Махамбет шығармаларын оқыту жолдары (Әдістемелік баяндама)

92

Махамбет шығармаларын оқыту жолдары         (Әдістемелік баяндама)

Махамбет өлеңдері мектеп бағдарламасында V, VІІ сыныптарда бірді – екілі берілсе, ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы әдебиеттің демократтық бағыттағы ақыны ретінде Махамбет Өтемісұлының өмірі мен шығармашылығы туралы 9 – сынып әдебиетінде жүйелі де жан – жақты ұғындыруға мүмкіндік беріледі. Оқушылардың білім деңгейі мен қабылдау ерекшелігіне байланысты мұғалімге кең көлемде дайындық шаралары қажет болады. Алдымен бұрынғы жаттаған өлеңдерінен өзге шығармаларымен күні бұрын таныс болуы керек. Мұғалімнің өзі жатқа әрі мәнерлеп оқу үлгісімен оқушылар бойында ақын өлеңдерінде деген қызығушылықты оята алады.

Махамбеттің өмірі мен творчествосы.                                                            1 сабақта мұғалім Махамбет өмір сүрген дәуірді, сол кезеңдегі тарихи оқиғаны қысқаша сипаттау арқылы ақынның әрбір туындысының сол дәуірмен тығыз бірлікте екенін оқушылар санасына сіңіре береді. Мұның өзі әдебиетті тарихпен байланыстыру болып табылады.

Ақын өмірі туралы мәлімет бере келіп, үйден Қ.Жұмалиевтің (1962)           « Махамбет Өтемісовтің өмірі» деген мақаласын оқуды, Ы. Шөрековтың             « Исатай – Махамбет» дастанын оқып келуді, конспектілік тезис жасауды тапсырады. Оқулықта жоқ құнды деректерді қосымша пайдалану мұғалімнің шеберлігі.

2 сабақ. Махамбет шығармашылығымен таныстырғанда өзіне дейінгі ақындардан ерекшелігі баса көрсетіледі.

а) өлеңдердің тақырыбы, күрес сарыны                                                                  ә) ерлікке шақырған саяси – үгіт лирикасы                                                       б) көтеріліс жеңілгеннен кейінгі элегиялы – лирикалық өлеңдері                           в) прогрестік, оптимистік романтизм

Ақынның өмірбаянын өлеңдерімен толықтырып, жекелеген өлеңдеріне талдау жасау арқылы көтеріліс кезіндегі ақынның идеясын ашуға болады. « Ереуіл атқа ер салмай», « Толарсақтан саз кешіп», « Соғыс», « Әй, Махамбет, жолдасым!» өлеңдері арқылы көтерілісшілерді психологиялық жағынан дайындағанын, рухани басшы бола білгенін, қандай бағыт ұстағанын аңғарта аламыз. Сабақ соңында міндетті түрде 2 – 3 өлеңі жаттауға беріледі.

3 сабақта көтеріліс сәтсіздікке ұшырағаннан кейінгі ақынның көңіл – күйі сары уайымға түсуден гөрі, әттеңі басымдау арманға толы жырлары талданады.                         Желп – желп еткен ала ту                                                                                Жиырып алар күн қандай?                                                                                    Орама мылтық тарс ұрып                                                                            Жауға аттанар күн қандай?

Махамбеттің өлеңінде «Ұлы арман» , « Күн қандай?» , « О, Нарын» жатады.             Махамбеттің элегиялы – лирикалық өлеңдерін бөлек қарастыруға болады. Мысалы: «Қызғыш құс», «Жалған дүние», «Аймақ көл»,                                   « Жалғыздық».                                                                                                Бұл жырларында ақын өз күйін образды түрде жеткізу үшін табиғаттағы тіршілік заңдылықтарының өзіне ұқсас жақтарын іздеп, салыстырады.                        «Жайықтың бойы көк шалғын» өлеңінде ақын өршіл романтикаға ұмтылады. Міне, ақын шығармаларын осылайша көтеріліс кезеңдерімен байланыстыра өрбіту оқушылардың ақын өмірі мен творчесвосын тұтас бір дүние ретінде қабылдап, тануына көмектеседі.

4 сабақ. Махамбет жырларындағы Исатай образы мен ақынның өз бейнесіне арналады. «Исатай кім?» деген сұрақпен халық қамын ойлаған, батыр бейнесін Махамбеттің « Тарланым» өлеңі арқылы ашып көрсету. Үйге өз бетімен ізденуге жетелеп «Исатай бейнесі», тақырыбына шығарма жаздыруға болады. Ақынның кішіпейілдікпен « Исатай басшы, мен қосшы» десе де Исатаймен тізе қосып күреске басшылық еткен батыр Махамбетті оқушыларға терең таныстыру керек. Махамбет бейнесін ашатын өлеңдерге:              « Айныман », « Шегініс», «Қаршыға деген бір құс бар», « Біз неткен ер», «Арғымаққа оқ тиді», « Мен тауда ойнаған қарт марал», «Мен едім», «Баймағамбет сұлтанға айтқаны» жатады. Осыларды жан – жақты талдау барысында батырға сипаттама беруді оқушыларға тапсыру қажет.

5 сабақта оқушылардың алған білімін тексеріп, мәтінмен жұмыс жасату нәтижесінде ақын өлеңдерін жанрлық ерекшелігін ашу керек.

  • Эпостық тіл өрнектері
  • Дидактикалық – философиялық үлгідегі толғау
  • Көтеріліс жаршысы ретінде демократтық бағыттағы жауынгерлік – азаматтық өлең үлгілері. (Өршіл романтика, элегиялық өлең)

«Соғыс» өлеңінде эпостық элемент мол.

Түніменен түйіндік,

Таң атқанша тарандық.

Таң ағарып атқан соң,

Төңірекке қарандық.

деген жолдарды «Ер тарғын» , «Қобыланды» жырларымен салыстыра мысал келтіру керек. Керек жерінде оқушылардың өздеріне таптыру арқылы ауыз әдебиеті стилін меңгеру шеберлігін тексеруге мүмкіндік туады.                                  Ал ақынның дидактикалық — философиялық өлеңдерін айтуда мұғалім Қ.Жұмалиевтің « Махамбет» деген кітабындағы « Махамбет өлеңдерінің көркемдік ерекшелігі» атты мақаланы пайдалануы керек.                                   Ақынның өзіндік тіл шеберлігін меңгерту үшін мұғалім оқушыларға: «Махамбет өлеңдеріндегі эпитеттер ( теңеу, метафоралар)», «Ақын өлеңдеріндегі көркем сөз айшықтары» (қанатты сөздер, афоризмдер, фразеологиялық тіркестер) деген тақырыпта бірнеше реферат дайындатуына болады.                                                                                                                         6 сабақ – жазба жұмысы. Бұл сабақта алдын – ала шығармаға лайық тақырыптар іріктеліп, орталық жоспар құрып, оқушыларға жазба жұмыстары тапсырылады. Мысалы: « Махамбет шығармаларындағы адамгершілік тақырыбы», « Махамбет жыры – көтеріліс туы», «Махамбеттің философиялық ойлары».                                                                                                                       Бұдан әрі оқушылар білімін бекіту мақсатында әдеби – драмалық композиция, ақын өлеңдерін мәнерлеп жатқа оқудан сайыс (сыныптан тыс), әдеби кеш өткізу, магнитофоннан Махамбеттің терме жырларын тыңдату – мұғалімнің талғамына, ізденісіне байланысты ұйымдастырылады.                        Сыныптан тыс Махамбет туралы ақын өліміне байланысты жазылған М.Шахановтың «Әке үміті» поэмасын, « Махамбеттің монологы» өлеңін оқып немесе жатқа айтуға да болады. Қорыта айтқанда Махамбет шығармаларын оқытудың тиімді жолдарын пайдалану арқылы өткен әрбір сабақ ел үмітін алға апарар жас ұрпақтың бойында халқына, туған жерге деген сүйіспеншілік сезімдерін тудырып, Отан қорғауға деген ұмтылысын арттырар, патриотизмге тәрбиелер басты құрал болып табылады. Батыр бабалар аңсаған азаттыққа қол жеткен бүгінгі дәуірде әр қазақ баласының бойынан қаруы мен жырын  қатар қолданған Махамбеттің ерлік қасиеті, сөзге шешендігі, екі жүзділік пен опасыздыққа қарсы тұрған айбындылығы, табандылығы кездесіп жатса, көркем әдебиеттің де мақсатына жеткені.