Қазақ аңыздарындағы Қорқыт бейнесінің танымдық рөлі

Қазақ аңыздарындағы Қорқыт бейнесінің танымдық рөлі

 

Аңыз  бойынша,  анасы Қорқытты  құрсағында  үш жыл  бойы көтеріп жүріпті.  Жылына  бір  рет  толғақ қысып  отырады  екен. Қорқыт дүниеге  келер  алдында әлемді үш күн,  үш түн  бойы  көзге  түртсе  көргісіз  қараңғылық басады. Сұрапыл  қара  дауыл  соғып, ел-жұртты қорқыныш  сезімі   билеген. Қаратауды       қараңғылық  басып,  сұрапыл дауыл соққан, содан  Қарааспан тауы деп аталған.

Ел аузында:

Қорқыт туар кезінде,

Қараспанды су алған,

Қара жерді құм алған,

Ол турада ел қорқып,

Туған соң әбден қуанған[12,112] — деген сөз бар.

Қорқыт  осылай елді қорқыта туғандықтан, баланың атын “Қорқыт” деп қойған дейді. “Қорқыт” сөзінің этимологиясын   Ә.Қоңыратбаев “құтты адам, құт әкелетін адам” деп көрсетсе, С.Қасқабасов “өмір сарқылды, адам өлді” деген мағынаны  білдіреді  деп  санайды.  Е.Тұрсынов түркі халықтарының фольклорына сүйене отырып, “дада, деде” деген сөздерді “насихат айтушы жырау” деп түсіндіреді. В.Жирмунский  Қорқыт Атаны магиялық аспап – қобыздың  иесі,  шаман,  абыз  ретінде  қарастырады.  Қорқыт атаның тарихи тұлға екенін растайтын  жазба  ескерткіш – «Қорқыт Ата кітабы» («Китаби дәдәм Корқуд»). Онда  Қорқыт  Ата жырау, ақылгөй, данышпан,  көсем, бақсы,  күйші ретінде көрінеді. Кітаптың   басында   Қорқыт  атаның   нақыл  сөздері  келтіріледі.  «Қорқыт» сөзінің  тарихилингвистикалық  мағынасы  «хұр» және «құт» сөзінен шыққан дейді. Құт-құт-береке,  құтты болсын дегендегі «құт» түбірі Жүсіп  Баласағұнның  «Құтты білік»  дастанын еске салады.  «Құт»- түркілерге тән сөз. Сонымен «құт әкелуші  кісі» деген мағынаны білдіреді.Қорқыт исламға дейінгі дәуірдегі ежелгі түркілердің ойшылы, бақсы, жырауы (озаны), түркі мәдениетінің құтты адамы.

Қазақ  философиясы тарихында Қорқыт Ата– ел бірлігін нығайтқан кемеңгер қайраткер,  түркі  дүниетанымының  негізін  жасаған ғұлама ойшыл, әлемдік ақыл-ой мәдениетінде өзіндік орны бар философ-гуманист ретінде көрінеді. Қорқыт  Ата  жайындағы аңыздардан оның бойындағы үш түрлі өнер ерекше айқындалады.  Біріншіден,  ол оғыз-қыпшақ ұлысынан шыққан  айтулы  бақсы, абыз. Екіншіден – күйші, қобыз  сарынын алғаш туындатушы өнерпаз. Үшіншіден  – әйгілі жырау, оның жырлары оғыз-қыпшақ өмірін бейнелеген әдеби-тарихи  мұра. Түркі  халықтарының  фольклорындағы  Қорқыт  Ата  туралы аңыз  әңгімелердің  бірі оның  туылуына байланысты. Қазақ  болып қалыптасқанға дейінгі тарихта Қорқыт –ата есімімен аты қалған, түркі халықтарының бәріне ортақ  кейіпкеріміз ҮІІІ ғасырда қазіргі Қызылорда облысының Қармақшы ауданында өмірге келіп, ғұмыр кешкен. Туылған, өлген жылы белгісіз. Кей деректерде 95, енді бірелерінде 195 жыл жасаған. Қорқыттың зираты бүгінгі күнге дейін сақталған.

Халық арасында, ел аузындағы аңыздарға қарағанда, Қорқыт асқан күйші, композитор болған. Халық арасында «Қорқыттың күйі», «Қорқыттың сарыны» деген өмірдің сырын шертетін күйлер сақталып қалған. Қазақ музыкасының тарихында  Қорқыт қобыз өнерінің атасы саналады. Қойлыбай бақсы, Нысан  абыз, Мекеш бақсы, Найман бала секілді көптеген  өнер  иелері  Қорқытты өздеріне ұстаз тұтқан. Қорқыттың күй сазы тек қазақ халқында емес, туысқан халықтардың көпшілігінде кездеседі.Сондықтан да  ғасырлар түкпірінен философиялық сыр шертетін Қорқыттың музыкалық мұрасы-түркі тектес халықтарға ортақ асыл қазына.

Мәңгілікке тән өмір сүрген Қорқыт түркі жұртының үш ханының  тұсында уәзірлік қызмет атқарған. Кезінде қазіргі  ұлан-ғайыр қазақ даласының көп жерлеріне  хандық  құрған  Инал,  Көл-еркін,  Қаңлықожа  хандар  Қорқыттың тікелей  ықпалында  болған.Елдің тұтастығын, ішкі бірлігін сақтау мақсатымен Қорқыт биліктің барынша әділ болуын, халықтық мүдделерге сай келуін қамтамасыз ететін әлеуметтік жораның (заңның) негізін қалап, оның жүзеге асуына ат салысты.Ата-баба мекенін сыртқы жаудан қасық қаны қалғанша қорғау, жер-су дауларын белгілеген тәртіп бойынша, адамдар арасындағы түрлі дау-жанжалдарды ақылға сала отырып, барынша әділ шешу, кінәлі болған адамдарды міндетті түрде жазалу сияқты мәселелерге барынша көңіл бөліп, күнделікті тұрмыс–тіршілікте халықтық дәстүрлерді ұстану,соған сай өмір сүруді  басшылыққа алған.

Жалпы алғанда, Қорқыт-түркі әлемінен шыққан  ұлы ойшылдардың бірі. Қорқыттың артында қалған рухани мұрасы, сонымен бірге оның атына қатысты түрлі аңыз-әңгімелер тек түркі халықтарының ғана емес, күллі адамзат баласының болашағына қызмет ететін рухани асыл қазына. Жырларда «Баят  руында  Қорқыт ата дейтін білікті, сәуегей адам болыпты. Тәңірі  зердесіне  салған соң, оның барлық болжамдары қатесіз болған… оғыз тайпаларында Қорқыт ата ең қиын деген мәселелерді  шешкен. Қандай ғана қиын  іс болмасын  Қорқыттың ризалығын алмай, ел ешбір жұмысқа қол ұрмаған.  Ел оның барлық өсиетін бұлжытпай орындаған»  деген сөздер айтылады.