КӘСІПТІК-ТЕХНИКАЛЫҚ БІЛІМ БЕРУДЕ ҚАЗАҚ ТІЛІН ОРЫС ТІЛДІ ДӘРІСХАНАЛАРДА КӘСІБИ САЛА БОЙЫНША ОҚЫТУДЫҢ ТИІМДІЛІГІ

151

 

КӘСІПТІК-ТЕХНИКАЛЫҚ БІЛІМ БЕРУДЕ ҚАЗАҚ ТІЛІН ОРЫС ТІЛДІ ДӘРІСХАНАЛАРДА КӘСІБИ САЛА БОЙЫНША ОҚЫТУДЫҢ ТИІМДІЛІГІ

Мемлекеттік тілді меңгерту ісі күн санап қолға алынып, Елбасы тарапынан ерекше қолдауға ие болып отыр. Әсіресе, мекемелердегі құжат айналымының қазақ тілінде жүргізілуін, қазақ тілін үйрету үшін құрылған межелі бағдарлама – жоспарларының уақтылы орындалуын құзырлы орындардың қадағалап отыруы мемлекеттік тілді үйренуге деген қажеттілікті арттыра түскен. Ал бүгінгі білім алушы –  ертеңгі қызметкер. Сондықтан олардың әрқайсысының қазақ тілін ертеңгі күннің сұраныс деңгейіне сай меңгеріп шығуын қадағалауымыз қажет.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына жолдауында «Халықаралық тәжірибелерге сүйене отырып, қазақ тілін оқытудың қазіргі заманғы озық бағдарламалары мен әдістерін әзірлеп, енгізу қажет. Мемлекеттік тілді тиімді меңгерудің ең үздік, инновациялық әдістемелік, тәжірибелік оқу – құралдарын, аудио – бейнематериалдарды әзірлеу керек» [4,б.3] деген еді. Ендеше бұл қазақ тілін оқытудың сапасын, оның тиімділігін арттыру қажет деген сөз.

Бүгінгі күні қазақ тілін меңгертудің сан алуан жолдары мен әдіс-тәсілдері белгілі. Солардың қатарындағы ең бір тиімдісі – қазақ тілін әр мамандыққа сай, өз кәсібіне қарай бейімдеп оқыту. Яғни білім алушыға бүкіл тілдік жүйені, ондағы грамматикалық ережелерді жаттатып ығыр қылғаннан гөрі, өзінің мамандығына қатысты терминдермен, мәтіндермен жұмыс істеткеніміз дұрыс. Салалық бағытта жұмыс жасауда кәсіби қызметтегі ерекшелік басты назарда  болуы маңызды рөл атқарады. Дәрісханаға кірген сәттен бастап қандай мамандық иесімен, қай сала бойынша жұмыс істеу қажеттігін білуіміз керек. Білім алушылардың қай мамандықта оқитындығын білген соң, белгілі бір сабақ жоспары әзірленеді.

Қазақ тілін сала бойынша оқыту мәселесі қарастырылғалы да біршама уақыт өтті. Бірақ әлі де болса кедергілердің тұрғаны жасырын емес. Бұған қол байлау болатын бірнеше себеп бар. Соның ең бастысы – әр салаға арналған оқулықтың болмауы, сөздіктердің жеткіліксіздігі. «Кез – келген жаңа нәрсені толық түсіну, оны жүзеге асыру  барысында бұған дейінгі тәжірибелерден байқағанымыздай мәселені басқаша түсіну немесе дағдылы жағдайдан шыққысы келмеу сияқты жағдайлардың болатыны сөзсіз. Оның үстіне аталған маңызды мәселе жайлы қазақ тілінде ақпараттың тым мардымсыз болуы да бұл жағдайға өз көлеңкесін түсіруде. Мәселен ресми құжаттардан басқа, бейінді оқытуды методологиялық,  педагогика-психологиялық, әлеуметтік-социологиялық тұрғыдан талқылаған мақалалар немесе іргелі еңбектер бұл күнге дейін көпшілік талқысына ұсынылған жоқ» [3,б.13]. Кезінде Ахмет Байтұрсынов «Оқу жұмысының үш жағы үш нәрсеге тіреледі: бірі ақшаға, бірі құралға, бірі мұғалімге. Осы үш тіреу бірдей тең болса, оқу қисаңдамай, ауытқымай түзу жүреді. Осы үшеуі тең болмағанда  оқу жұмысы аумалы жүк сияқты, орнықсыз… » [2,б.5]. Демек, қазақ тілін кәсіби салалар бойынша оқыту-үйрету жұмыстары барысында да  осы үш талап орнықты болса, атап айтқанда, қазақ тілін орыс дәрісханаларында оқытатын базалық білімі бар оқытушының болуы, осы салада пайдаланылатын оқу-әдістемелік құралдар және осы бағыттағы жұмыстардың қаржыландыруы. Осы жұмыстарды орындау қазақ тілінің барлық салада толығымен дамуы мен толық түрде қолданылуына жол ашары сөзсіз. Расында, қазақ тілін кәсіби сала бойынша оқытудың өзіндік талаптары да жоқ емес. Бұл кезекте, ең алдымен, оқытушыларға қойылар талаптың саны өте көп. Мәселен мына слайдта кәсіби сала бойынша оқытуда қазақ тілі оқытушысына қойылатын талаптарды көрсеттік. Яғни оқытушы  кәсіби сала терминдерін, терминдерінің аудармасын, кәсіби сөздерді, сол салада жүргізілетін құжаттар тізімін білу керек.

Сала бойынша оқытуда ең алдымен білім алушының мамандығына сәйкес маңызды тақырыптарды алу қажет. Сол тақырыпқа қажетті лексикалық минимумдарды ұсыну, оларды коммуникативтік дағдыда қолдана білуге дағдыландыру студенттің сол тақырып аясындағы сөздік қорын молайта түседі. Мәтін бойынша оны есте сақтау, мазмұнын толық түсінуді талап ету, мәтінді екінші рет оқу үшін арнайы тапсырмалар беру, мәтіннің мазмұнын түсінуге қиындық келтіретін сөздерді, күрделі сөз тіркестерін түсіндіру тәрізді сан алуан амалдарды пайдалану тілді меңгеруге өз көмегін тигізеді. Лексикалық тақырып грамматикалық тақырыппен байланыса отырғызылып жүргізіледі.

Салалық оқыту ресми салаға жататындықтан, негізінен терминдерді қолдану ерекшелігі бірінші кезекте тұрады. Терминдер нақты бір салаға қатысты ұғым болғандықтан, оны меңгеру қажет. Бірінші кезекте мамандық атауларын білу қажет. Мәселен бір саланың өзінде сан алуан мамандық иелері болуы мүмкін, соларға ассоциация жасату арқылы меңгерту керек.  Төмендегі слайд соның бір көрінісі:

Екінші, олардың күнделікті атқаратын жұмыстарымен байланысты сөздерді меңгеруі және оны сөйлесім әрекетінде қолдана білуі. Мысалы: жобалау, жобаны талдау, жобаны қабылдау, сараптау, ұсыныстарын айту т.б.

Кәсіби салада нақты ұғымдарды пайдалану синонимдерді көп қолданудан құтқарады. Білім алушы тілі нақтылыққа негізделеді. Кәсіби салада әр сөздің нақты қолданылатын мағынасын, оның грамматикалық, лексикалық мағынасын толық білу керек.

Кәсіби салада оқытуда сұхбат жүргізудің де маңызы зор. Бұлардың нәтижесінде білім алушы өз саласына қатысты сұрақ-жауапты игеруі, сала терминдерін пайдаланып сөйлей білуі мен өзінің болашақ қызметтік, лауазымдық міндетін толық айта білуі, өз саласына қатысты туындаған мәселелер бойынша сұрақтар қою және өз саласындағы барлық құжаттарды қазақ тілінде жүргізе білуге үйренеді. Оқу материалына негізінен өз мамандығына байланысты мәтіндер, бұйрықтар, есеп, жоспар, лауазымдық міндеттер мен жұмыс ережесі т.б. құжаттар алынады.

Әрине білім алушыларға сала бойынша оқытқанның жөні осы екен деп, оларға кәсіби сөздерді жалаң жаттатқыза беруге де болмайды. Н.Насиева мамандыққа қатысты лексиканы игеру жолдарын нақты ашып берген. Мәселен, «Мәтінмен жұмыс істеу барысында жаңа сөздердің мағынасын талдау, жоспар бойынша мәтінді мазмұндау, сөздерді орынды қолдана білуге  дағдыландыру сабақтың сапасын арттыратыны сөзсіз. Мәтін ішінен қажетті мәліметті бөліп алу, айыра білуге машықтандыру студенттің ой — өрісін    дамытуға жағдай жасайды. Кәсіби сөздерді жалаң алмай, оны сөйлем ішінде қолдана білуді үйреткен дұрыс» [6,б.31].

Сала мамандарына кәсіби қазақ тілін меңгертудің тағы бір қыры  әр маманның сөз сөйлеу мәнері, сөз саптау ерекшелігі. Сөздердің айтылу заңдылықтарын дұрыс қолдану, ойдың мазмұнына сәйкестендіріп айту-сөйлеу жанрының басты талабы.

Қазақ тілін кәсіби салаларда үйретудің басты мақсаты: болашақ мамандардың қазақша кәсіби тілін дамыту, кәсіби сала мамандарының жаңа саладағы жүйелі даярлығын күшейту, сол негізде Қазақстанның әлемдік жүйедегі орнын нығайтуға және бәсекелестік деңгейін жоғарылатуға үлес қосу.

Н.Құрман қазақ тілін кәсіби салаларда үйретудің міндеттерін былай көрсеткен: «қазақ тілін үйретудің жаңа мазмұндағы бағдарламалары әзірленуі керек. Ондағы тақырыптар кәсіби салаларға толығымен бейімделуі керек» [5,б.8].

Қазақ тілін кәсіби салаларда үйретудің маңыздылығы:

  • өзінің мамандығы аясында қажетті мәліметтерді игереді;
  • өзінің болашақ кәсібі бойынша ойын толық жеткізе алады;
  • өзінің қызметіне байланысты терминдердің орысша-қазақша аудармасын, мағынасын түсінеді;
  • мамандығына қатысты мәселелерді талқылай алады;

Білім алушыларға салалық бағытта мемлекеттік тілді үйрету оқытушыға тілді үйретуге басқа бір қырынан келуді, нақты мақсатты және жағдайды жүктейді.

Осы аяда өзім де бірер әрекеттер жасап көрдім. Мәселен «Кәсіптік қазақ тілі» пәні бойынша құрылыс мамандығына арналған мәтінер жинағын» құрастырдым. Себебі, құрылыс мамандығында оқитын студенттерге қазақ тілін сала бойынша оқытуға арналған оқулықтар жоқтың қасы. Тек бірен-саран сөздіктер бар, олардың өзі толық сын көтермейді.

«Кәсіптік қазақ тілі» пәні бойынша құрылыс мамандығына арналған мәтінер жинағын» құрастырудағы басты мақсат – қазақ тілін кәсіби деңгейде қатысымдық бағытта өндірістен қол үзбей үйретуге мүмкіндік беру болып табылады. Сабақ құрылымы мәтіндерден, мәтін тапсырмаларынан, жаттығулар мен суреттерден, сөздіктер мен глоссарийлерден тұрады.

Құрылысшы, сылақшы, дәнекерлеруші, тас қалаушы тәрізді салалар бойынша қызмет істейтін мамандарға арналған бұл жинақ алдағы уақытта білім алушыларға қазақ тілін үйретуде өз тиімділігін танытатынына сеніміміз мол. Мәтіндер жинағы тек білім алушыларға ғана емес, құрылыс саласындағы мамандардың барлығына мемлекеттік тіл бойынша тілдік және тілдесім дағдыларын қалыптастыруға, қатысымдық біліктілігін дамытуға, сондай-ақ оны іс-тәжірибеде еркін қолдануына мүмкіндік береді.

Қазақ тілін әр топтың өз мамандығына сәйкестендіріп, сала бойынша оқыту – мемлекеттік тілді меңгертудің бірден – бір тиімді жолы екендігі сөзсіз.

ӘДЕБИЕТТЕР:

 

  1. Абдрахманова А.Ж. Қазақ тілін кәсіби салаларға бағыттап оқыту // «Президент тапсырмасы: мемлекеттік тілді үйрету орталықтары желісін кеңейту және жетілдіру мәселелері» атты републикалық ғылыми-практикалық конференцияның материалдары. Астана, 2009. 41-б
  2. Байтұрсынов А. Ақжол. 5-б
  3. Кенжеғалиева Л.Ғ., Мұханбетқалиев Ә.С. Мемлекеттік тілді кәсіби салалар бойынша меңгертудің әдістемелік аспектілері // «Мемлекеттік тілді кәсіби салалар бойынша оқыту-үйрету мәселелері» атты республикалық ғылыми-практикалық семинар материалдары. Астана, 2009.13-б
  4. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауы.2009. 3-б
  5. Құрман Н. Қазақ тілін кәсіби салаларда үйретудің ғылыми — әдістемелік негіздері // «Мемлекеттік тілді кәсіби салалар бойынша оқыту-үйрету мәселелері» атты республикалық ғылыми-практикалық семинар материалдары. Астана, 2009. 8-б.
  6. Насиева Н. Мамандыққа қатысты лексиканы игеру жолдары // «Мемлекеттік тілді үйретудің ғылыми — әдістемелік мәселелері» атты республикалық ғылыми – практикалық семинар материалдары. Астана, 2009. 31-б.