«Музыка сабағында оқушыларды ән және аспаптық мәдениетке баулу әдістері»

299

 

Баяндама

Тақырыбы:

«Музыка сабағында оқушыларды ән және

аспаптық мәдениетке баулу әдістері»
Баяндамада қазіргі таңдағы мектепте музыка сабағында оқушыларды ән және аспаптық мәдениетке баулудың басты мақсаттары мен әдістері қарастырылады. Музыка сабағында оқушылар ән айту, аспаптық мәдениетті, эстетикалық, этикалық және адамгершілік нормаларын меңгереді. Сонымен қатар, шешендік айтыс, жыр-терме, ән айту, суырып салма ақындық өнерімен етене танысады. Оқушылар музыка сабағында: эстетикалық сезім мен эмоциялық көңіл-күй арқылы қоршаған ортаны әсерлене сезінеді. Сабақта оқушылар ән және аспаптық мәдениетті меңгере отырып, шығармашылық қабілеттерін қалыптастыру мен арттыра түсудің маңызы зор екені баяндалады.
Кілт сөздер: музыка өнері, көркем шығарма, музыкалық тәрбие, эстетикалық талғам, мәдени деңгей, екпін, саз, ырғақ, әуен, тембр, гармония, өлшем.
Қазіргі қоғам жеке адамнан прогрессивті ойлай алатын белсенді әрекетті, жан-жақты болуды талап етеді. Өйткені адамның қоғамдағы алатын орны, атқаратын қызметі сол қоғамның дамуымен тікелей байланысты.
Қазақстан Республикасының Орта білімді дамыту тұжырымдамасында білім беру саласының ең негізгі талабы: кең дүниетанымдық көзқарас, толық құзыреттілік, шығармашылық әрекетке бейім тұлға тәрбиелеу. Қоғамда «орындаушы» адамнан гөрі «шығармашылық» адамға деген сұраныстың көп екендігін қазіргі өмір талабы дәлелдеп отыр. Білім беру саласында оқушылардың эстетикалық, этикалық және адамгершілік нормаларын меңгерту міндетін жүзеге асыруда музыка пәнінің орны ерекше. Музыка тәрбиесі жастарды өнер құндылықтарын жасауға қатыстыра отырып олардың бойында белгілі адамгершілік-эстетикалық мәдениетті, көркемдік талғамды, шығармашылық қабілетті дамытады. Оқу тәрбие барысында мектепте негізгі оқушыларды өз халқының ғасырлар бойы қол жеткізген табыстарына ұмтылуға тәрбиелеу, ұрпақты ата-баба салт-дәстүрімен, әдет-ғұрпымен қайта табыстырумен қатар және меңгерту болып табылады. Музыка өнері әрбір оқушыны әсемдік әлеміне үйретіп қана қоймай, оны қорғауға және рухани мәдени деңгейін көтеруге табиғи жағдай жасайды. Сол себепті әрбір қоғам мүшесін өнерпаздыққа тарту қоғамның объективті қажеттілігі және заңдылығы болуы керек.
Тәрбиедегі басты мақсат: қоғам мүшелерін әлеуметтендіру болатын, яғни өнер адамның тек қана рухани өмірінің құрамдас бөлігі болып қоймай, әлеуметтендірудің аса пәрменді құралы болды. Ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келген халықтық қазынаны, оның таңдаулы үлгілерін жеткіншек ұрпақты тәрбиелеу құралына айналдыру, нақтырақ айтқанда, олардың көркемдік, музыкалық, эстетикалық талғамы мен мәдени деңгейін жоғарылату – басты міндет.
Ұлы Абай өмір шындығын дәл бейнелеу жөнінде поэзия мен музыканың рөлін былайша суреттеді: әсемдік сыры, биік мұратталғандары, көркем шарттары, шығармадағы дарындылық пен шеберлік ән мен күйді орындаудағы дәстүрлер, т.б. мәселелерді көтере келіп, эстетикалық тәрбиенің негізгі өлшемдеріне ғылыми талдаулар жасады. Ойшыл ақын жеке адамның эстетикалық сезімдерін дамытудың нақты жолдарын қарастырады. Абайдың түсінігінше, баланы жастайынан көркемдікке баулуда үлкендер неғұрлым ертерек ойластыруы қажет, өйткені бесіктегі нәрестенің өзі ананың әлдиі, құлағына жеткен ән-күйдің әуезді үні арқылы сұлулық пен көркемдіктен хабардар болып жатады.
Мектепте музыка сабағында: шешендік айтыс, суырып салма ақындық өнері, ән айту, жыр-терме, театр өнері өз бейнесін тапты. Сонымен қатар, ұлттық өнерге осылай оқушыларды жастайынан баулу олардың адамгершілік, эстетикалық қасиеттерін дұрыс қалыптастыруына, мәдени дәстүріне деген сыйластық сезімін дамытуға әсерін тигізді, оқу-тәрбие процесінің сапасын арттырды. Оқушылардың әсемдікті түсіне білу қабілетін дамытады.
Оқушыларға эстетикалық тәрбие беру ісінің мазмұнды, деректі, ұғынықты келуі, әрі ән мен күйдің көкейге қонымды, әсерлі болуын қажет етеді.
Оқушы күнделікті өмірде музыкамен етене араласады. Мұны салыстырмалы түрде алғанда үш жүйеге бөлуге болады: а) музыка сабағында ұғымдық тапсырмаларды орындауы (бірігіп күй тыңдауы және музыкалық шығармаларды талдауы); ә) өз бетінше қатысуы; б) музыканы кездейсоқ тыңдауы.
Сондай-ақ, оқушылардың сабақ барысында шығармашылық іс-әрекетін қалыптастыруда ынталандырудың маңызы зор.
Ғұлама ғалым Әбу Насыр әл Фараби «Музыкалық идея оны жүзеге асыратындай әрекет ету қабілетінсіз іске аспайды, музыканы көп тыңдау, жаттығу түрлерін бір-бірімен салыстыру, әуенді талдау, әрбір тонның дыбыстық әсерін мұқият есептей білу арқылы музыкалық қабілетті дамытуға болатындығын айта келіп, тәрбиелеу барысында тәжірибе жинақтаудың рөлі зор екенін атап көрсетеді», т.б. өзгерісін бақылап, сезінуге үйретеді. Оқушы эстетикалық сезім мен эмоциялық көңіл күй арқылы қоршаған ортаны әсерлене сезінеді. Оқушы өз жауабын жолдастарының жауаптарымен салыстыра отырып, пікірінің дұрыстығына немесе жаңсақтығына көз жеткізеді. Сол арқылы оның музыка жөніндегі ойы мен талғамы қалыптасады. Музыка шығарманы талдау әңгімелесу әдісі арқылы жүргізіледі. Көркемдік құралын, көркем бейнелердің жасалу жолдарын сабақтың тақырыбы ретінде алынған белгілі бір мәселе төңірегінде талдау оқушы танымын кеңейтіп, сөздік қорының молаюына жол ашады. Музыка мұғалімі сабақты талдауы үшін музыкалық құбылыстарға тән ұғымдардың қалай аталатынын білу қажеттігі туындайтындықтан, алдына басты мақсат етіп қояды. Бұл ретте оқушылардың музыкалық сөздік дәптерінің болғаны жөн. Себебі, оқушы бұл ұғымдарды күнделікті өмірде аса көп пайдалана бермейтіндіктен, тез ұмытуы мүмкін. Сөздік дәптер арқылы әр сабақ сайын әр оқушылардың сөздік қоры молайып, талдау мүмкіндігі кеңейе түседі.
Талдау, үйретудің алғашқы сатысында музыкалық екі шығарманы салыстыру оқушыға өз ойын жеткізуге жеңілдігін тудырады. Мысалы, ән және күй жанрдың ортақ белгілері (нық, жігерлі, екпінді) талдау мен қатар тиісті айырмашылығы (бірі жеңілдеу, екіншісі ауырлау болса, бірі жоғары, екіншісі төмен регистрге орындалуы) арқылы тыңдаушылардың белгілі бір тобына арналатындығы анықталады. Оқушы осының бәрін әсерлене тыңдай отырып, талқылауға белсенді қатысу барысында, оқушылардың жаңалыққа деген құмарлықтары пайда болады; өз бетімен жұмыс жасай алады; музыкаға қатысты ақпарат көздерін тани біледі. Мектеп оқушыларына аспаптық музыканы талдау біртіндеп күрделене береді. Мектеп бағдарламасының осылайша құрылу оқушылардың көркемдік талғамын музыкалық қабылдауына жол ашумен берге, олардың өздік пікірін айта алатындай деңгейге жеткізеді.
Тақырып шығарманың мазмұнын түсінуде басты рөл атқаратындықтан, оның басталып, аяқталуын анықтай алу дағдысын әдетке айналдырған жөн. Мұндай дағдының болмауы шығарманы түсінбегендігі десе де болады. Сондықтан шығарманы тыңдап, талдауда оқушы музыкалық тақырыпқа барынша зейін қоя мән беріп, сол арқылы көңіл-күйдің (жігерлі, сергек, сабырлы, ойлы, қайғылы) өзгерістерін бақылауға үйретіп шығарма болмысынан саналы түрде түсіну сатысына қарай ауысады.
О.Апраксина: «Музыканы оқушылармен бірге талдау, дұрыс бағытта болуы шарт» — дейді. Талдау барысында музыка тілінің элементтерін түсіндірумен шектелмей, ол элементтердің көркем шығармадағы рөлін анықтауға күш салған жөн. Әрине, оның рөлін әр оқушы өзінің түсінігіне, тәжірибесіне сүйеніп анықтайды. Мұғалім оқушыға шығарманың мазмұнын композитордың ойымен барынша жақындата түсіндіруді басты мақсат етіп қоюы қажет.
Тыңдауды неден бастау керек? Бұл – музыка тыңдауға үйретудің күрделі де маңызды мәселесінің бірі.
Жалпы, қабылдау процесі жөнінде О.Апраксина: «…кез келген қабылдау күрделі процесс, оған түрлі сезім мүшелері қатысады, нәтижесінде күрделі шартты рефлекторлық байланыстар жиынтығы түзіледі. «Музыкалық қабылдау – оның мәні шындықтың көркем бейнесін музыкалық шығармадан ести алу және оның мазмұнын көркемдік бірлік ретінде сезіне отырып бастан кешіре білу қабілеті» — деп атап көрсетті. Музыкалық шығарманы қабылдау процесі үстінде оқушы оны толық тыңдайды, бірақ толық түсінбеуі немесе мүлде түсіне алмауы мүмкін. Бұл оның музыка тыңдаудағы тәжірибе ауқымына байланысты қабылдайды. Музыкадағы барлық оқиға желісі музыка үнінің құдіретті тілі арқылы жеткізіледі. Егер, оқушы күрделі мазмұнға құралған байланысы бар кесек туындыларды тыңдай білмесе, шығарманы толық түсіне білу қиын. Сөз жоқ, ішкі мазмұны музыка тілі арқылы берілетін күрделі шығармалардың негізгі өзегі оның әуені болып табылады. Ал, тыңдаушы музыкалық білімнің, әсіресе тыңдау қабілетінің аздығынан сол әуеннен ештеңені сезіне алмай, музыканы шала ұғып, эстетикалық әсерленуі ойдағыдай болмайды. Кейде соның салдарынан музыкалық шығарманы түсінбей де қалады. Бұдан басқаны қабылдау үшін оны тек тыңдап қана қою жеткіліксіз екенін аңғарамыз.
Музыкалық шығарманы талдап, тыңдаудың екінші жағы – музыканы ойнап көрсету. Мұғалім шығарманы өзі орындайды немесе үнтаспадан тыңдатады. Бастауыш сыныптарда музыкалық шығарманы мұғалім өзі орындап көрсеткені тиімді. Бұл сыныптарда өтілетін музыкалық шығармалардың көлемі шағын болғанымен, орындауы үлкен шеберлікті қажет етеді. Бір шығарманы әртүрлі аспапта ойнап көрсету, мәнерлі орындау. Ойнатуда мұғалімнің мүмкіндігі жетпеген жағдайда музыкалық шығармадан үнтаспадан тыңдатылады. Оны қалай түсінуге болады? Күрделі шығармадан үзінді орындаған симфониялық оркестрдің құрамындағы сан қырлы аспаптардың бояуын ешқандай да орындау ауыстыра алмайды. Ортатория, кантата, опера, симфониядан алынған үзінділерді үнтаспадан тыңдатқанда ғана сабақ мақсатына жетеді. Қай жағдайда да, орындаушы – шығарма мазмұнын жеткізуші. Шығарманы тыңдап болғаннан кейін оның мазмұнын түсінуге бағытталған сұрақтар жүйесін сабақтан бұрын жан – жақты ойластырып алу қажет. Бұл мәселеде мұғалім белгілі бір материалды талдау арқылы оқушыларға нені меңгертетінін өзі анықтап алады. Қойылатын сұрақтар жүйесін дайындауда тағы бір ескеретін мәселе, сабақ өтілетін сыныптың жалпы музыкалық жабдықталу деңгейі. Осы екеуін ескере отырып, нақты сұрақтар жүйесі дайындалады. Олар анық, қысқа, нақты, дұрыс жауапқа бағыттау арқылы оларды жалпы мәселеден ең бастысын қорытындылай білуге үйретеді.
Музыка сабағында нақты мақсат қойылу арқылы оқушының сезімін (эмоция) ояту. Оқушылардың сабақ үстіндегі эмоциялық өзіндік іс-әрекеттері бағыттаушы және реттеуші рөл атқарады.
Сезімді (эмоция) ояту үшін қабылдауда белсенділік мақсаты қойылады.
Бірінші мақсат: а) музыкалық шығарманың мазмұнын оқушылармен бірге талдау; ә) музыка-дидактикалы ойындар ұйымдастыру; б) тиімді әдісті таңдап ала білу;
в) оқушылардың жас ерекшеліктері мен музыкалық даму ерекшелігін ескере отырып, музыкалық шығарма таңдау арқылы жүзеге асырылады.
Екінші мақсат – музыканы саналы түсінуге баулу. Саналы түсіну үшін белгілі бір деңгейде музыкалық білім болуы керек. Сондықтан, бұл міндетті жүзеге асыру үшін, нота сауатын меңгеру мақсаты қойылады.
Нота сауаты: а) музыканың көркемдік құралдарының (екпін, саз, ырғақ, әуен, тембр, гармония, өлшем, т.б.) музыкалық шығарма мазмұнын жасаудағы ерекшеліктерін түсіндіру;
ә) әнді нотамен орындау; б) түрлі көрнекіліктер пайдалану; в) ырғақтық қимылдар жасау (нота биіктігін көрсету, қолды ырғақпен шапалақтап ұру) арқылы меңгертіледі.
Үшінші мақсат – музыкалық шығарманы өз шама-шарқынша орындауға үйрету арасында орындаушылық дағдыларды меңгерту. Орындаушылық дағдыларды меңгерту арқылы көркемдік білім беру мақсаты қойылады. Бұл мақсат: а) вокалды хор дағдыларын; ә) аспапта орындау дағдысын; б)ырғақтық-би дағдыларын; в) шығарманы тыңдап, талдай алу дағдысын меңгерту арқылы жүзеге асады;
Үшінші міндеттегі тағы бір мақсат – оқушының шығармашылық қиялын дамыту:
а) ладтық сезіміне байланысты сурет салуға; ә)суырып салып айтуға (импровизациялау) баулу арқылы жүзеге асырылады.
Музыка пәнінің мұғалімі осы үш міндетті жүзеге асыру арқылы оқушылардың көркемдік талғамын қалыптастырады, әр түрлі жанрдағы музыканы талдай отырып, оның сапасын ажырата білуге үйретеді.
Қазіргі таңда музыка мамандарының алдында тұрған маңызды мәселелердің бірі – осы ата-бабаларымыздай музыканың құдіретін терең түсініп, оны өзінің рухани азығы етіп адам өмірін нұрландыруға ат салысатын музыкалық білімді азамат тәрбиелеу. Баланы музыка тыңдауға, тыңдай отырып оны саналы түрде қабылдауға баулу – музыкалық тәрбие беру жұмысындағы күрделі міндеттерінің бірі. Өйткені, ол оқушының музыкалық мәдениеттілігін қалыптастырудың алғашқы шарты болып есептеледі. Мектептегі мақсатты бағытталған және жүйелі қойылған музыкалық білім беру жұмыстары музыка сабағында іске асырылады. Пәннің аталуынан-ақ оның басқа пәндерден айырмашылығы бар екендігін байқауға болады.
Мектептегі музыка сабағының басқа пәндерге ұқсастығы мен өнер сабағы ретінде айырмашылығы бар. Оның басқа пәндермен ұқсастығы мынада: оқу жоспарына енгізілтен барлық пәндердің негізгі мақсатындағыдай жан-жақты дамыған жеке тұлғаны тәрбиелеуінде; кез-келген сабақтың жоспарын құрастырудағыдай психологиялық, педагогикалық заңдылықтарға сүйеніп, балалардың жас ерекшеліктеріне тән олардың қабылдауы, ақыл-ойы, қиялы ескерілуінде; оқытудың барлығы жалпы дидактикалық принциптерге негізделіп құрылуында; музыканың басқа пәндермен байланысында; әртүрлі іс-әрекеттерді
мақсатты қолданып, сабақтың бүтін өтуінде; оқытудың негізгі әдістерін қолдануында.
Музыка сабағының айырмашылығы оның өнер сабағы екендігінде. Музыка өнері — өмір шындығын айрықша бейнелеп, онда көңіл-күй, сезім негізгі қызмет атқарады. Музыка арқылы оқыту процесінде тек ойлау арқылы түсініп қана қоймай, сондай-ақ ақыл мен көңіл-күйдің, сана мен сезімнің бірігуін талап етеді. Әдебиет пен бейнелеу өнерлері музыкамен бірлесіп, адамның ішкі дүниесін ашады.
Музыка сабағының келесі айырмашылығы бірлескен көркемдік және техникалық принципін қажет етуінде. Бұл не дегеніміз?
Музыка сабағы өнер сабағы болғандықтан, оның барлық компоненттерінің көркем болуын талап етеді. Ән салу мен тыңдауға арналған музыкалық шығармалар ғана көркем болып қана қоймай, кез-келген сабақтың құрамына енгізілген элементтің, бір ғана дыбыстың орындалуының өзі көркемді болуы тиіс. Шығарманың мәнерлі, көркемді орындалуы оның техникасына байланысты. Сол себептен де, көркемділікті-мақсат деп, ал техниканы — сол мақсатқа жету жолы деп санауға болады. Соңғы айырмашылығы жұмыс жасау формасының ұжымдық түрінде: бір мезгілде балалар бірге музыканы тыңдап, орындауында.
Музыка сабағы оқу пәні ретінде тарихпен тығыз байланысты. Музыкалық шығармалардың сазгердің шығармашылығында өзіндік орын алып, бейнелеуіне себебі болған тарихи кезеңдер мен әлеуметтік жағдайларды білу қажет. Сонымен қатар, тарихи жағдайларға да музыканың әсер етуін түсіну қажет. «Музыка» оқу пәнінің қажеттілігі жас ұрпақты эстетикалық тәрбиелеудегі музыкалық өнердің алатын орнының мәнісінде. Музыка сабағында айрықша эмоционалды атмосфераның орнауы қажет, себебі музыка — «сезім тілі». Музыка балаларды толғандырып, олардың көңіл-күйіне белгілі әсерін тигізеді. Музыкадан алған әсерлері мүғалімнің мәнерлеп орындап берумен катар, оның түсіндіруінде, мимикасында, қол қимылдарында күшейтіледі. Музыканың орындалуына оқушылардың назарын аударып, қиялдарын дамытып, мұғалім олардың музыкалық бейнелердің әлеміне енуге, оның мәнерлігін айқын сезінуге көмектеседі.
Әрбір сабақтың өзіндік ерекшеліктері мен қайталанбайтын мәні оның мазмұнына да байланысты болады. Оның мақсаты мен міндеттері, мазмұны мен құрылысы, амал-тәсілдері мен әдістерінің барлығы да дұрыс бағытта ойластырылған болуы керек, әйтпесе жақсы жетістіктерге жете алмаймыз. Мұғалімнің сабаққа дайындығы оның педагогикалық іскерлігіне, шеберлігіне байланысты болып, берілетін музыкалық материалдардың тәрбиелеушілік, білімділік, дамытушылық міндеттерін жүзеге асырады. Музыка сабағының мазмұнына әртүрлі көңіл-күйдегі, сипаттағы шығармалар еніп, сабақтың бүтін өтілуіне жету үшін құрылысын анықтау қажет. Сабақты құрастыруда әрбір сыныптың жас ерекшелігін, балалардың ақыл-ойы мен эмоционалды көңіл-күйіне түсетін жүктің дәрежесін ескеру керек. Музыка пәнінің сабақ кестесіндегі орнына көңіл бөлу қажет. Музыка сабағының қандай пәннен кейін өтілуінің де мәні бар. Музыка сабағы алдын-ала құрастырылған жоспар бойынша өтіледі.
Бірақ іс-жүзінде мұғалім мен оқушылардың тікелей карым-қатынасы — тірі процесс болғандықтан, оның құрамындағы кейбір бөлшектерін болжау мүмкін емес.
Қазіргі уақыттағы музыка сабағының сапалылығы оқушылардың белсенділігіне де байланысты. Белсенділік мәселелерін арттыруды тек сабақтың құрылысын қызықты құрастыруда, оқушылардың қызығушылығын оятудағы әдіс-тәсілдерді қолдануда ғана шеше алмаймыз. Себебі мұғалімнің әрбір оқушыға көңіл бөлуіне де байланысты. Әрине бұл міндет мұғалім алдындағы қиын міндеттің бірі, себебі, мүғалім оқушылармен аптасына бір-ақ рет музыка сабағында жүздеседі. Сол себептен де мұғалім оқушыларын білуі керек, олардың жақсы және нашар дамыған жақтарын есінде сақтап, қызығушылықтары мен бейімділіктерін ескеріп, баланың әлеміне еніп, әрқайсысының жетістіктерін бағалай білуі керек.
Қазіргі уақыттағы мектептегі музыка сабағы арнайы жабдықталған дәрісханада өтіледі. Дәрісхананың эстетикалық талғамда безендірілуі музыка сабағының өнер сабағы екендігіне байланысты атмосфералық көңіл-күйді тудыратындай болуы тиіс. Қорытындылай келе, сабақтың жақсы деңгейде өтуіне сабақтағы қолданатын техникалық құрал-жабдықтар мен көрнекілік құралдардың сапалылығына, мұғалімнің оларды іскерлі қолдануына да байланысты.

ӘДЕБИЕТТЕР

1. Дуйсембінова Р.К. Қазақтың әншілік өнері: Оқу құралы. – Алматы: Өнер, 1998. – 110 б.
2. Дуйсембінова Р.К. Музықалық білім беру педагогикасы: оқу құралы. — Талдықорған, 2006. -216 б.
3. Ахметова М. Ән өнері және уақыт. – Алматы: Өнер, 1993. – 198 б.
4. Балабеков Е. Қазақтың музыкалық фольклоры: Оқу құралы. – Алматы, 2006. – 157 б.
5. Ғизатов Б. Қазақ музыкасының терминологиялық сөздігі. – Алматы: Өнер. 1987. – 232 б.
6. Қоңыратбай Т. Қазақ халқының музыкалық фольклоры //Музыка әлемінде. 2004, №2. — 34-38 б.

Ататүрік атындағы №17 мектеп-гимназиясы

 

 

 

 

 

 

 

Баяндама

Тақырыбы:

«Музыканы оқыту әдістері»

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Дайындаған: Султанкулов Ү

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Түркістан қаласы

 

 

Музыканы оқыту әдістері

 

Музыканы оқыту білім беру мазмұны мен мақсатын дұрыс анықтаумен ғана шектелмейді. Оқыту мақсаттарына қандай амал, жолдармен жету керектігі музыкалық білім беру дидактикасындағы ең маңызды мәселе болып табылады. Себебі білім берудің тиімділігі әрдайым оқыту әдістерін дұрыс таңдауға тікелей байланысты болады.

«Әдіс» термині гректің «metodos», яғни ақиқатқа, күтілетін нәтижеге қол жеткізудің жолы, амалы деген ұғымды білдіреді. Педагогикалық әдебиеттерде әдіс ұғымына берілген көптеген анықтамаларды кездестіруге болады. Жалпы алғанда оқыту әдістері білім берудің мақсаттары мен міндеттерін шешуге бағытталған жолдар және амалдар жиынтығы болып табылады.

Оқыту әдістері келесі үш белгімен сипатталады. Олар: оқыту мақсаты, меңгерту амалы және оқыту субъектілерінің өзара әрекеттесу сипаты. Демек, оқыту әдістері төмендегілерді қамтиды:

—  мұғалімнің оқыту жұмысының және оқушылардың оқу жұмыстарының өзара байланысты амалдары;

— олардың оқытудың түрлі мақсаттарына жетудегі жұмыстарының ерекшеліктері.

Мұғалім мен оқушылардың іс-әрекетінде қолданылатын оқыту әдістері – ақпараттандыру (мұғалім оқу материалын баяндайды, түсіндіреді); оқушыларға практикалық дағды, іскерліктерді үйрету; оқушылардың танымдық іс-әрекетін дамыту; мұғалімнің оқушылардың танымдық іс-әрекетіне жетекшілік ету функцияларын орындауы.

Оқыту процесінің мәні және оқыту мақсаттарының көп аспектілігі «оқыту әдістері» ұғымын түсіндіруде сан түрлі трактовкалардың қалыптасуына ықпалын тигізеді:

— «…білім мазмұнын меңгертуді қамтамасыз ететін мұғалім мен оқушының өзара байланыстағы бірізді әрекет ету жүйесі (Педагогикалық энциклопедиялық сөздік); »

— «…білім мазмұнын меңгертуге тұрақты түрде жүргізілетін, яки мақсатқа қол жеткізетін оқушының танымдық және практикалық іс-әрекетін ұйымдастырудағы мұғалімнің бірізді әрекеті « (И.Я. Лернер);

— «…мұғалімнің оқушының танымдық әрекетіне жетекшілік ету амалы» (Т.А.Ильина);

— «…мұғалімнің зерттелетін материалды меңгертуге бағытталған, түрлі дидактикалық тапсырмаларды шешу бойынша оқушының оқу-танымдық іс-әрекетін ұйымдастыру және оқыту жұмысының амалы» (И.Ф. Харламов);

— «… білім мазмұнының белгілі бір бөлігін жеткізуге бағытталған және нормативтік жоспарда көрініс тапқан, оқу жұмысының нақты формаларында жүзеге асырылуы мақсатындағы оқыту мен іс-әрекеті үлгісі» (В.В. Краевский);

— «… оқу процесінің жетекші міндеттеріне, мақсаттарына сай пәннің мазмұнын меңгертуді ұйымдастыру амалдары» (Э.Б. Абуллин);

Жоғарыда келтірілген тұжырымдарды салыстырмалы түрде талдау, арқылы оларда мұғалім мен оқушының іс-әрекеті (оқыту процесінің мәні, оның екі жақты сипаты), оқыту процесінің нәтижесі (дамытушылық, білімділік, тәрбиелік) көрініс тапқанына көз жеткіземіз. Осы ретте музыканы оқыту әдістерін оқу процесінің жетекші міндеттері мен мақсаттарына сай музыка пәнінің мазмұнын меңгертуді ұйымдастыру амалдары деген анықтаманы негізге алуға болады. Себебі онда музыкалық білім мазмұны сияқты оқу процесінің негізгі құрылымдық компоненттері көрініс тапқан.

Мұғалім мен оқушының біріккен іс-әрекетін бейнелейтін оқыту процесінің екі жақты сипаты оқыту әдістерінің де дәл осылай екі жақтылығын анықтайды. Осыған байланысты мұғалім тарапынан ақпараттық, басқарушылық, оқушылардың танымдық қабілетін дамыту, т.б. және оқушылар тарапынан білімді алу, меңгеру, тыңдау, бақылау, практикалық, лабораториялық жұмыстар орындау сияқты әдістерді атап кетуге болады.

Сөздік әдістер. Бұл әдістің көмегімен ақпараттар жеткізетін құралдар мұғалімнің сөзі және баспа сөздері болып табылады. Оларға әдістер жүйесінде жетекші орын алатындар кіреді: әңгіме, әңгімелесу, түсіндіру,дискуссия, лекция, кітаппен жұмыс.

Көрнекілік әдістер әр түрлі суреттер, репродукциялар, кестелер, үлгілердің көмегімен табиғи түрде немесе символдық түрде бейнеленген қоршаған ортадағы құбылыстармен қылылығын, өнердің, қоғамдық сананың басқа да түрлерімен ұқсастығы мен айырмашылығын ұғындырады.

Талдап қорыту әдісі музыкалық сабақтарды ұйымдастырудың жетекші әдісі ретінде оқушылардың музыка өнеріне саналы қарым-қатынасын дамытуға, көркемдік ой-өрісін қалыптастыруға бағытталады. Музыкалық талдап қорыту әдісі, оқушылардың іс-әрекетін ұйымдастыру аиалдарының жиынтығы ретінде, олардың музыка жөніндегі негізгі білімін меңгертуде, жетікші іскерліктерін қалыптастыруда қолданылады. Бұл әдіс бірізділікті әрекеттерден құралады.

Бірінші әрекет оқушылырға тән бағдарламасының тақырыптарымен танысу, тереңдете меңгертуге қажетті музыкалық тәжірибесін белсенділікпен пайдалануға талпындыру мақсатын жүзеге асырады.

Аталған әдісті қолдануда мұғалімге нақты жағдайға сәйкес ең қолайлы, тиімді, қажетті жақтарын таңдай білу міндеті жүктеледі. Педагогикалық бақылау және баға беру тәсілдері музыка сабақтарында оқушылардың жетістіктері мен кемшіліктерін есепке алуды қолданылатын әдіс. Олар оқушылардың музыкалық      даму барысында түзетулер енгізуде қосымша роль атқарады. Бақылау мен тексеру оқу процесінің өзінше жеке элементі болып шет қалмауы, керісінше білімділік, дамытушылық, тәрбиелік, талпындыру функцияларын атқарып отыруы тиіс.

Музыкалық білім беру жетістіктеріне қол жеткізу оқыту әдістерін қолайлы етіп таңдап алуға байланысты. Ол үшін келесі өлшемдерді негізге алуға болады:

—         оқу материалының мазмұны мен жалпы мақсаттары;

—         оқу пәнінің ерекшелігі;

—         дидактикалық талаптар;

—         оқушының жас ерекшелігі;

— оқушылардың музыкалық білім саласындағы теориялық, практикалық даярлық деңгейі;

—         оқушылырдың музыкалық тәрбиелік деңгейі;

—         оқушылардың жеке дара ерекшеліктері;

— мектептің әлеуметтік ортасы, материалдық-техникалық базасы;

—         музыка пәні мұғалімінің кәсіби шеберлік және тәжірибе деңгейі.

 

Музыканы оқытуды ұйымдастыру

         Мектептегі оқытуды ұйымдастыру формалары педагогика тарихындаең пікірталасты проблеме болып келді.  С.И. Ожеговтың түсіндірме сөздігінде «форма – белгілі бір мазмұнымен шарттасатын түр, ұйымдастыру, құру, тип, құрылым, түзіліс» деп пайымдалса, философиялық энцоклопедияда бұл термин «мазмұнның іштей ұйымдастырылуы» — деп тұжырымдалған. Ал, оқытуға келсек, форма – ол оқыту процесінің арнайы түзілімі. Бұл түзілім оқу процесінің мазмұнына, әдістеріне, тәсілдері мен құралдарына, оқушылардың іс-әрекет етуіне сипат алады. Яки оқытудың осындай түзілімі оқу материалын меғгеру барысындағы мұғалім мен оқушының өзара әрекеттесуінде көрініс алады. Олай болса, оқыту формасы деп белгілі бір оқу материалын және іс-әрекет ету амалдарын меңгеруде мұғалім мен оқушының өзара әрекет етуінде жүзеге асырылатын оқыту процесі бөліктерінің түзілімі мен циклдарын айтамыз.

Оқытуды ұйымдастыру формалары дидактика саласындағы түрлі өлшемдерге байланысты былайша жүйеленген:

—         оқушылардың саны;

—         оқу орны;

—         оқыту дәрістерінің ұзақтығы.

Оқушылардың санына байланысты көпшілік, ұжымдық, топтық, микротоптық, жеке оқыту формалары; оқыту орны бойынша мектептегі, мектептен тыс ұзақтығына байланысты классикалық сабақ, қосарлы сабақ, қысқартылған сабақ және бастауыш сыныптарда қолданылатын «қоңыраусыз» еркін созылатын сабақтар болып бөлінеді.

Педагогика ғылымы мен практикасында уақыт талаптарына сәйкес сабақты өткізудің түрлі жолдары қарастырылып, оны жетілдіруде қыруар ізденістер жүзеге асырылды. Сабақта ұйымдастыруда оқушылардың танымдық іс-әрекетін белсендіру, ақыл-ойын дамыту, шығармашылықты өздік ізденіске баулу және т.б. проблемалар бойынша толассыз ғылыми ізденістер жүргізілді.

Өнер пәні ретінде ән-күй сабақтарын ұйымдастыру проблемалары жөнінде О.А. Апраксина өз еңбектерінде тұжырымды пайымдаулар жасады. Оның пікірінше, музыка мектеп пәні ретінде өзге сабақтармен ортақ ұқсастығы бар болуымен қатар, оған мынадай ерекшеліктер де тән:

1) Өзге пәндер сияқты музыка сабақтарының құрылымы психологиялық-педагогикалық заңдылықтарға сүйенеді;

2) Өзге пәндерді оқыту сияқты музыка сабақтары жалпы дидактикалық принциптерді ұстанады;

3) Музыка пәнін оқыту өзге пәндермен және ұйымдастыру формаларымен байланысты болады;

4) Ұйымдастыру формаларының әртүрлілігіне қарамастын, музыка сабағы бір тұтастықта болуы тиіс;

5) Өзге пәндермен ортақтастығы – онда негізгі оқыту әдістері де қолданылатындығында.

О.А. Апраксина музыка сабақтарының басқа да ерекшеліктерін ашып көрсетті:

— Бірінші ерекшелігі – музыка сабағы өнер сабағы. Себебі музыка өнері оқушының сезімі мен эмоциялық сферасын қамтитын болмысты бейнелейтін ерекше формасы. Музыкаға оқытуда танымдық процестің өзі тек ой-сананың әрекеті ғана емес, эмоция мен ойдың, сана мен сезімнің бірлігінде жүзеге асырылады;

— Екінші ерекшелігі – музыка адамның психикасына, моторикасына және физиологиялық процестерге кешенді түрде ықпал етеді. Яки адамды түрлі психикалық кейіпке түсіреді, оның бойында түрлі психикалық процестер мен физиологиялық процестер жүріп жатады;

— Үшінші ерекшелігі – міндетті түрде саналылық пен эмоционалдық бірлестік болуына байланысты, сабақтың әр элементі балалардың белсенді қызығушылықты қарым-қатынасын тудырады;

—  Төртінші ерекшелігі – музыка сабағында эмоционалдық пен саналылықтың бірлігі ғана емес, көркемдік пен техникалық бірлік те орын алады. Сондықтан тыңдауға, ән салуға арналған репертуар мен қатар жаттығулар да көркем болуы тиіс. Тіпті унисонда орындалған бір дыбыстың өзі де әдемі, әрі көркем орындауды талап етеді. Ондай көркемдік орындаушылық техникасын меңгеруге тікелей тәуелді болады. Сондықтан оқу материалдары ретіндегі музыкалық шығармалардың мәнері образдылығы, көркемдік пен техникалықтың бірлігінде жүзеге асырылуы тиіс.

Сонымен, музыка сабақтары мектептегі өзге пәндермен ортақ белгілерін сақтай отырып, өзіндік ерекшеліктерін де сақтауы тиіс. Ондай ерекшелік, біріншіден, оқу материалы; екіншіден, оқушының танымдық, сондай-ақ оқушының жалпы жалпы және арнайы қабілеттерінің дамуы; үшіншіден, оқыту әдістері; төртіншіден, қолданылатын техникалық құралдар; бесіншіден, музыка пәні мұғалімінің тұлғалық, кәсіптік мүмкіндіктері арқылы көрініс табады.

О.А. Апраксина өнер пәні ретінде музыка пәнінің өзіне тән ерекшеліктерін және оқыту заңдылықтары мен принциптерінен туындайтын білім беру, тәрбиелік, ұйымдастыру талаптарын былай қарастырады:

— музыка сабағының білім беру міндеттерінің нақты айқын болуы;

— музыка сабағының мазмұны оқу бағдарламасына, сабақтың мақсатына, оқушының даярлық деңгейлеріне сәйкес анықталуы;

—  музыка оқыту әдістерін қолайлы етіп таңдау;

—  педагогикалық байланыстардың болуы;

—  музыкалық білім беру педагогикасының ғылыми жетістіктерін пайдалану;

— жеке тұлғаның барлық сферасын дамыту;

— жалпыпедагогикалық іскерліктердің дамуы;

— музыкалық білім, іскерлік, дағдыларын меңгерту;

— музыкалық тәрбие міндеттерінің нақты қалыптасуы;

— музыкалық дүниетанымын дамыту;

— оқушылардың танымдық қызығушылықтарын қалыптастыру;

— музыканы оқытудың психологиялық ерекшеліктерін ескеру;

— педагогикалық әдеп, оқушылардың адамгершілік сапа-қасиеттерін дамыту;

— музыка сабақтарын нақты жоспарлау;

— музыка сабақтарының белгіленген құрылымын сақтау;

— музыка оқытудың түрлі құралдарын қолдану;

Музыкалық білім беру педагогикасында музыка сабақтарын өзінің дидактикалық мақсаты, мазмұны және оқыту әдістемесіне қарай түрліше жүйелеу ұсынылған. Соңғы жылдары педагогикалық технология идеясының жандануы, білім беру саласына ғылыми-техникалық жетістіктердің ендірілуіне байланысты сабақ беруді жетілдіру, оны ұйымдастырудың тың жолдары іздестірілуде.

«Музыкалық білім беру педагогикасының жанры» — дегеніміз музыкалық-педагогикалық туынды ретіндегі сабақтың өзіне тән образын, эмоционалдық сферасын, музыкалық-педагогикалық құрылымдарын бейнелейтін мазмұны мен ұйымдастырылуының жиынтықты сипаттамасы. Сөйтіп, сабақтың музыкалық-педагогикалық поэма құрылымдарына сәйкес, ода, аңыз, фреска, вернисаж сияқты түрлі жанрларды тиімді пайдалана білуге болады. Сонымен бірге рондо, вариация, реприза сияқты музыкалық формалардың құрылымы музыка сабақтарының құрылымына сай келеді.

Музыка сабағы — музыкалық білім беру процесін ұйымдастырудың негізгі формасы. Оның мақсаттары мен міндеттері, мазмұны, әдіс-тәсілдері музыка сабағының типтері мен құрылымын анықтауға арқау болады. Басқа да оқу пәндері сияқты музыка сабақтары мұғалімнің жоғары музыкалық-педагогикалық даярлығын, оқушылардық педагогикалық-психологиялық ерекшеліктерін білуді, музыка сабақтарын ұйымдастырудың бұған дейін белгілі болған амал-жолдарын біліп қана қоймай, оның жаңа жолдарын іздестіруді, сөйтіп музыка сабақтарын оқыту тәжірибесін үнемі байытып отыруын талап етеді.

Музыка пәні мұғалімінің сабақтарды өткізуге даярлығы басты екі кезеңнен оқу пәнін жүргізудегі жалпы және әрбір жеке сабақты өткізуге даярлығынан құралады. Жалпы даярлық барысында мұғалім оқушылардың пәнге деген қызығушылығын, қарым-қатынасын, бейімділіктерін және музыкалық даму деңгейлерін зерттейді. Музыка пәні мұғалімінің әрбір жеке сабаққа даярлығы да едәуір ізденісті, шығармашылықты талап етеді. Бұл жұмыстың алғашқы кезеңінде оқу материалының мазмұны ойластырылады. Әрине, мұғалім тек бағдарламада қарастырылған оқу материалымен шектелмей, оқулықтарда, көмекші құралдарда берілген дидактикалық материалдарды мейілінше терең меңгеруі тиіс.

Музыка сабақтарын жүргізу үшін типтік бағдарлама негізінде құрылған күнтізбелік-тақырыптық жоспарда бірізділікпен жоспарланған тақырыптардаң білімділік, тәрбиелік мақсаттары, қысқаша мазмұны, сабақтың түрі, әдістері, қолданылатын көрнекіліктері, оқушылардың өз бетімен орындайтын жұмыстары, білім жетістіктерін бақылау және тексеру формасы, әр тақырыптың өтетін мерзімі көрініс табады.

Музыка пәні мұғалімі сабақты жоспарламас бұрын, ең алдымен оқушылар белгілі бір тақырыпты зерделеу барысында, яки есте сақтау, білу оқу дағдылары және алған білімдерін түрлі ситуацияларды қолдану сияқты нәтижелерге қол жеткізуі керектігін нақтылап белгілеп алғаны жөн.

Жеке сабақтарды ұйымдастыру күнтізбелік-тақырыптық жоспардың негізінде жүзеге асырылады. Әсіресе, қызметін жаңа бастаған оқытушылар сабақтың мазмұнын, оқыту әдіс-тәсілдері нақтылы белгіленген конспект дайындаған дұрыс.

Оқытудың нәтижелерін бақылау мен тексеру оқыту процесінің міндетті компоненттерінің бірінен саналады. Оның мәні пән бойынша оқушылардың меңгерген білім деңгейлерінің білім стандартына сәйкес құрылған бағдарламалық талаптарға сай болуын анықтау болып табылады. Кеінгі кезде оқыту процесінде осы жұмысты тиімділікпен жүзеге асыруда «педагогикалық диагностика» жиі қолданылып жүр:

1) алдын-ала тексеріс, мұғалімнің сабақты өткізуге дайындаған жоспары, материалдары қаралады және түсіндірудің, бекітудің, оқушылардың өздік жұмыстарының тәсілдері, әдісі, формалары жөнінде әңгімелесу жүргізіледі;

2) ағымдағы тексеріс, сабақтардың жүргізілу барысы тікелей бақыланады, оқушылардың білімі, дағдыларының деңгейі, оқушылардың шығармашылық тапсырыстарды орындау сапасы тексеріледі. Бұндай тексерудің барысында оқушылардың ұжымдық топпен бірге және жеке орындайтын музыкалық іс-әрекеттері есепке алынады;

3) қорытынды тексеріс, жарты жылдықта немесе оқу жылының аяғында оқушыларға білім мен тәрбие беру жұмыстарының нәтижелері сарапталады. Оларды сабақ-концерт түрінде де өткізуге болады. Себебі музыка сабағында музыкалық іс-әрекеттер негізінен ұжымдық түрде жүзеге асырылатындақтан, тексеруді де ұжымдық формада ұйымдастыру мүмкіндіктері бар.

Дидактикалық тесттер оқыту нәтижелерін тексеру мен баға беруде кейінгі жылдары көптен қолданылуда. Оларды жалпылама төрт типке бөліп қарастырымыз:

— есте сақтауға және еске түсіруге тиісті мағлұматтар, фактілер, ұғымдар, заңдар, теория туралы білімдерді тексеру;

— зерделенген материалдарға өз бетімен сыни тұрғыдан баға беру іскерліктерін тексеру;

— алынған мағлұматтар негізінде білімдерін жаңа нақты ситуацияларды пайдалана білу іскерліктерін тексеру.

Оқушылардың білім, іскерлік, дағды деңгейлерін тексеру, оқыту процесінің құрамдас бөлігі бола отырып, оқушылардың оқу жұмысын тек қана тексеру емес, тәрбиелік, дамытушылық қызметтер де атқарады.

Тексеру әдістерін таңдау иексерушінің алға қойған мақсаттары мен міндеттеріне тікелей байланысты. Оқушылардың үлгерімі мен білім сапасын тексеруде, оның жүйелілігі мен тереңдігін қамтамасыз ету үшін, бұдан да басқа қалыпты емес түрлері, айталық, өздік баға беру, өзара баға беру сияқты әдістер қолданылады.