Тұрақты тіркестер

710

 

Сабақтың тақырыбы:  Тұрақты  тіркестер

 Сабақтың мақсаты:

Білімділік: оқушылардың тұрақты  тіркестер  туралы лингвистикалық білімдерін кеңейту, синтаксистік талдау жасау дағдыларын дамыту, жаттығу жұмыстары мен қосымша тапсырмалар арқылы бекіту.

Тәрбиелік: оқушыларды адамгершілікке, ізгілікке баулу, Отанды сүюге, ұлтжандылыққа тәрбиелеу.

Дамытушылық: оқушылардың лингвистикалық дүниетанымдарын кеңейту, пәнге деген қызығушылықтарын арттыру, қисынды ойлауға дағдыландыру.

Сабақтың типі: жаңа  сабақ

Сабақтың түрі: Блум таксономиясы, халықтық педагогиканы тану.

Сабақтың әдіс-тәсілі: түсіндіру, сұрақ-жауап, жаттығу, мағынасын тану

Сабақтың көрнекілігі: суреттер, кеспе қағаздар, плакаттар, бағалау парақшалары, топқа бөлуге арналған ашық хаттар.

Пәнаралық байланыс: әдебиет, тарих

Сабақтың барысы:

І. Ұйымдастыру кезеңі: 

ІІ. Үй тапсырмасын сұрау:

108-жаттығудың қалай орындалғанын тексеру.

Білу.

Өтілген тақырыптарды пысықтау мақсатында «Бастаңғы» ойынын ойнау.

Балалар,  үй тапсырмасының қаншалықты орындалғанын тексеру үшін, сендерді «Бастаңғы» ойынына қатысуға шақырамын. «Бастаңғы» сөзінің мағынасын көбіміз біле бермейміз.Әуелі түсіндіріп өтейін.

Халқымыздың жақсы дәстүрлерінің бірі – бастаңғы жасау. Үлкендер жолға шығып немесе қонаққа кеткенде үйде қалған қыз-бозбалалар өздері оңаша тамақ пісіріп, көрші-көлемдегі құрбыларын шақырады. Ән салып, домбыра тартып, әзіл-қалжыңдары жарасып отырыс құрады. Өнер жарысы болады.Балалар, сендер де бастаңғыға бара аласыңдар. Міне, бастаңғы дастарханы сіздерді күтіп тұр.Бірақ, онда бару үшін, мына үстел үстіндегі ұлттық тағамдарды дастархан үстіне апарып қою керек.Ал, ол тағамдарды апару үшін, артындағы сұрақтарға жауап беру керек.Қане, кім қай тағамды қояды?

1.Сөздің тура және ауыспалы мағынасы дегеніміз не?

2.Қайсысы тура мағына қайсысы ауыспалы мағына екенін анықта

Қойдың құлағы, қазанның құлағы

1.Көп мағыналы сөздер дегеніміз не?

2.Бастапқы мағынасын анықта? Білімнің кілті, дүниенің кілті

1.Омонимдер дегеніміз не?

2.Ой сөзі омоним бола ала ма?

1.Синонимдер дегеніміз не?

2.Сәби сөзіне синонимдер айт.

1.Антоним дегеніміз не?

2.Шебер, құпия, ұсақ сөздерінің антонимдерін айт.

1.Табу дегеніміз не?

2.Сылдырама, сарқырама, жаныма дегендер нелердің атауы?

1.Эвфемизм дегеніміз не?

2.Жалқау адам деген сөздің эвфемизмін және дисфемизмін айт.

1.Дисфемизм дегеніміз не?

2.Құлағы естімейді деген сөздің эвфемизмін және дисфемизмін айт.

ІІІ.Жаңа сабақ

Міне, балалар, біз бастаңғы дастарханын жайып қойдық. Осындай мол дастархан қандай  кезде жайылады? Қазіргідей бейбіт те тыныш заманға жарасады емес пе? Біздің заманымызды «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман» десе бола ма? Осы сөздің мағынасын ашып көрейікші. Осындағы сөздердің орнын ауыстырып көрейік, «сиыр үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман» десе мағынасы бола ма? Немесе «қой үстіне көгершін жұмыртқалаған заман» десе бола ма? Демек осындай сөздерді тұрақты тіркестер деп атайды екенбіз.

Қазақ тілінде еркін сөз тіркестері, тұрақты сөз тіркестері деген терминдер бар.

Еркін сөз тіркестері – тіркестердегі сөздер еркін, орындарын басқа сөздермен ауыстыра беруге болатын сөздер. Мысалы: қызыл көйлек – сәнді көйлек, қалың кітап – қызық кітап. Ал тұрақты тіркестер – тілде екі немесе одан да көп сөздердің тіркесіп, бір ғана мағынаны білдіретін сөздерді айтамыз. Мысалы,қоян жүрек – қорқақ, кежегесі кейін тартты – жалқаулану, төбесі көкке жету – қуану.

Түсіну.

Енді оқулықта берілген түсінікті өзіміз оқып, түсінгенімізді айтайық. Әр топқа абзац бойынша тапсырма беріледі. Оқушылар тақырыпты өздері ашады.

  1. Тұрақты тіркес құрамындағы сөздердің мағынасы фразеологизмнің мағынасымен сәйкес келмейді.Ол сөздер тұтасып барып бір ғана мағына береді.
  2. Тұрақты тіркестер бұрыннан қалыптасқан жүйемен айтылады. Олардың сыңарларының орнын ауыстыруға болмайды.
  3. Тұрақты тіркестер даяр қалпында жұмсалады. Бір ғана сұраққа жауап береді де, сөйлемде бір ғана сөйлем мүшесі қызметін атқарады.

111-жаттығуды ауызша орындау. Берілген тұрақты тіркестердің қайсысы антонимдік қатар, қайсысы синонимдік қатар құрап тұрғанын табу.

113-жаттығу.Мәтіннен тұрақты тіркестерді теріп жазыңдар.Әр топ бір сөйлемнің ішінен тұрақты тіркестерді тауып жазады.

1.Үш ұйықтаса түсіне кірмеу – ойламау. Құмға сіңген судай – тез бітіп қалу

2.Екпіні су сепкендей басылу – үдемей қалу. Екі көзі жер сүзу – төмен қарау.

3.Ұялған тек тұрмас – сасқалақтау. Әр сөздің басын шату – міңгірлеу. Құлағында қалғаны – есіндегісі. Там-тұмдап айту – әр жерінен жұлып айту.

  1. Аяғының басына қарау – дым білмеу, сөзінің аяғын жұту- толық айта алмау.Есі шықты – ойынан адасу.

Қолдану.

Тапсырма. «Сөзбен сурет құрау»

Берілген тапсырмадағы тұрақты сөз тіркестерінің құрамындағы сөздер жасырынып қалған.Соны табу, мағынасын айқындау

Сол сөздерге қатысты адамның дене мүшесінің суреттерін орнына қойып құрастыру.

1…..іне көк шыбын үймелету

2…..шырымын алу

3…..нын шүйіру

4…..і бүлк етпейді

5…..нен қақпау

6…..ын балта кеспейді

7…..ы елең етті

8…..етін жеді

9…..ы күйген үрлеп ішер

10….жармады

11Төбе ……тік тұру

12 …… жар бермеу

13 …….сын ұстау

Талдау.

«Ой қорыту».Берілген тіркестерді тиісті бағанға  қою
 Тұрақты тіркес                          Еркін тіркес

Әдепті бала
Бармағын тістеу
Қол ұшын беру
Бір аттам жер
Үйге қайту
Зәресі зәр түбіне кетті
Орындалған арман
Гүлдей солды
Сыпайы мінез

Сабақ айту

Жинақтау.

Тапсырма.Берілген тұрақты тіркестерді пайдаланып, берілген тақырыптар бойынша мәтін құрау.

Отбасы. Ат тұяғын тай басар, сүттей ұйыған, көрер таңды көзімен атыру, аузынан түскендей.

Батырлық, ерлік. Айы оңынан туды, жүрегінің түгі бар, азуы алты қарыс, қоян жүрек.

Достық. Жұлдызы жарасқан, арасынан қыл өтпес, жұлдызы қарсы, қолы ашық, бетке айту, ағынан жарылды.

Менің әжем. Жүрегі жұмсақ, қолы ұзарды,бес саусақтай білу, алпыс екі тамыры босады.

Сабақты қорытындылау мақсатында келесі сұрақтарға жауап беру.

Бағалау.

1.Бүгінгі тақырыптан не білдік?

2.Тұрақты тіркестерді білудің маңыздылығы неде?

3.Тұрақты тіркестерді өмірде қандай жағдайларда қолдануға болады?

Әр топ басшысы өз тобының бағалау парақшасын көрсетеді.

Сабақты қалай түсінгендерін смайликтер арқылы көрсетеді.

Үйге тапсырма: 115-жаттығу.1. Өлеңді жаттап келу.

2.Өлең жолдарынан тұрақты тіркестерді табу.