Ата–аналар жиналысының жоспары «Мәдениеттілік дегенді қалай түсінесіз?»

Ата–аналар жиналысының жоспары

«Мәдениеттілік дегенді қалай түсінесіз?»

Мақсаты: ата–ананың балаға деген сүйіспеншіліктерін арттыру арқылы, мәдениетті болуға шақыру.

Көрнекілік: плакат, музыка, суреттер, слайд.

Армысыздар құрметті ата-аналар, ұстаздар. Бүгінгі ата-аналар жиналысына келгендеріңізге көп рахмет!

Ата–аналарды үш топқа бөлу. Әрқайсысы түрлі-түсті бір фигураны алып, сол түстегі үстелге барып отырады.

Тапсырма: Таза қағазға әр топ бүгін баласына айтқан сөздерді жазады. Мысалы. Балам, бота, Арман (атын атау) т.с.с әр топ өздерінің жазған сөздерін оқып береді.

Мұғалім:Жанағы мен берген таза қағаз, сіздердің балаларыңыздың миы. Сіздер қандай сөз айтасыздар, сол сөз балалның есінде қалады. «Айтылған сөз, атылған оқпен тең» деген мақал бар. Сіздердің айтқан сөздеріңізге еліктеп бала өседі. «Жаман адамнан жақсы сөз шықпайды» деген мақал да осыдан шыққан. Шыны сынса біз тастай саламыз, сол сияқты баланың көңіліне тиетін сөздерді айтқан кезде ойлану қажет, себебі бала кекшіл болып өсуі мүмкін. Оны шыны сияқты тастай алмайсыз.

Мақал мәтелдер айтысы:

Жасмин: «Анасын сүйгеннің баласын сүй, демекші мен, анамды құрметтеймін»

Даурен: «Ағайын алтау, ана біреу демекші, мен өз анамды жақсы көремін, сыйлаймын»

Руслан: «Ана сүтін ақтамағанды, ешкім мақтамайды демекшімен өз анамды құрметтеймін»

Зарина: «Атасы жоқ қас жетім, анасы жоқ тас жетім демекші менің анам аман болсын деп тілеймін»

Зейнеп: «»Әкеден ақыл, анадан мейір демекші мен анама қарап мейірімді болып өсемін

Меруерт: «Бала адамның бауыр еті демекші, мені отбасымда барлығы бауыр басып, жақсы көреді»

Алмаз: «Ата бәйтерек, бала жапырақ» демекші, біз ата аналарымыздан барлығына үйренемін

Данияр: «Жақсы бала сүйік, жаман бала күйік демекші, мен жаман әдет көрсетіп, ата анамның ұялғанын қаламаймын»

Әділхан: «Қызды аңқауынан сақта, ұлды жалқауынан сақта демекші жалқау болу, ержігітке жараспайды»

Жанеля: «Бала қымбат немере ыстық демекші әжелерді құрметтеп, сыйлауға міндеттіміз»

Диас: «Әкесін көріп ұлын ал, анасын көріп қызын ал демекші, ата анамыздан өмірдің ақ қарасын ажыратуға үйренеміз»

Ажар: «Ер бала он үште отау иесі демекші, біз ержетіп, ата анамызға қамқор боламыз»

Айдана: «Өтірік өге баспайды демекші жаман әдеттен аулақ болайық»

 

Қазір топпен, алдарыңыздағы қағазға мәдениеттілік дегенді қалай түсінесіздер, топпен ақылдасып жазыңыздыр. (3 топ) уақыт 5 минут. Әр топ өз жұмысын қорғайды.

Оқушылар өз ойларын айтады

Зейнеп: «Мәдениетті адам көргенін айтады,

Мәдениетсіз адам ішіп жегенін айтады»

Зарина: «Ауру қалса да әдет қалмайды. Жақсы әдетке үйренген мәдениеттіліктің белгісі»

Ажар: «Әдеп бастауы тәрбие. Тәрбие де мәдениеттілікке жатады»

Әділхан: «Көп тыңда, аз сөйле тыңдай білу де мәдениеттілік»

Даурен: «Елден бұрын елпеңдеме. Сабырлық та мәдениеттілік»

Жасмин: «Сыйлағанды сыйла, илегенді иле, сыйластық та мәдениеттілік»

Руслан: «Жаман көзден, жаман сөзден сақтан, жақсылық жасай білу де мәдениеттілік»

Меруерт: «Қу тіл қоңылтақ етік дұрыс сөйлеу де мәдениеттілік»

Жанеля: «Сөз сабан, іс дән. Өз ісіңді тиянақты орындау да мәдениеттілік»

Меруерт: «Ұлы сөзден ұлағат, шешендік те мәдениеттілікке жатады»

Данияр: «Сіз, біз деген жылы сөз тірліктің ғанибеті, сыпайы болу да мәдениеттілікке жатады»

Мұғалім: «Біреудің бойы аласа, біреудің ойы аласа болады. Жақсы адам жұрттың ырысы демекші, мәдениетті, білімді бала өсіру сіздермен біздерге байланысты, құрметті ата аналар. Айнаға қарап емес, адамға қарап өзгерейік»

Домбыра ойнайды. Даурен, Әділхан

Ситуациялар тұғызу, әр топ шешеді.

І топ. Сіз жұмыстан келдіңіз, балаңыз жылап отыр. Әрине  не болғанын сұрайсыз. Сонда баланың жауабы. Менімен ешкім отырғысы, ойнағысы келмейді. Мен мектепке бармаймын деп жылады. Сіз не істейсіз? Сіздің іс әрекетіңіз.

ІІ ТОП. Сіздің балаңыздың сабағы нашарлап кетті. Сіз не істейсіз? Сіздің іс әрекетіңіз.

ІІІ топ. Мұғалім күнде балаңыз сабақ орындамайды, сабаққа кешігіп келеді деп күнделікке жазып жібереді.Үй жұмысын орындаса да жазып жіберіпті. Сіздің әрекетіңіз.

«Ана» әні қыздар орындайды

 

  • Оқушылардың оқуы туралы әңгіме
  • Тәртібі туралы
  • Үйірмелер туралы
  • Әртүрлі сұрақтар