12 жылдық білім беру моделін жүзеге асыру жағдайында оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастыру.

12 жылдық білім беру моделін жүзеге асыру жағдайында оқушылардың

 функционалдық сауаттылығын қалыптастыру.

 

Елбасы Н.Назарбаев 2012 жылғы 27 қаңтардағы «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту бойынша бес жылдық ұлттық жоспарды қабылдау жөнінде нақты міндет қойды. Аталған міндет Қазақстанның әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына кіруі процесінде де маңызды болып табылады. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 25 маусымдағы  № 832 қаулысымен бекітілген Мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту жөніндегі 2012-2016 жылдарға арналған ұлттық іс-қимыл жоспары қабылданды. Функционалдық сауаттылық-білім берудің жоспарлы адамзат қызметімен байланысын біріктіретін тұлғаның әлеуметтік бағдарлану тәсілі. Жоспарда негізгі құзыреттіліктер белгіленген: басқарушылық (проблеманы шешу қабілеті); ақпараттық (өзіндік танымдық қызметке қабілеті немесе өмір бойы білім ала білуі); коммуникативтік (ауызша, жазбаша және нәтижелі қарым-қатынас жасауға қабілеті); әлеуметтік (әлеуметтік өзара іс-қимыл жасауға қабілеті); тұлғалық (өзіндік іске асыру, өзін-өзі жетілдіру, өмірлік және кәсіби өзін-өзі анықтау, төзімді болу қабілеті); азаматтық (өзінің отаны үшін жауапкершілікті сезіну қабілеті), технологиялық (технологияларды, оның ішінде ғылыми, сандық технологияларды пайдалану қабілеті).

Қоғамдық дамудың қазіргі үрдісі өзінің іс-әрекетін тиімді жоспарлай алатын, танымдық қызметінде алынған білімді орынды пайдалана білетін, түпкі нәтижеге жету үшін әр түрлі топтардағы адамдармен тиімді қарым-қатынас диалогіне түсе алатын білімді  тұлғаны тәрбелеу мәселесін қойып отыр. Мен қазақ тілі мен әдебиет маманы ретінде бұл мәселені үш түрлі  бағытта ұйымдастырамын. Олар тәжірибемде қолданылатын оқыту формалары, оқу техникалары және оқу тапсырмаларының мазмұны. Сабақтарда көбіне оқушылардың бірін-бірі оқыту формасын пайдаланамын. ЮНЕСКО зерттеулерінде анықталған «оқытылу пирамидасында» бірін-бірі оқыту ең тиімді тәсіл деп көрсетілген. Оқытудың бұл түрінің тиімді жақтары:

  • Аз уақыт ішінде көп көлемді ақпаратпен жұмыс жасалады
  • Барлық оқушылардың оқу ісіне араласуы
  • Түрлі әлеуметтік рөлдерді өздері орындауы (капитан, спикер, сыншы, хатшы, бағалаушы т.б.)
  • Баға беру дағдысын дамыту, өздерін өздері бағалауы

«Оқыту техникасы» – адамның оқудағы пайдаланатын дағдылары мен амалдарының жиынтық сипаттамасы. Оқыту техникасының басты міндеті –адам оқуын жеңілдету мен арттыру, оның мүмкіндіктерін кеңейту. «Ой еңбегі мәдениеті немесе оқытудың 101 техникасы» (авторы Рудик Г.А., профессор, заманауи педагогикасы орталығы, Канада.) атты оқушыларға арналған құралда мәтінмен жұмыс жасау, конспектілеу, ақпаратты сызба түрінде көрсету, сөздерді, сандарды есте сақтау т.б. сияқты оқыту техникалары жинақталған. Кластер, өрмекші, балық сүйегі, «мағыналық суреттер», «алты қалпақ» сияқты оқу техникаларын үнемі сабақта пайдаланып отырамын. Бұл техникалар оқушыларды логикалық ойлауға, ойын қорытуға, қысқаша жауап дайындауға көп көмек береді. Ағымды көп ақпараттың бәрін есте сақтау міндет емес, бала оның ішіндегі маңыздысын, қажетін өзі таңдауға мүмкіндік тудырады. «Мұғалімнің мақсаты өз пәнін үйретуден гөрі тереңіректе. Ол адам жасаушы-адам» деп ғалым А. Қыраубаев айтқандай, пәндік білімді бере отырып оқушыны өмір сүруге үйрету басты міндет. Сабаққа дайындайтын тапсырмаларға көп көңіл бөлемін, ол тапсырмалар көшіріп жазу, мазмұнын айту, сұраққа жауап беру деген сияқты ескі сарынды емес, түрлі оқыту техникаларын пайдалантын және пән аралық байланыстағы, оқушының өмірдегі тәжірибесіне сүйене  отырып жасайтын қызметі.

Оқу тапсырмасы№1 «Қызыл жебе» романынан үзінділер берілген,  сол үзінді арқылы Тұрарға мінездеме беріңдер. Сызба, плакат, кесте, анкета, сурет т.б. түрде жазыңдар.

Оқу тапсырмасы№1 1 топ- үзіндіні оқып, ат қойыңдар әкесінің айтқан ақылдарын ағаш сызбасы түрінде жазып, қыста жолға шығу ЕРЕЖЕСІН жалпылаңдар.

Оқу тапсырмасы№2 1топ-Сатай мен Рабиғаның кездесуі жайында көрініс қойыңдар. 2топ-Сатайдың қызды қайта іздеп баруы жайында  көрініс көрсетіңдер.

Оқу тапсырмасы№5 Қайырымды болу үшін сен өзіңді қашан,қалай, өзгертесің, параққа жаз. (3минут).

Оқушылардың сапалы білім алуына, өзгермелі ортаға тез бейімделе отырып, өзіндік көзқарасын қалыптастыруға және өмірде аяғын нық басып, алдына мақсат қойып оны шешуге мүмкіндігі бар тұлғаны дамытуға жағдай туғызу менің басты міндетім деп түсінемін. «Мектеп – қазыналар қоймасы, олардың қоймада болуына мұғалім жауап береді. Қоймаға кірген оқушы өз қалтасын қазынамен өзі толтырады, мұғалім оқушының қалтасына қазынаны өзі тықпайды және шекарашы рөлінде болуы тиіс емес. Оқушының өзі сабақта қанша байлық алып кететінін, қанша алып кете алатынын өзі шешеді және қанша байлық алғанын өзі бағалайды» (Оскар Уайльд).