«Күркіреп күндей, өтті ғой соғыс»

 «Күркіреп күндей, өтті ғой соғыс»

                        (Жеңістің 69 жылдығына орай)

Талай боздақтардың өмірлерін қыршынынан қиып, миллиондардың жүрегіне мұң ұялатып, шаңырақтардың шаттығын ұрлап, күндей күркіреп өткен сұрапыл соғыстың да аяқталғанына биыл 69 жыл толғалы  отыр. Сол бір ерлігіміз бен елдігімізге сын болған ауыр кезең артта қалса да,  оның жүректерге салған жарақаты әлі  құлан таза жазыла қойған жоқ. Оған куә аттап қадам басқан сайын сай – сүйегіңді сырқыратып, соғысқа лағнет айтқан протез аяқтардың шиқылы, бұл күнде қатарлары тым сиреп бара жатқан омыраулары ордендер мен медальдарға толы майдангерлер кешегі намысын кекке суарып, отан үшін отқа түскен халқымыздың қаһарман ұл мен қыздары.

Неміс басқыншылары ұлы Отанымызға опасыздықпен шабуыл жасағанда еліміздің жастары туған жерін жаудан қорғауға аттанды.

….Ел басына күн туды, «Ер етегімен от кешер ат ауыздығымен су ішер» қатерлі кезең келді. Күнбатыстан қарақұрттай қаптап бақайшағына дейін қаруланған жау жолындағының бәрін жаппай Кеңес жеріне қарай өршелене ілгері ұмтылумен болды, бейбіт қалалар мен селоларды ойрандап, бейкүнә жандарды қырғынға салды: атты, дарға асты, қамауға алды. Ұлы қалалар – Ленинградты темір қоршауға алып фашистік танктер Мәскеуге қарай аласұрды. Отан басына төнген қиын да қауіпті шақта жүз жасаған Жамбылдың «Жау қолқаға қол салды, аяулыңды жау алды, аянатын нең қалды»,-деп аттандаған аталық сөзі ел адамдарының зұлым жауға өшпенділігін өршітіп, намыс отын өршіткендей болды. «Бәрі де майдан үшін» деген құдіретті сөздер сол бір алмағайып күндерде өр жүрекке барып ұялап, барша жанды Отан тәуелсіздігі мен бостандығы жолындағы өліспей-  беріспейтін күреске құлшындырды. Майдан далаларында сан алуан ұлт -өкілдері шыбын жанын шүберекке түйіп, қарақшылармен шайқасты.

Қайыспас қайсарлығымен, көзсіз ерлігімен зұлым жауды Отан жерінен қуып шығып, өз ордасында талқандаған, солай адамзатты фашизм апатынан аман қалып қалған кешегі майдангер жауынгерлердің әрқайсысы «батыр» десек, асыра айтқандық емес. Олардың мәңгі өшпес ерлігі алдында әрдайым бас иеміз!

Бұл жолғы айтпағымыз — сол бір қиын — қыстау жылдардағы майданның мызғымас тірегі тыл еңбеккерлерінің Ұлы Жеңіске қосқан үлесі жайлы. Халқымыздың қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлының «ел болса, ер шығармай тұра алмайды »- деген қанатты сөзі бар. Елдің елдігі нақ осы тар жол, тайғақ кешулерде айқын көрінеді.

Тылдағылардың қаншама қиындық көрсе де, қаймықпай еңбек етіп, былайғы уақытта мүмкін болмайтын нәрсені де шындыққа айналдырып, майдан нені қажет етсе, соның бәрін уақтылы жетістіріп беріп тұрғаны айна қатесіз шындық. Бұл бүгінгі ұрпаққа аңыз сияқты естілгенмен сол кезді көзбен көргендер мұны жақсы біледі.

2014 жылы 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғанына 69 жыл толғалы отыр. Айта салуға оңай болғанымен бұл күндері қатарлары сиреген сол алапат соғыс ардагерлері үшін оны еске алу оңай емес.

Иә, сұрапыл соғыс кезінде тылдағы еңбеккерлер жас, кәрі деп бөлінбей, жаздың аптап ыстығы мен қыстың қақаған аязына қарамастан ұрандап еңбек етіп, сан салалы шаруашылық жұмыстарында жүрді. Ер азаматтар жаппай майданға аттанғасын , басқалай  амал да жоқ еді. Елдің көбі аш- жалаңаш болатын. Ауылдағы отбасылардың дені күзде құмаршық қақса, жазда қияң басы – сұлыбасты қорек етті. Тіпті «желкек» деп аталатын сүті бар шөп те ас болды. Алайда тыл адамдары өздері аш жүрсе де майдандағы жауынгерлерге жұмыстан тыс уақытта тон, құлақшын, бөрік, қолғап тігіп, байпақ басып жіберіп отырды.

Ұлы Отан соғысы жылдары еліміздегі басқа ұлт өкілдері де қазақ халықпен бірге қоян – қолтық еңбек еткені белгілі.

Ұлы Отан соғысының басталуы белгілі болғанмен оның аяқталуын соңғы нүктесінің қойылар кезін ешкім білмейтін. Тек Жеңіс дабылы қағылып , Жеңіс салюті берілгеннен кейін ғана майдандағысы бар, тылдағысы бар әйтеуір  сол зұлмат соғыстың зардабын бастан өткендер «уһ» деп демдерін бір алып еді. Біреулер сол  соғыстан оралмаса,  ал кейбір жауынгерлер жараланып оралды, біреулер аман- сау сызат алмастан  оралды. Қалай дегенде де олардың елі үшін артта қалған ағайын- тума өздерінің ар -намыстары үшін әділетті соғысқандары ақиқат. Сондықтан да болар олар үшін Жеңіс күні ең қасиетті күндердің бірі іспетті. Бұл күн олардың өміріндегі ең жұлдызды сәттердің бірі десе де болғандай.

Жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеуде олардың жорық жолдары, ерлік шежірелері, өнеге – өсиеттері мәңгі өшпес мұраға айналуға  тиіс, осындай үлкен ерлік эпопеясының шынайы кейіпкерлері қандай болмасын  құрметке де лайықты . Сондай – ақ Ұлы Жеңістің  жаңғырығын ұрпақ санасында жаңғыртып, тәуелсіз еліміздің ұландарын ерлік рухында тәрбиелеу үшін әрбір елді – мекен, мектептердегі боздақтарға арналған ескерткіштерді қайтадан талапқа сай жабдықтау кезек күттірмейтін маңызды мәселе деп білеміз. Басқа да Ұлы Жеңістің 69 жылдығы алдында атқарылар ауқымды істер қаншама?

Бұл жеңіссіз жер бетінде бейбітшілік пен бостандық болмас еді.

Бұл Жеңіссіз Қазақстан Тәуелсіз ел болмас еді.

Жыр етіп халықтың ерлігін,

Жеңісті тойлайды ел бүгін – дей келе жауынгер аға ұрпақтың сұрапыл соғыс жылдарындағы қаһармандық пен ерлікке толы жолы бүгінгі өмірдің кепілі болашағымыздың жарқын жалғасы іспеттес. Қазіргі ұрпақ алдыңғы толқынның өткен тарихын ешқашан да ұмытпайды.