«Тіл – ұлттың жаны» Ғылыми конференция

 

«Тіл – ұлттың жаны»

Ғылыми конференция

 

Мақсаты: Оқушыларға өз ана тілінің құдіреттілігін сезіндіру. Тілдің адам өмірі үшін мәні айырықша екенін ұғындыру. Тіл туралы тағылымдар арқылы оқушыларды адамгершілік қасиеттерге баулу, азаматтық бейнелерін қалыптастыру, тілімізді сүюге, көздің қарашығындай қорғауға шақыру, еліміздің елдігін танытатын тілі мен өнері екенін саналарына сіңіру.

Көрнекілігі: Тіл туралы өлеңдер, нақыл сөздер, мақал-мәтелдер.

 

Б а р ы с ы.

Мұғалім: Әр халықтың өз ана тілі бар. Тіл – жеке адам ойлап тапқан туынды емес, ол барша ұлтқа ортақ, соның төл перзенті. Сол халықтың мәдени әлеуметтік өмірінде өзіндік мәні бар киелі ұғым. Тіл – атадан балаға мирас болып қалып отыратын баға жетпес мұра. Тілдің адам өмірі үшін мәні айырықша. Оның бітпесті бітіретін, жетпесті жеткізетін, үзілгенді жалғайтын мүмкіндігі бар. Бір ауыз опық жегізіп, өмір бойы өзегіңді өртесе, бір ауыз орынды айтылған сөз жадыңда жатталып, бақытқа жеткізеді.

Тіл – ұлттың жаны. Расында қазақ халқының басына талай қиын нәубет, зұлматтың, қайғылы күндердің болғаны тарихтан белгілі. Сондай ауыр сәттерде, сын сағаттарда атамекен қонысын тастап босқан халықтың өзімен бірге алып жүрген байлығы – ана сүтімен санасына дарыған ана тілі ғана.

Бүгінгі қазақ тілінің тағдыры мен болашағы Елбасын аз толғандырып жүрген жоқ. Сондықтан да болар Елбасының «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде», «Ана тілі – бәріміздің анамыз, өйткені, ол – ұлтымыздың анасы деген сөзі бар. Ал кейінгі 2005 жылғы жолдауында айтылған «Біз барша Қазақстандықтарды біріктіруші басты факторлардың бірі – еліміздің мемлекеттік тілін, барлық қазақтардың ана тілін одан әрі дамытуға бар күш-жігерімізді жұмсауымыз керек» деген уәжінде қазақ тілінің Қазақстан халықтарының басын біріктіруші ұйытқысы болуын көздеп отыр.  Ендеше, тілімізді қадір тұтып, сап алтындай сақтап болашаққа жеткізетін өздеріңізсіз. Бүгінгі «Тіл – ұлттың жаны» атты ғылыми конференцияда  тіл мәселесін өзек етіп, тіліміздің мәртебесін асырайық, құрметті достарІ

Ұйықтасам, ана тілде күбірледім.

Оянсам, сөйлеп кеттім, кідірмедім.

Анамның ақ сүтімен сіңген тілім,

Бітпейді менің одан бұрын демім.

 

Сырласпай адамдармен тұра алмаған,

Бұл тілге – жарық күнге жыр арнағам.

Жоңғармен шайқасқанда осы тілде,

«Ақ жолдап» бабаларым ұрандаған.

 

Мәңгілік дана сөзбен жасар адам,

Сүйектен өтетін тіл аса қатаң.

Бұл тілде желмаямен жортып келіп,

Кемеңгер кеңес берген Асан атам.

 

Мәңгі өлмес, мейлі, заулап көшер заман,

Жиреншедей дария шешен бабам.

Қазыбек, Төле, Әйтеке ердің құнын,

Екі ауыз сөзбен шешкен көсем бабам, — деп Қадір Мырзалиев ағамыз өзінің «Тілім менің» атты өлеңінде осылай жырлаған болатын. Ендеше «Тіл – ұлттың жаны» атты ғылыми конференцияға өзінің баяндамаларымен келген оқушыларға шын жүректен алғысымды білдіремін. Сіздердің құрметіңізге  Ә.Әбіловтың «Тіл сенің» атты өлеңін 11-сынып оқушысы Әбибуллаев Ақжол оқып береді.

 

Тіл сенің – ең қайратты арыстаның!

Қорғаның дұшпаныңмен алысқан күн.

Тіл сенің – жүректегі жүйрік елшің,

Көк орман, көк арайлы бағыстаның.

 

Тіл сенің — өмірдегі өрнек сырың.

Тіл сенің – көмейдегі күміс жырың!

Аспаның, айың, күнің, ауаң, демің.

Шат күлкің, тәтті әзілің, тапқыр сының.

 

Тіл сенің – жігіттік, балалығың,

Өмірде адамдық, даралығың.

Тіл сенің – шағын жорғаң шын тайпалар.

Сайысса саңлақ сөздер ер байқалар.

 

Жүйрік тіл жүректерді тебіренпесе,

Шешен деп, шежіре деп кім айталар?

Ердің құнын бағалар екі ауыз сөз,

Ел тағдырын шешіпті өткен бір кез.

 

Досқа – бал, дұшпанға – у, қайран тілдің,

Достарым, құдіретін осыдан сез!

Тіл сенің – тірліктегі жан ләззатың.

Тіл сенің – ар, арманың, махаббатың.

Алғашқы баяндамашы, 11 сынып оқушысы Сарсенбаев Бақтиярды ортамызға шақырамыз.

 

Мұғалім:

Дәулет деген – ұғыңдар!

Кеше болса, бүгін жоқ.

Тілің болса – күнің бар,

Тіл болмаса – түгің жоқ!

 

Тілім – шипам, дәрім де.

Мәңгүрт болып күн көрем.

Абыройдың бәрін де,

Маған осы тіл берген.

 

Тілсіз келген білімің.

Түбі нағыз қиғылық.

Көсегесін тілімнің,

Көтеремін ту қылып.

 

Ақын көзі жұмылмас,

Жырдың көзі жұмылмай.

Елдің туы жығылмас,

Тілдің туы жығылмай, — демекші, «Тілдің туын жықпай, болашаққа көкке көтеріп жеткізем» — деп жүрген оқушылардың бірі 11 сынып оқушысы Нағметов Нұрсұлтанды ортаға шақырамыз.

 

Мұғалім:

Туған тілім – тірлігімнің айғағы,

Тілім барда айтылар сөз ойдағы.

Өссе тілім – мен де бірге өсемін.

Өшсе тілім – мен де бірге өшемін,- деп Әбділдә Тәжібаев атамыз жырлаған болатын. Дәл осындай тілге деген сүйіспеншілікпен, үлкен махаббатпен біздің гимназиямыздың алдыңғы қатарлы оқушыларының арасында орны бар 10 сынып оқушысы, баяндамашы Омарова Рыстыны ортаға шақырамыз.

 

Мұғалім: Қырғыз ақыны Сарноғаев өзінің тілге арнаған өлеңінде:

Ана тілін білмеген,

Ақылы жоқ желік бас.

Ана тілін сүймеген,

Халқын сүйіп жарытпас, — деген болатын. Біздің Құрық гимназиясының барлық оқушылары өзінің туған жерін де, туған тілін де шынайы сүйіп, қадір тұтады. Солардың бірі 10 сынып оқушысы Балтабайұлы Серік. Ол өзінің баяндамасын сіздердің назарларыңызға ұсынады.

 

Мұғалім: «Туған тіл – тұғырың, туған тіл – қыдырың» дегендей, туған жер, туған тіл адамға қандай ыстық, қандай қымбат! Оның қасиетін, қадірін бір сөзбен, бір өлең шумағымен айтып жеткізу мүмкін емес. Десек те «туған тілім туралы сөз қозғап, өзімнің ойымды көпшілікке білдірсем» деген ниетпен келген 9 сынып оқушысы Тәженова Жанияны өз баяндамасымен ортаға шақырайық.

 

Мұғалім: Келесі кезекте «Тіл – жаным, тіл – қаным, тіл – арым, тіл — әнім» деп көкірегін ұлы сөздермен қанаттырған 9 сынып оқушысы, баяндамашы Қойшиева Замангүлді қарсы алыңыз.

 

Мұғалім:

Өз перзентін тек орысша оқытса ата-анасы,

Ана тілін ардақтауға жетпегені шамасы.

Егер тамыр жая алмаса бала ана тілінде,

Туған тілін тұңғыш тұғыр ете алмас білімге, — деп Мұхтар Шаханов атамыз жырлағандай, келесі баяндама оқу кезегін 8 сынып оқушысы Жаңабаева Ақсұлуға береміз.

 

Мұғалім: Құрметті «Тіл – ұлттың жаны» атты ғылыми конференцияға қатысушылар! Сіздер бүгін қасиетті тіліміздің құдіретін жан-жақты аша білдіңіздер. Қоғамда болып жатқан тілдің өзекті мәселесіне тоқталдып, кемшіліктерді дөп баса айта білдіңіз. Тығырықтан шығатын тура жолды да көрсете білдіңіз. Сонымен, ата-анамыздан қалған асыл қазына тілімізді сақтаудың тиімді жолы – отбасында ана тілінде сөйлеп, айналадағы дүние туралы сол тілде айтып, сол тілде қуаныш-ренішіңді бөлісіп, өзіңді, өзгені жұбату болып табылады.

«Тілден асқан байлық жоқ» Тон-торқа, мал-мүлік, алтын-күміс байлығы түпкілікті емес. Күндердің күнінде сарқылады, тозады. Халықпен бірге жасайтын тіл байлығы екенін ұмытпайық.