Қорқыт Ата кітабы

Қорқыт Ата кітабы — (“Китаб-и дәдем Коркут  ғали лисан таифа оғузан”) – қаһармандық эпос үлгісі, оғыз-қыпшақ дәуірінің жазба мұрасы. Ғылымда оның                 он екі нұсқасы мәлім: Дрезденде (Германия,  12 нұсқа) және Ватиканда                    (6 нұсқа) сақталған. ХІХ  ғасырда бұл жазба ескерткішті зерттеп, аудару ісімен академик   В.В. Бартольд айналысып, жеке тармақтарын жариялады.  Кейін  бұл  аударма  «Деде Горгуд»  (Баку, 1950),  «Книга  моего деда  Коркута»                (М.–Л, 1962) деген  атпен  жарық көрді. Ә.Қоңыратбаевтың  аударуымен  қазақ  тілінде  1986  жылы  тұңғыш  рет  басылды.  Әдеби әрі тарихи этникалық мұра ретіндегі «Қорқыт Ата кітабында»  қазақ эпосына тән көркемдік кестелермен  қатар қазақ тарихы мен мәдениетіне қосатын деректер де мол. Сондай-ақ  жазбада  оғыз тайпаларының этникалық тегі, этнографиясы, мекені, әлеуметтік жағдайы  жайында  мәліметтер көп сақталған.  Осы деректерден оғыздардың   бірде    Сыр бойындағы қыпшақтармен,  бірде  Кавказ шегіндегі   гәуірлермен  жауласқаны  көрінеді. Жырдағы  ерлік сарындары аса елеулі. Қара  Бодақ бірде қыпшақ  ханына  қан  құстырған  қара күш иесі (3-жыр), енді бірде Хамид, Мардин қамалдарын қиратқан батыр. Қазан–оғыз елінің көсемі.                                       Кітап  кейіпкерлеріне  Бәмсі — Бейрек,  Қара Көне,  Қара Бодақ,  Қан Төрәлі, Қазан-Салор, Құлбаш,  Оқшы,  Ораз, сондай-ақ  Аруз, Әмен, Әмран Бекіұлы, Бисат, Дүлек  Боран,  Дондаз, Қиян Селжүк, Қаңлы, Қанық хан, Рүстемдер жатады.«Қорқыт Ата кітабы»  оғыз тайпаларының қонысына қатысты                  Тана (Танаис – Сырдария), Бану Шешек (Баршын-салор-Гүлбаршын, Баршындария, Баршынкент),  Камбура (Байбөрі)  секілді  атаулар да сақталған. Олар  қазақ  эпосынан   да  елеулі  орын алған. Жырдың бас кейіпкері – Қорқыт.  Ол оғыз елінің ақылшысы, данасы, үлкен жырауы. Оның есімі көптеген түркі тайпаларына ортақ, тарихи-этникалық атауы да айқын. Бір кездері Қорқыт  жинақталған фольклорлық бейне  деп ұғынылса,  бертін келе оны тарихи тұлға ретінде тани бастады. [2,212]  «Қорқыт  Ата  кітабы»  Қазақстанда М.Әуезов, Ә.Марғұлан, Ә.Қоңыратбаев, Р.Бердібаев, Х.Сүйіншәлиев, Н.Келімбетов, М.Жолдасбеков, Ш.Ыбыраев[7,128], Б.Ысқақов[6,65], Т.Қоңыратбайдың  еңбектерінде  зерттелді. Кітаптың 1300 жылдығы  1999  жылы   ЮНЕСКО   тарапынан  халықараралық   деңгейде  атап өтілді, «Қорқыт ата» энциклопедия жинағы 1999 жылы жарыққа шықты.Шет елдерде–үстіміздегі ғасырдың бас кезінде–ақ зерттеліп, аудырылған.  Тілі  жағынан  қазіргі  қазақ,  түрікпен,  азірбайжан  тілдерімен, ал  эпикалық  сарындары түркі  эпостарымен ұқсас жыр. «Қорқыт жырларының арғы тегі-Сыр бойындағы Жанкент маңында туылған болса, онда оғыз-қыпшақ ұлысының тууы, пешенекпен, түрікпен арасындағы соғыстар (922-956), одан  соң Жанкент ханы шах Мәліктің Сырдан кетуі суреттелсе керек».

        Ежелден  Сыр  бойын мекендеген оғыз тайпалары қазақ халқын құрауға зор  үлес  қосқан  (кете, кердері, адай рулары).   «Қорқыт ата»  кітабында әңгіме болған оғыз тайпаларының оқиғасы қазақ тарихына тікелей байланысты. «Қорқыт ата» -ҮІІІ ғасырларда , одан да бұрын туған  аңыздардың уақыт бедерінен  біраз  өзгеріп  хатқа  түскен түрі. Кітапта  төмендегідей жырлары бар. Жырлары он екі тарау жыр:

  1. Дерсеханұлы Бұқаш туралы жыр
  2. Қазан Салор ауылына жау қалай шапқаны туралы жыр
  3. Байыс-Байреке, Байбөрі ұлы туралы жыр
  4. Қазанбек ұлы Оразбек қалай тұтқынға түскені туралы жыр
  5. Дели Домруыл, Доқа Қожа (қажы) ұлы туралы жыр
  6. Қаңлы Қожаұлы Қантөрелі туралы жыр
  7. Қазылық Қожаұлы Икенекбек  туралы жыр
  8. Бисаттың жалғыз көзді дию Төбекөзді өлтіргені туралы жыр
  9. Бегилұлы Емре туралы жыр
  10. Үйсін Қожаұлы баласы Секрек туралы жыр

11.Салор Қазан қалай тұтқынға түсті және оны ұлы Ораз қалай босатқаны туралы жыр

12.Сыртқы оғыздар ішкі оғыздарға қарсы соғысқаны туралы және Бамса-Бейректі  өлтіргеннің  баяны  туралы  жыр тағы басқа да тақырыптағы аңыз бен әңгімелер шоғыры бар. Олардың   мазмұны  мен сюжеттік ерекшелігі  әдебиет пен тарихтың барлық сұрақтарына жауап бере алады.