Қорқыт ата мұралары туралы қазақ ағартушыларының ой-пікірі

238

Қорқыт  ата   мұралары туралы қазақ ағартушыларының ой-пікірі

Ш. Уәлихановтың сөзімен айтқанда: — «Қорқыт алғаш қобыз тартып, сарын айтуды үйреткен ең бірінші бақсы». Яғни  Тәңірлік діннің ең басты идеологы.    Сөз жоқ, қылыштың жүзі, найзаның ұшымен орныға бастаған ислам дінінің көшпелілер ортасындағы ең басты қарсыласы сол ортадағы  дәстүр Тәңірлік дүние таным, Тәңірлік наным-сенім еді. Ал, Тәңірлік дүние танымның көрнекті тұлғасы Қорқыт болатын.

         Әр заманда әлеуметтік құбылыстардың да басы-қасында тарихи тұлға болғаны рас. Түрік халықтарының өткен –кеткен тарихында  Қорқыттың мәні өзгеше  орын алады.  Халық  аңызы  бойынша өлімнен қашқан Қорқыт қайда барса да «Қорқыттың көрін» қазып жатқандарға жолығады. «Ол ең ақырында дүниеде  өзгермейтін ешнәрсе жоқ, сынбас темір жоқ, өтпес өмір жоқ деп, мәңгілік өмірлі халықтың ән-күйінен іздейді» — деп пайымдайды академик А.Жұбанов.

Ақын болсын, әнші болсын, жыршы болсын өз өнерін жұртшылыққа тыңдатар кезде қолтығының астынан, қобызының, қолының басынан  домбырасының  табылып  отыратыны қазақ  арасында ертеден орныққан дәстүр.

«Күй аңызы жанырының мифтік және аңыз  түрде айтылуы оның өмірлік формасы. Басқаша  айтқанда,  күйдің  шығу себебі миф, аңыз түрінде айтылады да, мұның  өзі  күй аңызының жанрлық  төл сипатын айғақтайды. Оны  қобыздың  шанағына  керілген  теріні  сол  қол саусақтарымен басып-ашу  арқылы  әдіс — тәсіл  колданса, қобыз  үнінен   бір  ерекше тербеліс дыбыс шығады, ал екінші нұсқада- Желмаянын шабысын тиек арқылы келтіруге болады.  Тиекті сол қолдың бас бармағымен сұқ саусақ арқылы басып ашып ойнаса, (педаль) сияқты дыбысты көбейтіп немесе азайтып алуға болады»— деп жазады М. Жарқынбеков.

Мысалы: «Жалпы Қорқыт күйлерінің бір ерекшелігі — ол  әуендік байланысы мен  бір–бірімен сабақтастығында. Бір күйдегі нақыш –саз, екіншісінде ашық және жасырын түрде де қайталанады»- деп жазады белгілі қылқобызшы                        М. Жарқынбеков [17;9].

Біздің заманымызға  жеткен  көне  мұраның  мұншама  ғұмыры   ұзақ болуын, зерттеушілер  ғылыми түрде көптеген еңбектерінде  қарастырылған. Қазіргі қылқобыз,  бұрынғы бақсылардың «мистикалық»   қобызынан  ерекше.Қорқыттың көп туындыларының, аңыз-әңгімелерін, мазмұнын, шығу тарихын, жұртшылыққа жеткізген үлкен өнер иесі,  Қорқыт бабаның  бірден – бір мұрагері —  Нышан  Шаменұлы.  Күйлердің  көбі  сол кісінің айтуы  және орындауы  бойынша қобызшы Мұсабек Жарқынбеков арқылы  жазылып алынған.

М.Әуезов: “ажалды тоқтату мүмкін еместігін мойындағысы келмеген                          Қорқыт Ата жұрттан  безіп,  айдалаға, табиғат аясына  кетеді, бірақ таулар да, жазықтар да, ормандар да оған өлім күтіп тұрғанын  айтады. Содан қорқып, шырғайдан алғашқы қобызды жасап, жер бетінде бірінші болып күй тартады. Сөйтіп  өлмеудің  амалын  «өнерден табады», –деп жазады.

Ал, қазақтың белгілі этнографы  Шоқан Уәлиханов  Қорқыттың  балгерлігі, ақындығы, музыкалық өнері жайында пікірлер қалдырған.  Қорқыт атаның өзі туралы бұл тақырыпты ұзақ жылдар бойы зерттеген ғалым Ә. Марғұлан төмендегідей пікір айтады: «Қорқыт — тарихи  дәуірлерде  Сырдария өлкесін қоныс еткен оғыз-қыпшақ тайпаларының ортасынан шыққан данышпан қария, ақылшы батагөй, асқан ақын (озан), болашақты болжап сөйлеген сәуегей кісі болған. Ол кісі туралы айтылатын қария сөз Азиядағы түрік тілдес елдердің көбінде бар. Бірақ қазақ халқы ескі оғыз-қыпшақ тайпаларының тарихи қонысына  мирас болған, олардың түбегейлі ұрпағы болғандықтан Қорқыт туралы айтылатын тарихи жырлар, аңыз-легендалар, ән-күйлер қазақпен түркімендерде көбірек жолығады» (76, 135).

           Әл-Фарабидің пікірі бойынша, музыка адамның жанына көркем әсер етудің  тамаша құралы болып табылады. Өнер — халық шығармашылығының нәтижесі дейді. Философ-гуманист ретінде Әл-Фараби адамдарға үлкен ләззат сыйлайтын музыка қандай да бір жеке  тұлғаның   немесе жекелеген  халықтың  меншігі емес, оны шығаруда барлық халықтар қосыла еңбектенген деген пікірін білдіреді.[2].

Қазақ халқының көрнекті ағартушылары Ы.Алтынсарин, Ш.Уәлиханов, А.Құнанбаев  халықтың мәдени мұрасын  мен  оның жас ұрпақ тәрбиесіндегі рөлін өте  жоғары  бағалаған.  Халық  ауыз  шығармашылығының тамаша үлгілері олардың шығармашылық және практикалық іс-әрекетінің негізін құрады.

Ыбырай Алтынсарин (1941–1889 ж.ж.) халық ауыз  шығармашылығының  шексіз байлығын, ондағы ертегілердің, мақал-мәтелдердің білімдік және тәрбиелік мәніне аса  жоғары баға берген.[4].

Ұлы ойшыл, ағартушы, ақын Абай Құнанбаев (1845 – 1904 ж.ж.) музыка өнерінің халық өміріндегі алатын орнын мынадай өлен жолдары арқылы анықтайды:

Туғанда дүние есігін ашады өлең,

Өлеңмен жер қойнына кірер денең.

Өмірдегі қызығың бәрі өлеңмен,

Ойлансаңшы бос қақпай елең-селең.

Абай халықтық музыка өнерін  эстетикалық және адамгершілік тәрбиенің аса маңызды құралы деп таниды. Оның пікірінше, «жақсы ән мен тәтті күй» жан азығы ретінде  жоғары талғам мен Отанға деген сүйіспеншілікті, адамгершелік қасиеттерді тәрбиелеуге негіз болып табылады [6].  М.Жұмабаев: «…күй адам жанын белгілі бір қалыпқа түсіреді. Көңілді мелодия көңілді сергітеді, ал мұңды – мұңға бөлейді…», — дей отырып,   халық музыка шығарамашылығы құралдарының тәрбиелік әсеріне аса зор мән береді [9]. Осылайша, қазақ ойшылдары мен ағартушыларының  еңбектерін  зерделеу  және  оларға  шолу жасау  халық музыка шығармашылығының жас ұрпаққа эстетикалық тәрбие берудегі педагогикалық  мүмкіндіктерінің мол екендігін айғақтады.Немістер бастырған Қорқыттың «Аталар сөзінде»  400 мақал-мәтел болса, солардың көпшілігі жыр тіліне енген. Халық тәрбие тәжірибесін  зерделеу  қоғамның тарихи дамуының барлық кезеңдерінде жүзеге асырылған. Әр кезеңдегі көрнекті ойшылдар, ағартушы- педагогтар  халықтың мәдени дәстүрлерін жас ұрпақ тәрбиесінде пайдаланудың маңыздығына үлкен мән беріп,  құнды пікірлерін ұсынған.

Қорыта келгенде,  қазіргі жаһандану үрдісі кезеңінде әрбір ұлт өзінің дәстүрлі мәдениетін сақтай отырып, оны жалпы адамзаттық құндылықтармен ұштастыруға  ұмтылады. Сондықтан Қорқыт ата тағылымын   қайта жаңғыртып, оларды өскелең ұрпақтың  эстетикалық  тәрбиесіндегі маңызды құрал ретінде қарастыру– заман талабы мен қоғамның қажеттілігінен туындап отырған құбылыс екендігін сезіне отырып, халық музыка шығармашылығы құралдарын өскелең ұрпақтың тәрбиесінде пайдаланудың тиімді  жолдарын онан әрі  қарастырған жөн.