Тіл — ұлттың жаны, халықтың үні

228

Тіл — ұлттың жаны, халықтың үні

     Мақсаты:

     1.Ана тілде таза сөйлеуге, терең меңгеруге баулу.

2.Ой, ес,сезім, тіл жылдамдықтарын дамытып, бірліктерін нығайту.

3.ана тілін сүюге, қадірлеуге тәрбиелеу.

Көрнекілік: қанатты сөздер, суреттер, шарлар.

     Барысы:

     І. Ұйымдастыру кезеңі.

     ІІ. Кіріспе.

     ІІІ. Қазақстан Республикасының мемлекеттік әнұраны.

     1-бала: Ж.Молдағалиевтің «Мен қазақпын» өлеңі оқылады.

     2-бала: 

     Қуан бабам, қуанатын күн бүгін,

Деген едің «Тіл бар жерде өмір бар!»

«Халық жауы» атандық-ау сол үшін,

Ғұмырыңды құрбан етіп жолында.

3-бала:

     Қуан бабам! Туған тілдің киесі,

Жебеп сені, болғаныңа иесі.

Тек мұнымен бітпейтінін ұғып өс,

Дүниеде тіршіліктің күресі.

4-бала:

Қуан анам! Ұзағынан сүйініп,

Сәтінде кеткен кейін түңіліп.

Ақ сүтіңмен бойға біткен тіліңді,

Пір тұтамын ел алдында иіліп.

5-бала:

     Қуан халқым! Күшіне енді «Тіл заңы»

«Сүйінші!» — деп ақын ұлың жырлады.

Ел елдігі бағаланып тілімен,

Сол арқылы құлпырады гүл бағы.

Хор: Ә. Тінәлиевтің әні «Анамның тілі, аяулы үні».

     6-бала:

Қабылданды мемлекеттік «Тіл заңы»

Елдігімнің, ұлтымыздың ол – жаны.

Қуанамыз, шатанамыз бәріміз,

Атқанына бостандықтың ақ таңы.

7-бала:

Ана тілім – қазақ тілім, туған тіл,

Қасиетті тіліміздің мәнін біл.

Ана тілді құрметтеңдер адамдар.

Заманға сай өзге тілдің бәрін біл.

8-бала:

Заман туды тіліміздің басына,

Айналдырған тілдердің бір ласына.

Жетпіс жылдай бұрмалаған бұл тілді,

Үйретіп көр сәулесі жоқ жасыңа.

9-бала:

Ана тілі – біздің туған анамыз,

Ана тілін бағаласақ қалай біз.

Өзіміздің сондай болмақ бағамыз,

Ана тілін кім бағалай білмесе,

«Анасынан безген ұл» — деп қараңыз.

10-бала:

Ана тілің – біліп қой,

Бостандығың, теңдігің.

Ана тілің – біліп қой,

Мақтанышың, елдігің.

11-бала:

Ана тілің – арың бұл,

Ұятың боп тұр бетте.

Өзге тілдің бәрін біл,

Өз тіліңді құрметте.

12-бала:

Ақыл-ойың дананың,

Ана тілден аламын.

Ана тілім ардақты,

Ақ сүтіндей анамның.

13-бала:

Өсірген ой, білімді,

Сүйем туған тілімді.

Мақсат етем әр сөздің,

Мәнін терең білуді.

Хор: «Ұланбыз – Отанды қорғайтын».

     14-бала: Әр халықтың ана тілі – білімнің кілті. Біздің жастарымыз ана тіліне жетік, білімді, мәдениетті болсын. (Ахмет Жұбанов.)

15-бала: Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту – бүкіл ата-бабамызды, тарихымызды ұмыту. (Б. Момышұлы.)

16-бала:  Сүйемін туған тілді – ана тілін,

Бесікте жатқанымда-ақ берген білім.

(С. Торайғыров.)

17-бала:

Туған тілім – бабам тілім – өз тілім!

Туған тілім – анам тілім – өз тілім!

Туған тілім – далам тілім – өз тілім!

Туған тілім – адам тілім – өз тілім!

18-бала:

Туған тілде сыры терең жаным бар,

Туған тілде әнім менен сәнім бар.

Туған тілім тіл болудан қалса егер,

Жүрегімді суырып-ақ алыңдар.

19-бала:  (М. Мақатаев. «Үш бақытым»):

Ең бірінші бақытым – Халқым менің,

Соған берем ойымның алтын кенін.

Ол бар болса, мен бармын, қор болмаймын,

Қымбаттырақ алтыннан нарқым менің.

20-бала:

Ал, екінші бақытым – Тілім менің,

Тас жүректі тіліммен тілімдедім.

Кей-кейде дүниеден түңілсем де,

Қасиетті тілімнен түңілмедім.

 

     21-бала:

Бақытым бар үшінші – Отан деген,

Кім мықты? – десе біреу, — Отан дер ем.

…Оты сөнген жалғанда жан барсың ба?

Ойланбай-ақ кел – дағы от ал менен.

22-бала:

Әрбір тілде сөйле әлемді таң қылып,

Ана тілін білмеу қандай заңдылық.

Өсер балаң, байтақ далаң тұрғанда,

Қазақ тілі жасау керек мәңгілік.

23-бала:

Ақиқатты мойындайық қазір біз,

«Ұлтшыл» болып талай таяқ жегенбіз.

Тіл – мәртебе, ұлт мерейі емес пе?

Мәңгі бақи шырқалатын әніміз.

24-бала:

Туған тілім тірлігімнің айғағы,

Тілім барда айтылар сыр ойдағы.

Өссе тілім, мен де бірге өсемін,

Өлсе тілім, мен де бірге өлемін.

Хор:

Ана тілі – ұраным,

Ана тілі – Құраным.

Ана тілі болмаса,

Мықты болмас тұрағым.

Тәрбиеші:  Біздің Республикамыз жылдан жылға, күннен күнге өркендеп өсіп, кеңейіп, гүлденіп келеді. Олай болса, ХХІ ғасырға ақ тілек тілейік.

25-бала:

Басшыларымыз,

Мерекелеріміз табысты болсын!

Қыздарымыз саналы, сұлу,

Ұлдарымыз намысты болсын!

Қалада мейлі, қырда болсын,

Келген-кеткен ырза болсын!

Баға сөмкемізге сыймайтын болсын!

Халқымыз ғасыр табалдырығын,

Қазақша сөйлеп, аттайтын болсын!

Хор: Ө. Байділдаевтің әні «Туған ел».