Математика сабақтарында модульдік технологияны қолдану

Математика сабақтарында модульдік технологияны қолдану

Математика пәнінің мұғалімі: Тибеева Зибагүл Кәкімбекқызы

(Әдістемелік кеңесте оқыған баяндамасы)

            Қазіргі уақытта Қазақстанда білім берудің өзіндік ұлттық үлгісі қалыптасуда. Бұл процес білім парадигмасының өзгеруімен қатар жүреді. Білім берудегі ескі мазмұнның орнына жаңасы келуде. А.Я.Коменскийдің, И.Гербардтың дәстүрлі объект-субъектілі педагогикасының орнын басқасы басты, ол – балаға оқу қызметінің субъектісі ретінде өзін өзі өзектілендіруге, өзін танытуға және өзін өзі жүзеге асыруға ұмтылатын дамушы тұлға  ретінде қарауға бағытталған. Мұндай жағдайда педагогикалық процестің маңызды құрамы – оқу ісіндегі субъектілер – оқытушы мен оқушының тұлғалық бағытталған өзара әрекеті болып табылады.

Жаңа білім парадигмасы бірінші орынға баланың білімі, білігі мен дағдысы емес, оның жеке тұлғасын, білім алу арқылы дамуын қойып отыр.

Қазіргі уақыттағы педагогика ғылымының бір ерекшелігі – баланың тұлғалық дамуына бағытталған оқытудың жаңа технологияларын шығаруға ұмтылуы.

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңында оқыту формасын, әдістерін, технологияларын таңдауға көп нұсқалылық қағидасы бекітілген, бұл білім мекемелерінің мұғалімдеріне, педагогтарына өзіне оңтайлы нұсқаны қолдануға, педагогикалық процесті кез келген үлгімен, тіпті авторлық үлгімен құруға мүмкіндік береді.

Ана тіліміздің мемлекеттік мәртебеге ие болуы, ұлттық мектептердің кеңінен ашыла түсуі – пән мұғалімдеріне күрделі міндеттерді жүктеп отыр. Мұндай міндеттердің бірі –   оқытуды жаңаша ұйымдастыру, әрбір пәннің ғылыми сипатын арттырып, ұлттық деңгей дәрежесіне жеткізу.

Солардың ішінде математика пәнінің алатын орны ерекше. Бұрынғы догмалық әдістерден арылып, тиімді әдістемелік жолдарды қажетіне қарай пайдаланып отыру тәжірибеге айналып келеді.

Жаңа технология әдістері әрбір оқушының шығармашылықпен жұмыс істей білуіне, өз бетімен жұмыс істеп, қорытынды жасай алуына, адамгершілік қасиеттерін қалыптастыруға, жүйелі білім алуға жетектейді. Яғни оқытудың дамытушы және тәрбиелеуші ықпалының пәрменділігін арттыру көзделеді. Қандай да бір жаңа технологияны алсаңыз да, ондағы қолданылатын әдіс-тәсілдер бір-бірімен байланысты немесе ұқсас деуге де болады. Мысалы, ұжымдық оқыту тәсілі сабақты ұйымдастыруда төрт түрлі тәсілді пайдалануды ұсынады:

  1. Жекелей жұмыс – сыңары ауыспайтын жұп.
  2. Жұптық жұмыс – сыңары ауысатын жұп.
  3. Топтық жұмыс – тақырып алмасу.
  4. Ұжымдық жұмыс – білімді есепке алу, тексеру, жазба жұмысы.

Ал, модульдік оқыту технологиясында оқытуды ойын түрінде ұйымдастыру және әр түрлі белсенді формаларды (топтық, жеке және жұппен жұмыс, диспуттар, пікірталастар) қолдану оқытудың міндетті шарты болып табылады.

Оқытудың жаңа технологияларын қарастыра келе, мен модульдік оқыту технологиясын математика пәніне де лайық технология деп таныдым.

Сеебі – модуль дегеніміз үлкен бір жүйе. Бұл технологияның ерекшелігі – оқушы бір үлкен тарау немесе тақырып бойынша жүйелі білім алады. Өзін-өзі дамытады, бірін-бірі оқытады, білімді сапалы меңгереді, біреуден үйрену, біреуге үйрету арқылы логикалық ойлау, байланыстырып сөйлеу, салыстыру, дәлелдеу, т.б. дағдыларды қалыптастырады.

Бұл оқу модулі қайта жаңғыртушы оқу циклі ретінде үш құрылымды бөліктен: кіріспеден, сөйлесу бөлімінен және қорытынды бөлімнен тұрады.

Кіріспе бөлімінде мұғалім оқушыларды оқу модулінің жалпы құрылымымен, оның мақсат-міндеттерімен таныстырады. Сонан-соң мұғалім осы оқу модулінің барлық уақытына есептелген оқу материалын қысқаша (10-20 мин) сызба, кесте және т.б. белгілік үлгілерге сүйене отырып түсіндіреді. Оқушылардың оқу материалын қайта жаңғырту деңгейін, қарапайым білік пен дағдыларды және білімін іс жүзінде бірнеше рет қайта қолдануы сөйлесу бөлімі сабақтарында жүзеге асырылады.

Тақырып мазмұнына (тұтас тақырып немесе тарау бойынша) «өсу» бағытымен – қарапайымнан күрделіге, репродуктивтік тапсырмалардан шығармашылық сипаттағы тапсырмаларға, зерттеушілік қызмет элементтеріне қарай бірнеше мәрте қайта оралып отыру әр оқушыға оқу материалымен жұмыс істей отырып, өз қабілеттерін, жадын, ынтасын, ойлауын, ауызша және жазбаша тілін дамытуға мүмкіндік береді.

Сөйлесу бөлімінде танымдық процесс сыныпты 2-6 адамнан шағын топтарға бөлу арқылы негізінен оқушылардың өзара әрекет етуіне құрылған.

Оқушылардың танымдық қызметі әрбір оқушының әр сабақта үш күрделілік деңгейде берілген оқу материалын тыңдау, жазу, көру және айту мүмкіндігі болатындай етіп құрылған. Сөйлесу бөлімінде алғашында оқу материалын қайта жаңғырту және қарапайым білік пен дағды қалыптастыру мақсатында, кейіннен – алынған білімді талдау, жинақтау және бағалау мақсатында оқытудың белсенді формалары қолданылады. 3, 4 сабақтардан бастап оқушыларға стандарт талаптарына сай сараланған тапсырмалар беріледі (ІІІ және ІІ деңгейлер). І деңгей тапсырмалары дарындылықтың екі түрінде – интеллектуалдық және креативтік дарынды балаларға арналған.

Оқу бөлімінің сөйлесу бөлімі оқушылардың өзін өзі оқытуына және өзін өзі бағалауына, бірін бірі оқытуына және бірін-бірі бағалауына құрылған. Бұл әрбір оқушы үшін тек үш деңгейлік тапсырмалар ғана емес, олардың үлгі жауаптарын да даярлау арқылы іске асырылады. Әсіресе, кітаппен жұмыс істеу кезінде негізгі ойды ажырата білуге үйрете отырып, барлық оқушының бірдей жұмыс істеуі көзделеді. Бұл технологияның тағы бір ерекшелігі – дарынды балалармен тұрақты және жүйелі жұмыс істеу мүмкіндігі болып табылады. Оқу модулінің сөйлесу бөлімінің тағы бір ерекшелігі бар. Оқытудың белсенді және ойын формаларын кеңінен қолдану оқушылардың оқу материалына бірнеше мәрте – 13-тен 24-ке дейін қайта оралып, жұмыс істеуіне мүмкіндік береді (оқу материалын меңгеруге 7 мәрте қайта оралып, пысықтағанда ғана жүзеге асатындығын психологтар дәлелдеген).

Сонымен қатар, оқу бағдарламасы бойынша берілген сағат саны өзгермейді. Бірақ әр оқу модулінде сағат саны әр түрлі болады.

8-сыныптағы алгебра пәніндегі жаңа ұғымдарды енгізуге арналған тарауларға берілген сағат сандарын жекелей де, екі тарауды біріктіріп те модульге енгізуге болады. Бұл пән мұғалімінің өз шеберлігіне байланысты. Кіріспе бөлімінде тірек сызбаларды жасап, сол белгілік үлгілерге сүйене отырып түсіндіру тиімді және аталмыш модульдің кіріспе бөлімінде оқушылар бағдарламаның осы тарауын неге және не үшін оқып үйренулері керектігін, өздері нені меңгеріп үйренулері тиіс, алдағы жұмыстың негізгі оқу міндеті қандай екенін түсінеді.

Модульдік оқытудың сөйлесу бөліміндегі оқыта үйрету ойындарына қатыса отырып, оқушылар неғұрлым аз шаршайды, оқу қызметінен көбінесе жағымды эмоциялар алып, қанағаттанады. Сондықтан сөйлесу бөлімінде қай ойынды қай кезеңде пайдалануға көңіл бөлу керек. Мысалы, «Қарлы кесек» ойынын сөйлесу бөлімінің 1, 2, 3-ші сабақтарында пайдалану тиімді. Сееббі бұл ойында тақырыпты тақырыпты көру, оқу, сөйлесу, тыңдау мүмкіндігі іске асады.

Сол сияқты «Ьрейн-ринг» оқыта -үйрету  ойынын 3-4 сабақтарда пайдалануға болады. Себебі оқушыларға деңгейлік тапсырмалар беру арқылы қай оқушының қандай деңгейде тақырыпты меңгергендігін байқауға болады.

Диспут, пікірталас сабақтарын өткізу сөйлесу бөлімінің соңғы сабақтарында іске тиімді. Себебі оқушы тақырыпты толық игереді, қосымша деректер жинауға мүмкіндігі болады, яғни тақырып бойынша қосымша әдебиеттерді қарастырып шығуына мүмкіндік бар. Білімді қосымша толықтырмай, пікір айту, талдау жасау мүмкін емес. Ал модульдік оқыту технологиясы әр оқушының қабілетін дамытуға, еңбек етуге, ұйымшылдыққа, өзін- өзі басқаруға, байқампаздыққа үйретеді. Оқыту мен дамыту өзара күрделі қатынастағы процестер.

Егер сабақ танымдық қызметтің өзінен жағымды эмоциялар алатындай ұйымдастырылса, жақсы нәтиже береді. Бұл үшін мұғалім әр сабақта балаға психологиялық қолдау көрсетуі, психологиялық жйлы орта туғызуы қажет. Ол үшін мынадай қағидаларды басшылыққа алуы тиіс:

  1. Балаларға әрқашан сенім көрсетуі.
  2. Оқушыларға оқытудың мақсаттары мен міндеттерін белгілеп, нақтылауға көмектеседі.
  3. Оқушылардың оқуға деген ішкі қызығушылығына мән беру.
  4. Оқушы қиындыққа кездескенде әрқашан кеңес алуға болатын тұлға ретінде тұруы.
  5. Мұғалім мен әрбір оқушы үшін осындай рольде болуы.
  6. Топтық өзара әрекетке белсенді түрде қатысуы.Топтың көңіл-күйін сезіну, қабылдау қабілетін дамыту.
  7. Топтың өз сезімін ашық білдіруі.
  8. Өзін өзі жақсы білуі.

Ол үшін мұғалім берілген модуль бойынша оқу материалдарының тұтас мазмұнын оқып, зерттеуі тиіс, Екіншіден, негізгі мағынаны білдіретін түйінді ұғымдарды, сөздерді табуы керек , олардың өзара байланысын анықтауы керек. Тұтас тақырып бойынша тірек сызбаларын құрастыра білуі тиіс. Оқу модулінің тұтас мазмұны бойынша тестілік тапсырмалар құрастыру, т.б. жұмыстар даярлау қажет.

Ең негізгісі – сөйлесу бөліміндегі оқытудың белсенді формаларын таңдай білу. Егер мұғалім даярлығы төмен болса, жақсы нәтижеге жету мүмкін емес.

Оқу бөлімінің қорытынды бөлімі – бақылау. Егер сөйлесу бөлімінің барлық сабақтарында оқушылардың бір-біріне көмегі, бірін-бірі оқытуы, түрлі ғылыми көздерді пайдалануы құпталынып келсе, енді қорытынды бөлімде оқушы өзінің сөйлесу бөлімінде алған білімін, білігі мен дағдыларын ешкімнің көмегінсіз көрсетуі тиіс.

Оқушы білімін бақылаудың формалары ретінде тестілік тапсырмалар, бақылау жұмыстары, сынақ, шығарма немесе диктант оқу пәнінің ерекшелігіне орай қолданылып, оқу модулінің осы қорытынды бөлімінде беріледі.

Оқушылардың тақырып, немесе тару бойынша білімін, білігін, дағдысын бағалауда оқу модулінің қорытынды (бақылау) бөлімінде алған бағалары қойылады.

Егер сөйлесу бөлімінде оқушыларға үш деңгейдегі («жеңілдетілген» стандарт, «стандартты», «стандарттан жоғары») тапсырмалар ұсынылса, қорытынды бөлімінде барлық оқушыларға бірдей мемлекеттік білім стандартына сай тапсырмалар беріледі.

Қорыта келгенде, модульдің әрбір сабағына тиянақты дайындалғанда ғана нақты нәтижеге жетуге болады. Модульдегі тақырыпқа берілетін тапсырмалар ойлау қабілеттерін арттыруға, шығармашылық қабілетін дамытуға талпындыратындай болуы тиіс.

Сонымен, қорыта айтқанда, жаңа технологиялар:

  • оқушыны өз қабілетіне, болашағына сенуіне;
  • оқушыны ынталандыруға;
  • оқушы мен оқытушының ынтымақтастық қарым-қатынасына;
  • оқушының өз білімін бағалай білуіне;
  • баға әділдігіне;
  • білім көрсетудің әділ сайысына, т.б. бағыттауға мүмкіндік береді.