М.Әуезов және жалпы адамзаттық құндылықтар

157

М.Әуезов және жалпыадамзаттық құндылықтар

Е.Б.Нурпеисова. Н.Островский атындағы орта мектеп ҚММ

М.Әуезов әлем әдебиетінде жалпыадамзаттық құндылықтар негізінде өрнекті із, тағылымды табыс қалдырды. М.Әуезов мұрасы қазақ әдебиеті көкжиегін кемелдікпен толықтырып, қазақ руханиятына даңғыл жол салуымен де ерекшеленеді. Мұхтар Әуезов есімі Абай есімімен рухани сабақтастықты жалғастырып, адамзаттық құндылықтар шеңберін шеберлікпен дамытуымен де асқақтай түседі.

М.Әуезовтей суреткердің соңына қалдырған мол рухани дүниесінің  әлі де болса ашылмаған қырлары жетерлік деуге болады. Әузов мұрасы адамзат өмірінің сан-саласына қарай пайдалы қызмет атқарып, жалпыадамзаттық құндылықтар биігінен көз тастайды. Ғалым мұрасы әуелі қазақ руханияты үшін заңғар шың болса, әлемдік әдебиет деңгейінің биік талаптарымен де үндесіп жатады. М.Әуезов және жалпыадамзаттық құндылықтар негізі де ауқымды ұғым. Осы ұғымның бастауындағы Әуезовтің заңғар тұлғасы уақыт өрнегі өткен сайын жаңғырып, әлемдік арнада биіктей түседі.

М.Әуезов —  20-жылдардағы қазақ зиялыларының бірден-бірегейі.  Болашаққа деген сенімділік – оның өмірінің мәні. Қазақ халқының үні, халық арманының тарихы, халық мұңы мен үміті – оның талантының жан-жақтылығының кілті, міне, осында жатыр. Романдар мен повестер, әңгімелер мен пьесаларында кешегі ескі өмірдің күйреуін суреттей келе М.Әуезов әлемнен адамға қарай бет бұрады. Күнделікті өмірдің шыңырау тереңінен шыққан мазмұнды да философияға толы  Әуезовтің  көркем ойы нағыз халықтық образдарды сомдай білді, мәселен Абай образы, әлемдік әдебиеттегі өз орнын алып, жалпыадамзаттық мәнге  ие болды.

«Суреткер белгілі бір қоғамда өмір сүреді,  белгілі бір қоғамдық коллективтің мүддесіне ортақтасады, сондықтан оның творчествосында да белгілі қоғамдық мән мен мазмұн бар. Бұл – даусыз шындық. Жалғыз-ақ осы шындықты әр көзқарастың өкілі әртүрлі түсінуі ықтимал»,- деп академик З.Қабдолов айтқандай, әр ұрпақ өз дәуірінің тұрғысынан баға берері даусыз.

Жазушының шығармашылық өнегесі мен адамдық бейнесі баршаға үлкен өнеге мектебі болды. Оның ғұмыр жолы үлкен де күрделі кезеңдерден тұрса да, жазушы таланты ерте мойындалып, бағаланды. Қаншама еңбектер жазылып, тарих қойнауына ізсіз аттанып кетіп жатыр, ал Мұхтар еңбектері бүгін солардың бәрінен озып, тарих таразысынан өтіп, дүниежүзілік үлкен әдебиетке барып қосылды. Оның есімі туған халқының әлем алдында бетке ұстар тұлғасына айналып, ал мұралары жалпыадамзаттық құндылықтарға толық тәлім  бере алады. Мәселен, Әуезов және Абай, Мұхтар және әлем әдебиеті, М.Әуезов және айтыс өнері, Әуезов және шығыс әдебиеті, М.Әуезов және қорқыттану, Мұхтар және фольклор, М.Әуезов және  түрік, араб әдебиеті тәрізді т.б. өте күрделі мәселелер мен тың тақырыптарды қамтиды.

Академик С.Қирабаевтың пікірінше: «Мұхтар жаңа дәуірде қайта түлеп, жаңа мәдениет жасаған өскелең ұрпақтың ұстазы еді. Жазушылық өнегесіне қоса, ғылымда да, жоғары мектепте де шәкірт тәрбиеледі. Оның алдынан көп адам өтті. Әсіресе, ол ізденімпаз, талантты жастарды бауырына тартты. Қазақ халық әдебиетінің, әдебиет тарихының  деректерінің білгірі есебінде де Мұхтар аса беделді болды. Қазақтың сөз өнерін ол жетік білді, оны сақтап, біздің заманға жеткізушілердің алдыңғы легінде қызмет етті. Ол жайында зерттеу еңбектер жазды. Оның көркем шығармаларының тілі де тұнып тұрған халықтық сөз өнерінің үлгісі болатын».

Әуезов сөзімен Ұлы Даланың өзі сөйлеп тұрғандай.  Ол қалың оқырманға тұтас мазмұнды образдар галлериясын тарту етті, мейлі ол шындық үшін шарқ ұрған,  жалғыздықтың ащы зарын тартқан  «Қараш-Қараштағы» Бақтығұл болсын, мейлі әділдігі мен қаһары  бір басына жетерлік Ханкененің өзі  болсын.өз кейіпкерлерінің қимылы арқасында  әлемдегі тартыс пен  жанталас, шындықтың жеңіске жеткен ащы сәттері мен әділдіктің үстемдік құруын  тартымды да нанымды суреттейді. Қазақ халқы туралы сөз болғанда, Мұхтар Әуезовтен кейін, ол қандай халық: үлкен бе, кішкентай ма, оны дәлелдеудің өзі артық. Ол өз халқының  сайын далаға қанатын кең жайған  дарқандығын, жарты әлемді алып жатқан, аспанмен астасқан  жайдарылығын мейлінше көркем суреттеп, әлемге танытты.

М.Әуезов алғашқылардың бірі болып өз шығармаларына , қазақ халқының ұлттық өнерін дәріптеген  ақын мен халықты арқау етті. Халық ақынының жарқын бейнесі арқылы  Әуезов тұтас бір халықтың көркем ойын, өзіндік ерекшелігін көрсете білді.

Абайтанудың негізін салушы М.Әуезов қазақ ақыны мен ұлы ойшылының  өлмес, толыққанды образын көркем әдебиетте сомдай білді. Жазушы санасында Абай шыңға біткен жалғыз бәйтеректей дараланып, оның даналыққа толы шығармалары қазақ халқының «рухани мәдениетінің синтезіне» айналды. Алайда әр жазушының өзінің жанына жақын тақырыбы болатын болса, М.Әуезов үшін мәңгілік-мәнді тақырып —  Абай тақырыбы. Хакім Абай жазушы шығармашылығының  өмірлік мән-мағынасына айналды.

«Абай жолы» эпопеясында қазақтың ұлттық ерекшелігі айқын танылады. Кейіпкерлердің қайталанбас тұлғасы,  олардың ішкі жан-дүниесін ашудағы сезімталдық, бір-біріне, отбасына деген , табиғатқа, қоғамға деген көзқарастарын ашу арқылы бүкіл бір ұлттың тұтас бейнесін қимыл-қозғалыс үстінде көрсетеді.

Қазақ романының ауыз әдебиеті мен оның шебер  қолданылуын француз жазушысы Арман Гати былай жеткізеді: «Әуезов шығармалары сияқты кітапты оқып отырғанда, шын мәніндегі нағыз  романистің  шеберлігі өзіңе жат елдің  әдет-ғұрып, салт-санасынан аттап өтіп, оның терминологиясына терең бойлап, бірнеше жүзжылдықты  артқа салып, өзіңді нағызкөшпенді қазақ сияқты сезініп, кейіпкерлермен бірге дарқан далада көсіле шауып, бірде өмірден түңілсең, бірде үміт сәулесі жарқ еткендей сезімде боласың».

Абайды тани отырып, Әуезов халық жүрегіне бойлап,халықтың тума талантын, адамгершілігі мен әдемілікке ғашық жанының нәзік иірімдерін , ән-жырының сырын ұғынады.

Жазушы-ғалымның шығармаларының жетпістен астам тілдерде жарық көріп, әлемдік арнадан орын алуы Әуезов әлемінің көркемдігін еселей түседі. Дүниежүзілік әдебиеттен ойып орын алатын Толстой, Шекспир, Тагор, Назым Хикмет тәрізді дарынды тұлғалармен қатар қазақтың біртуары М.Әуезовтің де рухани мұраларын әлемдік жалпыадамзаттық құндылықтар аясынан, көреміз. Бұл – біздің  қазақ халқы үшін  қазыналы қуаныш әрі үлкен мәртебе. М.Әуезов әлем әдебиетінің бір кірпіші болып қаланған мұралары арқылы дүниежүзілік әдебиетті молықтыра түсті.

Әуезовті жалпыадамзаттық арнада, әлем әдебиетімен сабақтастырар болсақ, ғұлама ғалымның Шығыс пен батыстың мәдениетін, әдебиетін жетік білгендігін көреміз. Оның үстіне, шет ел классиктерінің шығармаларын қазақ тіліне аударып, мағыналы мазмұнын жеткізе білді.

Әуезовті алғаш шет ел әдебиетімен табыстырған Абай болды. Жастайынан Абай үлгісімен сусындаған ол,деңгейдегі Шығыс классиктері Фердауси, Сағди, Низами және т.б. шайырлардың туындыларын танып-біліп, Мұхаммед  (с.ғ.с) пайғамбардың өмірі туралы деректерге қанығып, араб әдебиетінің асыл мұралары «Мың бір түн», «Ләйлі-Мәжнүн» сияқты көркем шығармалармен нәрленген. Абай дүниетанымы мен болмысын зерделеуде оның өлеңдеріндегі Шығыстың, соның ішінде араб әдеби үлгілерін көп кездестіріп, соған талдаужасаған.

Абай ең әуелі қазақ халқының ақыны болғандықтан, ауыз әдебиетінен нәр алып сусындап, тек ұлттық әдебиеттің шеңберінде ғана қалып қоймай, адамзаттық игіліктер тұрғысында асқаралы шыңға көтеріліп, өнер биігіне өрледі. Осы турасында белгілі ғалым Арап Еспенбетов былайша тұжырады: «Абай ауыз әдебиетін жастық шағында үлгі тұтты және  халық әдебиетінің көлеңкесінде қалмай, одан әлдеқайда шырқап ұзап кетті. Абай-қазақ халқының ұлы ақыны, асыл перзенті. Шын мәніндегі жазба мәдениетінің басты өкілі. Ұлы ойшылдың творчествосының қуаты, қайнар бұлағы – халық өнері, ауыз әдебиеті. Сондықтан Абай шығармасы турасында пікір қозғағанда осы байланысты әрдайым есте ұстаған абзал».

Ауыз әдебиетінің мол мұхитынан нәр алған ақын, шығыс әлеміне де кең құлаш сермеді. Алайда өткен мезетте қоғамымыз «Шығыс» деген ұғымнан бойын ала қашып, кертертпалықтың көрінісі ретінде бағымдалды. Бұл – қазақ халқының өз түсінігінен туындамаған, керісінше, евроцентристік көзқарастың жемісі еді. Дәл осыы жерде Абай әлеміндегі Шығыстық өрнектерді зерделей отырып: «Абайда Батыстан кірген белгіден Шығыстық белгі басымырақ» ,- деген М.Әуезовтің пікірінің ғылыми мәні қашанда құнды екендігіне көз жеткіземіз.

Айтылған ой-толғамдар М.Әуезов көзқарасында төмендегіше өрнектклкді: «дұрыстығын айту керек, Абай терең сезім мазмұн жағынан түгелімен шығыс ақындарының ықпалына берілмесе де, өлеңқұру шеберлігі, түр жаңалығы жөнінде бұл кезде де көп нәрсе табады. Сонда, әсіресе, өзіне ең жақын ұстаз етіп классик Науаи шығармаларынанүлгі іздейді. Дастан жазған Науи емес, ғазелдер жазған Науаиға еліктегісі келеді».

Хакім Абай шығыс әдебиетіндегі классиктер мұрасына біржола тоқтап қалмайды, оны көп жағынан өзіндік өзгеше өрнегі бар ұлттық нақыштағы тұрғыда таным таразысынан қорытып, ешкімге ұқсамайтын өлең өлшемдеріне әдемі ажар береді. Бұған қоса Абайда үлгі іздегіштік, сыншылдық бір ерекшелігі ақын болмысын тұлғаландыра түседі.

М.Әуезов: «Жалғыз бұл өлеңдер ғана емес, Абайдың сол жылдарда осы алуандас жазған басқа да өлеңдері болса керек. Бірақ олардан із-дерек табылған жоқ. Мынау өлеңдер тұсында айқын байқалатын ерекшелік – шығыс ақындарының үлгісінде жазылғандықтары. Екінші өзгешілік – бұл өлеңдер жатқа, ауызша шығарылған шығармалар емес. Бұнда абай анық жазушы ақын». Уақыт керуені ілгері басқан сайын Абайдың рухани тұрғыдан эволюциялық өсуі, шығармашылығын таза қазақы дәстүр мен көркемдік қуатқа құруы – ақынның соны серпін, тың түрленуге қадам басқандығының бір көрінісі. Абайдың жас шағынан бізге жеткен өлеңдрініңбір – «Сап-сап, көңілім». Аталмыш өлең біз жоғарыда тілге тиек еткен сипаттардан ада, мұндағы келесі бір өзгешелік өлең қазақтың құнарлы тілімен жазылады. М.Әуезовтің пайымдауынша: «Ең әуелі, бұл өлеңде Абай қазақ әдебиетінен бөлек үлгігі еліктеуді өзіне лайық көрмегене сияқты. Өз өмірінің шындығы бұл жырда аса айқын қонымдылықпен айтылады».

М.Әуезов: «Тегінде, Абай шығармаларының барлық қор, нәрі үлкен үш арнадан құралады. Бұның біріншісі, ең молы – қазақтың халық әдебиетінің мұра-тумалары, екіншісі – шығыс әдебиетінен келген және ең аз сезілетін белгілер. Үшіншісі – Абайды мәдениетті, үлкен аңғарлы зор ақын етіп көрсететін батыс әдебиетінің үлгі-өрнектері»,-деп замана ағымына сай шығыс ықпалын болымсыз бейнеде ғана көрсеткен еді.

Бұл орайда А.Еспенбетовтің мына пікірін келтіре кеткенжөн сияқты: « Дәл осындағы шығыс әдебиетінен келген және ең аз сезілетін белгілер төңірегінде әлі де ойлана түсу, әлі де дамылсыз зерттеулер жүргізу ісі бір сәт те күн тәртібінен түспейді. Шығыс мәдениетін түркі тектес халықтар әдебиетін жан-жақты меңгермей, Абайды толық тану мүмкін емес, айта берсеңіз тұтас қазақ әдебиетінің тарихын ғылыми тұрғыдан зерттеп, игеру жайы тығырыққа тірелері хақ».

Ақиқатында Әуезовтің өзі де абайды зерделеу үшін ақынның алғашқы өлеңдерінде аттарын атап, шабыт шақырған шайырлардың тілін үйренуді аспирантурада оқып жүргенде бастаған. Ол осында жүргенде алдына негізгі үш мәселені  қоя білді. Соның бірегейі – шығыс тілдерін игеру болғандығын шығыстанушы ғалым төрәлі Қыдыр «Мұхтар Әуезов және Шығыс»  атты зерттеу мақаласында атап өтеді.

Мұхтар Әуезов шығармаларында жалпыадамзаттық құндылықтар негізі ізгілік пен қайырымдылықты бір бағытта ғажап үндестіре білді. Осының бәрі Мұхтар Әуезовті дүниежүзілік көлемдегі тұғырлы тұлғалар қатарынақосады. Мұхтар есімін Шыңғыс Айтматов «Біздің ортақ мандатымыз» деп атады. Ол шығыс халықтарының руханиятына қомақты үлес қосып, дүниежүзілік деңгейге көтерілід. Жазушы жөнінде оның кітаптары жайында дүниежүзінің әдебиетінің үлкен қайраткерлері айтқан пікірлер көпке мәлім.

Суреткер лікқұбылыстың  хас шебері  М.Әуезовтің ерекше  стилі, бейнелі құрылысы, айшықты өрнекке толы бай тілі өзі нәр алған қайнар көздерінің ең бастысы болған халқымыздың рухани – әдеби қазыналарынан бастау алатындығы белгілі. Кезінде М.Әуезовпен дос болған , орыс әдебиетінің көрнекті өкілі А.Пантиелевтің жазушы жайлы жазған  естелігінде кемеңгердің сөзін былай деп ыстық ықыласпен еске алады: «Проза жазу қаншама білімді интеллигент адам болса да, әрбір жұмыр басты пенденің қолынан келе берейтін сөз саны мен сапасын қажет етеді. Тіл – ерекше эрудиция, ерекше тәжірибе. Бұл – өмір тәжірибесі. Егер салыстыру іздесек, шешеннің тілі бұл, шынтуайтқа келгенде, бір ғана адамның һәм бір мезгілдің ғана тілі… жазушының тілі көп адам, көп пенденің, қалың көпшіліктің, халықтың және бір ғана емес, бірнеше мезгілдің тілі…»,-дей келе, суреткер тілінің көркемдік қуаты туралы өзі де жоғары пікір білдіреді: «Әуезов прозасының тілі күрделі, Әуезов прозасы оқырманның қатты назар аударуын және көп оқып, көп білуін қажет етеді. Бұның «сиқыры» сөздік қорының молдығында, Әуезов тілінің метафоралық құбылмалылығында, оған тән эстетикалық және мазмұн-мағыналық ассосациялардың жан-жақтылығында. Әуезов  оқырманның талғамына қарай бейімделуге асықпайды. Оның прозасының тілі – қатаң талғамның тілі. Онда жаргон да, жалған халықтық қарапайымдылық та, сондай-ақ ақсүйектік те жоқ… оның тіл соншалық қою, оқырманның жұта беруін, сіміре білуін тілейді. Дәмін алсаң өкінбейсің. Әуезов прозасы интонациялық жағынан де жан-жақты, көпқырлы. Бұл астарлы, көбінесе ирониялық, адамды әрдайым толғантып, тебірентіп, ойға шомдырып отыратын лирикалық проза».

Қалай десек те, Абай қазақ әдебиетінің сан ғасырлық өрлеу-өркендеу жолында өлшеусіз үлес қосып, «алтын ғасырдың» көз жетпес көркем биігі болғандығы баршамызға аян.Абайдың рухани мұралары, Абай әлемі, абайтану тарихы хақында өнімді зерттеу жүргізіп, Абай болмысын, ақын есімін өзекті тақырып етіп, ғылыми айналымға айналдырмаған зерттеуші-ғалымдар кемде-кем. Соның ең бастапқы санатында «Қазақстан үшін  екінші Абай» атанған Мұхтар Әуезовтің тұғырлы тұлғасы бірінші тұрады.

 

 

 

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Қабдолов З. Сөз өнері. Алматы, 1992 ж.
  2. Еспенбетов А. Уақыт өрнегі. Алматы. Інжу-маржан, 2005 ж.
  3. Әуезов М. Жиырма томдық шығармалар жинағы. 20-том. Алматы, Жазушы, 1985 ж.
  4. Нұрғалиев Р. Мұхтар Әуезов тағлымы. Алматы, 1987 ж.
  5. А.Алимжанов. «Об Ауэзове». «Казахстанская правда», 1995 г.