ӘЛЕУМЕТТІК БЕЛСЕНДІ ТҰЛҒА ТӘРБИЕЛЕУДЕ АТА-АНА МЕН МҰҒАЛІМ ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫ

94

ӘЛЕУМЕТТІК БЕЛСЕНДІ ТҰЛҒА ТӘРБИЕЛЕУДЕ АТА-АНА МЕН МҰҒАЛІМ ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫ

Қынатбеков Бақытжан Әбілхайырұлы

Информатика пәнінің мұғалімі

Бәйдібек ауданы, Т.Қазақбаев атындағы жалпы орта мектебі

Жұрт ұқпаса, ұқпасын, жабықпаймын,

Ел – бүгіншіл, меніңкі —  ертеңгі үшін.

А. Байтұрсынов.

 

Халқымыздың сан ғасырдан бергі даналығына құлақ ассақ, «Адамның бақыты — балада» деген. Бақыт деген құдыретті сөздің өлшемі өмірінің жалғасы ұрпағымен келетініне мән бермейтіндер де бар. Біреу бақытын байлықтан тапқысы келсе, екінші біреуі даңқ пен атақтан, мансап пен қызметтен іздестіреді.  Мұның бәрі түсінген адамға қолдың кірі сияқты нәрсе.  Адамға нағыз бақытты — тәрбиелі  ұрпағы  ғана  сыйлай  алады.  «Адам  ұрпағымен  мың  жасайды»  деген  сөз тегін  айтылмаса  керек.

Шыр етіп сәби дүниеге келген сәттен бастап ата-ана алдында нәзік те қиын, қыр-сыры мол үлкен қоғамдық міндет тұрады. Ол — бала тәрбиесі. Бала тәрбиесінде алғашқы ұстаз — ата-ана. Бала үшін үй ішінен, ата-анадан артық тәрбиеші жоқ. Адамгершілік, бауырмалдық, татулық, қайырымдылық, әдептілік, инабаттылық сияқты қасиеттер — жанұяда тәрбие балаға сөзбен, теориямен дамымайды, үлкендердің үлгісімен сіңеді. «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» дейді халық даналығы. Ата — ана — бала тәрбиесіндегі басты тұлға. Сондықтан әке де, шеше де балаларының жан дүниесіне үңіліп, мінез-құлқындағы ерекшеліктерді жете білгені жөн.

Бұл жалпы қай кезде болса да, ата-анаға берілген жалпы сипаттама. Ата-ана — баланың тәрбиесі үшін қоғам алдында жауапты басты тұлға.

Ал мұғалім кім?

Елдің дамығандығының белгілері ғылым мен техниканың, экономиканың жетістіктері болса, мұның барып тірелер жері – білім, ал білім беру тетігі – мұғалім. Қазақта бұрындары балаларға берілер батаның үлкені «Айналайын, мұғалім бол!» болатын. Себебі, ауылда болсын, қалада болсын, мұғалім зиялы адам есептелетін. Мұғалімді ұстаз санап, әркім сыйлайтын, құрмет тұтатын. Қазіргі тұлғалардың қайсысын алсаңыз да білім берген мұғаліміне еліктеді, үлгі алды. Тіпті мұғалім болуды армандады. Қазір мұғалім сол мәртебесінен, атақ-абыройынан айырылып қалғандай. Оның сүреңсіз дәлелдері көп-ақ.  Өйткені,  жаңа  ға­сыр­да  ғы­лымның,  техниканың,  өн­дірістің  қарқындап  өсуі  білім  берудің  бар­лық  жүйесін  жүйелі  дамы­ту­ды  талап  етіп  отыр,  жаңа  мүм­кін­діктерге  жол  ашу  үшін  іргелі  өзгерістер  керек.

Жаңа адамды тәрбиелеу мен оқытуда ұстаздың  алар орны ерекше. Оның қызметі үнемі   дамуда. Заманның жаңа даму сатысында білім беру жүйесі қоғамның жаңа экономикалық саясат, әлеуметтік және интеллектуалдық деңгейіне сай келуі тиіс. Және осы бағытта мұғалімнің кәсіби біліктілігін көтеру, шығармашылық әлеуетін арттыру сияқты қыруар меже қойылып, талай еңбектер атқарылуда.

Ал оқушы кім? Оқушы қазіргі таңда білім алушы, ізденуші, ал ертең ертеңгі нақты бір мамандық немесе кәсіп иесі  деп есептелінеді.  Ал болашақ кәсіп иесі білімді болуы керек.

Осы тұста баланың ертеңгі тағдырына ата-ана араласады. Ата-ана – отбасының негізгі діңгегі. Бала тәрбиесінде ұстаздан бұрын жауапты тұлға. Барлық жерде бала тәрбиесі мен оқушының білім сапасына байланысты әңгімеде мұғалім жауапкершілігі туралы баса айтылады да, ата-ана жауапкершілігі туралы мүлдем ештеңе алтылмайды да, мәселе ретінде көтерілмейді де. Осы жерде айта кететін бір жайт. Егер сіз ғаламтордан «Мектептегі балаларға ата-ана жауапты ма? Әлде мектеп пе? Әлде қоғам ба?» деген сұраққа жауап іздер болсаңыз, — Негізі адам баласы қоғамға емес, адамдар қоғамға жауапты. Балалардың өміріне қоғамның жауапты бола алмайды, өйткені қоғамды балалар мен ересектер құрып отыр емес пе!? Сондықтан, қоғамды қозғамаған жөн. Дегенмен балаларға жауапты мектеп пе алде ата-ана ма деген сұраққа  қарап отырсаңыздар балаларға мектепті жауапты қылып қояды. Мектеп бала тәрбиесіне, оқу деңгейіне жауап бермесе онда мектепте директордың тәрбие жөніндегі,оқу-білім жөніндегі көмекшілерінің не қажеті бар? Айлық есебінен біздің (салық төлеушілердің) ақшалары не үшін төлену керек оларға. Жауап бермесе не үшін мемлекет қыруар қаржы шығындап бес жыл бойы оқу ,тәрбие жолдарын үйрету үшін институттарда оқытады? Сондықтан мектеп жауаптылығы бірінші орында, себебі олар сол бала тәрбиесі үшін арнайы дайындалып,бала тәрбиелеу міндеті жүктелген адамдар- деген жауаптарды аласыз.

Ал енді «Адамды адам қылған не нәрсе? Ата-ана ма? Қоғам ба? Айта кетсек мектеп пе?» деген сұраққа қарасаңыз, онда мынанда жауаптарды аласыз.    Әрине ата-анам! Әрқашан ата-анамның берген тәлім-тәрбиесімен, ұлағатты сөздері арқылы адам болдым!!!      Біріншіден,  мені адам етіп тәрбиелеген ол ата-анам. Шыр етіп дүниеге келгеннен бастап маған жылы көзбен қарап ,білгендерін үйретті. Мен ата-анамнан мейірімділікті үйрендім, ата-анама сол үшін мәңгі қарыздармын! –делінген. Сонда мектеп пен мұғалімнің еңбегі қалды. Неге?  деген сұраққа жауап басқа тақырыпта қарастырғанымыз дұрыс.

Енді баланың мектептегі біліміне, тәртібіне аса мән бермейтін ата-ана, әсіресе 11-сыныпты бітірер кезде дал бола бастайды. «Бұл баланың білім сапасы неге төмен? Әрине, мұғалім кінәлі…». Баланы тестіге жібермеуге мектеп әкімшіліген бастап, сынып жетекшісіне дейін атсалысады. Неге? Себебі, рейтинг төмендемес үшін.

Ал ата-ана баласының «көппен көрген ұлы тойдан қалмас» үшін барын салып бағады. Мектеп әкімшілігіне қоқан-лоққы көрсетеді. Мұндай бала тек дарынсыз мұғалімнен ғана шығады, сол себепті мұғалім барлығына кінәлі болып шыға келеді. Неге мұғалім кінәлі? Мұғалім бұл да мамандық иесі.  Нақтырық айтар болсақ белгілі бір пән мұғалімі. Ал бала мектеп өмірінде бірнеше пәндерді оқиды. Сонда мектептегі бар пән мұғалімі кінәлі болғаны ма?!

Баланың жаманы жоқ! Меніңше, көп кілтипан ересектерде, ата-анада. Ата-ананы бес саусақ бірдей еместігі сияқты, барлық бала бірдей жоғары білім алуға қабілетсіз екендігі ойландырмайды Ия, әркімнің де өз баласын «жоғары білімді» азамат ретінде көргісі келетін ниеті құптарлық іс, бірақ сол ниет баланың лайықты білімімен ұштасып жатса ғана игі еді.

2012 жылы Ұлттық Бірыңғай тестілеуге барлығы 117 432 талапкер қатысып, оның 43 163-і төменгі межеден өте алмай сынақтан сүрінді. Бұл – тестке қатысушылардың 36,8 пайызы. Бұл 43163 түлек қазіргі таңда ақылы оқу орындарында оқып жатыр.

Меніңше, бізге алдымен бала тәрбиесі емес, ата-ана тәрбиесі керек. Ұстаз мәртебесін ойлайтын болсақ, ата-аналардың өздерін ата-аналар жиналысы арқылы тәрбиелеу керек. 9-сыныптан бастап оқушыларда есею процесі басталады да, білім сапасы төмендей бастайды, оқу мотивациясы жоғалады: «біз бәрібір колледжге кетеміз» немесе «ҰБТ-ны әупірімдеп тапсырып алсақ, бәрібір ақылы оқуға барамыз». Оқушыларға бұл тәрбиені беріп отырған, әрине мұғалімдер немесе мектеп емес. Әңгіме төркіні ата-анадан шығып отыр емес пе? «Қарға баласын аппағым дейтіні» сияқты, ешқандай ата-ана өз баласының білім дәрежесінің төмен екенін мойындағысы келмейді. ҰБТ-ні әупірімдеп тапсырса, баламды ақылы оқытамын дейді. Неге ақылы? Қазақстан Республикасының «Білім туралы Заңында» конкурстық негізде жоғары білім алуға құқығы бар делінген. Яғни ата-ана баласының білім дәрежесі жоғары оқу орнында конкурстық негізге, яғни грант бойынша оқуға жетпейтіндігін мойындап-ақ тұр. Алайда баланы ақылы жоғарғы оқу орнына сүйрейді. Тіпті баласының бойындағы Құдай берген қарым-қабілетін елеп-екшемейді де. «Сүйреп қосқан тазының түлкі алмайтыны» ешкімнің қаперіне кірмейді! Осы тұста Ұлы Абайдың сөздері еріксіз еске түседі: «….Ол қуатты орнын тауып сарып қыларлық ғылым берді, оны оқымайсың. Ол ғылымды оқыса ұғарлық ақыл берді, қайда жібергеніңді кім біледі?…Сенікі — біреуден қорқытып алсаң, біреуден жалынып алсаң, біреуден алдап алсаң болғаны, іздегенің сол….Ғылымсыз ахиретте жоқ, дүние де жоқ. Ғылымсыз оқыған намаз, тұтқан ораза, қылған қажылық ешбір ғибадат орнына жүрмейді…» (Абай. «Қарасөздер», оныншы сөз). Сол сияқты біліммен негізделмеген дипломның да қайда «жетелейтіні» белгілі. Себебі, ата-ана баласының санасына «сені оқытамын деп қанша ақша  кетті» деген сөзді сіңіреді де отырады, ал баласы «сол ақшаны қайтсем  қайтарамын» деп соңы орға жетелейтінін іске барғанын да байқамай да қалады. Осыдан келіп «сыбайластық», осыдан келіп «жемқорлық» туындамасына кім кепіл. Болашақтың көлеңкеленуі осы тұста тағы көрініс береді.

Бұл жерде ата-ананы ғана кінәлаудан аулақ болуымыз керек. 9-сыныпты бітірген бала кәсіптік-техникалық лицейге немесе коллежге оқуға барамын дейді. Кейбір мектеп әкімшілігі немесі сынып жетекшісі сыныптағы бала саны кемитінін ойлап, баланы, ата-анасын  үгіттеп мектепке қайта алып қалады. Ал 11-сыныпты бітірер кезде сол баланы жоғары балл жинай алмайсың деп, ҰБТ-ге жібермеуге тырысып бағады. Осы арада ата-ана мен мұғалім арасындағы «бітпес дау» қайта басталады. Мұның да бірден-бір шешімі: ата-ана баласының білім деңгейі мен жалпы оқу жүйесі туралы нормативтік-құқықтық заңдылықтарды білуі қажет. Яғни ата-аналармен «қалу-қалмау» немесе «бару-бармау» тақырыбындағы үгіттеу жұмыстарын емес, «Қайда оқу?», «Қалай оқу?» тақырыбында түсіндіру, ағарту жұмыстарын жүйелі жүргізу қажет. Міне, осыдан кейін ғана ата-ана мектеп пен мұғалімді кінәласа болады.

Жалпы ақылы оқу керек пе? Жоғары білім беретін ақылы оқу орындарының да талабын күшейту керек. Күні кеше мектепке   әрең баратын оқушылардың жоғарғы оқу орынның студенті екенін естігенде еріксіз қынжыласың. Қорыта айтқанда, білікті маман болу үшін терең білім қажет. Ал білімді ұрпаққа өз дәрежесінде білім беру керек. Ол үшін мектепте 10-11 сынып оқушыларын саралау, сыныпты қайта жасақтау жұмыстары жүргізілген дұрыс. Сынып комплектісі азаятын болды, сағат жүктемем кемитін болды демей, «болашақты ойлап» мектеп ұжымы болып ата-аналармен үгіттеу емес түсіндіру жұмыстарын жүргізсек. Яғни, баланың білім деңгейіне, икем дағдысына қарай дер кезінде мамандық таңдауына жол берейік. Әлпештеп бағып-қағып өсірген баласы өмірден өз орнын тапса ғана ата-ана бақытты! Ал, бақыттың кілті жоғары білімде емес, жоғары білім бақытқа бастар сан тарау жолдың бірі ғана екенін естен шығармағанымыз жөн шығар. Бала тәрбиесін тек мектеп пен ұстазға артып қоюға болмайды, бұл жолда бүкіл қоғам, оның ішінде ең алдымен ата-ана атсалысуы керек. Балаларымыздың өмірден өз орнын табуына, болашақ мамандығы мен кәсібін дұрыс таңдауына немқұрайлы қарамайық.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы, 2001.
  2. Қазақстан Республикасындағы 12 жылдық жалпы орта білім беру тұжырымдамасы, 2006.
  3. Абай. «Қарасөздер», Алматы, 1998
  4. Жүнісбек А. Жаңа технология негезі-сапалы білім.-//Қазақстан мектебі, №4,2008