Оқушылардың математикалық ойлау жүйесін дамыту жолдары

111

 

Оқушылардың математикалық ойлау жүйесін дамыту жолдары

Егеменді еліміздің жарқын болашағы болар жас ұрпақ-бүгінгі мектеп оқушысы. Жас ұрпақ тәрбиесі қай заманда болмасын уақыт сөресінен түскен жоқ. Алаштың ардақты ұлы А.Байтұрсынов «Бала білімді, тәрбиені өз бетімен алуы керек. Ал мұндағы мұғалімнің қызметі – балаға орындалатын жұмыс түрлерін шағындап беру және қойылған мақсатқа жету үшін бағыт-бағдар беріп отыру.»-деп жазды. Осы пікірлердегі ортақ идея – ұстаздың ізгіленуі және үндестігі.

Оқушының жеке тұлғасын, рухани әлемін, ынтасы мен логикалық ойлау қабілетін дамыту — бүгінгі күннің негізгі мәселелерінің бірі. Себебі, оқушылар өз бетімен ізденіп жұмыс істеуге, өз бетінше білімді тәжірибеде, өмірде пайдалануға дағдыланбаған. Сондықтан көп жағдайда оқушылардың өз күшіне сенімін арттыру, шығармашылық қабілетін дамыту үшін сабақ та әр түрлі, жан-жақты болуы керек.

Өз сабақтарымда оқушы қызметін активтендіру негізінде педагогикалық технологиялардың бірі деңгейлік саралау технологиясының элементін қолданамын. Деңгейлеп оқыту технологиясының мақсаты: әрбір оқушы өзінің даму деңгейінде оқу материалын меңгергенін қамтамасыз етеді. Ал қызығушылық туғызудың тәсілдері өте көп.Олар:

  • Математикалық сайыстар;
  • Эстафеталар;
  • Жарыстар;
  • Олимпиадалар, тіпті жақсы дайындықпен өткізген күнделікті сабақтар. Дұрыс құрастырылған сабақ оқушының ой-өрісін кеңейтеді, өзіне деген сенімін күшейтеді.

Математика пәнін оқытуда дидактикалық принциптерді қатаң сақтап, әр оқушының жеке ерекшелігіне қарай әр түрлі формадағы оқыту, тәрбиелеу жұмыстарын тиімді жүргізу керек. Оқушылардың логикалық ой-өрісін арттыруда, оларды математикаға қызықтыруда, логикалық есептер шығарудың ерекше маңызы бар. 5 сыныпта аптасына бір рет өтетін «Логикалық есептер шығару» факультатив сабағында оқушылармен логикалық есептер шығарамыз. Атап айтсақ, үшбұрыштарды есептеу, ыдыстардың сыйымдылығына байланысты логикалық есептер шығарып, сиқырлы шырпылар интерактивті есептер жинағымен жұмыс істейміз.

Математикада логикалық есептерді жүйелі жүргізіп отыру, оқушылардың тыңдау қабілеттерін дамытып, ойлау дағдыларын қалыптастырады және математикалық сауаттылықтарын жетілдіреді. Оқып үйренуге арналған жұмыстар сыныпта орындайтын оқулықтағы тақырыптық  жаттығуларды толықтыруға арналады. Оқушыларға шығармашылық тапсырмалар беру арқылы оқушының ойлау қабілетін тереңдетуге болады.

Жалпы логикалық ойлауды дамыту дегеніміз барлық логикалық ойлау операцияларынын арнайы жүйелі түрде қалыптастыру.

Ғылым мен техниканың тез қарқынмен дамуы оқушылардың мәдени дәрежесінің өсуі халық ағарту ісіне күн сайын  жаңа білімі беру жүйесінде математиканың атқаратын ролі аз емес. Сондықтан оқушылардың математикаға дайындығын жан-жақты жетілдіру орта мектептің аса маңызды міндеттерінің бірі. Бұл міндетті шешуде мектептегі математика курсының күнделікті практикалық өмір талабына сай жаңа мазмұнда оқытылуы жеткіліксіз. Ол үшін оқыту үрдісінде сабақ берудің барынша тиімді әдістерін жинақтап, оқушылардың өз бетіндік және шығармашылық қабілетін арттырумен біргесыныптан тыс жүргізілетін жұмыстарды сапалы жүргізу қажет.

Оқушылардың логикалық ой-өрісін арттыруда, оларды математикаға қызықтыруда математикадан жүргізілетін сыныптан тыс жұмыстардың маңызы бар. Атап айтсақ, « Математикалық пойыз», «Логика әлеміне саяхат», «Математикалық пирамида» сияқты логикалық есептер сайысы.

Қабілетті оқушылардың математикалық даму дәрежесі есеп шығарудан анық байқалады. Кез келген есепті шығару оқушыдан үлкен еңбекті, ерен күшін, табандылығын, төзімділігін, сенімділігін талап етеді. Оқушыны шығармашылық іс-әрекетке бейімдейтін, ақыл ойын дамытатын құрал – логикалық қызықты есептер, қиындығы мол олимпиадалық есептер, әр түрлі сайыстар. Оқушылардың логикалық ойлау қабілетінің дамуына «республикалық Зерде» сайысының қосар үлесі зор. Оқушылар жоба жазу барысында ізденіп, есептерді талдап, өздері бір қорытындыға келуге тырысады. Логикалық жаттығуларды орындау біздің ақылымыз, қиялымыз, ой ұшқырлығымызды дамытады. Математика оқулықтарында логикалық есептер жоқтың қасы, олар тек шығармашылық есептер деген айдармен бірен-саран кездеседі. Сынып оқушылары бірдей емес. Олардың ішінде математиканы сүйіп оқитын, оған деген ынтасы зор оқушылар да бар. Оларды жеңіл, біріңғай жаттығулар орындау жалықтырады. Сондықтан белгілі бір ережені меңгертетін жаттығуларды орындағанда оларға қиынырақ тапсырмалар беремін. Міне, осындай тапсырмаларға логикалық есептер жатады. Себебі логикалық есептер арқылы әр оқушының ойлау қабілетінің дамуына мүмкіндік туады.

Оқу процесіндегі осындай іс-әрекеттердің арқасында қоғам  талап етіп отырған шығармашылық, логикалық ойлау қабілеті жоғары, өз ойын жүйелі түрде ашық айта алатын, қоғамға еркін сіңетін, өндіріске белсене араласатын шығармашыл жеке тұлға қалыптасады.