Тәрбиеге байланысты менің көзқарасым

160

         Тәрбиеге байланысты менің көзқарасым

 

    Өскелең  ұрпақтың  жарқын  болашағы  үшін  тәрбие  мәселесі  үздіксіз  іске  асырылып  отыратыны  баршамызға  белгілі.

            «Жерден  ауыр – ақыл, білім,

  Судан терең – оқу, ғылым,

             Оттан  ыстық – адамның өмірі», — деп Бала би бабамыз атап көрсеткен асыл   қасиеттерді  баптап, келесі  ұрпаққа  жеткізіп  отыру  ұстаздың  қолында.

Мен  өзімнің  педагогикалық  еңбегімнің  әр  күнін, әр  сағатын  сапалы  білім  беруге, саналы  тәрбиеге  баулуға  Д. Локктың  «тәрбие адамның  көзқарастары мен адамгершілік қасиеттерін жасайтын негізгі құрал, адам тәрбие арқылы жақсы болады» деген  пікірін  басшылыққа  алып, өзімнен  үлкен  жауапкершілік, оқушыларымнан  зор  ықылас  пен  белсенділікті  талап  етемін.

Төрт  жылдық  нәтижелер  әрбір  пәннің, әрбір  тоқсанға  жасалынған  көрсеткіштерін  талдап, салыстырып, кемшілігі  мен  жетістігін  ескеріп  отыру – педагогикалық  еңбегімде  қалыптасқан  дәстүрдің  бірі.

Қазақ  халқы  баланы  бесіктен  тәрбиелеген, ендеше  бастауышта  тиянақты, түпкілікті  білім  берумен  қатар  адамгершілігі  мол  тәрбиелі  азамат  қалыптастыруда  тәрбие  жұмыстарының, тәрбие  сағаттарының  мәні  зор.

Соған  байланысты  әрбір  тәрбие  сағаттарының  тақырыбы  үлкен  өмірдің  өзекті  бір  мәселелерін  қозғауға  негіз  болады. Экологиялық тәрбие беруге  байланысты  «Табиғатты қорғау – басты міндет» тақырыбында ашық тәрбие  сағаты, «Табиғат аясына саяхат»  сыныптан тыс шарасы өткізілсе,  «Наурыз-думан», «Ана-өмірдің гүлі», «Әдепті бала» байқауы мен отбасылық  «Толағай» мен «Анам және мен»  сайыстарын, мектеп  психологы  А.Бисалиевамен  бірге  ата – аналармен  «Бала – біздің  болашағымыз» тренинг  сабағын, полиция  қызметкері  Н.Сұлтановпен  тағылымды  кездесулер  өткіздім.

Қоршаған  өмірдегі  тамаша  құндылықтарды, әдемілік  пен  сұлулықты  қабылдау  қабілетін  қалыптастыруда  «Әлем  баланың  көзімен»  сурет  көрмесін, «Қазақмултьфильм» кинотеатры  күндерін  ұйымдастыру  өте  тиімді.

Ата – анамен  қарым- қатынас, баланың  екі  жақты  көзқараспен  өзіне – өзі  сенімді  болуына, өзімен  санаса  білетін, үлкендердің  ықпалына  деген  дүниетанымдық  көзқарас  қалыптастыруы  зор  мәртебе. Әр  ата – анамен  ой  бөлісу,  сұхбаттасу, жиі  кездесулер  өткізу, баланың  ішкі  жан  дүниесі  туралы  мағлұмат  алуға  мүмкіндік  туғызады.

Әр  бала  өз  алдына – жеке  тұлға. Әр  тұлғаның  өзіндік  ерекшелігі  бар. Оны  көре, тани, сақтай, сыйлай  білгенде  ғана, ол  өзіне  деген  қарым – қатынастан  өзгеге  деген  ойларын  қалыптастырады.

Бала  тәрбиесі  мен  дамуындағы  басты  рөл  атқаратын – ата – ана. Мектептегі  тәрбие  жұмысының  нәтижелігі  ата – анамен  мектептің  бірлескен  әрекетінде. Сондықтан  ата — аналар  жиналысында, атап  айтқанда  «Кіші  мектеп  жасындағы  оқушыда  рухани, мінез – құлық  мәдениетін  тәрбиелеу», «Сынып  ішіндегі  балалардың  қарым – қатынас  психологиясы», «Кіші  мектеп  жасындағы  балалар  арасындағы  өзара  көмек  пен  өзара  сыйластық», «Әке – шеше – бірінші  тәрбиешілер»  тағы  сол  сияқты  тақырып  бойынша  өткізілген  жиналыстардың  тигізетін  әсері  зор.

Ата – аналарды  оқу – тәрбие  үрдісіне  ашық  сабақтар  мен  сыныптан  тыс  жұмыстар  арқылы, балалар  мен  ата – аналардың  шығармашылық  күні, ата – аналардың  мектеп  кеңесі  жұмысына  қатысуын  ұйымдастыру  арқылы  тартамын. Тәрбиенің  жекелеген  мәселелері  бойынша  ата – аналарға  арналған  сыныптық  конференциялар  ұйымдастырып  отырамын. Ата – аналарды  жалпы  мектептік, сыныптық  іс – шараларды  ұйымдастыруға, сабақтан  тыс барлық  әрекеттерге (жорық, серуен, сенбілік)  қатыстыруға  тырысамын.

Бала өмірге келгенде, оның жаны сүттей ақ, судан таза, сондықтан тәрбиеші өзіне керек адамды жасап алады. В. Г. Белинский  «баланың жаны таза тақтай емес, тақта да сапалы, жазу да әдемі болу керек» — деген. Белинский тәрбиенің рөлін жоғары бағалап, адам дамуындағы тұқым қуалаушылық пен ортаның  әсерін де ескеруді  жөн  санады. Осыдан  келіп  тәрбие арқылы адамды түрлі дәрменсіздіктен құтқаруға болады. Және тәрбие арқылы адам баласының тұрмысын жақсартуға, санасын өзгертуге болады деген жорамал ойға келеді.

Сынып  жетекшісі тәрбие арқылы баланың түрлі іс-әрекеттерін тиімді етіп, оның жақсы дамуына қажетті материалдарды іріктеп алады, айналадағы табиғи және әлеуметтік ортаға көзқарасын дамытады. Тәрбие жұмыстарының сара жолдарын табу нәтижесінде баланың ой-өрісі кеңейеді, эстетикалық сезімі мен талғамы артып, адамгершілік сапасы қалыптасады.

Мектеп мемлекет қолындағы ақпарат құралдарының (баспасөз, радио, теледидар) көмегімен оқушыларға тәрбие береді, сондай-ақ, мемлекеттің саясатын жүргізеді. Баланың жеке басының дамуы мен қалыптасуына ықпал ететін үш фактордың ішінен тәрбие адамның дамуына орасан күшті ықпал етіп, тұқым қуалаушылық пен ортаның ықпалына белсенді әсер етіп, баланың дамуын қоғам талаптарына сәйкес бағыттап, белгілі бағытта баланың өмірі мен іс-әрекеттерін ұйымдастырады, ортадағы жағдайлардан тұлға дамуына қажетті материалдарды іріктейді, жеке бастың дамуына теріс, зиянды әсер қалдыратын жағымсыз ықпалдардан аластайды. Осы тұрғыдан келгенде тәрбие аға ұрпақтың жаңа ұрпаққа қоғамдық тарихи тәжірибені беру процесі, жаңа ұрпақты өмірге, еңбекке дайындау арқылы қоғамның алға қарай дамуын қамтамасыз ететін процесс. Сонымен, тәрбие бала дамуын бағыттайды, басқарады, сондықтан да ол — баланы қалыптастырудағы негізгі күш. Тәрбие негізгі күш болғандықтан, оның жетімсіздігі, әлсіздігі баланың қалыптасуына кері әсер етеді.

Оқушылардың өзін-өзі тәрбиелеу ісін жетілдіру үшін олардың жас және дербес ерекшеліктерін еске алып, оқу-тәрбие жұмысының барысында сана-сезімін ояту, өз бетінше жұмыс істей білуге үйрету — мұғалімнің басты міндеті. Сынып  жетекшісі оқушының білімге, өнерге қызығушылық ынтасын, спорт ойындарына құштарлығын анықтайды, өзін-өзі тәрбиелеуге жүргізілетін жұмыстардың тақырыптарын ақыл-ой, құлық, еңбек, эстетикалық тәрбиесімен ұштастырып алады. Баланың өзін-өзі тәрбиелеу белсенділігін қоғамдық жұмыстарға байланысты тапсырмалар беріп, орындау арқылы дамытуға болады. Мысалы: сынып басшысы, тазалық  секторы болу, т.б. Осындай тапсырмаларды сапалы дер кезінде орындап отыруға балаларды үнемі жаттықтыру мен дағдыландыру сынып  жетекшісінің  төл ісі. Оқушылардың жас ерекшеліктері мен жеке қабілеттерін ескере отырып, барлығын тапсырмалармен, яғни, түрлі қоғамдық іс-әрекеттермен қамтамасыз ету керек. Егер тапсырма балаға бұйрық есебінде немесе көтеріңкі дауыспен берілсе, онда ол іштей наразылық білдіріп, тапсырманы орындамай аяқсыз қалдыруы мүмкін. Сондықтан сынып  жетекшісі  әр уақытта өзінің ілтипатты және ұстамды болуын естен шығармай, тапсырманы тыңғылықты орындау үшін балаға рухани күш беріп, сенім білдіреді. Кейбір баланың еріктік қасиеттері тұрақсыз болады. Ол бірінші қиыншылықты сезісімен-ақ қоғамдық тапсырманы орындаудан бас тартады. Мұндай балаға көмек бере отырып, оның намысына тимей, тапсырманы орындауын табандылықпен талап ете білу керек. Сонда ғана баланың ісінде жаңа қарқын туып, ол алдына қойған мақсатын орындаудың қажет екенін сезінеді. Адамның еңбекте және адамдармен қарым-қатынаста көрсеткен белсенділігіне қарап оның қоғам және ұжымға жарамдылығын жете анықтау сынып  жетекшісінің басты міндеті.

Қорыта  келгенде, баланы  оқыту  мен  тәрбиелеуде  қандай  да  болмасын  әдіс – тәсіл, көрнекі  құрал, қарым – қатынас, көзқарас  тиімді. Мұғалімнің  шеберлігі  сонда  сол  тәсілді  қашан, қалай, қайда, кімге  қолданғанда, ол  өзінің  жемісін  беретінін  таңдай  білуінде. Себебі, адам  тәрбиеге  ақтық  демі  біткенше  мұқтаж  болады,  қажет  етеді.  Ұлағаттылық  бір-ақ  күнде  емес  күнделікті  көруден,  көре  жүріп  үйренуден   қалыптасатын  тәрбие  негізі.

Мен  алдымдағы  шәкірттерімді   үлкен  өмірге   дайындап   қана   қоймай, дүниежүзілік  ақпарат  кеңістігінен  хабар  беріп, экономика кеңістігіне  шығуға, яғни  қатаң  бәсеке  жағдайында  өмір  сүруге бағдар  берудемін. Мен жай адамды  ғана  емес, болашақты  құрушыларды, адамзаттың   сәулетті болашағын   құраушыларды  тәрбиелеп  жатқанымды  мақтан  тұтамын. Армандары асқақ,  келешекке  батыл  қадам басатын    болашақ  шәкірттерім  ішінде  мені де ұстаз тұтып, маған  еліктеп  сап   түзейтіндері болса,  менің  де мақсатымның  орындалғаны,  шырағымның     жанғаны  дер едім.

 

 

Сартова  Алия Тенеловна

Сам орта мектебі

Маңғыстау облысы  Бейнеу  ауданы  Бейнеу селосы