Қорқыт Ата ескерткіші

Қорқыт Ата ескерткіші – сәулет өнерінің айрықша үлгісі.  Қызылорда облысы Қармақшы ауданы  Жосалы  кентінен  18 км жерде, Қорқыт станциясының түбінде  (1980).  Авторлары – Б.Ә. Ыбыраев, С.И. Исатаев.  Қорқыт Ата ескерткіші темір бетоннан жасалған биіктігі 8 метр, 4 тік стеладан тұрады. Әрбір стела әр тарапқа қаратып тұрғызылған құлпытастарға ұқсайды. Жоғары жағы кеңейе келіп, шөміш пішінінде түйісетін стелалар қобыз бейнесін де меңзейді. Түйісер түбіндегі орталық тесігінде 40 металл түтік бар. Олар жел соққан кезде қобыз сарынымен үндес дыбыс шығарады. Аңыздарда айтылғандай, Қорқыт ата мазарында  соққан желге үн қосатын қобыз қойылған. Қорқыт Ата ескерткішінің ішкі жағы мәңгілік өмір сырын іздеген Қорқыт атаның киелі желмаясының шартарапқа  жол  тартқан  ізін ишаралайтын «Түйе табан» өрнегімен безендірілген. Әрбір стеланың үшкілдене біткен төбесі күмбезге ұқсатылып, ерекше сәулеткерлік композиция шешім тапқан. 1997 жылы ескерткішті қалпына келтіру, жөндеу жұмыстары жүргізілді. Амфитеатр, қонақ үйі, т.б. нысандардан тұратын тұтас архитектуралық ансамбль жасалып, мемориалдық кешенге айналды. 2000 жылы кешен жанынан мұражай ашылды. Оның қорында 700-ге жуық экспонат сақталуда. Мұражай экспозициясында Қорқыт өмір сүрген дәуірдің тарихы мен мәдениеті жайлы мәліметтер беретін материалдар қамтылған. Бұл ескерткіш кешен күллі түркі халықтарына ортақ қасиетті зиярат орындарының бірі болып саналады