Қазіргі заманғы бірінші сынып оқушысы қандай болу керек?

31

Қазіргі заманғы бірінші сынып оқушысы қандай болу керек?

ХҮ ғасырда Англияның атақты оқымыстысы Лекки «Баланың ақылы да, жаны да туғанда ақ қағаздай болып туады. Ақ қағазға қандай жазу жазса да жазушының өз еркінде. Сол сықылды балаға қандай тәрбие беру тәрбиешіден. Бала қалай тәрбиеленсе, соған көне береді» — деген болатын.

Сондықтан да ақ қағаз бетін қайта өшіре алмайтындай шимай-шатпақ түспесін десек нәресте шыр етіп дүние есігін ашқаннан бастап оның тәрбиесіне аса ыждағаттылықпен  кіріскеніміз жөн.

Қай заманда болсын әр халық өзінің ұрпағын жан-жақты жетілген, адамгершілік жағынан жағымды, мінез-өнегелері қалыптасқан, еңбекшіл, үлкенді құрметтейтін азамат болып өссін деп армандаған. Қазақ халқында келешек жас ұрпақты тәрбиелеу, өмірге дайындау, сол халықтың арман-мүддесінен, тәрбие дәстүрімен байланысты туып, өсіп-өркендеп, дамып, ұрпақтан-ұрпаққа жетіп отырған.

Демек, бірде-бір адамзат қоғамы өзінен бұрынғы аға буынның ақыл-ойын, тәрбиелік тәжірибесін пайдаланбай өмір сүрген емес.

Бүгінгі күннің басты талабы жас ұрпақты тәрбиелеп, білім беру жолдарында оқушылардың ұлттық рухани білім алып шығуы. Баланы бастауыш сыныптан бастап шығармашылық ойлауға, қалыптан тыс шешімдер қабылдай алуға, практикалық әрекеттерге дайын болуға үйрету керек.

Өйткені қазіргі кезде қоғам дарынды, қабілетті адамдарды қажет етеді. Жеке тұлғаның рухани өсуіне психологиялық-педагогикалық жағдай жасай отырып, өз ортасында және өзге ұжымда өзін еркін сезіне алуға тәрбиелеу, өзіне-өзі сенімді, жауапкершілік қасиетті сіңірген тұлға ретінде қалыптастыру қажет.

Жаңа орта талаптарына бірінші сынып оқушыларының мінез-құлқының сәйкес келу жетістіктері икемделудің нәтижелігінде көрінеді. Бірінші сынып оқушылары мектептің тәртіп нормаларын меңгеруге лайықты. Оқушылардың көпшілігі тұлға типінің тұрақтылығымен, көпшілігімен, адалдығымен, эмоционалдық бір қалыптылығымен және өзін бақылау дәрежесінің жоғарылығымен сипатталады.

Бірінші сынып оқушыларында оқуға деген ынта қалыптастыру, оларға белгілі бір табысқа қол жеткізетіндей жағдай жасау керек.

Отбасында және балабақшада берілетін тәлім-тәрбиеге қосымша қазақ баласы алғаш мектеп табалдырығын аттап, партаға отырған сәттен бастап, ұлттық құндылықтар тамырынан нәр ала отырып білім алуы қажет. Ендігі мәселе  — оларға сапалы да жан-жақты білім беру.

«Ең ұзақ жол алғашқы адымнан басталады»  деген қағидаға сүйенсек, ең мықты білім алғашқа сабақтан басталады деуге болады. Бірінші сыныпта жақсы оқыған бала одан кейінгі сыныптарда да білімге құштар болып өседі.Сондықтан да бірінші сынып пен алғашқы өткізілетін сабақтың маңызы өте зор деп білемін.

Өйткені алғашқы айтылған сөздер, алғашқы көрген дүниелер, жалпы алғашқы әсерлер баланың санасына түбегейлі жатталып қалады.

Бүгінгі таңда тәлім-тәрбие беріп жатқан бүлдіршіндеріміз  Отанын жанындай сүйетін, ұлттық тарихы мен мәдениетін қастерлейтін, рухани кемелденген азамат болып өсіп жетілуі қажет. Ынтымақ, бірлік, сыйластыққа қазақ жастарын бала күннен баулысақ, ел іргесі сөгілмек емес.

 

Қояғанова Бақыт Зиятайқызы

бастауыш сынып мұғалімі