ТҰЛҒАНЫҢ АДАМГЕРШІЛІК-РУХАНИ ЖӘНЕ АЗАМАТТЫҚ-ПАТРИОТТЫҚ ТӘРБИЕЛЕНУІНЕ ҚАЖЕТТІ ИНКЛЮЗИВТІ БІЛІМ БЕРУ МАЗМҰНЫН ЖЕТІЛДІРУ

Құнанбаева Г.М. тәрбие ісінің меңгерушісі

Шет ауданы Бұрма орта мектебі

ТҰЛҒАНЫҢ  АДАМГЕРШІЛІК-РУХАНИ ЖӘНЕ АЗАМАТТЫҚ-ПАТРИОТТЫҚ ТӘРБИЕЛЕНУІНЕ ҚАЖЕТТІ  ИНКЛЮЗИВТІ БІЛІМ БЕРУ МАЗМҰНЫН ЖЕТІЛДІРУ

Рассматриваются пути репшения формирования духовно-нравственного воспитания и гражданского патриотизма индивидуальной личности для изучения инклюзивного знания.

We consider ways to address the formation of spiritual and moral education and civic patriotism of individual personality for the study of inclusive knowledge.

Қазақстан Республикасы өркениетті елдер қатарына қосылу жолында саяси-әлеуметтік, экономикалық өзгерістермен қатар білім саласындағы басты мәселе – келешек ұрпақты заман талабына сай интеллектуалы жоғары, мәдениеттілігі имандылығымен ұштасып жататын елжанды азамат етіп тәрбиелеу.

Тәрбие – халықтың ғасырлар бойы жинақтап, іріктеп алған озық тәжірибесі мен ізгі қасиеттерін жас ұрпақтың бойына сіңіру.

«Тәрбие —  ұлағатты іс», — деп ұлы ойшыл Әл-Фараби айтпақшы, тәрбие қызықты қиын өнегелі бала болашағына жол сілтейтін ғажайып жұмыс.

Өнер – адамзат баласының рухани байлығы. Өнердің кәусар туындысы халық өмірінің терең және мөлдір қайнарларынан шымырлап шығады да, сол халықтың өзінің рухани сусынына айналады. Шәкірттің бойында отаншылдық сезімнің оянуына түрткі болып, ұлтжандылықтың ұғымын себетін пән — әдебиет. Әдебиет пәні арқылы оқушылардың рухани дүниесі баийды, туған тілін сүюден елін, ұлтын сүю, адамзатты құрметтеуге дейінгі сезімдері тәрбиеленеді. Әдебиет – рухани, жан байлықты дамытудың пәрменді  құралы. Отансүйгіштік, ұлтжандылық, адамгершілік қасиеттердің жас ұрпақ бойынан табылуы ана тілімізбен, әдебиетімізбен даритыны заңдылық.. Әдебиет пәні арқылы берілетін рухани білім «тағдырымыздың тынысы болатын» төрт тіректің (туған жер, тіл, салт-дәстүр,тарих) негізінде қарастырылады.

Ұлттық мақтаныш қай ұлтқа болса да тән. Оған ешкімнің күмәні жоқ.. Ол мақтаныш көбінесе әдебиет, өнер, мәдениет, ғылым т.б. салалардағы мақтануға тұрарлық дарынды адамдардың еңбегімен өлшенеді. Ұлттық сезім ғасырлар бойы қалыптасып халқымыздың қанына ,тәніне әбден сіңген. Жас ұрпақты ұлттық сезімді қастерлеуге үйрету әрқайсымыздың қасиетті борышымыз деп білемін. Ұлттық сезімді қастерлеу дегеніміз – ұлтыңды, халқыңды жан – тәніңмен сүю, соған шын берілгендік, оның өрлеп дәуірленуіне, көркеюіне күш – жігеріңді, біліміңді, еңбегіңді аямай жұмсап, үлес қосу. Ұлтжандылық – ұлтыңды сүю, туған жеріңді, еліңді аялау, қастерлеу, халықтың мәдениетін, әдебиетін, тарихын, аяулы ұл – қыздарын мақтан тұту, ата салт – дәстүрді қадірлеу, қастерлеу. Қазағым, халқым деп көкірегі қарс айрылған өз ұлтының бостандығын, жарқын болашағын көксеген, сол жолда күрескен бабаларымыздың тағдырын танып білу арқылы тарихымызды таразылау. Атағы алыстарды шарлаған ақиық ақын Мұхтар Шахановтың «Төрт ана» туындысын тілге тиек ете отырып, төрт тірек туралы толғанып көрейік. Ұлтжандылықтың туған, ата-бабаның кіндік қаны тамған қасиетті мекенді қастерлеуден, аялаудан, жерге деген сүйіспеншіліктен бастау алары анық. Туған жердің  өзінің адал перзенті үшін қаншалықты қымбат, қандай ыстық екендігін ақын Қасым Аманжоловтың бір шумақ өлеңінен аңғаруға болады:

                        О, дариға, алтын бесік туған жер,

                       Қадіріңді келсем білмей кеше гөр.

                       Жата алмас ем топырағыңды тебіренбей,

                       Ақын болмай тасың болсам мен егер.

Ата – бабаларымыз туған жердің әрбір сүйемін жаудың сұқты көзінен қорғау үшін жат жұрттықтармен өмір бойы шайқасып өтті. Қазақ жерінің тауы мен қырқасын, орманы мен тоғайын, өзені мен көлін көзінің қарашығындай сақтады. Халқымыз талай қиын кезеңді бастан кешірді. Жеңіс қуанышын тойлаған қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған шақтар да, туған жерден еріксіз босып, жеңіліс күйігі көкірекке шер толтырған шақтар да болды.     Туған жерге деген сүйіспеншілік сезіміне бөлейтін ғұн патшасы Мөде батыр оқиғасының тәрбиелік мәні зор. Ел іргесін бекітіп ала алмай жатқан Мөдеге көрші ел күш көрсетіп: «Күніне мың шақырым жүгіретін тұлпарын беріп жіберсін!» — дейді. Билерінің намыс қылып, келіспегеніне қарамастан тұлпарды беріп жібереді. Біраздан соң Мөденің ханымын сұратады. Билері: «Патшамыздың ханымын сұратқаны қай басынғаны, бермейміз»,-дегеніне қарамай, оны да береді. Ақыр соңында: «Арада иесіз жатқан жерің бар, соны да бер» дегенде, Мөде: «Тұлпарымды берсем, ол- менің мүлкім. Ханымды берсем, ол да менікі. Ал, жер халықтікі, оны бере алмаймын», — деп соғысқа шыққан. Жас ұрпақты ұлтжандылық рухта тәрбиелеудің қуатты құралы – тіл. Жастарды тілді құрметтеуге тәрбиелеу дегеніміз – ұлт болашағының тағдырымен тамырлас, қазақ халқының өзгелермен терезесі тең ел болуға талпынған асқақ арманынан туындайтын қазіргі уақыт, заман талабымен үндесіп жатқан құбылыс. Тіл – ұлттың ұлттығын білдіретін көрсеткіштердің ең бастысы. Өзінің ана тілін білмеген кісі, негізінен, өз ұлтының әдет – ғұрпынан,   салт – дәстүрінен, ізеттілігінен мақрұм қалған жан деуге болады. Жас ұрпақ ұлтжанды болып өсуі үшін өзінің ана тілін, сол тілде жасалған халқының баға жетпес бай мәдениетін, рухани қазынасын меңгеруі шарт, ата-баба дәстүрінен нәр алуы тиіс. Ұлтымыздың жарық жұлдызындай ұлы ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады»,- деп бекер айтпаған болар. Көркем сөз – көрікті ойдың көрінісі десек, аса құнды сөз құнарлы ойдан ғана туады. Сөз бен ойдың бірлігі өмірлік нәрлі тіл болып табылады. Сөз өнері адамның ойын өрістетіп,сезімін сәулелендіреді. Осы тұрғыдан алғанда сөз өнерінің  жас ұрпақты тәрбиелеуде маңызы ерекше. Сөз өнерінің құдыреті арқылы талғамы биік, ойы ұшқыр ұлтжанды ұрпақ тәрбиелейміз. Сондықтан ұлтжандылық тәрбиеге өнер мектебіндегі терең біліммен іс-тәжірибе арқылы қол жеткізуге болады. Қазақ халқы – рухани зор байлықтың мұрагері. Ол өзінің өресі биік, сан салалы өскелең мәдениетіне бір күнде, бір ғасырда жеткен жоқ. Ежелгі ата-бабаларымыздың күмбірлеген күміс күйімен, сыбызғы сырнай үнімен, ғашықтық жырымен, асқақтата салған әсем әнімен, мақал-мәтел,  шешендік сөз, айтыс-өлеңдерімен сан ғасыр бойы өз ұрпағын «сегіз қырлы, бір сырлы» өнегелі де өнерлі, адамгершілік, ар-ожданы жоғары намысқой азамат тәрбиелеп келгені шындық.. Ең негізгі мақсат ұлттық тәрбиеге бағыттау болып табылады. Жас ұрпақты сан ғасырлар бойы қалыптасқан халықтық тәрбие негізінде тәрбиелеу шарттылығы алға тартылғанда, халқымыздың мәдени-рухани қазынасымен сусындаған Абай мұрасының шоқтығы биіктігін аңғарамыз. Абай тағылымы әр жанның жүрегінен мызғымас орын алғанда ғана ұлтымыздың көркейе түсері, таным, ой-сана деңгейінің асқақтайтыны даусыз. Еліміздің тарихында жариялылық пен демократия салтанат құруының нәтижесінде еліміз егеменді, тіліміз мемлекеттік болғалы бері ана тілімізді құрметтеп, қазақ әдебиетін жан – жақты қырынан ашып, талдап оқыту, тарихпен ұштастырып оқыту оқушы жан дүниесін нұрландырып, ұлтжандылық сезімін, құштарлығын арттыра түседі. Адамның ақыл-ойын, қабілеттерін дамыту арқылы оны бақыт жолына жеткізу мәселесіне бірнеше еңбектер арнаған шығыстың әйгілі ойшылы Әл-Фараби қабілеттер өзінен-өзі табиғат тудырған қалпында бақытқа жеткізе алмайтындығына, оларды бағыттау, тәрбиелеу, дамыту керек екендігіне тоқталған. Ендеше, жас ұрпақты тілді құрметтеуге, ұлтжандылыққа тәрбиелеу – ең басты міндетіміз.     

Қазақстан Республикасының Білім туралы Заңында «Білім беру бұл қоғам мүшелерінің адамгершілік, интеллектуалдық мәдени дамуының жоғары деңгейін және кәсіби біліктілігін қамтамасыз етуге бағытталған тәрбие мен  оқытудың үздіксіз процесі» деп жазылған. Адамгершілік қатынастар адамгершілік тәрбиесі туралы бірқатар ғалымдардың И.С.Марьенко, А.Меңжанова , Л.И.Романова, Г.Х.Махмудова және т.б. еңбектерін зерделей келе мынадай қорытынды жасауға болады:

  • Тәрбиенің негізгі мақсаты дені сау, ұлттық сана сезімі оянған, рухани ойлау дәрежесі биік мәдениетті, парасатты, ар-ұжданы мол, еңбекқор, іскер, бойына басқа да игі іс-әрекеттер қалыптасқан адам тәрбиелеу;
  • Тәрбиенің мазмұны оны жүзеге асыратын әдіс-тәсілдердің негізі адамгершілік, имандылық, ізгілік, елжандылық..

Адамгершілік тәрбиесінің маңызы мектептің күн тәртібінен ешқашан түскен емес. Адамгершілік тәрбиесінің мәселелері үнемі жаңа адам тәрбиелеу міндетімен байланысты. Ондағы адамгершілік тәрбиесінің өзекті мәселесі оқушының бойында қоғамға сай елжандылық, достық, ұжымшылдық және т.б. қасиеттерді қалыптастыруды көздейді. Егер біз ертеректегі ғұламалардың еңбектеріне жүгінсек, пікіріміздің дұрыстығына көз жеткіземіз.

Оған Әл-Фарабидің «адамға ең бірінші білім емес рухани тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы, ол келешекте  оның барлық өміріне апат әкеледі» деген сөзі дәлел. Демек, бүгінгі таңда педагогика ғылымында әлі де толық шешімін таба алмай отырған өзекті мәселелердің бірі – жеке тұлғаның адамгершілігін дамыту болып табылады. Жеке тұлғаның адамгершілігін дамыту қоғамның әлеуметтік қажеттілігін өтейтін рухани бай тұлға қалыптасуына игі ықпал етеді. Бұл идея адам бойында жалпы адамзаттық құндылықтарды дамытып, қалыптастыруды ғылыми және практикалық тұрғыда зерттеп, оның әдістемесін жасау мақсатын туғызады.

Осы мақсатқа жету үшін мынадай міндеттер қойылды:

  • Жеке тұлғаның адамгершілігін дамыту, психологиялық және лингвоәдістемелік әдебиеттерге тақырып тұрғысынан талдау жасау;
  • Жеке тұлғаның адамгершілігін дамытуды педагогикалық психологиялық тұрғыда негіздеп, жеке тұлғаның рухани адамгершілігін дамыту ұғымының мәнін анықтау.

Ұлттық рухани, экономикалық, әлеуметтік тұрғыда өсіп жетілуі мектепте, оның мазмұндылығына, оған деген көзқарасқа байланысты десек қателеспейміз.

Ал мектептегі тәрбиенің негізгі міндеттері:

  • Оқушыларды ұлтының алдында тұрған ерекше проблемаларды шешуге дайындау;
  • Өз халқының ғасырлар бойы қол жеткізген табыстарына ұмтылуға тәрбиелеу, жас ұрпақты ата-баба салты мен дәстүрі, әдет-ғұрпымен қайта табыстыру;
  • Мектептегі тәрбие жүйесін ұлттық мәдениет пен ұлттық педагогика идеяларына негіздеу.

Қазақ педагогикасында ірі тұлғалардың бірі – Абай Құнанбаев өзінің өлеңдерінде, қара сөздерінде балаларды жамандықтан жирендіріп, жақсылыққа үйретіп отырған. Абай шығармаларының тәрбиелік потенциалы бүгінгі күнге дейін  өз күшін жойған жоқ. Ақын шығармаларының негізі – адамгершілік пен имандылыққа тәрбиелеу. Ұлы Абай «біреуге көмектесу – ішкі зор қуат пен терең ақыл және ыстық сезімнің ісі» деп білді. Сол сияқты Абай баланы әділдікке тәрбиелеудің мәнінің зор екенін «дұшпаныңа да әділ бол», — деп білдірсе, ал рухани адамгершілік қасиеттерінің мәнін «адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп…», «іштегі кірді қашырса, адамның хикмет кеудесі», «өзің үшін үйренсең, жамандықтан жиренсең, ашыларсың жылма жыл» деген сөздерімен аша түседі. Халық адамгершілік қасиеттің жоғары түрі: ар-ұят, намыс, ождан сақтау деп біледі. «Жаным –арымның садағасы», «Өлімнен ұят күшті», «Ақылың болса – арыңды сақта, ар-ұят керек әр уақытта» деген мақал-мәтелдер соның айғағы деп білемін.

Сайып келгенде, адамгершілік тәрбиесі – үзіліссіз жүргізілетін үрдіс, ол адамның өмірге келген күнінен бастап өмір бойы жалғаса береді. Оның мазмұны тұлғаның жеке бас қасиеттерінің кең шеңберін қамтиды. Сондықтан да оқу-тәрбие жұмыстарын ұйымдастыруда тұлғаның жеке бас ерекшеліктерін ескеру негізгі орын болмақ деген ойдамын.

 

Әдебиеттер:

  1. Бейсенбаева А.Б. «Жеке тұлғаны адамгершілікке тәрбиелеу»                                                                                      Қазақ тілі мен әдебиеті орта мектепте 2009ж
  2. Қазақстан Республикасының Білім туралы Заңы.
  3. Қоянбаев Ж.Б. Педагогика. Оқу құралы.2002ж