«Имандылық – инабаттылық айнасы»

Тәрбие сағатының тақырыбы: «Имандылық – инабаттылық айнасы»
1. Білімділік мақсаты:
Студенттердің инабаттылық түсініктерін кеңейте түсу, тәрбиенің қоғамдағы маңыздылығы мен пайдасы туралы жаңалықтармен танысу.
2. Дамытушылық мақсаты:
Студенттердің мұсылман діні және теріс бағыттағы діни бірлестіктер туралы білімдерін кеңейте отырып, ой — өрісін, қиялын, қызығушылығын, белсенділігін, құштарлығын, яғни, адами қасиеттерін қалыптастыру, ана тілін сүюге, ата — салтын, адамгершілік қасиеттерін қалыптастырып бабалардан қалған ұлағатты, ғибрат сөздерді түсіндіріп, содан үлгі — өнеге алуға баулу.
3. Тәрбиелік мақсаты:
Студенттердің халқымыздың ұмыт болған салт — дәстүрлерін жалғастырып құрметтеуге, инабаттылыққа, имандылыққа адамгершілікке, адалдыққа, еңбекқорлыққа, достыққа, ерлікке, ізденімпаздыққа, іскерлікке, шеберлікке, ұқыптылыққа, дәлдікке ұлттық педагогика негізінде тәрбиелеу.

Көрнекілігі: Интерактивті тақта, мешіт салынған суреттер, нақыл сөздер, үнтаспа, құран және «Ислам тағылымдары» кітаптар, теріс бағыттағы діни бірлестіктер туралы деректер.

Мұғалім: Халқымыз жан — жақты адамды « сегіз қырлы бір сырлы»,- дейді. Адамның сегіз қырының бірі — оның ақылы, имандылығы. Иманды, білімі мол, ата салтын, дінін, тілін білген адамның көкірегі ояу болады, жаман мен жақсыны айыра біледі.
Міне, сол себепті біз «Имандылық — инабаттылық айнасы» деген тақырыпта өз ойларымызды ортаға салмақпыз.

Жүргізуші: Егеменді еліміздің ертеңі болашақ ұрпақ қолында. Болашақ ұрпақты имандылық тәрбиеге баули отырып, халық дәстүрін жүрегіне ұялатып,, санасына құю — бүгінгі білім мен тәрбиенің басты міндеті.
Қазіргі кезде ата — анасын қарттар үйіне өткізген бала, балаларын тірі жетім етіп, жүрген алаяқтар, маскүнем, ұрылардың көбеюі біздің ұлттық тәрбиемізге сын.(Слайд)
Сондықтан, мектепте имандылық тәрбиесінің берілуі оқушылар бойына ізгі қасиеттерін сіңіру үшін, өзін мұсылман деп тануға ұлтының озық дәстүрін, әдет — ғұрпын ұғынуға, ұлтжанды азамат болып өсіп жетілуіне игі әсер етеді деп сенеміз.
Осы орайда қасиетті өткізілгелі отырған «Имандылық – инабаттылық айнасы» атты ашық тәрбие сағатымыздың қонағы, біздің сұрақтарымызға жауап бергелі келіп отырған Орталық мешіттің имамы Мерғали Жүніспекұлы орталарыңызда.

Жүргізуші: Сонымен қатар, бүгінгі тақырыбымызға сай өз оқушыларымыз мұсылман діні туралы қандай ұғымдары біледі екен, соған кезек берелік.
І. 1 — оқушы: Мұсылман дінінің негізін салған Мұхаммед пайғамбар. Ұлты араб. Меккеде туған. Мұхаммед ойдан шығарылған емес, тарихи тұлға. Оны тарихта Мұхаммед пайғамбар деп те атайды.
2 — оқушы: Ислам дінін ұстанатын адамдарды мұсылман деп атайды.
3 — оқушы: Мұсылман дінін ұстанатындардың негізгі қасиетті күні — жұма.
4 — оқушы: Ораза ұстаған адам өзін — өзі тәртіпке шақырып, жаман істерден тыйылады. Мұсылмандыққа жат қылықтардан — өтірік, өсек айту, дау — жанжалдан, біреу туралы жаман ойлардан, дауыс көтеріп ұрысудан аулақ болуға тырысады. Адамдарға кешірімді болуға, мейірімді болуға, басқа ораза ұстаушыларға қамқорлық көрсетуге ниет етеді.
5 — оқушы: Мұсылмандардың қасиетті үйі – мешіт. Мешіт — өтірік айтылмайтын, ақиқат пен шындық жолын тұтынған ең таза пәк жер.
6 — оқушы: Мұсылман дінінің қасиетті кітабы — Құран. Құранның сөзі құдайдың сөзі.
7 — оқушы: Ораза айында әр отбасы жан басына белгіленген мөлшерде пітір — садақа береді. Бұл осы Рамазан айына аман — есен жеткеніміз үшін берілетін құдайы садақа. Мұнда мұсылман қауымы дүние — қоңыздықтан аулақ болуға үйренеді. Адамдарды тату өмір сүруге баулиды. Пітір садақаны ауру — сырқаулы, жетім, мүсәпір адамдарға беруге болады.
9 — оқушы: Аллаға сенудің пендеге берері көп. Тіршілікте таза болып, дұрыс, түзу жол табу – иман мен жақсы істердің нәтижесі. Иман — адам бойында қанағат, қайсарлық пен сабырлық, ұстамдылық сияқты қасиеттерді қалыптастырады. Ислам дінін тұтынатын мұсылманның бес парызы бар. Сендер, балалар, атап бере аласыңдар ма?
1. Құдай бірлігі Мұхаммед пайғамбар қасиетін мойындау
2. Намаз оқу
3. Ораза ұстау
4. Садақа беру
5. Қажылыққа бару.
10 — оқушы: Шариғат бойынша адам қылмыс жасамауы, маман сөз өтірік айтпауы керек. «Менде ғана болсын» деген өзімшілдік, біреуге қиянат, зорлық жасау діннен безген, діннен қорықпағандардың ісі, ондай адам күнәхар болып есептелінеді.

ІІ. Имандылық деген не? Пікірталас.
Пікірталасты бастамас бұрын мына бейнесюжетке көңіл аударуларыңызды сұраймын.
«Өмірде болған»бейнефильмінен үзінді көрсету.

ІІІ. Абайла адасу! «Абайла, дін саудагерлері!» тақырыбында теріс бағыттағы діни ағымдардың іс — әрекеттері мен мақсат — мүдделеріне тоқталып оқушы пікірлерін білу.
Өзге елден келген теріс жолды насихаттаушылар елімізде көбеюде. Ұлтымыздың салт — дәстүріне қарама — қайшы пікірлер айтылады. Ислам дінін жамылып ислам құндылықтарын жоққа шығарып шет елден келген секта, миссионерлері өздерінің қара ойларын іске асыруда. Олардың саны өкінішке қарай көбеюде. Олар жастар мен мектеп жасындағы балаларды теріс бағытқа тәрбиелеуде. Исламдағы теріс діни ағымдардың кесірінен қасиетті Ислам дінінің қазіргі заманда экстремизм, террор діні саналуы қынжылтады.
ІІІ. Дін және заң бөлімі. «Діни диверсияға құқықтық тосқауыл».
«Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» заңнан үзінді.
Зайырлықтың мына қағидаларын тұратынын көрсетеді
Мемлекеттік билікке діни бірлестіктердің араласуына жол бермейді.
Мемлекеттік органдар діни бірлестіктердің қызметіне заңсыз араласа алмайды.
Діни бірлестіктерге партия ретінде құрылуына жол бермейді.
Мемлекет діни бірлестіктерді қаржыландырмайды.
Белгілі бір дінді мемлекеттің білім дағдарламаларына арнайы пән ретінде енгізуге болмайды.
Білім беру орындарында дінтану пәндері танымдық негізде өткізілуі мүмкін.
«Даурс Салам» діни бірлестігінің еліміздегі іс — әрекеті сот шешімімен заңсыз деп танылып, бірлестік жұмысы тоқталды. Сондай — ақ «Грейс» евангелді — христиан миссионерлік діни бірлестігінің жетекшісі 14 жылға бас бостандығынан айырылды.

Дін және уақыт (қорытынды бөлім)
«Ел мен дін мұраты – ынтымақ пен бірлік»
Тоғыз інжу әдісі.
Теріс бағыттағы діни ағымдар…..
Елдің тәуелсіздігіне қарсы бағытталған әрекет.
Әрбір адам абай болатын аса қауіпті бағыт.
Заманның жаңа ағымынан туындаған бағыттар.
Діни сауаты бар адамдардың мазасыздануына тұрарлық мәселе емес.

ІҮ. Міне, балалар бүгін біз теріс бағыттағы діни бірлестіктер туралы ой бөлістік. Енді сөз кезегін арнайы тәрбие сағатымызға шақырылған қонаққа береміз.
Ү. Абайдың «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» өлеңін мәнерлеп оқу (Канафиянов Елдар)
ҮІ. Аймақтық компонент жерлес атамыз Мәмежанов Қ. Ш. «Ислам тағылымдары» кітабымен таныстыру.
ҮІІ. Ата — аналардың құрметіне «Асыл ана» әні.
ҮІІІ. Қорытындылау.

Мұғалім: Елбасының 2050 стратегиясынан үзінді.
Н. Ә. Назарбаев: Ендеше, бүгінгі ұрпақ та әлемдегі ең ізгі дін — ислам дінін қадірлей отырып, ата дәстүрін ардақтағаны абзал. Қазір кейбір сыртқы күштер жастарымызды ислам дінінің хақ жолынан адастырып, теріс бағытқа тартуға тырысады.
Мұндай ұлттың табиғатымызға жат келеңсіздіктерден бойымызды аулақ ұстауымыз керек.