«Шешендік сөз» пәні бойынша шығармашылық жұмыстарды ұйымдастыру

60

 

Баяндама

«Шешендік сөз»  пәні бойынша шығармашылық жұмыстарды ұйымдастыру

Пәннің «Қазақ тілі. Шешендік өнер» деп аталатынын есте ұстайық. Осы пәннің он бірінші сыныпта оқытылуында қандай мақсат, міндет, мән барын да айқындап алайық. Оқулықтың алғы сөзінде бұл туралы: «Оң мен солыңызды танып, жақсы мен жаманды айырып, … Ж.Аймауытов сөзімен айтсақ, азаматтыққа аяқ басқан кезіңізде шешен сөйлеу қажеттілігі келіп туады», деп жазылған. Оқулықтағы жаттығулардың мазмұны да, тапсырмалар да мазмұнды әрі көлемді. Сондықтан бірін ауызша, бірін жазбаша орындауға тура келеді. Ендігі мәселе мынада: қандай жаттығулар жазбаша орындалғанда, оқушының шығармашылық қабілетін дамытуға мүмкіндік береді; қай тапсырма тек ауызша әрі қысқа ғана уақыт ішінде орындалуды талап етеді? Алдымен, екінші мәселені қалай жүзеге асыруға болатынын қарастырып көрейік. Мысалы, алғашқы сабақтардың ( жаттығу) бірінде Абайдың Меңаяқ би туралы айтқан сөзі берілген. Ауызша ойларын жалғастырып айтуға бір екі минуттық сұқбат беруге болады. «Біз білетін бір әкім», «Ол депутат болмастан бұрын», «Қонаев туралы былай депті» тақырыптарын үш топқа беріп, оқушылардың баспасөз материалдарын қолдана отырып, қысқа да ұтырлы жауаптар тауып айтуына жарыс ұйымдастырғанның әсері зор. Ал шешендік өнер туралы ойшылдардың пікірін, қанатты сөздерді   жаттатып, тізбектей тұрып, мүдірмей айтқызып жарыстырудың да нәтижесі төмен болмайды. Осыдан соң ойшылдар сөздерінен ӘДЕБИ диктант алып, білімдерін тексеріп бағалауға мүмкіндік болады.   Билер мен шешендер сөздеріне тақырыптық кесте жасатуға болады, бұндай жазу жұмыстары  шешендік сөздер туралы нақты мәліметтерді есте сақтауына көмектеседі. Кестенің бір үлгісі мынадай:

Билер,кезеңі

сөздері

Майқы Аяз Едіге Жиренше
Ер жігіттің қасиеттері
Ақыл ой туралы
Жақсы жар туралы
Азаматтық парыз тур
  Өнер білім тур
Ұрпақ туралы
Ата ана туралы

 

Мөңке би Тілеуұлының сөзін ( жаттығу) оқыған соң, барлық оқушыға  «қазақ жұрты ХХІ ғасырда» атты салыстырмалы кесте жасатуға, ал жекелеген балаларға сол би сөзінің желісімен өлең құрастыртуға болады: құрамалы, қорғанды бетоннан тұрған үйім бар…деген сияқты. Сол арқылы өлеңнің мағынасын да, шешеннің көрегендігін де дәлелдеуге болады. Қазіргі шешендік түрлері бойынша «Көшбасшылар сайысын» ұйымдастыруға болады.  Топтағы талқылайтын мәселелер үлгілеріне  оқулықтың  бетіндегі тапсырмалар да қолайлы. Қ.Салғариннің Могилян, Күлтегін туралы зерттеу мақаласын оқытып,  сондағы іс әрекеттер бойынша өз мақалаларын жаздыру үшін мынадай тапсырмалар берген артық болмайды: «Әділ шешім» атты мақала, «Менің ағам осындай» тақырыбына эссе,  «Тақ туралы толғаныс» атты репортаж жаздыру арқылы оқушының пәнге де, тілге де, шешендік өнерге де қызығушылығын туғызатыныңызға сеніңіз. Ал эссе жазып, келешекте жоғарғы оқу орындарында сынақ тапсыруға үйренеді; мақала жазып, ой түйіндеуге, қорытынды пікір айтуға төселеді; репортаж арқылы болашақ мамандық таңдауына жол сала аласыз. Ескеретін басты мәселе мынау – шығармашылық жұмыстарды  бірнеше рет қайталай жасағанда ғана оқушының қабілеті мен қызығушылығын дамытуымыз мүмкін және осы пәнде сыныптағы көшбасшылық пен топтағы серкелік айқын танылады.