Әдебиет пәні сабағында оқушылардың шығармашылық пен ізденіс қабілетін дамыту жолдары

96

Әдебиет пәні сабағында оқушылардың шығармашылық пен ізденіс қабілетін дамыту жолдары

Г.А. Сейітова

ЭБГ қазақ тілі мен әдебиеті  пәні мұғалімі

«Адам ұрпағымен мың жасайды» — дейді халқымыз. Ұрпақ жалғастығымен адамзат баласы мың емес миллиондаған жылдар жасап келеді.

Жақсылыққа бастайтын жарық жұлдыз — оқу. «Надан жұрттың күні – қараң, келешегі тұман», — деп М.Дулатов айтқандай, егеменді еліміздің тірегі — білімді ұрпақ. Сусыз, құрғақ, таса көлеңке жерге дән ексең өнбейтіні сияқты, жас ұрпақтарымызды тәрбиелемесек өспейді, өнбейді.Міне, өз ұрпағының өнегелі, өнерлі, еңбексүйгіш, абзал азамат болып өсуі үшін халық педагогикасының негізгі мақсатын шығармашылықпен оқу-тәрбие үрдісіне тиімді пайдалану әрбір ұстаздың міндеті болып табылады.Оқушыларға тек дайын дүниелерді ғана бергеннен гөрі,түрлі бағыттаушы сұрақтармен, қилы жағдаяттар арқылы бағдар бере отырып іздендірсе, сенім білдірсе,нәтижелі жұмыс жасауға ынталы болады. Мұғалім міндеті- осындай жағдай тудыра білу. Сонда ғана оқушы өз бетімен ізденуге, еңбектенуге талпынады, үйренеді.Оқушының өзінде қозғалыс болғанда ғана онда қызығушылық пайда болады.

Шығармашылық – бұл нақты іс-әрекет барысында жүзеге асырылатын өз бастауы, өту барысы және нәтижесі болатын үрдіс. Бұл үрдіс 3 кезеңнен өтеді: дайындық, ізденіс, орындау. Осы деңгейлерге сәйкес шығармашылық қабілеттерінің құрылымын анықтайды, өз бойынан оларды талдайды, бағыттай отырып дамытады және жетілдіреді.Оқушымен жұмыстың негізгі мақсаты- олардың шығармашылық жұмыста өзінің қабілетін іске асыруға дайындығын қалыптастыру. Ал бұл мақсатқа жету оқушының танымдық белсенділігін дамыту арқылы жүзеге асады. Ғылыми зерттеулерге сүйенетін болсақ, оқушы шығармашылығын дамытуда «шығармашылық тапсырмалар» үлкен роль атқарады. Мысалы, 10- сыныпта Ш. Уәлихановтың өмірі мен шығармашылығына тоқталмас бұрын алдын ала оқушыларға  ол туралы құрылған тезис бойынша оның өмірбаянына дайындалу тапсырылды.Тапсырманы орындау барысында оқушылар оқулықпен шектелмей тақырыпқа байланысты қосымша дереккөздерін табуға тиіс болды.Нәтижесінде ,10- сынып Махмудов Самрат жазушы Д.Исабековтың «Алтынемелдегі зиратта Шоқан жатпаған болуы мүмкін атты жазбасымен таныстырып,бұл да -Шоқанға байланысты тарихтың құпия беттерінің бірі болуы тиіс деген өз  тұжырымын айтса, осы сынып оқушысы Б.Бақтығалиева оның өміріне де , өліміне де қатысты қауесет көп екенін айтып,»Шоқан Уалихановтың құпиясы» атты  кітаптың авторы Болат Қыстаубаевтың Шоқанның Петербургтен ауырып кеткен жоқ, оны қуып жібергендігі туралы мәліметін оқып берді.

Шығармашылық зерттеушілік ізденіс адам үшін екі түрлі көзқараспен маңызды: бір жағынан, жаңа өнімге қол жеткізуінде, екінші жағынан, ізденіс процесінің мәнділігінде.

Шығармашылық – ойлау қабілетінің ең жоғарғы қасиеті. Шығармашылық арқылы оқушының жолдасына, өмірге, білімге деген сенімі, көзқарасы өзгереді. Тіл дамыту жұмыстары жан-жақты болса, ойының дәлдігі, тілінің көркемдігі артады. Тақырыпты меңгеруге өз күшіне сену қасиеті қалыптасады.

Осы арада оқушыларды шығармашылыққа баулу үшін тағы бір қажеттілік – оларды психологиялық дайындықтан өткізу, яғни балалық шабытын оятып, құлшындырып, еліктіріп отырып, «сенің қолыңнан бәрі келеді екен ғой», «өзің де бәрін біліп, үйреніп аласың» деп олардың кішкентай жетістіктерін мадақтап, көтермелеп отыру керек.

Оқушыларды ең қызықтыратын тақырып — ертегілер. Қазақ ертегілерімен олар әдебиет сабағында танысады.Сол сабақтарда олар ертегілер туралы оқып, басқа халық ертегілерімен салыстырып, олардың ұқсастығы мен айырмашылығын анықтайды. Бұл  оларды зерртеушілікке итермелейтін алғашқы қадам. Осындай қадамдар айналып келгенде «Орыс,қазақ, ағылшын ертегілеріндегі кейіпкерлер аты мен этникалық сөздерді транслитерациялау» атты ғылыми жобаға алып келді.   Жобаның негізгі мақсаты: ағылшын, орыс,  қазақ ертегілерін оқып,аудару процесі кезінде олардың аударма нәтижесінде қандай өзгеріске ұшырау себептерін талдау. Жұмыс барысында ертегілер кейіпкерлерінің аты  мен этникалық сөздері, олардың аударма барысында  берілу тәсілдері,аударма кезіндегі аудармашылардың қиындықтары қарастырылды.   Жоба барысында : зерттеу,аударма, салыстыру, сауалнама, лингвистикалық әдістер қолданылып, транслитерация,транскрипция, берілген сөз мағынасын басқа  сөз бірлігімен ауыстыру сияқты ұғымдар қарастырылып, ең тиімдісі транслитерация деген тұжырымға тоқталдық.

Нәтижесінде,  бұл жұмыс  оқушылардың қалалық ғылыми жобалар сайысында II жүлделі орынды, облыстық сайыста жүлделі  III  орынды иеленді.

Қорыта келгенде, шығармашылық жұмыс әрқашан оқушының пікірін тудырады, өз пікірін бағалай алады, ізденеді,қызығады, яғни оқушы пікіріне қажеттілік туады. Әр оқушының өзіне деген сенімі нығаяды және өзінің меңгерген біліктілігінің нәтижесі күнделікті білім деңгейін көтеруіне ықпалын тигізеді.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Оқушылардың дарындылығы мен шығармашылық қабілеттерін арттыру жолдары. Жағыпарова Г.С. Қазақ тілі Қазақстан мектебінде. №3,23-26б 2008ж. Алматы
  2. Оқушылардың шығармашылық қызметін дамытудың өзекті мәселесі. Картекенова Р.С. , Омарова Р.С., Сибагатова Г.Қ. Қазақ тілі Қазақстан мектебінде №4 11-15б.2000ж. Алматы

3 .  Научно – исследовательская работа учащихся. Кенжебаева М.К. Әдебиет Қазақстан мектебінде №3, 2010 ж. Алматы