«Бауырсақпен орманға саяхат»

45

Сабақтың тақырыбы:  «Бауырсақпен орманға саяхат»

 

Сабақтың мақсаты: Балаларды «Бауырсақ» ертегісімен саяхат жасата отырып, ертегідегі кездескен бауырсақ пен аңдар арасындағы қиыншылықтарды жұптаса көмектесіп орындатуды үйрету.

Балаларға ертегідегідей жағдаяттарды жұптаса орындату барысында сөйлеу арқылы тілдік қорларын, ойлау қабілеттерін, қиялдарын, есте сақтау қабілеттерін дамыту.

Тәрбиелік мақсаты: Балаларға тапсырмаларды жұптаса орындата отырып, еңбекқорлыққа, достыққа, кішіпейілдікке, мейрімділікке тәрбиелеу.

Түзеу мақсаты: Ой-өрісі мен ойлау қабілетін дамыту. Көріп есте сақтау қабілеті  мен ойын іскерлігін қалыптастыру. Балалардың ұсақ моторикасын дамыту.

Керекті құралдар: Үнтаспа, лото, кірпіштер, түрлі-түсті кірпіштер (кубиктер), қоян, түлкі, қасқыр, аюдың бас киімдері.

Әдіс – тәсілі: Сұрақ-жауап, көрнекілік ойнату.

Топтың безендірілуі: Топ ішін орманға ұқсатып, ортасына таман төрт шырша орналасқан. Әр шыршаның түбінде қоян, қасқыр, аю, түлкінің бас киімдері жасырылған. Топтың бір жағында мольберт тақталар тұр. Мольберт тақта алдында желім, түрлі-түсті қағаздан қиылған әр түрлі шеңберлер бар. Тақтада ақ беттен қиылған алжапқыштар ілулі. Топтың екінші жағында түрлі-түсті кірпіштер (кубиктер) шашылып жатыр. Топтың ортасына таман екі үстелдің үстінде математикалық лото.

 

Сабақтың барысы:

Мұғалім: Қане, балалар бір-бірімізбен амандасып алайық.

Шеңбердегі амандасу:

Армысың, асыл күн!

Армысың, асыл жыл!

Армысың, көк аспан!

Армысың, жан досым!

Жылыуыма жылу қос

Міне, менің қолым бос, — деп келе, балалар бір-біріне жылы сөз арнайды.

Мұғалім: Балалар, біздің топқа біреулер келе жатыр ғой деймін. Бұл кім екен өзі? Балалар, кім келіп қалыпты? Бұл кім екен өзі? Балалар кім келіп қалыпты?

(Сол кезде тәрбиеші қолына «бауырсақтың» суретін ұстай қалады).

Мұғалім: Ля-ля-ля. Мен бауырсақпын. Сәлем, достар!

Балалар: Сәлеметсіз бе, бауырсақ!

Мұғалім: Ой, балалар, бауырсақ қайдан тап болды?

Балалар: «Бауырсақ» ертегісінен.

Мұғалім: Бауырсақ ертегісі жайлы кім не біледі? (Балалармен ертегіні еске түсіру).

Мұғалім: Бауырсақ, сен қайда бара жатырсың?

Бауырсақ: Мен орманға саяхаттап бара жатырмын.

Мұғалім: Балалар, сендердің барғыларың келе ме? Жүріңдер ендеше, біз де саяхаттап қайтайық. (Балалар «бауырсаққа» ұқсап жұптаса тұра қалып, орманға қарай домалай жөнеледі).

Балалар қолдарын айналдыра отырып, ауызбен «домалап-домалап» деген сөзді айта жүреді. Бір кезде балалардың алдынан қоян шыға келеді. Сол уақытта бірінші шырша түбінде тұрған қоянның бас киімін мұғалім кие қалады.

Мұғалім (қоян болып, балаларға қарап): Бауырсақ, бауырсақ, мен сені жеймін!

Балалар: Жемеңізші. Біз сізге өлең айтып береміз.

Қоян: Жо-жоқ. Мен өлең тыңдағым келмейді. Одан да сендер менің мына шашылып жатқан әдемі мазайкамнан кеме салып беріңдер.

Балалар: Жарайды, — деп жұптаса кеме салып береді де, ары қарай орманға домалай жөнеледі. Бір мезгілде алдарынан «Қасқыр» шыға келеді. Мұғалім екінші шырша түбіндегі қасқырдың бас киімін кие қалады.

Мұғалім (қасқыр болып, балаларға қарап): Бауырсақ, бауырсақ, мен сені жеймін!

Балалар: Жо-жо-жоқ. Біз сізге өлең айтып береміз.

Қасқыр: Жарайды, менің ішім пысып отырған, өлеңдеріңді тыңдайын.

Балалар: Қалауыңыз орындалады, — деп «Әрқашан күн сөнбесін» әнін орындап береді де,ары қарай жұптаса орманға домалай жөнеледі.

Мұғалім: Балалар, бауырсақпен бірге кішкене бой жазып алайық.

Сергіту сәті:

Орнымызда тұрайық,

Қолымызды созайық.

Белімізді жазайық,

Айналаға қарайық.

Отырайық, тұрайық,

Біз тынығып алайық.

Тынығып біз алған соң,

Орманымызға біз барайық, — деп ары қарай жұптаса домалап-домалап жүріп келе жатса, алдарынан «Аю» шыға келеді. Мұғалім үшінші шырша түбіндегі аюдың бас киімін кие қалады.

Аю: Бауырсақ, бауырсақ, мен сені жеймін!

Балалар: Жемеңізші. Бізден не қалайсыз? Тілегіңізді орындаймыз.

Аю (ойланып тұрып): Менде сылдырмақтар бар. Егер сол сылдырмақпен сендер билеп, менің көңілімді көтересіңдер, мен Бауырсақты жемеймін. 

Балалар: Әрине, — деп жұптаса тұра қалып, билеп береді де, ары қарай домалап-домалап жүре береді. Бір мезгілде алдарынан «Қу түлкі» шыға келеді.

Мұғалім төртінші шырша түбіндегі түлкінің бас киімін кие қалады.

Қу түлкі: Бауырсақ, бауырсақ, мен сені жеймін!

Балалар: Жемеші. Біз саған өлең айтып береміз.

Қу түлкі: О-о-о, өлең. Менің өлең тыңдағым келмейді.

Балалар: Сізге енді не ұнайды, айтыңызшы?

Қу түлкі: Менің ойнағым келіп тұр. Қазір біздер бір ойын ойнаймыз, егер сендер жеңсеңдер, мен Бауырсақты жемеймін. Ойынның шарты: Қашықтықта тұрған кеглилерді құлату. Жарайсыңдар, балалар, мен жеңілдім. Сендер тату екенсіңдер.

Балалар бірігіп ойын ойнайды да, ары қарай домалай жөнеледі. Домалап, домалап, өз топтарына келеді.

Мұғалім: Міне, балалар саяхаттап, ақыры өз топтарымызға жеттік. Қараңдаршы, жұптаса жүріп, достаса жүріп, талай қиыншылықты жеңдік. Бүгін сендер бауырсаққа көмектестіңдер. Қу түлкіге жегізген жоқсыңдар. Олар енді еш уақытта бауырсаққа тиіспейді. Біз аңдар мен бауырсақты татулыққа, достыққа, мейірімділікке баулыдық. Ал, балалар, біз де енді қандай боламыз. Әрине, қане, бір-бірімізді құшақтап айтайық: «Біз әрқашанда тату, бірге боламыз!» Ендеше жұптаса татулық тақпағымызды айтайық:

 Біздің топта ұл-қыздар,

Тату-тәті ойнаймыз.

Әлемдегі бар адамға,

Тек жақсылық сыйлаймыз.

Мұғалім: Балалар ертедегі бауырсақ сендер жұптаса көмектескендерің үшін сендарге сый ретінде «шын бауырсақтар» әкеліпті. Осымен сабағымыз аяқталды.