ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ТУРИЗМДІ ДАМЫТУ – БҮГІНГІ КҮН ТАЛАБЫ

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ  ТУРИЗМДІ ДАМЫТУ – БҮГІНГІ КҮН ТАЛАБЫ

 

Егеменді ел болып, тәуелсіздік туын биік көтерген қазақ елінің бүгінгі таңдағы алдына қойған мақсаты — дамыған өркениетті ел қатарына қосылу. Бұл мақсатқа жетудің бір жолы — қай сала болса да барынша еңбек етіп, қазақтың материалдық, рухани байлықтарын әлемге танытуға әрекет жасау.

Өсіп келе жатқан жас ұрпаққа терең біліммен бірге өзінің атақонысының табиғатын, өзен, көлін, тауы мен сахарасын танып білуде туризмнің атқарар рөлі ерекше. Табиғат – ананы жақсы білген баланың бойында еліне, жеріне деген сүйіспеншілік молынан қалыптасып, отаншылдық рухы жоғары болады.

Қазақстан —   Еуразия кіндігінде орналасқан, шығыс пен батыс дәстүрлерін байланыстырушы дәнекер жол. Елдің көне мәдениеті мен көркі әркімді де өзіне тартып тұрады.  Бүгінде Қазақстан туризмнің барлық түрі бойынша, нақтырақ айтсақ танымдық, сауықтыру, этникалық, экологиялық, шипа-жай-сауықтыру, жасөспірімдер мен балалар, аңшылық т.б. түрлері бойынша қызмет ете алатын дәрежеде. Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан Қазақстан  көне замандардан бүкіл түркі әлеміне танылған тарихи мекен. Сол себептен бірегей табиғаты ғажайып қорықтар, емдік су көздері, археологиялық және тарихи ескерткіштер, қалалар әу бастан саяхат пен туризм көздері саналған. Соңғы кездері әлем бойынша елімізге туристік бағыт алатын туристер саны қарқынды өсіп келеді. Бұл еліміздің жат жұрттарға таныла бастағанының белгісі. Шетелдік сарапшылар Қазақстандағы ішкі саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісім туристік саланың дамуына оң әсерін тигізіп отыр деп баға беруде. Қазақстанға әзірге туризм саласындағы жетекші елдермен бәсекелесу мүмкін болмай отыр. Қазақстан иммиджі елдегі туристік кластер мен инфрақұрылымды дамыту, туристік кадрларды даярлап, серпінді жобаларды іске асыру және еліміздің туристік иммиджін қалыптастыру болашағынан зор үміт күттіретін мақсаттар. Туризмнің дамуына саяси иммидждің де зор ықпалы бар.  Қазақстанда туризмнің кез-келген түрінің дамуына толықтай мүмкіндік бар. Шұрайлы жеріміздің төсінде аспанмен түйіскен таулар альпинистік және қысқы туризмнің  дамуына себеп болса, тұнық та мөлдір су қоймалары мен өзен-көлдер, теңіз туризмінің дамуына негіз – жазғы туризм десек те, қысқы туризм десек те, әйтеуір қазақ даласы отандық және шетелдік туристердің ерекше ықыласын туғызып , ең  бастысы дүниежүзіне ұмытпастай етіп  қазақты  таныстырамыз ғой.

Статистикаға көз жүгіртсек Эйфель  мұнарасын көру үшін ғана жұрт Парижге  ағылса , жылына отыз миллион халық  Түркияда демалады екен.    Қазір  Қазақстан беделді  ұйымның атқару  комитетіне  мүше болып  қабылданды. Көкшенің табиғатына түйсініп , Алатау  аршасына  сүйсінетіндер  енді  көбейе  беретін болады, сырттан келу екі есеге  ұлғаяды , ал  Қазақ  елі Орталық  Азиядағы  іргелі  мемлекетке айналып , әлемдік туризмдегі мамандардың назарын  өзіне аударады, тұтас экономикалық  кеңістік пен Еуразиядағы экономикалық  қоғаммен  бірлесіп , туризмнің  жаңа  келбетін  қалыптастыруға  мүмкіндік  туады. Шетелдік  сарапшылардың  Қазақстандағы  ішкі саяси тұрақтылық пен  қоғамдық  келісім  туристік  саланың  дамуына оң әсерін тигізіп  отыр деп баға беруі осының  дәлелі  іспеттес.

Қазақстандағы туристік ресурстарға- туристік қызмет көрсету нысандарын қамтитын табиғи-климаттық, тарихи, әлеуметтік — мәдени, сауықтыру нысандары, сондай-ақ туристердің рухани қажеттерін  қанағаттандыра  алатын,  олардың күш-жігерін қалпына келтіріп , сергітуге жәрдемдесетін нысандар жатады. Олар мәдени-танымдық экологиялық, спорттық, әлеуметтік, діни т .б.туризм түрлеріне бөлінеді. Қазақстандағы туристік нысандар — Солтүстік Қазақстан аймағындағы Көкшетау, Бурабай, Баянауыл, Ерейментау, Шығыс Қазақстан аумағындағы Зайсан, Марқакөл, қазастандық Алтай, Оңтүстік Қазақстан жеріндегі Батыс, Солтүстік Тянь-Шань, Алтынемел таулары, Жетісу алабы, Батыс Қазақстандағы Үстірт, Мұғалжар, Каспий ойысы, Жайық өңірі, Орталық Қазақстандағы Қарқаралы, Қызыларай, Бектауата, Ұлытау, т.б. табиғи нысандар жатады. Сонымен бірге Алматы облысындағы ұлтық саябақтар мен қорықтардың туризмді дамытуда маңызы зор. Оларға  Іле-Алатауы ұлттық саябағы, Түрген-Шамалған өзендері аралығандағы шатқалдар, Түрген, Есік, Талғар, Алматы, Қаскелең, Шамалған елді мекендері жатады. Алтынемел, Көкшетау, Бурабай ұлттық саябақтарында туризмді дамыту мемлекет тарапынан қолдау тауып, дамып келеді. Қазақстан  аумағындағы  9 мемлекеттік қорықтарында ғылыми экологиялық туризмді дамытудың алғы шарттары қалыптасқан.Тарихи-археологиялық ескерткіштердің туристік-экскурсиялық сапарлардағы орны ерекше. Археологиялық ескерткіштердің кез-келген нысандары туристік- экскурсия жұмыстарында маңызды орын алады. Соның ішінде Жетісудағы Сақ қорғандары, Талхиз қалашығы, Оңтүстік Қазақстандағы Отырар, Сайрам, Батыс Қазақстандағы Сарайшық т.б. көне қалалардың орнына туристердің қызығушылығы мол. Археологиялық — тарихи ескерткіштердің қазірге дейін жеткен нысандарының ішінде қорғандар мен мазарлардың маңызы зор.

Қазақстанның туризмін  дамыту  арқылы  – ұлттық туристік  өнімнің тартымдылығын арттыруға , Қазақстанның  әлемдік туристік  нарық  жүйесіне  кіруіне жәрдем етіп , мемлекет экономикасының шикізаттық  емес  секторы ішіндегі кірісті  саласына айналуға мүмкіндігі бар , дамыған бәсекеге қабілетті  туристік  индустрия  құрылатын болады. Бұл ретте  республикада  Қазақстанның  Орталық Азия  өңірінің   орталығына  айналуына  нақты жағдайлар мен  мүмкіндіктер  жасалады.

Туристік қызметтерде қазақстандық  және  шетелдік  азаматтардың сұраныстарын  қанағаттандыру үшін кең мүмкіндікті  қамтамасыз ететін заманауи , тиімділігі жоғары   және  бәсекеге  қабілетті  туристік  кешен құру, тартымды  туристік нысан ретінде Қазақстанның  беделін қалыптастыруға , ұлттық  туристік жоба  әзірлеуге  және оның сапасын әлемдік  стандарттарға  сәйкес қамтамасыз етуге  бағытталған сырттан келушілер туризмі және  ішкі  туризм  көлемін арттыру  есебінен мемлекет пен  халық кірісінің  тұрақты  өсуін , халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету  үшін бәсекеге  қабілетті  туристік индустрия құрылады.