«Өзін-өзі тану» жас ұрпаққа рухани адамгершілік құндылықтарын негіздеп білім мен тәрбие беретін пән

104

«Өзін-өзі тану» жас ұрпаққа  рухани адамгершілік құндылықтарын негіздеп білім мен тәрбие беретін пән

 

Заман талабына сай білім беру жүйесі өзінің басым бағдарын жеке тұлғаның рухани адамгершілік тұрғыдан  кемелденуіне назар аудара бастады. Демек, тұлғаның адамды адам ете түсетін қасиетін ашып көрсету, яғни руханилығын дамыту – заман талабы. Рухани құндылықтар мәңгілік және адамзаттық. Қай халықтың болмасын өзіне ғана дараланып тұратын ерекшелігінің бірі – рухани құндылықтар жүйесі. Рухани құндылықтардың мәнін ашу арқылы оқушылардың рухани-адамгершілік тәрбиесі мен білім деңгейін жетілдіруде «Өзін-өзі тану» пәнінің мәні мен маңыздылығы ерекше болып отыр. «Өзін-өзі тану» пәнінде оқушы өзін-өзі тану ғана емес, ол рухани білім мен таным мәдениетін, қоғамдық талапқа сай ізгілікті, инабаттылықты, адамгершілік қатынастар мен мінез-құлықтарды және өзін-өзі меңгеру әдебін үйренеді.  Мектеп жасына дейінгі кезеңнен бастап балалар адамгершілік құндылық бағдарын, қарым-қатынас мәдениетін , өз Отаны мен туған өлкесіне сүйіспеншілік, Мемлекеттік рәміздерге сүйіспеншілікпен қарауға, отбасы, түрлі ұлт тілдеріне адамгершілікпен қарауға тәрбиеленеді. Баланың танып-білуге қызығушылығын арттырады. Сабақ барысында мектепке дейінгі кезеңде балаларға ертегі, аңыз-әңгімелер, мақалдар арқылы мейірімділікке, қайырымды болуға жалпы адамзаттық құндылықтардың бастапқы түсініктері беріледі. Түрлі ойын тәсілдері қолданылады.  Ал бастауыш сыныптардан бастап, «Өзін-өзі тану» пәнін оқытудың бағдарламалық мазмұны мен әдістемелік әдіс-тәсілдері оқушылардың жас ерекшеліктеріне, танымдық іс-әрекеттеріне қарай күрделене береді. Бастауыш сынып оқушылары сабақта мейірімділік, сезімталдық, тілектестік, ынтымақтастық дағдыларына төселеді. Оқу үрдісінде ойын әрекеттері, әңгімелесу, сергіту жаттығулары, рольдік ойындар, шығармашылық- практикалық жұмыстар, жағдаяттарды талдау әдіс-тәсілдері қолданылады. Осындай жұмыстардың нәтижесінде балалар өз мінез-құлықтары  мен қоршаған орта, адамдардың қылықтары мен әдеттері туралы, өз бойындағы жақсы үлгілерді жетілдіру тілектерін дамытуға ықпал етеді. Сабақтағы түрлі әдіс-тәсілдер арқылы берілген біліммен, талданған тақырып, дәйексөздер баланың өз басында жауапкершілік сезімін және өзіне-өзі талап қоя білуді, үлкендерді сыйлауға, әдептілікке, қоршаған ортаны түсінуге қамқор болуға үйренеді.

Ал, ортаңғы және жоғары сыныптарда берілетін білім мен  тәрбиедегі рухани-адамгершілік құндылықтар сабақ мазмұны мен мақсат- міндеттеріне қарай берілген мәтіндер, дәйексөздер, ұлы ғұламалардың философиялық ой – толғаулары, сахналау мақсатындағы рольді ойындар, шығармашылық жұмыстар, әңгімелесу барысындағы жүйелі талдаулар, көзқарас пікірлер ,түрлі мазмұнды ақпараттар, оқушылардың бойында қайырымдылықты, сүйіспеншілікті, әдептілікті, мейірімділікті, өзіне-өзі сенімділікті тәрбиелеуді  мақсат еткен. «Өзін-өзі тану» сабағында айтулы мақсаттарға жету үшін тренинг, ойын-жаттығулардың орны ерекше.

8 сынып оқушыларымен өткен «Көңіл-күй түсі» атты жаттығудың мақсаты -жеке тұлғаның шығармашылық рухани физиологиялық мүмкіндіктерін дамыту және өзін-өзі тануы,қоршаған ортамен түсінікте болуы.

7 сынып оқушыларымен «Ыстық орындық» атты жаттығу. Оқушылар өз сыныптастары жайлы «Ол қандай?» деген сұраққа жауап алады.

9 сыныпта «Түрлі қасиет сататын базар» ойыны. Оқушылар өз бойындағы қандай қасиеттерді сатқылары келеді, қандай қасиетті сатып  алғылары келетінін ақ парақта жазып кеуделеріне іліп алады. Ойын- жаттығу өте қызықты өтеді. Ойын-жаттығудан кейін талданады. Не ұнады? Қандай қиындық бар? Кімді бағалаған қиын? Өзіңді ме,өзгені ме? т.б .

Сонымен қатар, «Өзін-өзі тану» пәнінен оқушылар халқымыздың рухани  әлемде өзіндік орны бар  А.Құнанбаев, Ы.Алтынсарин, М.Мақатаев, Ж.Аймауытов, Б.Момышұлы, Ш.Уәлиханов , М.Әуезов, Қ.Мырза-Әлі, Т.Айбергенов, Ш.Сариев т.б сынды қаламгерлердің рухани адамгершілік құндылықтары негізінде жазылған өлеңдер, дәйексөздер, ой-толғаулары мәтіндері оқушыларға өмірдің өзгермелі, қиын да күрделі екенін айтады. Күреске толы адамдық құндылықтарды ту етіп қана, оған жол табарлық терең сырлы әлем екенін аңғартады. Сабақта оқушыларға қосымша көркем әдебиеттер де пайдалану тапсырылады. Бұл оқушылардың логикалық ойлау мен шығармашылығын дамытады. Мысалы, 11 сыныпта «Өмір шексіз керуен» деген тақырыпты өткенде оқушыларға М.Мақатаевтың «Өмір туралы» өлеңдерін оқып,  өз ой-пікірлерін жазып келуі тапсырылды. Оқушылар уақыттың қаталдығы, қайта айналып келмейтінін, уақытты дұрыс пайдалану туралы ақынның ұрпаққа ой салып тұрғанын түсінгендіктерін айтты. «Жақсылық – жан шуағы тақырыбында» өтілген сабақта З.Ахметованың «Шуақты күндер»  мәтінімен танысып, оқып, талдауда оқушылар жақсылық жасаудың, мейірімділіктің, адам жанын нұрландырып, көңілін мерейлендіретінін айтып, түсінгенін ортаға салды. Жалпы «Өзін-өзі тану» рухани адамгершілік білім мен тәрбие беру сабағының нәтижесінде оқушыларға ойлау, сөйлеу мәдениетін қалыптастырады:

— Рухани адамгершілік құндылықтар артады;

-Салауатты өмір сүруге баулиды;

-Шығармашылық қабілетін дамытады;

-Ғылымға бейімделеді;

-Әсемдікпен қаруланған ұлттық тәрбие нәрімен сусындайды;

-Халық игілігін жасаушы болашақ азаматты жан-жақты етіп тәрбиелейді.