Әліппеге, мың алғыс!

41

Тақырыбы: «Әліппеге, мың алғыс!»

Мақсаты: Оқушылардың сауат ашу пәнін игеру барысында алған білімдерін тиянақтау,өз өнерлерін ата-аналарына көрсету,эстетикалық талғамдарын тереңдете түсу,өзін-өзі басқаруға баулу ,ана тіліне деген сүйіспеншілігін арттыру.

 

Сабақтың көрнекілігі: Әліппе, Білім туралы қанатты сөздер, Шарлар

 

Өтетін күні:

 

Өтетін уақыты:

 

Өтетін сыныбы: 1-сынып

 

Өтетін орны: №16 «Бастауыш сынып» кабинеті

 

Сынып жетекшісі: Шалғынбекова Үміт

 

 

Ертеңгіліктің өту барысы:

Мұғалім:
Жеті жасар баласын,
Жетпісте шал жетектеп,
Келе жатыр көшеде,
Қайда әлгі мектеп?- деп.
Жетпіс келед сүрініп,
Жеті келед жүгіріп.
Ата:  Мейрамбек
Балам, балам жақсы бол,
Міне, сенің мектебің.
Сабағына зейін сал,
Ақылды бол, тентегім.
Немере:  Естөре
Қыркүйекте келдім де,
Сыныпқа кірдім қуанып
Қарсы алды ұстаз мейіріммен,
Қадамымды құп алып.
Ата:  Мейрамбек
Әліппені бітірді балаларым,
Әліппеден нәр алған даналарың.
Өзі оқып, жазатын хәлге жетті.
Құтты болсын білімі балалардың!
Мұғалім:

Құрметті ұстаздар, қадірлі ата-аналар, бүгін 1-сынып оқушылары алғаш хат танытып, сауаттарын ашқан, жақын достары Әліппемен қоштасқалы отыр. Әліппе білімге бастайтын алғашқы жол.   4 ай бойы білім  нәрімен сусындап, сауатты оқуды, көркем жазуды  меңгерген бүлдіршіндер бүгін де шәкірт атанып , бойларында жауапкершілік пайда болған, 1- сынып оқушыларының «Әліппеге, мың алғыс!» ертеңгілігіне қош келдіңіздер!

Әліппемен қоштасқалы отырған, жас бүлдіршіндерімізді қошеметпен ортаға шақырамыз!

Спорт  пенен білім жағын бір қосқан.

Кем қалмаған талантпенен табысқан,

Алдыңызда өзі әнші, білімді

Естөрені  қарсы алайық шабытпен.

 

Білімді, алғыр, ақылды

Танитын алыс жақынды,

Сыныптың озат түлегі

Қарсы алайық Бинұрды.

Ұқыпты Әсел ісіне,

Таудай биік талабы.

Кір шалмайды ешқашан,

Кітап, дәптер, қаламын

 

Білімді, алғыр, жан-жақты,

Математика ең сүйікті сабағы.

Сыныптағы мына біздің серіміз

Шақырайық ортамызға Арманды.

 

Үлгілі қыз Диляра,

Жақсылығын аямай,

Сыйлық жасап тосыннан,

Қамқор әркез  досына.

 

Жақсы оқиды, өнері бар талапты,

Суретті де керемет қып салады.

Шындық үшін шырылдайды, ой айтып.

Нұртілеуді шақырайық ортаға.

 

Өсті міне ойы да,

Өсті міне бойы да.

Тәртібімен тамсантқан,

Ақылды қыз Диана.

 

 Жүргізуші Мейрамбек:   Мәпелеп баққан ананың,   қуаныштан жүрегі , лүпілдейтін күн бүгін,

Жүргізуші Диана: Мың сан көздер залдағы, шәкірттердің еңбегін бағалайтын күн бүгін,

Жүргізуші Мейрамбек:  Әріптерді үйретіп, болашаққа жол ашқан,

Екеуі бірге: Әліппемен қоштасатын күн бүгін!

Әсел:

Армысыздар, мұғалімдер, әз жандар,

Білім нәрін балаларға шашқандар.

Сан ұрпақты тәрбиелеп, өсіріп,

Болашаққа үлкен жолды ашқандар!

 Арман:

Қош келіпсіз, ақ жаулықты аналар,

Жүздерінен мейірім отын шашқандар.

Алдарыңда жауқазындай құлпырған,

Біз алаңсыз ,балғын шақты балалар.

Естөре:

Қош келіпсіз өр тұлғалы әкелер,

Қыран құстай балапанын мәпелер.

Бүгін міне өз өнерін көрсетпек,

Кеше ғана сәби болған еркелер.

Жүргізуші Мейрамбек: 

Кімдер зерек, кім тапқыр,

Таланттарын табайық.

Қайсы күйші, кім биші,

Талабына қарайық.

Жүргізуші Диана:

Іші толған әріпке,

Бар білімнің бастауы.

Білімдегі жарық не?

Оқушылар хормен:

Болашаққа жол ашқан,

Ол сүйікті әліппе!

Жүргізуші Мейрамбек:  Олай болса балалар, бізге білімнің есігін ашып берген «Әліппемізді » ортаға шақырайық.

Оқушылар хормен: Әліппе, әліппе!

 Әліппе Мадина:

Менің атым-әліппе,

Мені анаңдай дәріпте.

Мені оқып, ер жеткен,

Ағаң менен әпкең де.

Армысыздар жас достар!

Армысыздар ата-ана,

Болашаққа жол бастар,

Әліппең келді ортаға.

Құтты болсын мерекең,

Бүлдіршіндер, балғындар.

Не үйреніп, не білдік,

Қане ортаға салыңдар!

Нұртілеу:

Ашыла берді алдымнан,

Кең дүние есігі.

Соғылған сомдар алтыннан,

Әліппе білім бесігі.

Диана:

Әліппе деген алтын жол,

Апарар сені алысқа.

Жеңіл емес ауыр жол,

Тырмысып бақ намысқа.

Әсел:

Келгенде алғаш мектепке,

Білмеуші едік әріп те.

Оқимыз қазір ертекті,

Үйреткен оны Әліппе

Диляра:

Оқыдық, көп ойладық,

Қызығына тоймадық.

Әріптерді үйретіп,

Сауат аштық, тойладық.

Естөре:

Ең алғаш алғанымда әліппені,

Қызығып қарай бердім әріптерді.

Мен үшін жұмбақ болып, қалар ма еді,

Ұстазым оның кілтін ашып берді.

Бинұр:

Оқушы жас та, кәрі де,

Риза саған бәрі де.

Басталған ғылым,әріптен.

Бас кітап сенсің, әліппем!

Арман:

Әліппем менің әліппем,

Сені қолға алып мен.

Есігін аштым мектептің ,

Ертеңгі сәуле жарықпен.

Әліппе Мадина:

-Балалар осы сендер қандайсыңдар, қандай өнерлерің бар?

Арман:

-Талабы биік таудаймыз.

Әсел:

-Мың бұралған бишіміз

Бинұр:

-Біз-қазақ елінің болашағымыз.

Естөре:

-Күміс көмей әншіміз

Әліппе Мадина: Жарайсыңдар, өте жақсы балалар, ендеше менің ән тыңдағым келіп тұр.

Әсел мен Естөре: «Құттықтаймын, мама, туған күніңмен!»

Жүргізуші Диана:

Алфавиттер шығыңдар,

Орындарыңа тұрыңдар.

Бастайық қане айтысты,

Жібермейік намысты.

Естөре: «А мен Б әрпі»

«А» дегенің ана ғой,

Ана деген дана ғой.

«Б»дегенің бала ғой,

Жұмсаса анаң бара ғой.

Бинұр: «Т әрпі»

Бастайды ол «таңды» да,

Бастайды ол «талды» да.

Келіп тұрған қай әріп,

Тау мен тастың алдына?

Арман: «П әрпі»

Ата-анаңмен барып сен,

Пілді көрдің парктен.

Осы атаулар зер салшы,

Басталған қай әріптен?

Нұртілеу: «Н әрпі»

Ас біткеннің анасы-

Қасиетті «нан» осы.

Қайсы әріптен басталған,

Соңғы әрпін де қарашы.

Әсел: «Ғ әрпі»

Ұқсайды өзі шалғыға,

Елестет көз алдыңа.

Қане ойланып, табайық,

Болды екен бұл қай әріп?

Диляра: «У әрпі»

Уықтардың барлығын,

Уыққапқа сал күнім.

Уыққапқа салған соң,

Уыздан жеп ал күнім.

Диана: «Қ әрпі»

Еңбек сүйгіш құмырсқа,

Ерте шығып жұмысқа.

Жаздай астық тасиды,

Толтырады ас үйді.

Естөре: «Д әрпі»

Добым, добым, домалақ,

Тоқтамайсың домалап,

Үстел үстін үстін бүлдірдің,

Тәрелкені сындырдың.

Тентек болып кеттің деп,

Тұрмын сені тепкім кеп.

 

Бинұр: «С әрпі»

Сара келіп сабақтан,

Сан шаруаны тындырды.

Самауырға салатын,

Сексеуілді сындырды.

Сазан балық қуырды,

Сауды сары сиырды.

Арман:  «Ы әрпі»

Кесе , шыны, пияла,

Оларсыз шай құя ма?

Қасықсыз тамақ жемейміз,

Бәрінің атын не дейміз?

Бинұр: «Ж әрпі»

Жағажай,

Жағажайда Қамажай.

Жағажайды жағалай

Жүгіреді Қамажай.

Әсел: «Ұ әрпі»

Мен ұлумын,

Мінсіз сұлумын.

Жанға тимеймін,

Жамандықты сүймеймін,

Гүл аралап жүремін,

Көңілді өмір сүремін.

Естөре: «І әрпі»

Ірімшікті жедің ғой,

Тәтті екен дедің ғой.

Оның аты біз жазған,

І әрпінен басталған.

Арман: «З әрпі»

Қаздан көре аласың,

Қағаздан да табасың.

Байқамасаң анықтап,

Үш екен деп қаласың.

Нұртілеу: «Ө әрпі»

Өзен бойын жағалап,

Өскен бақты аралап,

Өркенге өрік жинастық,

Өзіміз жеп шамалап.

Арман: «Ү әрпі»

Баласын тізіп соңына,

Сүңгіп жүріп үйретті.

Су жұқпайтын тонына,

Кім білмейді үйректі.

Әсел: «Я әрпі»

«Ұя» десе соңында,

«Сия» десе соңында.

Тұратұғын қайқайып,

Айтыңдаршы қай әріп?

Естөре: «Ю әрпі»

Шай ішетін қоюлап,

Жақсы көрем атамды.

Сырмақ сырған оюлап,

Жақсы көрем апамды.

Бинұр: «Х әрпі»

Қарада жоқ, ханда бар,

Қағазда жоқ, хатта бар.

Қане ойланып көрейік,

Бұл әріпті кім табар.

Әсел: «Ф әрпі»

Футбол деген ойынға,

Барлық бала құмар-ақ.

Бірақ жолдың бойында,

Доп теппеңдер қуалап.

Естөре: «Щ әрпі»

Щетка деген ғажап-ақ,

Щетканы әжем мақтайды.

Щеткамен тіс тазалап,

Щеткамен үй ақтайды.

Әсел: «Э әрпі»

Жарықсың ғой электр,

Алыпсың ғой электр.

Сен үйіме келмесең,

Мультфилім де көрмес ем.

Нұртілеу: Санамақ

Әліппе Мадина: Жарайсыңдар балалар, сендер менен көп нәрсе үйреніпсіңдер, мен сендерге ризамын! Болашақта басқа пәндерді де осылай жақсы оқыңдар,енді сендерге бұдан былай білім беретін «Ана тілі» болады.

Жүргізуші Мейрамбек: Балалар, міне сүйікті әліппемен қоштасатын уақыт та келді.Әліппені ренжітпей шығарып салайық, әліппеге айтар қандай тілектерің бар?

Естөре:

Қош бол құтты әліппем!

Көп нәрсені үйреттің.

Таныстырып әріппен,

Тақылдатып сөйлеттің.

Бинұр:

Таныстырған қырық екі әріппен,

Қош бол менің қасиетті әліппем.

Сенің арқаң оқып-жаза білгенім,

Сауатты адам қатарына  кіргенім.

Әсел:

Бар кітапқа бас болған,

Әліппе ғылым атасы.

Әліппеден басталған,

Даналықтың данасы.

Хор: «Әліппе»

Әліппе Мадина:

 Ұстаздар мен балалар,

Аталар мен аналар.

Танысыңдар досыммен,

Аттанғанда бүгін мен,

Ана тілін таныңдар,

Оқып ана тілінен,

Ақыл білім алыңдар.

«5» болсын алар бағамыз,

Білімнен бақыт табамыз.

Өнер-білім көп тоқып,

Өсе берсін санамыз. (бестіктер тарату)

Хормен: «Қош, сау болыңыз, әліппе!» бастарын иеді.

Әліппе Мадина: Сау болыңдар достарым!

Жүргізуші Диана:

Әліппемен қош айтысып қаламыз,

Енді қолға ана тілін аламыз.

Ата-ана қуанышқа ортақ бол,

Сауатты боп шықты міне балаңыз.

Жүргізуші Мейрамбек:

Уа, халайық,халайық,

Мұнда назар салайық.

Ал қанеки қол соғып,

Ана тілін қарсы алайық.

Ана тілі Аяла:

Ақыл-ойы дананың,

Ана тілі боламын.

Ана тілі ардақты,

Ақ сүтіндей ананың,

Өсірем ой-санаңды.

Хор: «Ана тілі»

Естөре:

Кел, балалар, оқылық,

Оқығанды көңілге.

Ықылыаспен тоқылық,

Оқысаңыз, балалар,

Шамнан шырақ жағылар.

Тілегенің алдыңнан,

Іздемей-ақ табылар.

Әсел:

Ана тілін білмеген,

Ақылы жоқ желікбас.

Ана тілін сүймеген,

Халқын сүйіп жарытпас.

Бинұр:

Ана тілін қолтықтап,

Мектебіме барамын.

Ана тілі бал бұлақ,

Сусындаймын, қанамын.

Жүргізуші Мейрамбек:

Мың бұрала билеген,

Бишіні кім сүймеген.

Алдыңызда бишілер,

«Қуыршақ» биін билеген.

Би: «Қуыршақ »

Жүргізуші Диана: Келесі тыңдайтындарыңыз  Естөренің орындауында «Қошақаным» әні

Жүргізуші Мейрамбек: 1-сынып оқушыларының орындауында «Көкпар» биі

Жүргізуші Диана: «Біздің ауыл» әні орындайтын  Бинұр мен Аружан.

Жүргізуші Мейрамбек:

Спортпен айналыс,

Сұлулық сыйлаған.

Сол саған пайдалы іс,

Сауық пен кинодан-демекші 1-сынып оқушылары тек әріптерді меңгеріп қоймай, спортты да жақсы меңгеріпті, олай болса, Нұртілеудің спорттық өнерін тамашалаңыздар!

Жүргізуші  Диана: 4-сынып оқушылары Ақнұр мен Аружанның орындауында «Отаным-Қазақстан» әні

Жүргізуші Мейрамбек:  Келесі тамашалайтындарыңыз 1-сынып оқушыларының орындауында «Шөжелер» биі.

 Мұғалім: Балалар, сендер бүгін ұстаздар мен ата-аналар алдында үлкен өнер көрсеттіңдер, сендерге осынша өнер үйреткен, білім үйреткен кімдер?

Оқушылар: Ұстаз, мектеп, ата-ана, бәріңізге мың алғыс!

Мұғалім: Қымбатты бүлдіршіндер, мектептегі жеңістерің құтты болсын, денсаулықтарың мықты болсын, Әліппе сендерді тек әріптермен таныстырып қойған жоқ, сендерді бір-біріңмен достыққа, мектеп ережелерін орындайтын тәртіпті оқушы болуға да үйретті. Білім саласына өрлеген сапарларың сәтті болсын!

Қымбатты ата-аналар мен құрметті қонақтар,барлықтарыңыздың жүздеріңіз жарқын, денсаулықтарыңыз мықты болсын деген тілекпен ертеңгілігімізді аяқтаймыз. Ертеңгілігімізге келгендеріңізге көп-көп рахмет.

Ата-аналарға сөз беру.