ халқының қоғамдық ой – пікірінің қалыптасуына елеулі үлес қосқан әдебиеті мен мәдениеті жайында байсалды талғамдар айтқан журналдың редакторы М. Сералиннің «Айқап» журналының басқармасында  қызмет еткен жазушылардың еңбектері ерекше. «Айқап» журналының бетінде қазақ  совет поэзиясының алыбы –

С. Сейфуллиннің алғашқы өлеңдері, Б.Майлиннің тұңғыш  мақалалары басылды және С. Дөнентаевтың, Мағжан Жұмабаевтың  бірнеше өлеңдері жарияланды.

Қазақ басылымдарының әуел бастан әспеттегені, бір сәт көзден таса етпегені – жер проблемасы. «Айқап» журналының 1911 жылғы бірінші нөмірінде Ахмет Байтұрсынов «Қазақ өкпесі» деген мақаласында жердің иесі кім болуға керек деген мәселе көтере отырып, қазақтың қалың бұқарасына үлкен ой салатын пікір қозғайды. Қазақтың пайдаланып отырған жерін мұжықтартып алып жатыр дей келе, Ахмет байтұрсынов халықтың ондай халге душар болуының себебін ел тәуелсіздігімізден айырылып қалғанынан деп табады.  «Ханы надан, жұрты надан» болғандықтан «Өзге жұрттар ілгері басқанда қазақ кері басқан». «…Жұрты мықты мемлекеттің жанында өз алдына хан болып тұруға көп күш керек екен, ол күш алтыбақан алауыз қазақта болмаған». Содан барып «хандарымыз халқыменен Россияға қосылған». Мықты мемлекет Россия енді мұжығына жеріңді үлестіруге кірісті. Жерден айырылу – бәрінен айырылу. Жерден айырылып, тотиып қалмас үшін қазақ не істеуге керек? Гәп қазақ жерін қазына жеріне айналдыруда ғана ма екен?. Сол қазыналық жерде отырып-ақ қазақ жерін жалға беріп, мұжықты енгізіп алып жатқан жоқ па,- дейді. Ахаңның кеңесі мына қорытындыға саяды: жер – мемлекеттікі бола берсін. Ал қазақ, сен сол игілігіңді сақтаймын десең еңбек ет, ғылым, білімді игер, әтпесе теңдікке қолың жетпек емес.

Журналдың сол 1911 жылғы екінші нөмірінде қазақ поэзиясы көгінде жарқырап шыққан жаңа жұлдыз Мағжан Жұмабаевтың «Жатыр» атты өлеңі басылған.

Басқа жұрт аспан-көкке асып жатыр.

Кілтін де өнер-білім ашып жатыр.

Бірі ай, бірі жұлдыз, бірі күн боп,

Жалтырап көктен нұрын шашып жатыр.

Азырақ көз жүгіртіп қарап тұрсаң,

Қазағың таңқаларлық кепте жатыр.

Байларың мыңды айдаған шалқып жатыр,

Бар малын болыстыққа сарқып жатыр.

Барымта, ұрыс-керіс, кісі өлтіріс,

Ішінде сорлы қазақ қалқып жатыр,-

деп бастайды да, ағартушы демократ тұрғысынан қазақ елінің сол кездегі күй-жайын айшықты суретке айналдыра отырып, отаршыларға зілді саяси айып таңбасын басады. Озық елдердің бір ісіне жанаса алмай таңқаларлық кепте жатқан сорлы қазақтың: «Кең жері күннен күнге құрып жатыр. Сұр жылан бар қан-сөлін сорып жатыр»,- дейді.

Бейімбет Майлиннің  «Айқапта» жарияланған маңызды мұрасының бірі – ол 1915 жылғы «Болған іс» атты деректі әңгімесі. Шығармада көшіп келген орыстарға жер сатып, пайда тауып жүрген Жанпейіс дегеннің жағымсыз бейнесі бар. Жанпейістің пысықтығына Қажыбай ақсақал тәнті болып, одан менің де жерімді орысқа өткізіп бер деп өтінеді… Ақыры переселен Меколай сатқан жеріңді толықтырып бер, болмаса ақшамды қайтар деп Жанпейісті соққыға жығады. Қажыбайдың жылқысы үйренген өрісіне жайылып барғанда, өзі сатқан жердегі орыстың егініне түседі. Меколай жылқының бәрін айдап әкеп, қамап тастайды. Қамауда тұрып Қажыбайдың екі ту биесі мен аты аштан өледі. Қажыбай приставқа барып, қалған жылқысын әрең босатып алады.

Халық тұрмысындағы кейбір келеңсіз әдеп-ғұрыптардан арылу қажеттігін алға тартқан танымдық жарияланымдардың бірі ретінде Бейімбет Майлиннің «Қостанай уезі. Дамбар болысы» (1913) деп аталатын  тырнақалды туындысын атап өтуге болады. «Бірақ біздің қазақ халқының ежелден пайдасын біле тұра аяқ баспайтындығы бар емес пе? – дейді болашақ жазушы. Бірсыпыра жарамсыз әдеттерін ата ғұрпымыз деп айырылмай бұл уақытқа шейін қолына ұстап келді. Ол жарамсыз әдеттерінің бірі қыз алып, қыз беру турасында, онан соң өлік турасында».  Өлікке мүше берудің, молдалардың адам қайтыс болған кезде мал аламын деп ұмтылатынынына қынжыла келіп, осы ғұрыптың өрескелділіге сын айтады. Сөйтіп 19 жастағы ауыл баласы «нәпіл-сақалардың бәрін жиып, неге мешіт-медресе ашпаймыз, неге оны білім беру жолына жұмсамаймыз» деп сол заманның табиғатына сіңісе қоймайтын тың ой ұсынады.

Журнал  оқу, жас буындарды тәрбиелеу және мәдени-ағарту ісіне шын мәнісінде прогрестік және демократиялық тұрғыдан көңіл бөлді. Бұл іске Сералин өзі сияқты  мұғалім, жазушыларды публицистерді тартты.

«Айқап» отырықшы болуды мәдениет мәселелерімен байланыс-тыра үгіттеді.М. Сералин орыс халқының ғылымын, өнерін, тілін үйрену керек дей келіп,бұларды білу үшін школа мектеп ашу қажет. Бұл 4-5 үйдің қолынан келетін іс емес, кедейлердің баласын алыс жерге  жіберіп оқытуға қалі келмейді. Сондықтан  «бір жерге қала болып жиналудан басқа ем жоқ».  Ал  «50-60 үй бір жерде, жиналып оитырса, оларға  орталарынан молда (мұғалім) ұстап бала оқыту оңай. Сонда өкімет тарпынан орыс-қазақ школын аштыруды талап етуге болатынын» айтты (9).

М. Сералин  ХХ ғасырдағы қазақ ағартушыларының дәстүрін жалғастыра отырып, мектеп ашу, бала оқыту жөнінде нақтылы ұсыныстар жасады. «біздің  ілгері келешек күнімізде, бұл дүниеде күн көріп, жұрт қатарлы тұруымыз да жалғыз-ақ нәрсеге тірелген. Ол –оқу. Мұнан былайғы заманда оқып, өнер білмесек өнерлі халыққа жалшы болудан асқа бізге ешбір де орын қалмайды. Біз  жұртшылық болып оқушы  талапкерлерге жәрдем бермесек, оқығандарымыз  көбейе алмайды» деп жазды ол.

«Айқап»  журналы қазақ әйелдерінің қоғамдағы орнына да жан-жақты  тоқталды. «Адам баласының тәлім-тәрбиесі анадан ауысады, бүкіл адамзатты тәрбиелеуші –ана» деп, олардың үйдегі, семьядағы атқаратын рөлін өте жоғары бағалады. Журнал  осы мәселені көтере отырып езілген қазақ әйелдері қатарынан жұмысқа тілшілер таратты.  Тілеубайқызы  Сахыпжамал (1911, №7,11-12 бет) қазақтың ер  балаларын оқытып, қыз  балаға онша көңіл бөлмейтінін, олардың қалың малға сатылып,сүймеген адамына еріксіз ұзатылатынын халық алдында әшкерелейді. Осы орайда Тілеубайқызы Сахыпжамалдың «Қазақ қыздарының аталарына»  атты  мақаласын атап өткен жөн. «Ер баланы  оқытасыз да, бізді оқытпайсыз, қыздар оқыса бұзылады дейсіз. Бұзылған әйелдер оқығаннан бұзыла ма екен.  Оқу адамды бұза ма екен? Біле  білсең қыз баланы көбірек оқыту керек. Қыз  бала түбінде бала шағаның анасы болады.  Ана надан болса, балаға жақсы өнеге бере алар ма?! Қыздарыңызды көбіне жәбірге ұстап бересіз, ұстап бергеніңіз сол, 14-15 жастағы  қыздарыңызды 50-60 жастағы шалға бересіз. Екеуі тең бе тең емес пе оған қарамайсыз. Шырылдатып ұстап бересіз. Егер де тең болса 14 -15 жастағы ұлдарыңызға 50-60 жастағы кемпірді неге алып бермейсіз?» деп тоқтайды Сақыпжамал. Бұдан артық жеткізіп, бұдан артық ашынып жазу мүмкін емес сияқты.  Бұл мақала  сол кезде миллиондаған қазақ қыздарының  намысының жанып, ар-ұятын  оятқан, қазақ даласын дүркіреткен, ұлы жаңалық болды.

Журналдың  көп көңіл бөлген  мәселелерінің бірі-әдет-ғұрып, салт-сана мәселесі еді.  Журнал  қазақ тіршілігіндегі әдет-ғұрыптың кемшілік, кері кеткен жақтарын сынай  отырып, елді жақсылыққа , озық ойға, болашаққа шақырды. «Қазақтың қазіргі халі»  деген мақалада елді кері тартатын кесапаттың алыстан келмейтінін, оның өз арамыздағы кәдімгі дау-жанжал, ұрлық, өтірік -өсек сөзден тарайтынын, бұл кемшіліктердің кәсіпсіздік, білімсіздіктен туатынынын жұрт алдына алақандағыдай жайып салады. Б. Майлин журналдың 1913 жылғы 15- санындағы (335-336 б.б) мақаласында  қыз ұзату  тойында, өлімге ас беріп, еске алуда елдің үлкен шығынға бататынын айтып оның орнына халықты пайдалы іске оқу-ағарту жұмысын дұрыс жолға қоюға, мектеп медресе салуға қаражат шығаруға шақырады.

Жалпы алғанда журнал қазақ елін білімге, өнерге шақырды, оқыту сапасын жақсарту  мен білім беруді белгілі программаға сүйене жүргізу керектігін сөз етті:  «Біздің қазақ баласына не қылса да басқа жұрттарға теңелу хақында біраз кеңес « деген мақалада (1911,№ 5, 4-6 беттер) оқыту   ісін дұрыс жолға қою үшін көптеген шараларды жүзеге  асыру керектігі айтылады.Сонда-ақ қазақ шәкірттерінің хал-жағдайының тым нашар екендігіне тоқтала отырып журнал оларға көмектесуге шақырған көптеген мақала-хабарды да басып отырды. Білім беру мәселесін шешу үшін оқу құралдарын  шығару, қазақ тілінің әліппесін жасау, жазу жұмысын бір ережеге бағындыру туралы бірсыпыра мақалалар жариялады.

 

 

 

 

 

 

  • 3 «Айқап» журналының жалынды жаршылары, олардың көтерген мәселелері

«Айқап» және оның редакторы сол кездегі саяси-әлеуметтік мәселенің ең бастысы-жер мәселесі екенін жақсы түсінді. Мұны олар бектік-феодалдық қалдықтарына қарсы күрес барысында батыл көтере білді.

1867 жылы 11 шілдеде «Жетісу және Сырдария облыстарын басқару жөнінде уақытша ереже» шықты. 1868 жылы 21 қазанда «Орынбор және Батыс Сібір генерал-губернаторларының қырлық облыстарын басқару туралы уақытша ереже» бекітілді. Барлық жер мемлекет меншігі, тек хан тұқымдарына патша «сыйлаған» жер ғана жекеменшік болып танылды. 1895 жылдан 1906 жылға дейін «Щербина экспедициясы» патшаға қазақ даласының ең шұрайлы жерлерін мәлімдеп отырды. 1870-1890 жылдары ұйғырлар мен дүнгендер көшіп келді. Осыған байланысты ұлт араздығы да күшейе түсті. Түтін, мал, егін, т.б. салықтар және тасымал саудасы бұрынғыдан да артты. 15 тиындық ұстара бір қойға, 6-7 сомдық самауырын 20-25 сомға дейін сатылды.

«Айқап» осындай тонаушылық саясатының барынша белең алған тұсында жарық көрді. Сондықтан да бұл мәселелерді кеңінен жайды. Отырықшылық өмірге көшу, поселка, қала салу, егіншілікпен айналысу жөнінде пайдалы ұсыныстар жасап, кеңестер берді. Журналдың 1911 жылғы екінші санында жарияланған «Қазақ халқының мұқтаждығы» деген бас мақалада әуелі қолға алатын мәселе жер мәселесі екеніне назар аударып, отырықшылыққа көшіп, егіншілікпен айналысу қажеттігін насихаттады. Айқап» қазақ байларының озбырлығын, еңбекшілердің үстем тапқа, самодержавиеге наразылығын, ашу-ызасын білдіретін материалдарда  жарияланды.

М.Сералин патшаның отарлау саясатының түпкі мақсатын дәл тани біліп, оны жұртқа дұрыс түсіндіруде де білгірлік танытты. Мәселен оның мына пікіріне құлақ түрелік: «Соңғы он жыл ішінде үкімет … қырғыз-қазақтарды отырықшы қылып өнер үйрететін, өнерге алғызайын, салдырлап көшіп азап шеккенше отырықшы болып жан тыныштық қылсын деп емес, отырықшы болып, 12-15 десятина жер алып, ала алмағандардың жерін кесіп алмақ» деген корреспонденцияда Бақытжан Қаратаев: «Қара шекпендер қырық тоғыз қала салдырып алды. Қара шекпендерге ең жақсы бірінші дәрежелі жерлер кетті. Жеті руға ең жаман жерлер қалды»,- дей келіп, «көшпелі халық – қабір ұлы» деген сөз бар, көшпелі болмақ бағилық емес, сәбилік белгісі дейді ,- деп қазақ халқын отырықшы болуға шақырады.

М.Сералин «Отырықшы болған қазақтар туралы» деген мақаласында «Жаңа болыстық соттардың қазақы дау-жанжалдары шешуге икемсіз болып отырғанын мысалдармен дәлелдеп, болыс сот құны 300 сомнан артық мал дауын тексере алмайды. Қазақ  арасындағы жесір дауларының құны 300 сомнан асып кететіндіктен дау-дамай қалай шешіледі?»,- деп жұртқа сұрақ қояды, ол үшін «Қазақ әдеттері»- деген кітап шығару қажет дегенді айтады. Мақаланың екінші бөлімі отырықшы өмірдің артықшылығына арналған. «Түпкілікті қоныс болуға жарайтұғын жерлер шетке кетіп білетұғын. Қазаққа қолайсыз жерлер қалатұғын. Түбінде мұндай жерде бытырап жүріп оңбаспыз»,- деп автор басына төнген қатерден қоықпай, халық  қамқоры дәрежесінде сөйлейді.

«Айқаптың» 1911 жылғы 3-санында жарық көрген Бекмырза Бекжановтың «Қазақтың қазіргі халі» мақаласында артта қалуымызға басты себеп, феодалдық қоғам, ұлттық томаға-тұйықтық, көшіп-қонумен жүріп, көрші елдердің өнегесінен үлгі алмақ екені дұрыс көрсетілген. Осы мақаламен аттас келесі бір материалда озық елдер қатарына қосылу үшін фабрика, заводтар салып, өнеркәсіпті өркендету негізінен  тас көмір, темір, шойын алатын, жер қазатын құралдарға байланысты. Ондай жағдайымыз болса, бұл кәсіппен айналысар едік. Орыс, ағылшын, француз елдерінің алға шығып, қуатты ел болып отырғаны да өнеркәсіптің өркендегенінен — деп дамудың қандай жолына түсу қажеттігіне көңіл аударылды. Мұның бәрі сол кезең үшін саяси-әлеуметтік мәні терең мәселелер болатын.  Соны журналдың жете түсініп, дұрыс жаза білуі шын мәніндегі үлкен прогресшілдік табыс еді.

«Айқап» журналының белгілі авторларының  еңбектерін атап кетуді жөн санадық. Олар: Ақбаев Жақып (1876-1934) – белгілі қоғам қайраткері, құқық маманы. Ол қазақтың әдет-ғұрып заңдарын, соның ішінде семья-неке  правосын зерттеп, баспасөз беттерінде публицистикалық мақалалар жариялады. «Айқап» журналында басылған «Қазақ даласынан» атты мақаласы «К.Найманский» деген бүркеншек атпен жарық көрген.

Байтұрсынов Ахмет (1873-1938) –белгілі ғалым-лингвист, әдебиет зерттеуші, тюрколог, дарынды ақын-аудармашы, қоғам қайраткері, 19 ғасырдың соңғы кезі мен 20 ғасырдың алғашқы жылдарында қазақ халқының қоғамдық –саяси, мәдени және әдеби өміріне белсене қатысқан  жазушы, педагог, әрі дарынды публицист.  «Айқап» журналында  басылған мақалдары: «Қазақ пайдасындағы жерді алу турасындағы низамдар», «Қазақ Һәм төртінші Дума, «Тағы да народный сот хақында», «Аз уақытта көп білу жолының басы», «жазу тәртібі», «Шәйзімән мырзаға», «Қазақ өкпесі» т.б. көптеген мақала, хабарлары «А.Б.». «А.А.Б.» деген бүркеншік атымен жарық көрген.

Бөкейханов  Әлихан Нұрмұхамедұлы (1866-1937) –бұрынғы Семей облысы, Қарқаралы уезіндегі жетінші ауылда туған. Омбы техникалық училищесін, Санкт-Петербург орман-техникалық  институтының экономика факультетін бітірген. «Дала уалаятының газеті» мен «Қазақ» газетінде көптеген мақалалары мен аудармалары жарияланған. «Айқап» журналында «Он төрт тоғыз бола ма», «Ашық хат» атты мақалалары жарық көрді.

Ғаббасов Сабыржан Ғарапшаұлы  (188-1918) – «Айқаптың» авторларының бірі.  «Айқап»  журналында жарияланған мақалалары .  «Тарих қазақ жайынан»,  «Сот ісі», «Қапалдан», «Бексұлтан төре қабірі», «Жиһангездіктің бір саласы», «Қапалға да ай туды», «Бақты қаласы» т.б.  Бұл мақалаларында  қазақ елінің шаруашылығы, экономикасы, серіктілер ұйымдастыру, оқу-ағарту жұмыстары, қазақ елінің тарихы туралы деректер бар.

Ғалымов Әкірам (1892-1913)-ақын, жазушы, драматург. Бүркеншек аттары : «Шала татар», «қара торы», «қара торы жігіт». Ол  «Айқап» журналында хатшы болып қызмет істеді. Журналда жарияланған мақала, өлеңдері. « Бейшара қыз», «Айт күні», « Бақытсыз сұлу, «Жұртқа қайтып жағу керек», «Қыс» , «Өтініш» т.б..

Дөнентаев Сәбит (1894-1933)- ақын, журналист. Ол әуелі ауыл молдасынан оқып, сауатын ашып, кейін Павлодардағы төте оқу жолына негізделген медреседе оқыған.   «Айқап» журналында жарияланған өлеңдері:  «Балалықты сағыну», «Биік тау», «Қазақтарға қарап», «Қиялым», «Заман кімдікі» т.б..

Дулатов Міржақып (1885-1935)-ақын, жазушы, журналист, ағартушы-педагог. Ол ауылдық мектептен орыс және қазақ тілінде оқып, торғайдағы екі кластық орыс-қазақ училищесін бітірген. «Айқап» журналында басылған мақалалары, әңгімелері мен өлеңдері: «Ай астында еш нәрсе басқарылмай тұрмақ емес», «Государственный дума Һәм қазақ» , Екі қыздың мұңы», « Хан Абылай», «Жиһангер Николай Степанов (Әліби Жангелдин), «Қазақ халқының бас азаматтарына», «Жазу тәртібі», «Эсперанто тілі(, «Айқапқа», «Қапастағы ұрының мінәжәті», «Шаттық» т.б.

Жолдыбаев Молдағали (1887-1937) –оқу-ағарту ісінің қайраткері, педагог-методист.«Айқап» журналында жарияланған  мақалалары : «Қазақтардың қазіргі халі»,  «Болашақ»,  «Ауылда», « Құрметті Әлжановқа жауап», мақалаларында  Абай, Ыбырай Алтынсарин өлеңдерінен үзінді келтіріп, қазақ арасындағы оқу-ағарту, мәдениет т.б. туралы жазған.

Жомартбаев Таһир (1884-1937) – қазақтың педагогы жазушысы. Уфа қаласындағы «Медресе- Ғалияны» бітірген. «Айқап» журналында Абайдың «Сегіз аяқ» өлеңіне еліктеп жазған «Замандастарға қарап» деген өлеңі, т.б. хабарлары жарияланған.

Жұмабаев Мағжан (1893-1938)-талантты ақын. Ол бұрынғы Ақмола губерниясының  Ақмола уезіндегі Полуденовский болысында туған. Қызылжар – Петропавловск медресесінде, Уфадағы «Ғалия « медресесінде, 1923-27 ж. Москвада жоғарғы әдебиет – көрермендер институтында оқыған. «Айқап» журналында төмендегідей мақала, өлеңдері:  «Қатын алу, ерге шығу», «Бұлбұл», «Жазғытұры»,  «Жатыр», «Күз күні», «Шын сорлы», «Дала, қала» жарияланды.

Кәшімов Мұхаметсәлім (1884-1935) – ақын , журналист. Алаш арыстарының бірі-Көкше өлкесінің перзенті,ақын, журналист Мұхамедсәлім  Әбдірахманұлы  Кәшімов  «Айқап» журналының арнайы хабаршысы болып қызмет атқарды.  М.Ә. Кәшімов «Айқап» журналында қазақ халқының саяси-әлеуметтік, мәдени шаруашылық өмірінің көптеген түйінді, көкейтесті  мәселелерін сөз етті. Ол өзінің жариялаған мақалаларының бәрінде де қазақ халқының саяси-әлеуметтік жағынан ілгері дамуы, бостандығы, шаруашылығы мен мәдениетінің  өркендеуі  тұрғысынан  қарады.  Ол  үнемі  «Бізге не істеу керек?», «Қайтсек біз ілгері елдер қатарына қосыламыз ?» деген сұраулар қойып, солардың жауабын табуға тырысты.

Жетісу, Қытай, Қырғыз елдерін аралап, жол әңгімесі ретінде сонда тұратын қазақтардың әдет-ғұрпы, тарихы, этнографиясы, шаруашылығы, әдебиеті, мәдениеті туралы мақала, очерктер жазған. «Музыка»  атты мақаланың орны ерекше. «Айқапта» жарияланған мақала, очерктері:  «Верныйдағы көрген , білгендерім», « Түркістан шаһарында»,  «шымкенттен», « Тоқмақ ақуалдары», «Қапал уезінен», «Әулиеата мен Тоқмақ арасы», « Райымжан мәрсековпен сөйлескенім», «Шымкент уезіндегі ас», « Қытай қазағында қайырлы іс»,  «Музыка»

Өлеңдері: «Жаз  мезгілі», «Күзетшілерге», «Әулиеата бабамның шырақшылары», «Лепсі» және т.б.

«Айқапта» жарияланған осындай материалдар көптеген қазақ жастарының санасын оята білді. Қоғамдық  қайраткерлер тобының қалыптасуына ықпал жасады.

Мұхаметсәлім Әбдірахманұлы  Кәшімов 1884 жылы  Бурабай баурайындағы  кейіннен  «Жатай жұрты» аталып кеткен  ауылда дүниге келген.  Әкесі Әбдірахман қажы Кәшім қажы ұлы осы өлкеде мектеп ашушылардың бірі болған.  Ол Көкше жерінде  «хадим» оқуынан  «жәдит» оқуына  ауыстыру кезінде белсенділік  көрсеткен.

Әбдірахманның  шаңырағында екі ұл перзент тетелес өсті.  Үлкен ұлы Тасмұхамед  (  Тасжан деп атап кеткен) қолынан өнер тамған шебер болған екен. Ол ағаштан, темірден, теріден неше түрлі өмірге қажетті заттар жасаған. Әсіресе етік тігудің хас шебері болса керек.

Кіші жүз телеу руының белді азаматтарының бірі Кәшімұлы Әбдірахман қажы бірде ерекше түс көреді. Көрген  түсін айтқаны қате кетпейтін Мыңбай есімді пірәдарға жорытады. Сөйтсе Әбдірахман қажының түсінде көргені мынадай уақиға екен. Түсінде қойнында ұстап тұрған қаршығасы болады. Бір кезде сол қаршығасы қапыда қолынан ұшып кетеді. Әлгі қаршығаның балақ бауы болуы керек, сол баудың бір басы қолында қалып қояды. «Әттеген-ай қолымдағы қаршығамнан қапыда айрылып қалдым-ау»,-деп өкініп тұрғанында қолынан ұшып шыққан құс жер-көкті аралап кеп бір уақытта иесіне қайта оралыпты. Әбдірахман қажының көрген түсін мұқият тыңдаған Мыңбай пірадар былай деп жорыған көрінеді: — Иә,  Қажеке, сіз шынында да бір тамаша түс көрген екенсіз. Егер менің жорамалым келетін болса таяу арада сіздің шаңырағыңызда мына жарық дүниеге бір ұл перзент келеді. Ұлыңыз өсе келе жиһангез болады, қолыңызда тұрмайды. Бірақ түптің түбінде қайтадан қайтып қойныңызға оралады екен -дейді.

Мыңбай пірәдар айтқанындай кешікпей Әбдірахман қажы ұл перзент көреді. Сөйтіп 1884 жылы дүниеге келген жаңағы нәрестеге Мұхаметсәлім деп азан шақырылып ат қояды.

Мұхаметсәлім жастайынан зеректігімен көзге түсіп, әуелі Ғалия медресесін, кейін Қазан университетін бітіреді. Жүрегі өле-өлгенше «Алашым, ардағым» деп соққан біртуар тұлға 1907-1911 жылдар аралығында қазақты білім  мен өнерге, мәдениетке үндеген «Әдеп»,»Үгіт», «Насихат қазақия»,»Ақыл кітабы», «Сұлу қыз» сияқты бес бірдей өлең, қарасөздер жинағымен, ал, 1914 жылы «Мұңлы Мәриям» романымен ұлтымыздың алғашқы легіндегі жазба әдебиетшілердің қатарына кіреді. Сонымен бірге, Қазақ Совет Энциклопедиясының бесінші томында осы еңбектері туралы айтыла келіп, Мұхаметсәлім Кәшімовтің үш жылға жуық уақыт бойы алғашқы қазақ басылымдарының бірі  — «Айқап» журналында тілші болып қызмет істегені, сөйтіп,  Жетісу, Қырғыз, Қытай қазақтарын аралап, көптеген этнографиялық очерктер жазғаны да қамтылған.

Қазан университетін бітіріп,араб, парсы орыс тілдерін өз тіліндей меңгерген зерек ақын, жалынды журналист, этнограф, ағартушы-демократ, ел егемендігі, тәуелсіздігі үшін жан пида деп өткен Мұхаң да солақай саясаттың құрбаны болды. Қапаста, қамауда жүргендегі қам көңілін өлеңінің соңында  былай түйіндейді:

Азаматпен кеңескен,

Азулымен теңескен.

Қайтейін әттең заманым,

Өткел тауып өте алмай,

Ой түбіне жете алмай

Таусылды ғой амалым.

Артқа қарар халым жоқ,

Сүлдерім жүр жаным жоқ.

Бойда қайрат күшім жоқ.

Айнаға салып қарасам,

Бұрындай пішін жоқ.

Өткен дәурен көзіме

Елестейді түсім боп.

Тым болмаса сыр айтып,

Шер тарқатар кісім жоқ. Бұл абақтыда жатқанда соңғы жазып кеткен өлеңі болады. Сонымен Мұхаметсәлім Әбдірахманұлының тағдыры қазақ зиялыларының бастарынан өткен тағдырға ортақтас.

1917 жылдары қазақ зиялылары Алаш қозғалысына біріккен кезде «Алаш партиясының» бастығы Әлихан Бөкейханов оны Көкшетау уезі Алашордасының бірінші хатшысы етіп тағайындайды. Кейіннен «Кеңес» үкіметі толық жеңіске жетіп, Алашорданы ыдыратқан уақытта көптеген қазақ зиялыларымен бірге Мұхаметсәлім де қуғынға ұшырады. Тағдырдың тәлкегін мойнына артып, Тәуірбек Иманбеков деген бүркеншік атпен Ташкентте мұғалімдік қызмет атқарып, шәкірттерге сабақ беріп тұрған уақытында бір қазақтың танып қалғанынан барып қолға түсіп, абақтыға жабылады. Ол 1933-34 жылдар шамасы болатын. Бір жылдай Қызылжар түрмесінде жатқан уақытта ауыр науқасқа ұшырап, 1935 жылы дүние салды.

Кемеңгеров Қошмұхамбет (Қошке) Дүйсебайұлы (1894-1942) – Павлодар облысы, Баянауыл ауданында туған. Қазақ драматургі, әдебиет зерттеуші. «Айқап»  журналында жарияланған өлеңдері: «Бақ іздеген», «Жазғытұры, «Солғын гүл», «Пағамбар» — Пушкиннен аударма ; « Сәскелік көлдің жағасында» -Никитиннен аударма.

Көпеев Мәшһүр-жүсіп (1857-1931) – Бұхара мен Ташкентте оқып, білім алған. Шығыс әдебиетінен Фердоуси, Низами, Хафиз, Навои, Саағди шығармаларын зерттеп, оқыған. Қазақ халқының ауыз әдебиет нұсқаларын мол жинаған, сонымен бірге әдебиеті, мәдениеті, тарихы, шежіресі, этнографиясы туралы шығармалар жазған. «Айқап» журналында «Туысқан бауырларыма бір насихат» деген мақаласы мен хабарлары басылған.

Қаратаев Бақытжан (1860-1934)-Санкт-Петербург университетінің заң факультетін кіші алтын медальмен бітірген. 1890-1907ж. Сот мекемелерінде қызмет істеген. Мемлекеттік думаның депутаты болған. «Айқап» журналында басылған мақалалары: «Қазақ жері қақында», «Шілдерті болыстының отырықшы болып жер алулары», «бұлардан басқа да оқу-ағарту, жер, дін, жер-су правосы мәселелері туралы бас мақалалары, Кеңес жиналысында сөйлеген баяндамасы жарияланған.

Қарашев Ғұмар (1876-1921)-қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі. Бүркеншек аттары Ғабдолла Мұштақ, Оразақай, Молда  Қазақаев, Қазақ, Бөкей Шәңгерей, Ғабдолла Көпжасаров, Ғ.М. Ғұмар әл Қараш.  «Айқап» журналында оқу-ағарту, жер, әдебиет, мәдениет мәселелері туралы алғашқы мақала, хабарлары, сондай-ақ «Бөкейлік жайынан», «Жұт», «Ахмет Жанталинге жауап», «Тіл, әдебиет», «Бәлел қажы»,»Қарлығаш» атты кітаптары жөніндегі хабарлары да «Айқап» бетінде жарық көрді.

Құдайбердиев Шәкәрім (1858-1931) –ақын, жазушы, аудармашы,философ, тарихшы. Абайдың үлкен ағасы Құдайбердінің баласы.Арнайы оқу орынындарында оқымаса да  Абайдың басшылығымен және өз бетімен ізденіп, түрік, араб, парсы, орыс тілдерін оқып біледі. Шығыстың  классикалық әдебиетін, орыс және европа әдебиетінің озық үлгілерін оқып, солардан тәлім алған. «Айқап» бетінде жарияланған шығармалары мен хабарлары. «Мұсылмандық кітабы», «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі» (кітаптары туралы),  «Біздің мұқтаждарымыз», «Сөз таласы», «Басқармаға хат» т.б.

Лапин Сералы (1868-1919) –Санкт-Петербург университетінің заң факультетін бітіріп, заң орындарында  қызмет істеген. «Айқап»  журналында б. Қаратаев, Ж. Сейдалин, Д.Аманшин, А. Нарымбаев пен бірге жазған қазақ елінің діні, жер-су правосы туралы мақаласы жарияланған.

Майлин Бейімбет Жармағамбетұлы (1894-1939) –қазақ әдебиетінің негізін салушылардың бірі.  «Айқап»  журналында алғашқы мақала, хабарлары: «Айыртау болысынан», «Қостанай уезі Дамбар болысы», «Аманқарағайский болыстан», «Болған ісі»; әңгімесі, «Көңіліме» және т.б. өлеңдері жарияланған.

Мұсағалиев Ғабдолғазиз  (1880-1933) –ғалым, Каир Университетінің заң факультетін бітірген.  Индонезия, Үндістан, Пакистан, Жапонияда болған, сегіз шет ел тілін меңгерген, шығыс елдерінің тарихын, әдебиетін зерттеген ғалым.  «Айқап» журналында «Тарих, «Қазақ жайынан», «Ухшат», «Бәдәуият  һәм мәденият», «Кімге  өкпелерге керек?»,  «Жазу мәселесі», «Айқапты» үлкейту қақында» атты қазақ елінің тарихы, оның басқа елдермен қарым-қатынасы, әдебиеті, мәдениеті, қалалар тарихынан мәліметтер берген көлемді мақалалары басылып тұрған.

Сатыбалдин Файзолла (1883-1959) –ақын-ағартушы.«Айқап»  бетінде жарияланған мақала,хабарларында оқу-ағарту, шаруашылық мәселелерін көтерген.

Сейдалин Жансұлтан (1856-1919) –юрист. Қазақ университетінің заң факультетін бітірген. «Айқап» бетінде «Народный сот» , «Ұрлық түбі қорлық» т. б. әдет-ғұрып, салт-сана, әкімшілік, жер пайдалану туралы мақала, хабарлары жарық көрген. Журналдың ұйымдастыру жұмысына, тілшілер тарту жұмысына белсене қатысқан.

Сейдалин Жиһанша Әлмұхаметұлы (1877-1923)-ағартушы, демократ, Санкт-Петербург, университетінің заң факультетін бітірген. «Айқап» бетінде оның «Азып тозып кетпесе не амал бар?», «Бас қосу», «Балмұхамет Тәшеновке жауап», «Съезд туралы», «Үлгі алардлық іс», «Жер жайынан бір-екі ауыз сөз»,, «Шаһар троицк,  1декабрь,1913жыл», «Әке мен бала»  т.б. оқу-ағарту , жер мәселесі туралы, мақалалары жариланған.

Сералин Мұхаметжан (1872-1929) –жазушы, журналист. Троицк медресесінде оқып, Қостанай қаласындағы орыс-қазақ училищесін бітірген. «Айқап» бетінде жарияланған мақалалары : «Біздің  бұрынғы һәм қазіргі халіміз», «Диханшылық», «Келешек  заманымыздың қамы», «Қытай қазақтарының бас адамдары қақында», «Ескі жыр», «Жер әңгімесі, «Петербургтегі кеңес туралы ойға келген пікірлер», «Біздің дертіміз», «Отырықшы болған қазақтар туралы», «Қазақ қарындастарымызға», «Қазаққа тарих керек пе?», «Мәржани», «Емле мәселесі», «Роман  жарысы туралы». Бұлардан басқа әр жылдың бірінші санында «Шаһар Троицк…» деп басталатын көлемді мақалалары жарыққа шықты. Мақалаларына «М. С.», «Мыс» деп қол қойған. Ә.Фердоусидің атақты «Шахнама» эпопеясынының бір тарауы «Рүстем  Зухраб-дастаны мен В. А. Жуковскийдің орыс тіліндегі нұсқасынан аударылып,  «Айқап» журналында көлемді алғысөзбен бастырды.

Сыртанов Барлыбек ( 1866-1914)-бұрынғы Жетісу облысының Қапал уезінде туған.  Верный гимназиясын бітірген соң, Санкт-Петербург университетінің шығыстану факультетін араб-парсы және түрік-татар тілдері бойынша бірінші дәрежелі дипломмен тәмамдаған. Жетісу   облыстық басқармасында жауапты қызмет атқарған. «Айқап»  журналында «С.Б. Алашинский» деген бүркеншік атпен мақала, хабарлар жазған. «Дала уалаятының газетінде», «Алатау баласы» деген лақап атпен мақалалар жариялаған.

Торайғыров Сұлтанмахмұт (1893-1920) –қазақтың көрнекті ақын-жазушысы. 1913-14ж, «Айқап» журналының редакциясында жұмыс істеген. Журнал бетінде жарияланған мақалалары мен өлеңдері: « Қазақ тіліндегі өлең кітаптар», «Өлең және айтушылар», «Ауырмай есімнен  жаңылғаным», «Қазақ ішінде оқу*оқыту жолы қалай?»,, « Алты аяқ», «Бұлар кім»,, «Бір балуанға қарап», «Кеше түндегі түс», « Бүгінгі  іс», «Көңілді  көндіретін тағдыр», «Қымыз», «Түсімде», «Әлгі» деген бүркеншік атымен  «Итаршыға» деген өлеңі жарияланған.

Шорманов  Садуақас Мұсаұлы –алғашқы қазақ зиялыларының бірі. Қазақ  қолжазбалары, оқу-ағарту, шарушылық туралы және Шоқан Уәлихановтың  портреті туралы Г. Н. Потанинге  жазған хаттары сақталған.

Садуақас Шорманов қазақ  қолжазбаларын жинаушы, солардың ішінде Абай  өлеңдерінің  қолжазбасын П.М. Мелиоранскийге тапсырған. Оның  «Дала  уалаятының газетінде», «Айқапта» қазақ  елінің шаруашылығы, оқу-ағарту, мәдениет, тарих, этнография туралы мақалалары басылған.

Ужчин  Семен Семенович (1883-1957) –Қостанайдағы орыс-қазақ училищесін бітірген. «Айқап» журналының редакторы М. Сералин туралы естеліктер жазған. М. Сералиннің мақалаларын, өлеңдерін орыс тіліне аударған. «Айқап» бетінде М. Сералиннің аударуымен бірнеше мақала, хабарлары басылған.

«Айқап» әр материалдың мазмұны мен тақырыбына жете көңіл бөліп отырды. Бірінші бетіне елдің ішкі өмірінде болған жаңалықтар, ресми хабарлар, екінші, үшінші беттерінде «Ашық хат» деген айдармен оқырмандар хаттарын жариялаған. Проблемалық мақалалар (жер туралы, су,съезд, сайлау т.б.)., тақырыптар бойынша 4-6 беттерінде орналасқан. «Фельетон», «Хабарлар» сияқты айдармен материалдар журналдың орта тұсынанорын алды. Ал шетел жаңалықтарын, көңіл айтулар мен басқармадан ескертулерді, жаңа кітап туралы рецензияларды  журналдың соңғы беттерінен оқуға болатын. «Айқаптың» «Өлең-жыр», «Фельетон», «Хабаршыларымыздан», «Ашық хат», «Басқармадан жауап» деп аталған тұрақты айдарларының болуы оның жұмысындағы ұқыптылықты, жүйелілікті танытады.

«Айқап» өз кезеңіндегі үздік журнал болды. Оның әр санын жұрт асыға күтті. Оған Қазақстанның барлық облысынан мақала жиі жарияланды.

Сонымен қатар, редактор М. Сералин үнемі халық пікіріне құлақ асып отырған. Осы мақалада да, «Журналға сөз жазушылардың қай жердің адамы екендігі жазылса», «Қазақтың шежіресі хақында кеңестер берілсе», «Россия  жұртының хал-ахуалын білдіріп отырса», «Өлең –жыр жазылса екен», -деген көпшілік пікірлерімен санасып отырғандығын бақатады. Мұның өзі журналдың  тиімділігін арттырып, басылым беделін көтеруге ықпал еткен негізгі факторлардың бірі екендігі көрініп тұр. «Оқушыларымыздың ақша жәрдемін, біліміміздің қалам жәрдемін күтіп тұрамыз», -деп, журналдың тоқтамай, сапалы шығуына себепкер басты екі жайтты тағы да жұртшылық есіне салады. Мұның бәрі –М. Сералин –публицистің қазақ қоғамында болып  жатқан әрбір істі өз жүрегінен өткізіп, шын ел жанашыры болғандығының айғақтары.

М. Сералин  -публицист үкімет саясатына үнемі бас изеп, қолдап отырған жоқ. Ол әсірсе қазақ халқының отырықшылдыққа бет түзеуін қолдады.  Егіншілікке үйреніп, қала салуын қолдады. Ол өзінің «Біздің дертіміз» (1911, №3) « Жер әңгімесі» (1913, №13)  (Жер әңгімесі» (1913, №17), « Отырықшы болған қазақтар  туралы»  (1913, №20), «Шаһар Троицк» ) 1911, №2), т.б. мақалаларында қазақ халқын отырықшылдыққа шақырады, отырықшылық пайдасын түсіндіреді, жер-су құқықтарына тоқталды. М. Сералин –публицист отрықшылық мәселесін көтере отырып, патшалық Ресейдің отаршылдық саясатын батыл сынға алып отырған кезі де болды. Мәселен оның: «Түпкілікті қоныс болуға жарайтұғын жерлер шетке кетіп бітетұғын. Қазаққа қолайсыз жерлер шетке қалатұғын. Түбінде мүндай  жерде бытырап жүріп оңбаспыз» немесе «Соңғы он жыл ішінде үкімет… қырғыз-қазақтарды отырықшы болып 12-15 десятина жер алып отырсын деген жоқ, жер ала алмағандардың жерін айналамен кесіп алмақ», -деп Ресейдің отарлау саясатының   бетпердесін ашып берді, қатаң цензураға да қарамай шындық ахуалды ел құлағына жеткізе білді,үкімет шешімдерін батыл сынға алды.Біріншіден отырықшылдықты қолап, өркениет көшіне қазақ қауымының ілесуін қолдаумен, екіншіден, қазақтың шұрайлы жерлерн тартып алып отырған озбыр отаршылдық саясатты әшкерелеуімен де М. Сералин публицистикасының маңызы зор. Енді бірде орыстың заң жүйесінің қазақ дауын шешудегі дәрменсіздігін сынға алады: «Жаңа болыстық соттар қазақы дау-жанжалды шешуге тиімсіз … болыстық сот құны 300 сомнан артық мал дауын  тексере алмады.  Қазақ арасындағы жесір дауының құны көбіне 300 сомнан асып кететіндіктен дау-дамай қалай шешіледі»,  –  деп түйіндейді. Бұл түйінді шешу үшін ғылым, өнер керек, орысша тіл білу керек.  Бұларды білу үшін мектеп һәм школа керек. Болатұғын болса, әлбетте мұндай  істерді 4-5 үй бірігіп отырып істеп шығару мүмкін емес. Бұған  қала болып жиылудан басқа ем жоқ!,  – деп, ағарту саласындағы жетістіктерге жету үшін, қазақ қауымы бас қосып қана   қала салу қажеттілігіне көпшілікке көңіл аудартады.  Бұл да XX  ғасыр басындағы ірі қоғамдық-саяси проблемалардың бірі еді. Отырықшы болып, қала салып, мектеп  ашсақ  қана ісіміз ілгері басып,  ұлттық  қасиеттерімізді сақтай  отырып  дами аламыз деген ойларды халық  санасында сіңіре  түсті. Ал бұл ойлардың  әсер-ықпалы  орасан  зор болғандығын, тарихқа  үңілген  бүгінгі  ұрпақ  көзбен көріп отырмыз. «Біздің қазақ жастары дүние күтуді екі нәрседен іздейді:  біреуі-оқу оқып хакім болу  (писарь,  тілмаш секілді) яғни мұғалім  болып бала оқыту. Бұлары дұрыс,  ләкін дүние осы екі жолға ғана  тіреліп  тұрған жоқ,  басқа кәсіптерге,  басқа орындарға  неге  кірмейді деп өкпелейік… Аллаға  тағала Құран шәріфте:  «Жақсылық істесеңіз ол да өзіңіз үшін»  деген.  Біздің бар болуымыздан, жоқ  болмуымыздан бөтендер үшін  келіп кетер пайда жоқ. Сор жоқ.  Ойлаңыз жұртым!»    – деген публицистің жан даусы кең жерге қанат жайған  аз қазақ халқының  әрдайым  есінде болатын  заманау ірі жүкті көтеріп тұрған, қанатты сөздер.  Ащы да болса, шындықты  көрсетіп, қазақ қауымының  жігерін жанып,  намысын  отын  жағатын  жарқын ойлар.

«Аз-артылып, көп-жетпей жатыр»  деген проблемалық  мақаласын да ғылым, өнер  жолына түскен Торғай облысындағы қазақ  балаларының    стипендиясының  көп-азын байқап,  бағамдайды.  «Орынборда ерлер гимназиясында – екі, реальный училищеде –  алты,  Тоицкіде  ерлер гимназиясында алты стипендия бар»,  – бар деген  деректер келтіре отырып  сол стипендиялардың аздығын, оның өзін алып  оқу орнын толық бітіре алмай жатқандардың  бар екендігін тілгі тиек етеді.  «Орыс болса, барын аямай баласын оқыта  береді, біздің  қазақ стипендия болмаса малын  сатып, ақша шығарып баласын оқытпайды «,  –  деп қамығады.  «Үш жүз  қырық мың қазағы бар Торғай облысы жиырма бала  оқытып екі  мыңнан аса түседі»,  –  деп салыстырамалы деректер келтіреді. Сол кездегі ауыр жағдай үшін балаларды кінәламайды, қайта жалпы халықты білім жарығына тартады.  «Осылай болса болған  соң  гимназия  мен  реальный училищедегі  оқитын балалардың санын көбейтіп оларға жеткілікті жаңадан  стипендиялар ашып  беруіміз –  мойнымыздағы  мықты парыз»,   –  деп ой түйеді.  Проблеманың шешімін табудың  жолдарын іздестіреді. Соған  қазақ  оқырмандарының ой қосуына түрткі болады.

1913 жылғы  жазған  бір бас мақаласында  оқу-ағарту тақырыбына қайта орылып, жеткен  жетістіктер мен  кемшіліктерді сарапқа  салады.  «Оқу, оқыту жағына келсек,  мұнда да шаттанарлық  һәм  қайғырарлық  істер бар.  Әр  жерлерде «Төте»  оқуменен балалар оқытылып  жатқандығы,  Ақтөбеде учительский школ ашылып,  ел арасында  әр жер де тәртіпті мектеп, медіреселер ашылып,  балалардың  көп  жылулары көңілдің  біріаз шаттандырады.  Іликин, күзгі оқу маусымы басталған кезде Орынборск учительск класқа отыз бала орын сұрап, сегіз бала алынып қалғанадарының  орынсыз қалулары  әр жердегі двухкласный һәм  волосной школдарға кіргіземіз деп, талаптанған балардың  көбіне орын  жетпей қалулары һәм күйінерлік, һәм шаттанарлық  іс.  Шаттанарлық дегеніміз  – оқушылардың көбеюшілігі,  күйінерлік дегенеіміз  соншама балалардың бәріне орын жетпей сандалып қалуы», – деп ғасыр басындағы ағарту саласындағы  болған жағдайларды айна-қатесіз  көз алдымызға әкеледіү. Публицистиканың мақсатының өзі де дер кезінде шешімін таппаған  мәселереді  күн тәртібіне қою ғана емес, содан  шығатын жолды іздестіріп жөн сілтеу, бағытын беру екендігі  осы мақаладан айқын аңғарылады.

М.Сералин –  публицист  қазақ тарихы мәселесіне үнемі көңіл бөліп  отырады. Қазақ тарихының  дұрыс  жазылу керектігін, шежіре қариялардың  хатқа түсіп, оны «Айқапқа» жариялау арқылы бір ізет етіп болашаққа жеткізуге баса назар аударуы. Бұл оның  «Қазақққа тарих керек пе? деген мақаласында  жан-жақты көрінеді. «Біз өткен жылғы бірінші «Айқапқа» қазақ халқының нәсілі турасында біраз ғана сөз қозғап  едік.  Мақсатымыз бұрынғы өткен ата-бабаларымыздың  қақында кітаптарда жазылған,  қалған  сөз болса, қариялардың  да, кәрі құлақтардың да естіген сөзі болса да , «Айқапқа» жаза берсек, түбінде бір тиянақты  іс болып  шығар ма еді деген едік.

М.Сералин қозғаған мәселелерінің қай-қайсысы болса да бүкіл қазақ тұрмысын жақсартуға қазақ елдігін  нығайтуға бағытталған шаралар еді. Профессор  Б.Кенжебаев:  «Мұқаметжан  Сералин  қазақ тілінде  тұңғыш рет «Айқап» журналын шығарды. «Айқап» бірқатар қатасы, кемшілігі бола тұра, жалпы алғанда демократтық-ағартушылық  бағытта болды. Қазақ тарихында прогересшіл   роль атқарды : халықтың  оянуына , саясат  шаруашылық  мәдениет  жақтан өсуіне  көп әсер етті… Сонымен  Мұхаметжан  Сералин қазақ  халқының  XX  ғасыр басындағы әрі көрнекті қоғам қайраткері әрі көрнекті журналисі, ақыны» – деп атап көрсетті.  М.Сералин «Айқап» бетіндегі мақалаларында «М.С.», «Мыс», «Басқарма» сияқты бүркеншік аттармен қол қойды. Журналда жарияланған  публицистикасында қоғамдық маңызы зор мәселелерді жан-жақты қамтып, қазақтың мақал-мәтелдерін қолданып түйінді ойлармен өз ойын тұжырымдап көпшілікке ұғымды басты идеяларын нақты жеткізе білді. Әрі журнал шығару арқылы қазақтың қоғамдық ойын бір жерге топтастырып ұлттық  публицистикамыздың таза қазақ тілінде қалыптасуына  зор үлес қосты. Сонымен «Қазақ халқының мәдени өмірін де тұңғыш қоғамдық-саяси  және әдеби «Айқап»  (1911-1915)» журналынығң шығуы елеулі ірі оқиға болды».

«Айқап» қазақ публицистикасын қоғамдық ойдың көшбасшысы деңгейіне жеткізген басылым еді. Алаш жұртын елдік жолына нұсқап, рухани өркендеу арқылы саяси теңдікке жету бағытында сарабдал бағдар ұстанған «Айқап» журналының 100 мерейтойы ұлт руханиятындағы елеулі күн. Бұл күндері біздер тұңғыш журналдың жарық көруіне жүрек майын шам қылған Алаш қайраткерлеріне тағзым етіп,  ерен істерін құрмет сезіммен еске аламыз.

Бiр кездерi Мағжан ақын: «Алаштың атын шығаратын аспанға, мен сенемiн жастарға», – деп жырлағандай, болашақ – жастардың қолында. Қазiргi басты мiндеттердiң бiрi – ғылым мен бiлiмдi дамытып, жоғары технологияны меңгеру. Ол үшiн ғылыми-зерттеу университеттерiн құру алғышарт болып табылады.

Бiз «Айқап» журналы ар­қылы өткен тарихымыздан мол ақпарат аламыз, ұлыларымызды еске аламыз. Солар арқылы кейiнгi ұрпаққа  тәрбие беремiз.

 

 

 

  • Қорытынды

Ғасырлардың талай сырын санасында сақтап, сан алуан сын белестерден өткен қазақ халқының басына тәуелсіздік бақытын сыйлаған соңғы жиырма шақты жылдың көлемінде ұлттық рухани дамуымызда бірқатар оң өзгерістер дүниеге келді. Сонау бір алмағайып замандар да  жоғалтып алған, яки жоғалта жаздап қауышқан асыл қазыналарымыздың біразын қайта таптық, өшкенімізді жандырдық. Қоғамның құрылымдық сипаты ғана емес, тұтастай ойлау жүйесі жаңарды. Соның нәтижесінде өткенімізді ой елегінен өткізіп кешегі ұлттық игілігіміз бен мұраларымызды өз қамқорлығымызға қайта алып зерттеп-зерделей келе сол мұраларымыздың қаншалықты қымбат екендігін таныдық.

Мұра деген де, әрине атадан балаға мирас болып қалатын мал-мүлік сында байлық емес, кешегі өркениетімізбен, бар-жоғымыздың қызғыштай қорғаны болып қазақ жұртын қолында бар салт-санасын сақтап қалуға шақырып, елімізді жер жаһанда болып жатқан жаңалықтармен құлақтандырып, өркениеттің соңынан қалмаудың қамын жасап, қара халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған газет-журналдарды, соларды шығару үшін шыбын жандарын беруге дейін барған авторлары жайлы мағлұмат алдық

Бүгінгі өркениеттің қарыштап дамыған таңында соған лайық қоғамның бар саласында оң өзгерістердің толып келе жатқандығы көңілге қуаныш ұялатады. Бірақ сол қуаныштардың барлығы аспалы-төкпелі емес өз орнымен болса ғой, шіркін! Әріге бармай-ақ кез келеген кітапхана сөрелері мен кітап-журнал сату дүңгіршектерінде оқырманын күтіп сарғайып тұрған керекті, керексіз газет-журналдардан бүгінгі күні аяқ алып жүргісіз болып кеткендігі ақиқат екендігін баршамыз мойындаймыз. Әрине сол газет-журналдардан іздегеніңізді тауып жатсаңыз нұр үстіне нұр болар еді. Бірақ, осынау дүниелердің көбі түкке тұрғысыз, ішінде оқырманға ой салар дәнеңесі жоқ дүниелер екендігін көріп ішің қынжылады. Газет-журнал шығару керек деп жөн-жосықсыз оларды көбейте берсек, текке шығынға батып Оралхан Бөкей айтқандай «Бардың қадірін білу үшін жоғалту керек, тоқтықтың қадірін білу үшін ашығу керектің» кебін киіп барымызды жоғалытып алмауға тырысуымыз керек. Сол газет-журналдар не жазсада халықтың мұңы мен жоғын, шырылдатар шындықты жазу керек. Сонда ғана оларды оқырман қолына алары сөзсіз. Осы тұрғыдан келгенде үстіміздегі жылы шықанына бір ғасыр толған «Айқап» қоғамдық-саяси және әдеби журналының орыны ерекше  үңірейіп тұрғандығын аңдаймыз.

«Айқап» қазақ баспасөзінің, қазақ елінің алғашқы қарлығашы, яғни алғаш шыққан журналы. Ең бірінші кезекте бұл журнал бізге осынысымен ыстық. Екіншіден бұл журналды ашып, жариялауда қазақтың басына қара бұлтын үйілтіп тұрған әнеу бір қылышынан қан тамған шақтағы саясаттан қорықпай елді ынтымақ пен бірліккке, оқуға шақырған сол жолда аянбай тер төккен қазақтың сүт бетіндегі қаймақтары М.Сералин, А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов сынды ұлттық интелегенттеріміздің қалам сиясы тамған, бұл газет бізге осынысымен де қымбат.

Енді қараңыз, сол кездегі зиялылар идеясы, ой-армандары адаспай, алдымыздан шығып отыр. Олардың көксегені де осы тәуелсіздік болатын.

Төрт жыл баспа бетін көрген «Айқап» журналы қазақ елі үшін төрт ғасырдан астам қызымет еткендей із қалдырғаны сөзсіз. Елдің сан-саласына қаламдарын тербеп, халық үшін аянбай тер төккен жазушы-ақындардың еңбегі мәңгілік мұра екендігі ақиқат. Олар қазақ елінің ертеңі үшін жандарын құрбан ете жүріп, елдің елдігімен бірлігі, білімділігі үшін ат үстінде айқасқандай солақай саясатпен қасқайып тұрып айқасты. Қазір қаптап кеткен мыңдаған басылымның бір “Айқапқа” тати алмай жататыны бар. Бұл да болса бұл журналдың бағасының қаншалықты екендігін айқындайтын айқын бір дүние. Белгілі жазушы Әбіш Кекілбаев «Бағалай білмегенге бақ қонбайды, қуана білмегенге құт қонбайды» деген екен. Барымызда «Айқап» сынды асыл дүниелерімізді сарғайған қалың газет-журналдар ішінен аршып, лайықты бағасын бере білейік.

Жобаның тиімділігі неде?

  • Жинаған материалдарды әдебиет, тарих пәндеріне пайдалануға болады.
  • Тарих, әдебиет  пәндеріне көмекші құрал бола алады.

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

 

  1. ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!»атты Жолдауы.//Солтүстік Қазақстан газеті.-2011.-№12-13.
  2. Елеукенов Ш. Әдебиет – тәуелсіздік қаруы /Елеукенов Ш/ Алматы. Баспалар үйі. 2009.- 472 б.
  3. «Қазақ» жинағы. Құратырушылар: Ү.Сұбханбердина, С.Дәуітов, Қ.Сахов. «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы. Алматы. 1998.-27б.

4.Энциклопедия Айқап Бас редактор. Р.Нұрғалиев, Алматы: «Қазақ» редакциясы Алматы 1995ж.

  1. Б.Кенжебаев ХХ-ғасыр басындағы әдебиет Алматы, Білім. 1993.-248б.
  2. Қозыбаева М. Жер дауы- ел дауы: / «Айқап» журналында/ Отан тарихы. 2000 №3-40-109-118 б.
  3. Қамзабекұлы Д. Алаштың рухани тұғыры /Қамзабекұлы Д./ Астана: Ел-шежіре, 2008.- 357 б.
  4. Қамзабекұлы Д. Алаш кезеңі: серпілу негіздері //Мәдени мұра .-2009. -№5.-  36-43б
  5. Қазақ әдебиеті.Энциклопедиялық анықтамалық.-Алматы: «Аруна ltd.»ЖШС,2005.-576б.
    10. МұқышеваТ.Қ. Мұхаметсәлім мен Міржақып //«Алаш үні» газеті.-  2004.-27қаңтар.

11.Мұқышева Т.Қ. Қайта оралған қаршыға.// Көкшетау газеті.-1991.-11 қыркүйек.

  1. Өзбекова Г. «Айқап» журналындағы әдебиет мәселелерінің көрінісі : /«Айқап» журналы / Хабаршы Филология сериясы -2010-№6 -215б.
  2. Е.Дүйсенбайұлы.Жеті ғасыр жырлайды: екі томдық /Е.Дүйсенбайұлы/ Алматы: Жазушы,2008. 2 том.-528б.

14.Раушан Төленқызы .Алаш арыстарының сөзі – ұлттық құндылықтардың қайнар көзі.// Астана ақшамы. 2011.- 11 қаңтар №2

  1. Қайрат Сақ. Ел үмітін ақтаған басылым.// Егемен Қазақстан. 2011.-12 сәуір
  2. Байділда Ж. Ізашар басылымдарға деген ілтипат.// Егемен Қазақстан. 2011.- 16 сәуір. №152-153
  3. Серікқали Байменше. «Әй, Қап» — «Айқап». // Егемен Қазақстан. 2011. – 29 наурыз. 4 бет.